Талдықорғандағы Еламан деген қошқар сыбайлас жемқорлықпен күрестің ілігіне айналды. Қолдаушылары қоршаған қошқар Қазақстанды аралап, жолға шықты. Халық осы қойдың арқасында қоғамдағы жағымсыз қылықтан арыламыз деп үміттенеді.
ЫРЫМҒА ЖАРАТЫЛҒАН ҚОШҚАР
Түліктің иесі Рысбай Оқуұлының айтуынша, Еламан әулетінің бір мүшесіне айналғандай. Атын атап шақырсаң, қарайды. Автокөлікпен жүргенді жақсы көреді. Көкөніс пен жемісті рахаттанып жейді. Әсіресе, құлпынайға құмар-ақ.
– Біз Қазақстандағы қасиетті жерлерді аралап жүріп, 1999 жылдың 1 мамырында Арыстанбаб кесенесіне жақын жерден бір кішкентай қозы тауып алдық. Туғанына көп болмаса керек. Терісінде әлдебір жазуы бар екен. Мұны Алланың бізге жіберген бір белгісі шығар деп қабылдадық. Содан бері бұл қозыны көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз, – дейді Рысбай Оқуұлы.
Талдықорған мешітінің молдалары Рысбай Оқуұлының айтқанын қолдамайды. Мешіт имамы Еламан атты қойды ерекше жаратылған деп ойлау шариғат бойынша дұрыс еместігін, адасушылық екендігін айтады. Сондықтан қасиетті Құранды тағы бір рет мұқият оқып шығуды ұсынады.
Талдықорғандағы мешіт имамының орынбасары Алмас Данағұлов Еламан деген қошқарды қасиетті дейтіндерге байланысты өз пікірін білдірді: «Шариғат бойынша заттарға, жан-жануарларға табынуға, оның үстіне оларды көкке көтеруге болмайды. Бұл – адамның ақыл-ойын алдаудың бір түрі. Исламда бұны жалған ілім деп атайды. Жануарлар Алланың елшісі бола алмайды. Тек адам ғана Алланың елшісі бола алады».
Бірақ кейбір адамдар Еламан қошқардың айрықша күшіне әлі де сенеді. Олардың ойынша, жануарлардың да жаны бар. Сондықтан олар да адами қоғамды жақсартуға септігін тигізіп, адамдардың қарым-қатынасын нығайтуға көмектесе алады.
– Көптеген ұлы адамдардың құдайдан жіберілген жануарлары болған. Мысалы, Абылай ханның Ақ нары, Бұқар жыраудың барысы, Тезек төренің Төбет иті болған. Ал бізде халыққа құт әкелетін Еламанымыз бар, – деді Гүлсім Омарова Азаттық радиосының тілшісіне.
ЕЛАМАН ЕЛДЕГІ КЕЛЕҢСІЗДІКТІ АЛАСТАМАҚ
11 жасар Еламан қошқардың төлқұжаты және майлы бояумен салынған портреті бар. Картинаның артқы жағына жұрт тілектерін жазған. Бұл тілектердің саны әлдеқашан-ақ мыңнан асып кеткен. Бұл қойды құрметтейтіндердің саны да артып келеді.
Солардың бірі Райхан Ахметова былай дейді: «Еламанды біздің үйге уақытша әкелгеніміз сол еді, үйімізде оң өзгерістер байқала бастады. Дүркіретіп той жасадық, күйеуім ақырында жақсы жұмыс тапты, отбасымыздағы қарым-қатынастар да жақсара түсті».
Еламан саяхаттағанды жақсы көреді. Микроавтобусқа жылдам қарғып мініп, өзіне арналған кілемшеге барып жатады. Жақында Еламан Шығыс Қазақстан облысына сапарға шықты. Оны алып жүргендер енді Шығыс Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың азаятындығына сенімді.
Қошқардың иесі және өкіл әкесі Рысбай Оқуұлы жыл сайын оны өзге біреулерге бергісі келеді. Оның пікірінше, бұл адал, әділ, құрметті адам болуы керек. Ол адам өзінің жеке бас пайдасын емес, мемлекетінің, халқының мүддесін ойлауы керек. Бірақ әзірге мұндай адам табылмай отыр. Сондықтан да Еламан әзірше өзінің өкіл әкесінің қолында тұр.