Академик Жетесов ел басшылығы назар аударар деген үмітпен өз жобасын "Нұротанк" деп атады

Ауыр қару түрлерінің жобасын ойлап тапқан академик Сәнтай Жетесов СПЖ-05-тің снарядын көрсетіп отыр. Қарағанды, наруыз, 2009 жыл.

Қарағандылық өнертапқыш, академик Сәнтай Жетесов «ППЖ-05 – пистолет-пулеметі, СПЖ – сарбаздың қол зеңбірегі және «Нұротанк» атауын алған танкі жобасын жасаған. Танктің аты ел билігіндегі «Нұр Отан» партиясы басшылығының құрметіне қойылған дейді ол.
Сәнтай Жетесовтың осыдан 4 жыл бұрын ойлап тапқан қару-жарақтарын қазақстандық инженерлер әлі күнге дейін мойындамай отыр. Өнертапқыштың айтуы бойынша, осы 4 жылда оған шетелдік қару-жарақ шығарушылардан бірнеше ұсыныстар жасалған.

Алайда отансүйгіш академик олардың барлығынан бас тартқан. Жетесовтың ойлап тапқан қарулары – ППЖ-05 – пистолет-пулеметі, СПЖ – сарбаздың қол зеңбірегі және «Нұротанк» атауын алған танкілер.
Академик Жетесовтың "Нұротанк" танкі. Қарағанды, наурыз, 2009 жыл.


Бұлар орыстардың Т-90 және Т-72 танкілерінің жаңартылған нұсқасы. «Нұротанктің» – Т-90-нан негізгі айырмашылығы – оқтарында. Жаңартылған нұсқа диск тәріздес оқтармен атады.

Сәнтай Жетесовтың айтуынша, мұндай оқтар зақымдауы жағынан мықты, себебі олар қабырғаларды және танктерді ойып өтеді. Ал Т-72 моделінен жаңартылған «Нұротанктің» ерекшелігі – жоба бойынша оның зеңбіректері навигациялы бақылауға алынады.

Яғни, атылған зеңбіректі соғыс кезінде бұрып, дәл керек жеріне түсіру мүмкіндігі ашылады дейді өнертапқыш. Жалпы, Сәнтай Жетесовтың жобасы бойынша немістердің Мардер танкісі мен орыстардың ТТ-ларын қоса есептегенде, ауыр техникалардың 8 түрі жаңартылып жасалған екен.

Олардың барлығына қолдау табылар болса, қазақстандық қарулы күштер техникаларының қатарын толықтырмақ.

Ал сарбаздың қол зеңбірегі немесе СПЖ-05 ке келетін болсақ, оның ерекшелігі – үнемділігінде, қарудың бір атысына тек 1 грамм оқ дәрі кетеді, ал серіппе күші Макаров пистолетінен сәл ғана жоғары. Ол жақын қашықтықтағы ұрыстарды жүргізуге арналған.

Оның оғы үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлік – ұшу кезінде тепе-теңдікті сақтайтын құрылғы (стабилизатор), екінші бөлігі – ұсақ оқтар толтырылған жері, онда 70 оққа дейін сияды екен. Ал үшінші бөлікте жарғыш механизмі орнатылған.
СПЖ-05, ППЖ-05 академик Жетесов жетілдірген қару түрлері. Қарағанды, наурыз, 2009 жыл.


Дәл осы ерекшелік, орнатылған жарғыш механизм оқ нысанаға тиген кезде іске қосылып, екінші бөліктегі 70-ке тарта оқ жан-жаққа атылады.

«Осы арқылы, – дейді академик, – қазақстандық бір сарбаздың қарсыласты жою күшін он-он бес есеге дейін арттыруға болады».

Себебі, қазіргі қолданыстағы Калашников автоматтарында осындай снарядтардың саны 4-5 қана болады. Ал СПЖ-05 -тің бір өзінде 70-ке дейін оғы болатын снарядтың 100 данасы сарбазға беріледі екен.

Тағы бір қаруы – ППЖ-05 пистолет-пулеметі де жақын аралықтардағы ұрыстарға арналған, гильзасыз атады – оның алғашқы моделін өнертапқыш президент Н.Назарбаевқа сыйға тартқан екен.

«Қазір осы қарулардың барлығы Қазақстанда шығарыла бастаса, одан артық арманым жоқ», – деген академик, өзі ойлап тапқан қаруларының Қазақстанның әскери дамуына үлкен септігін тигізетініне сенеді.

Мысалы, Еуропадағы Косово, Албания, Нидерланды, Чехия, Словакия сияқты елдерде қару-жарақ шығаратын зауыттар бар. Ол мемлекеттер біреуге соғыс ашпақ ниетпен қаруланып отырған жоқ. Дамыған мемлекеттер ең бірінші өзінің қорғанысын ойлауы керек қой.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» дегендей, жылдар бойына жасаған еңбегімді ел басшылығы елесе деп ойлаймын», – дейді қарағандылық академик, өнертапқыш Сәнтай Жетесов.