Шымкент соты қаладағы бірқатар шағын аудандарда мұнай құбыры маңында тұрған үйлерді бұзу туралы шешім шығарды. Даулы жерде бірнеше жылдан бері тұрып жатқандар баспананы жергілікті биліктің рұқсатымен салғанын айтады.
ЗАҢСЫЗ ДЕП ТАНЫЛҒАН БАСПАНАЛАР
«КазТрансОйл» компаниясына қарасты Шымкент мұнай құбырлары басқармасының басшылығы Қазығұрт шағын ауданындағы 123 үйдің иелерін сотқа бермек. Абай аудандық сотының шешімінде Павлодар – Шымкент мұнай құбырларына тым жақын маңында орналасқан үйлердің егелері өз есебінен баспаналарын бұзуы тиіс деп көрсетілген.
Қазығұрт шағын ауданындағы көптеген үйлер мұнай құбыры маңында орналасқан. Шымкент қаласы, 20 сәуір 2010 жыл.
Компания басшылары бұзылуы тиіс үйлердің қатары үш жүздің үстінде болуы мүмкін деген болжам айтады. Олар бұл жайтқа жергілікті билік кінәлі деп отыр.
Көпбалалы ана Күлзипа Қарсыбаеваның қолында Шымкент қаласындағы Абай аудандық сотының шешімі бар. Оған сәйкес, үйі мұнай құбырына жақын орналасқан Қазығұрт шағын ауданының тұрғыны өз баспанасын бұзуы тиіс.
Сот құжатында мұнай құбырынан 25 метрге жерге дейін тұрғызылған үйлер заңсыз деп танылады делінген. 4 баласымен баспанасыз қалғалы отырған ана әділдік іздеп Оңтүстік Қазақстан облыстық сотына шағымданған.
– Мен қайда барам? Далада қаламыз ғой. Қорқынышты болса да тұрамыз. Тірнектеп тапқан ақшамызға осы үйді салдық. Күйеуім жұмыссыз. Мен балалармен отырмын. Егер бұл жерден үй салуға болмаса, бізге о баста бұл жерді неге берген? Жер комитеті осыны неге айтпаған? Жеті жылдан бері тұрып жатырмыз осында. Мен соңына дейін барам. Үйімді бұзбаймын. Егер көш дейтін болса, онда басқа жерден баспана берсін, – дейді Қазығұрт шағын ауданының тұрғыны Күлзипа Қарсыбаева.
Оның көршісі Құрманкүл Бектасова да сот шешімін алған. Осыдан сегіз жыл бұрын осы аумақтан үй тұрғызған бес балалы ана енді қайда барарын білмейді.
– Жұбайым қайтыс болған. Заңгерге барып ақылдасып едік, олар шағым жазбай-ақ қойыңыздар деді. Бәрібір мұндай алыптармен күресіп, жеңе алмаймыз ғой. Сот шешімі бізсіз-ақ шығып жатыр. Осының бәрін ойлап, ұйқы қашты. Біз жарылып кетсек те, үндемейтін шығар бұлар, – дейді Құрманкүл Бектасова.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында болған су тасқынынан кейін қалаға көшіп келген Ниятовтар отбасы да жапа шеккендердің бірі. Отағасы Мелизат Ниятов қазір әділдік іздеп сот табалдырығын тоздыруда.
– Судан қашып келіп едік, мұнайдың үстіне тұрақтаппыз. Мен облыстық сотқа шағымдандым. Олар 25 метр деп көрсетілгенді енді 75-ке метр деп өзгертпекші болып отырғанын айтады. Ондай болса, ауылдың жартысы көшу керек болады. Әзірге ол жақтан шешім шыққан жоқ. Бірақ біз қарап отырмаймыз, күресеміз, – дейді Қазығұрт шағын ауданының тұрғыны Мелизат Ниятов.
Тура осындай жағдай Қазығұртпен көршілес, негізінен оралмандар қоныстанған Сәуле шағын ауданында да бар. Онда да тұрғындар мұнай құбырларының жанында өмір сүріп жатыр.
«БҰЛ ІСКЕ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПТЫ»
Абай аудандық соты 8 арыз бойынша арызданушының талабын қанағаттандырған. Сот Қазығұрт шағын ауданындағы 123 отбасының тағдырын алдағы уақыт ішінде шешпек. Мұнай компаниясының басшылары олардың қатары 2-3 есе артуы мүмкін деп отыр.
Олардың айтуынша, «Мұнай туралы заңға» және құрылыс талаптарына сәйкес мұнай құбырынан 150 метр жерде баспана тұрғызуға тыйым салынған. Бірақ олар арызда ең болмаса 25 метрде тұрып жатқан халықтың көшуін талап етіп отырғандарын көрсеткен. Ал сот шешімі бойынша бұзылуға жатқызылған үйлер дәл қазір мұнай құбырынан
– Жерді берген әкімшілік. Бұл іске жауапты да солар. Біз бұл мәселені көтергенімізге бірнеше жыл болды. Екі ортада халықты далада қалдыруға ешкімнің хақысы жоқ. Біз бұл іс бойынша әкімшілік, жер комитеті, сәулет басқармасы мен тұрғындардың үстінен сотқа шағымдандық. Сот соңғысын жауапты деп тапты, – дейді Шымкент мұнай құбырлары басқармасының бастығы Талғат Баймаханов.
Магистралды мұнай құбырлары табиғатынан жарылғыш, өртену қаупі бар нысан болып есептеледі дейді басқарма жетекшісі. Оның үстіне компания басшылығы соңғы жылдары мұнай ұрлау фактілері күрт көбейгенін айтады. Олар жергілікті әкімшілікке 10 метр жерде орналасқан құбырларды жаңартып басқа жерге ауыстыруды ұсыныпты.
– Құбырларды басқа жерге ауыстыру туралы қала әкіміне кіріп ұсыныс жасадым. Сосын онда енді жер бөлінбейді деген құжат болу керек. Бұл халықтың бәрін көшіруге қарағанда арзан түсетін боп тұр. Басты мәселе бақай есеп емес, адамдардың өмірінің қауіпсіздігі екенін ескеру керек. Егер құбырлар жарылып, кенеттен өрт шықса, кім жауап береді? Әкімшілік өз қателігін түзесін, – дейді Шымкент мұнай құбырлары басқармасының бастығы Талғат Баймаханов.
Билікке талап қойған мұнай компаниясы жауап күтуде. Әзірге әкімшіліктің қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков бұл проблеманың жақын маңда бейбіт жолмен шешілетініне уәде етті.
Павлодар – Шымкент мұнай құбыры магистралі 1983 жылы салынған.