Жабылғанына 20 жыл өтсе де, Семей полигонының зардабынан тұрғындар әлі құтыла алмай отыр

Курчатов қаласының қазіргі көрінісі. 20 тамыз 2009 жыл.

Семей полигонының жабылғанына да 20 жыл өтті. Кезінде ядролық қару сыналған жерлерде болған Азаттық радиосының тілшілері сонда өмір сүріп жатққан «Хрустальді бала» мен «Құмырсқа-адамның» тағдыры туралы білді.

МӘСКЕУ - 400, СЕМЕЙ - 21, КУРЧАТОВ

Бір кездері тірі жан тұмсығын тыға алмайтын жабық қала болған Курчатов бүгінде шетелдіктер үшін аса танымал. Кезінде атағы дүрілдеген Совет Одағының қандай күш-қуатқа ие болғанын білуге талайлар құштар. Жергілікті тұрғындардың айтуларына қарағанда, оларға Жапониядан, Америкадан, Франциядан шетелдік делегациялар жиі келеді екен.

Өткен дәуірдің елесімен танысар бағыт біреу-ақ: Курчатов – Тәжірибе алаңы – «Атом» көлі. Азаттық радиосының тілшілері де осы сүрлеумен жүріп, танысып қайтты.

Курчатов қаласының қазіргі көрінісі. 20 тамыз, 2009 жыл.
Егер тарихқа аз-кем зейін бұрып, осы уақытқа дейін Курчатовта тұрып жатқан адамдардың әңгімесіне құлақ салсаң, сонау 1949 жылы бұл қаланың қандай әдемі, салтанатты болғанын көз алдыңа елестетесің. Екі жылдың ішінде медиен далада гүлденген қала пайда болды. Бұл қалада офицерлер отбасымен, сынақ жүргізетін ғалымдар тұрады деп жоспарланды.

Ол кезде қала Мәскеуден тікелей жабдықталатын. Тұрғындардың айтуынша, қалада жанға керектінің барлығы болған: апельсин, шабдалы, қаймақ, шұжық дейсіз бе, не керектің бәрі бар. Туысқандарына қыдырып келгендер, мұндағылар нағыз жұмақта тұрады деп ойлайтын. Мәскеу халқы азық-түлік алу үшін қолдарындағы талондарымен сағаттап кезек күтсе, Курчатовта дүкен сөрелері молшылықтан майысып тұратын.

Алғашында қала «Мәскеу - 400» деп аталды. Осыған байланысты үнемі түсініспеушіліктер де туып жататын: білмейтіндер Мәскеуге барып туыстарын іздеп жүргені. Ал шын мәнісінде олардың Мәскеуден үш мың шақырым қашықтықта тұрып жатқандығы қаперлеріне де кірмейтін.

1960 жылы қаланың атын Семей - 21 деп ауыстырды. Кейінірек сол жерде тұрып, жұмыс істеген, совет ядролық бағдарламасының атақты басшысы Игорь Курчатовтың құрметіне қаланы Курчатов деп атады.

Совет Одағы күйреп жатқан кезеңде қала жабық күйінде қала берді. Оған кіру үшін рұқсат қағазға бір ай бұрын тапсырыс беру керек болатын. Бұл бір қиын кезең еді. Көптеген тұрғындар жұмыс болмағандықтан, үйлерін, пәтерлерін тастап, Курчатовтан кетіп қалды.

Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенко Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында Курчатов қаласы атом саласын бейбіт мақсат үшін дамытудың орталығы болуы керек деді:

– Курчатов бұрынғысынша атомшылардың қаласы болып қалуы керек. Тек біз әскери мақсаттан бейбіт мақсатқа ауысуымыз қажет. Мемлекет өзінің ядролық білім деңгейін көтеруі керек. Қазір бүкіл әлемде ядролық энергетиканың қайта өрлеу дәуірі жүріп жатыр емес пе?

Курчатовта Ұлттық ядролық орталық, Семей полигонына арналған мұражай жұмыс істейді. Онда Тәжірибе алаңының макеті, Курчатовтың, Сталин мен Берияның жазбалары бар.

ЖАНТАЛАСА ҚАРУЛАНУ КЕЗЕҢІ

Қазақстан жерінде, 1949 жылдың 29 тамызында алғашқы ядролық жарылыс болды. Алғашқы жарылыстан бері 60 жыл, ал соңғысына 20 жыл өтсе де, бұрынғы совет полигоны аумағында жоғары радиациялы жерлер бар. Кейбір жерлерге қазір де баруға болмайды.

Жанболат Ғылманов, СССР атом саласының ардагері. Курчатов, 20 тамыз 2009 жыл.
СССР атом саласы ардагерлерінің бірі, қазірде Ұлттық ядролық орталықта жұмыс істейтін Жанболат Ғылманов Азаттық радиосының тілшісіне алғашқы атом сынақтары кезіндегі көпшілікке белгісіз кейбір жағдайларды айтып берді. Оның айтуынша, сол кездері ғалымдар мұндай жарылыстардың адам денсаулығына қаншалықты әсер ететіндігін өздері де білмеген.

Тәжірибе алаңында 113 атом жарылысы болса, соның 30-ы жер бетінде жарылған. Түрлі нысандарға
Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы бункерлердің бірі. Шығыс Қазақстан облысы. 22 тамыз 2009 жыл.
жарылыстың қалай әсер ететіндігін білу үшін арнайы көпірлер салып, танктер, ұшақтар, ішіне мал қамалған бункерлер қойылған.

– Жарылыстан соң Тәжірибе алаңы аумағына танкілер келіп, әскерилер ғалымдармен бірге топырақты, жануарлардың қалдықтарын зерттеуге алған. Лабораторияда радиацияның тірі және органикалық әлемге әсері зерттелген. Барлық радиоактивті тозаң желмен Шығыс Қазақстанның аумағына кететін, – дейді Жанболат Ғылманов.

Саржал ауылының тұрғыны Эмиль Эннер Азаттық радиосының тілшісіне былай деді:

Эмиль Эннер, Саржал ауылының тұрғыны. Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 22 тамыз 2009 жыл.
– Мен ол кездері радиобайланыста жұмыс істейтінмін. Мен қазір жарылыс болатындығын, сол кезде тұрғындардың өздерін қалай ұстау керектігін хабарлайтынмын. Бірақ адамдардың барлығы бірдей тәртіпке бағынбайтын. Кейбіреулер жарылыс жасалғанда оның жарығына тура көшеде қарап тұратын.

Ауылға әскерилердің келіп, адамдардың жағдайын білгені, дозиметрмен радиация мөлшерін тексергені Саржал тұрғындарының есінде. Жарылыс толқынынан үй терезесі сына қалса, олар тез арада қайта салынатын. 1960-шы жылдары жарылыс жақын маңдағы ауылдардан 20 шақырымдай жерде жасалғанда, тұрғындарды алып кететін. Бірақ, арада бірнеше күн өткен соң оларға үйлеріне қайтуға рұқсат берілетін.

Саржал ауылының тұрғыны Эмиль Эннер былай деп еске алады: «Кезекті жарылыстан соң бізде екі көл пайда болды. Кейінірек оларды «атом көлі» деп атап кетті. Ауылға қайтып келгенде малдың терісінің жидіп қалғанын байқадық. Оларға қараудың өзі аянышты еді. Олар көпке бармай, өліп қалатын».

АТОМ КӨЛІ

Аймақтағы Шаған және Ащысу деп аталатын екі өзеннің түйісер тұсында, 1965 жылдың 15 қаңтарында жер асты жарылысы болды. Осының салдарынан атақты Атом көлі пайда болды.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы атом көлі. Шығыс Қазақстан облысы, 22 тамыз 2009 жыл.
Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының бір буклетінде осы нысанға қысқаша сипаттама берілген: «Қуаттылығы 140 килотонна жарылыс жасалды. Осының салдарынан тереңдігі 100 метрден асатын, диаметрі 400 метрлік шұңқыр пайда болды. Атом көлі аумағында топырақтың радионуклидтік ластануы солтүстік бағытта 3-4 шақырымға дейін байқалады.

Семей қаласының тұрғыны Раиса Құрманғалиева Азаттық радиосына былай деді:

– Бізге осы көлден балық әкелетіні есімде. Оның үлкен, тәбетіңді тартатыны соншалық, адамдар оны әп-сәтте талап әкететін. Ол кездері тұрғындар бұл көлдің балығын жақсы көретін. Атом көлінің балығын сатып алу үшін үлкен кезекке тұруға тура келетін. Біз сол кездері ешқандай радиация туралы ойламайтынбыз да. Міне, мен 80 жасқа келдім, әлі тірімін.

ЛАСТАНҒАН ЖЕР СЕРУЕН ҚҰРАТЫН АЙМАҚ ЕМЕС

1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылданды. Құрал-жабдықтар құртылып, штольнялар көмілді, аппаратуралар әкетіліп, кейбір учаскелер радиациядан тазаланды.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы тәжірибе алаңындағы штольнялардың бірі. Шығыс Қазақстан облысы, 22 тамыз 2009 жыл.
Полигон жабылған соң радионуклидтерден зардап шегу қаупі әлі бар ма деген сауал қазір де көптеген адамдарды мазалайды. Бұл сұраққа радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенко былай деп жауап береді:

«Қазақстан Республикасының тұрғындары үшін полигонның ешқандай әсері жоқ. Келуге, ары-бері жүруге, қарауға болады және сізге ешнәрсе де болмайды. Менің айтайын деген екінші мәселем, қауіпті немесе қауіпсіз радиация болмайды. Барлығы өзіңізді қалай ұстауыңызға байланысты.

Көптеген адамдар өндірісте радиоактивтілікпен бетпе-бет келіп жұмыс істейді. Медицинада сіз сәуле алуыңыз мүмкін, т.б. Иә, бүгінде ластанған және өте қатты ластанған жерлер бар. Бірақ, ол жаққа бармау керек. Олар белгілі, барлығы саналған. Ядролық орталық халықаралық ұйымдармен бірге 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.

Ол жақта белгілер орнатылған, кейбір нысандар қоршалған. Яғни, көп уақыт тұруға болмайтын жерлер бар. Келдің, көрдің, кеттің. Бітті. Шатыр құрып, демалуға кеңес бермейміз. Алайда, ол жердегі бүгінгі доза... Мен сізге сәуле ауруымен ауырмайсыз деп толық сеніммен айта аламын».

«ХРУСТАЛЬДІ БАЛА»

Ядролық сынақтарға жақын орналасқан ауылдарда болғанда, жергілікті тұрғындардан жарылыстар тоқтатылған соң да кеміс балалардың дүниеге келіп жатқандығын білдік. Тұрғындар өз-өзіне қол салу оқиғаларының көптігін, адамдардың қылшылдаған жасында аурудан көз жұматындығы жайында айтып берді.

«Хрустальді бала» Уәлихан Серікқалиев. Семей қаласы, 23 тамыз 2009 жыл.
Бұрынғы Семей облысының орталығы Семей қаласында жеті жасар «хрустальді бала» Уәлихан Серікқалиев тұрады. Оның сүйектерінің осалдығы соншалық, болмашы қимылдан-ақ жиі сынады. Медицинада бұл сырқат «остеогенез» деп аталады. Уәлиханды сырқатынан жазу мүмкін емес, тек оның жан қиналысын жеңілдетуге ғана болады дейді мамандар. Оны тек әлдебір керемет қана жазуы мүмкін.

Оның ата-анасы кереметке сенеді. Олар ұлын қаратқан бір балгер балаларың міндетті түрде жүреді депті. Баланың әкесі Сержанғали мен анасы Жанна балалары үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасауда. Кезінде қымбат дәрілер сатып алып, Астанадағы ғылыми-зерттеу институтында емделу үшін үйлерін де сатқан.

Бірақ, ақша тез таусылып, Сержанғалидың өзі де аурулы болды, қазір ол жұмыс істей алмайды. Екінші топтағы мүгедекке айналып, үйде отыруға мәжбүр. Сержанғалидың қан қысымы жоғары, үнемі жүрек талмасы ұстайды. Ол бұны Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдары деп есептейді.

Сержанғали бір кездері жарылыстардың кіндігіндегі Абай ауданында тұрды. Және атом қаруын таситын корабльде үш жыл қызмет етті. Алайда, дәрігерлер мен тиісті органдар бұны қаперлеріне алмайды. Олардың пікірінше, жеті жасар Уәлихан ядролық сынақ құрбандарының санатына жатпайды.

Мүгедектікті анықтайтын комиссия алғашында баланың зейнетақысын 14 600 теңге (97 доллар шамасында) көлемінде тағайындаған еді. Өйткені, бала полигон жабылған соң он жылдан кейін дүниеге келді. Демек, оның сырқатының полигонға еш қатысы жоқ деп шешті комиссия. Қазір оның ісін қайта қарап, аздаған ақша қосты. Қазір ол бұрынғыдан сәл көбірек, 20 мың теңге (133 доллар шамасында) зейнетақы алады.

Сержанғали Серікқалиев Азаттық радиосына берген сұхбатында ұлының жағдайы туралы былай дейді:

– Жақын арадан бері біз Уәлиханға көбірек ақша алатын болдық. Бірақ, оны мен менің зейнетақым негізінен пәтер ақысына кетеді. Қазір біздің өз баспанамыз жоқ. Біз айына 25000 теңгеден аса ақша төлеп, пәтер жалдауға мәжбүрміз. Әйелім жұмысқа бара алмайды, ұлымызға қарауы керек. Оның сүйектері жұмсақ, морт кетеді. Сәл дұрыс қимылдамаса, сынып кетуі мүмкін. Бұдан соң баланың жаны қиналып, қайтадан ауруханаға баруға тура келеді. Біз оны арнайы тордың ішінде шомылдырып, әр қимылын жіті бақылаймыз. Балаң қиналып жатқанда оған көмектесе алмауың өте қиын екен, – дейді Сержанғали Серікқалиев.

Уәлихан үшін отыруға да, жатуға да ыңғайлы арнайы арба жоқ. Оларға біреуін бөлеміз деген уәде айтылғанымен, құр сөз күйінде қалды. Пәтер береміз деген де уәде болған. Баспанаға кезекте тұрғандарына төртінші жыл. Кезек баяу жылжуда. Қоныс тойын ұзақ күтуге тура келетін шығар дейді Уәлиханның ата-анасы.

– Әкімдер мен депутаттарға, кеңселерге барудан шаршадым. Біздің проблемамызды түсінгісі, бізге көмектескісі келмейді. Өскемен жақтағы Асқар деген бала да осылай ауырған екен. Ол Мәскеуде емдеудің жартылай курсын өтті. Демеушілер табылып, емдеу ақысын төлеген екен. Ол ендігі жүруді бастады. Менің Уәлиханыма да көмектесетін адамдардың табылатындығына сенемін, – дейді баланың әкесі.

Уәлихан – өте көңілді, ақылды бала. Ол өзінің кез-келген құрбыластарына қарағанда компьютерді жақсы біледі. Компьютерде жарысып ойнау мен кітап оқуды жақсы көреді. Ол сырқатына қарамастан әзілдеп, ата-анасының көңілін көтереді.

– Бір жолы қан қысымым көтеріліп жатсам, Уәлихан шақырады. Мен ауырып жатырмын, келе алмаймын дедім. Сөйтсем ол: «өтірік ауырма, жүр ойнаймыз!» - дейді. Орнымнан тұрып, оған келіп, әлденені жасай бастадық. Ол әлденені айтып әзілдей бастады. Мен өстіп жүріп ауырғанымды ұмытып кеттім. Қазір ол маған өмір сүруге күш береді, – дейді Сержанғали Серікқалиев.

ҚҰМЫРСҚА - АДАМ

Никита Бочкаревтің жасы қазір 18-де. Оның сырқаты өте ауыр: Никита жүре де, қозғала да, сөйлей де алмайды. Ол әр күнін үйінде, компьютердің алдында өткізеді. Өлеңдер мен әңгімелер жазады. Оның сүйікті әншілері – Виктор Цой мен Игорь Тальков.

Уәлихан сияқты Никитаның сырқаты да генетикамен байланысты. Никитаның анасы оның ұлы мектепке барып, өлең жаза бастайды
«Құмырсқа - адам» Никита Бочкарев компьютерге жазуды басына киген осы құралдың көмегімен тереді. Семей, 23 тамыз 2009 жыл.
деп ешқашан ойламайтын. Сөйлеуге деген оның ұмтылысын байқаған әке-шешесі оған металл мұртшасы бар каска тәріздес құралды ойлап тауып, жасап берді. Осы құралдың көмегімен Никита клавиатураны басып, сол арқылы өзінің ойын білдіреді. Сондықтан да жұрт оны «Құмырсқа - адам» деп атап кетті.

Никитаның анасы Сибилла Бочкарева Азаттық радиосына берген сұхбатында дәрігерлерге сенбейтінін айтты:

– Біз ұлымызды мектепке он жасында апардық. Оның білім алуға мүмкіндігі барын білмедік. Қазір Никита айналадағылардың барлығын таңқалдырады. Оның бәрін білгісі келеді, оған бәрі қызықты. Оның сырқатын дәрігерлер толғақ кезінде жарақат алудан болған балалардың церебральді параличі дейді. Мен бірақ бұнымен келіспеймін. Дәрігерлер бұл жерде әлденені жасырады, күйеуіміз екеуіміздің де денсаулықтарымыз жақсы. Ешқашан ауруханаға жатқан емеспіз, – дейді Сибилла Бочкарева.

Өз аты-жөнін атағысы келмеген алматылық бір әйелдің көмегімен биылғы наурыз айынан бастап, Никита интернетке қосылуға мүмкіндік алды. Енді ол желіде сөйлесуді үйреніп, хат жазыса бастады. Анасының айтуынша, қазір оның хат жазысып, өлеңдерін жіберіп тұратын достары да бар екен.

Ерлі-зайыпты Бочкаревтар үшінші ұлымен. Семей, 23 тамыз 2009 жыл.
Никита жайында газеттер жазып, телеарналар сюжеттер түсірді. Бірақ, Семейде ешкім Бочкаревтерге көмектескісі келген жоқ. Тек «Время» газетінде шыққан мақаладан соң алматылық екі адам көмек қолын созыпты: біреуі ай сайын Никитаға ақша жіберіп тұрса, екіншісі интернеттің ақшасын төлейді.

Алайда, Никитаны емдеуге болады деп ойлайды ата-анасы. Санкт-Петербургте мұндай балаларға көмектесетін клиника бар екен. Бірақ емделу бағасы өте қымбат. Ондай ақша бұларда қайдан болсын?! Әкесі 6000 теңге (40 доллар шамасында) үшін үйінің маңында жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені, Никитаға үнемі қарау керек. Анасының бұған шамасы жетпейтіндіктен, әкесі қажет болғанда баласын үйдің ішінде көтеріп жүреді. Анасы да күні бойы Никитаның және өзге екі баласының қасында болады.

Сибилла Бочкарева ұзақ жылдардан кейін барып көтерген балаларына деген аналық қуанышын айтып берді:

– Мен ұзақ уақыт бала көтеруге қорқып жүрдім. Тек арада 14 жыл өткен соң ғана екінші баламды көтеруге шешім қабылдадым. Мен баламның қалай өсіп келе жатқанын білмедім ғой. Сондықтан, дені сау бала дүниеге келгенде қуанышымда шек болмады. Үшінші ұл бала да мен үшін күтпеген қуаныш әкелді. Никита менен «неге мен інілерім сияқты емеспін?» деп сұрақ қоя ма деп қорықтым. Жоқ, Никита бауырларымен тату. Олар әңгімелесіп, бірін бірі түсінеді, – дейді Сибилла.

Қазір Никитаның күнделікті отыратын отырғышы тозған. Ата-анасы оның отыруына ыңғайлы орындығы болса деп армандайды. Ескісінің тозғаны соншалық, Никита отырғанда ауырсынып кетеді. Жаңасын сатып алу үшін 40 мың теңгедей (260 доллар шамасында) ақша қажет.

МЕЙІРІМДІ БОЛЫҢЫЗ

Мақаланың соңында Уәлихан Серікқалиев пен Никита Бочкаревтің ата-аналарының үндеуін берсек дейміз:

«Құрметті меценаттар және жай ғана мейірімді адамдар! Егер осы балаларға көмектесетін мүмкіндіктеріңіз болса, көмектесіңіздер. Бұл ақылды екі бала өз тағдырларына мойынсұнған. Оларға болмашы назар мен аздаған қамқорлық қажет. Неге екені белгісіз, бұл көмекті мемлекет бере алмайды, ал ата-анасының мүмкіндігі жоқ».

Осы балаларға демеушілік көрсету үшін балалардың ата-аналарына тікелей ақша жіберуге болады. Банк реквизиттері мынандай:

Уәлихан Серікқалиев - Қазақстан Халық банкі, есеп-шот 2699201043325950. Қазақстаннан тыс жерден ақша аудару үшін - Halyk Bank of Kazakhstan, SWIFT - HSBKKZKX account 2699201043325950.

Бочкарев Никита - Қазақстан Халық банкі, есеп-шот 6762003003467403. Қазақстаннан тыс жерден ақша аудару үшін - Halyk Bank of Kazakhstan, SWIFT HSBKKZKX account 6762003003467403.

Дәл осындай тығырықтан шығатын жол іздеп, баласының науқасына шипа тапқандар болса, Азаттық радиосына хабарласыңыздар.