Режиссер, әрі жазушы Асылбек Ықсан Азаттық радиосына берген сұхбатында, бұйығы жатқан қазіргі қазақ театры мен режиссурасының ахуалы жайында өз ой-пікірімен бөліседі.
– Асылбек мырза, бүгінгі қазақ театрының күрделі ахуалы туралы жазған мақалаңызда бұл саладағы қордаланып қалған өзекті мәселені көтерген екенсіз. Мұндай мақаланы жазуға не итермеледі?
– Мақаланы жазуға түрткі болған дүние бір күнде пайда болған жоқ. Бұл көкейде ұзақ уақыттан бері, жаныма тыныштық бермей жүрген ойлар еді. Енді әңгімемізге көшетін болсақ, дәл қазір ұлттық театрымызбен мақтана алатын жерлеріміз де бар. Жетпей жатқан, көңілге қаяу түсіретін жақтарымыз да аз емес.
Әлем демей-ақ қояйын, қазақ театрының бұрынғы Совет одағы көлемінде алатын өзіндік үлкен орны болған. Мәскеудегі орыстар титандарымыз деп мақтанып жатады ғой. Біздің ұлттық театрларымызда да сондай титандар еңбек етіп, маңдай терін төккен. Атап айтсақ олар – Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Фарида Шарипова секілі ғажайып тұлғалар.
Әділіне жүгінсек, қазақ театры сол уақыттағы жеткен жетістігі үшін Әзірбайжан Мәмбетовке қарыздар. Мұны мен ғана емес, театр саласын жақсы білетін Әшірбек Сығай секілді ағаларымыз да жасырмай айтып жүр. Мәмбетовтың қазақ театрын биікке шығарудағы атқарған қызметі орасан зор.
Ал, Жақып Омаров, Есмұхан Обаев, Жанат Хаджиев, Нұрғанат Жақыпбаев, Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбековтер театрымыздың үлкен суреткерлері.
Режиссерлік аса білімдарлықты қажет етеді. Ол әрі философ, керемет филолог, тарихшы да, бір сөзбен айтқанда бүкіл мамандықты бір бойына сиғызған адам болуы керек.
Осындай өлшеммен келгенде, бүгінгі таңдағы қазақ режиссурасының жай-күйі туралы әңгіме айту қиындау. Өйткені режиссураның айналып келгенде сүйенетін нәрсесі пьеса ғой. Біздің драматургтардың қазіргі жұмысы орташа дәрежеде.
Шынын айтқанда, біз өзімізді өзімізбен салыстырып мәз боламыз. Ал, сол қойылып жатқан дүниелерді ресейлік немесе әлемдік драматургтардың шығармаларының деңгейімен салыстырып қарасаңыз, біз олардың тізесінің шамасында тұрмыз. Бұл енді драматургтар ренжісе де, ренжімесе де күлбілтеге салмай айтатын ащы ақиқат.
ОБЛЫСТАҒЫ АКТЕРЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 20 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН АСПАЙДЫ
– Шынымды айтсам, көрермен ретінде қазақ театрында қойылып жатқан көптеген дүниелерге менің де көңілім толмайды. Қазақстанда жаңа дүниелерді жасағысы келетін режиссерлардың шықпауына не себеп? Олардың ішінде әйтеуір Болат Атабаевтың ғана жаңа бір дүниелерді жасағысы келіп, талпынып жүргенін көреміз.
– Енді ол ең алдымен режиссерлық мектепке байланысты ғой. Ресейде бір Мәскеудің өзінде бірнеше жоғары театр оқу орындары бар. Тек Мәскеуде ғана емес, үлкен қалаларының бәрінде де театр оқу орындары жетіп-артылады.
Мен 1987 жылы Мәскеудегі ГИТИС-тен тәжірибеден өттім. Бір қайран қалатыным, оларда авиация, заңгер мамандығын алып, өмірден біраз тәжірибе жинап, толысқан адамдар режиссураға келеді. Ал бізде ондай мүмкіндік атымен жоқ.
Театр өнері институтында сабақ бердім ғой. Бізге мектепті жаңа бітірген балалар келеді. Олардың ішінде көп жағдайда таңдап алатын ешкім болмайды. Шындығында бұл театр маманының, яғни әртістің біздің қоғамдағы алатын орнының төмендегенін көрсетеді.
Өйткені оның алатын ақшасы да шамалы. Облыстағы актерлардың алатын жалақысын айтсам, төбе шашыңыз тік тұруы мүмкін. Олардың көбісі 20 мың теңгеге жетпейтін жалақы алады. Сосын ондай мамандыққа тәуекел етіп, кім барғысы келеді?
Мысалы, керемет сахна үшін жаратылған ұлдар мен қыздар жүреді. Бірақ оларды сіз театрға жылап шақыра алмайсыз. Олар басқа мамандықты таңдайды.
Сосын, қазіргі таңдағы ең өзекті болып тұрған мәселелердің бірі – балалардың деңгейінің күрт төмендеп кеткені. Әсіресе ауылдан келетін балалардың білімі өте таяз.
Сондықтан мына Өнер академиясында бірінші жыл ертегілер, аңыз-әфсаналарды қайталап айтып беруіңе тура келеді. Оның бәрін олар мектепте өтпеген. Фольклорды, этнографиямызды білмейтін, интеллектуалдық негізі жоқ баладан жақсы актер шықпайды.
ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗДІ САРАЛАЙТЫН ЗЕРТХАНА КЕРЕК
– Қазір Алматыдағы кітап дүкендерінің кез-келгенінен әлемдегі театр өнерінің бүгіні мен болашағына қатысты еңбекті қиналмай-ақ тауып аласыз. Орыс философы Лосевтің театр туралы құнды еңбек жазғанын білеміз. Ақын Осип Мандельштам да орыс театрының атақты тұлғаларының творчестволық портреттерін жасады. ХХ ғасырдың басында театр, кино өнеріне зор жаңалықтар әкелген Артоның еңбектері бар.
– Не сұрағыңыз келгенін түсініп отырмын. Мұның сыртында орыстарда Е.Лебедев, С.Юрский сынды сахна және кино шеберлерінің актерлік психотехника туралы жазған кітаптарын оқығанда тәжірибе мен теорияны ұштастыра білуден сол өнердің қалай ұтарына көзіңіз жете түседі.
Кинода Эйзенштейндер артына құнды еңбектер қалдырып кетті. Театр режиссері О.Я.Ремез режиссура теориясынан 22 кітап жазды. Товстоногов, Туманашвилердің кітаптарын кітап дүкендерінен табудың өзі зор бақыт саналатын. Бізде Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің ұзақ жылдық тәжірибесін ғылыми негіздеуге кірісті.
Артоны ауызға алып отырсың ғой. Б.Брехт, Гротовскийлер Артоның шәкірті болған адамдар. Бір қызығы, ол екеуі де Артоның ілімін дұрыс түсінбеген екен. Ал Артоның өзі Бали аралынан келген бишілердің өнерін көргенде «Міне, нағыз театр!» деп, өзі жүйелеген бүкіл жаңалығынан бас тартқан.
Бізде, жалған намысқа салмай, мойындауымыз керек, ондай-ондай шатасу, жаңылысулар болған емес. Өйткені, театр дамуының әлемдің деңгейінен көз салсақ, бүкіл театр дүниесін түлететіндей ізденіс бізде болған жоқ, ізденіс болмаған жерде жаңылысу да болмайтыны
Бізге театрды ғана емес, жалпы бүкіл өнерді зерттеп, теориясын қалыптастыратын көркем творчество зертханасы керек.
Бұл айтқандарыма, театр мамандары ренжімес, өйткені, менің айтып отырған ізденісім – жаңағы Арто, Брехт, Гротовский, Мейерхольд, Вахтанговтардың ізденісі.
Бізге театрды ғана емес, жалпы бүкіл өнерді зерттеп, теориясын қалыптастыратын көркем творчество зертханасы керек. Ол зертханада философ, психолог, этнограф, филолог, өнер зерттеушілері, мәдениеттанушылар сияқты мамандар бас қосып творчество адамының шабыт психологиясын зерттеу керек.
Өнер адамының басына болашақ шығарманың идеясының қиқымы қалай түсті, ол қалай дамып, түрленіп, өзгеріп отырып өнер туындысына айналу үдерісі қалай өтеді деген мәселелер терең талданып, зерттелуі тиіс. Бұл әрине, өте ауыр жұмыс, бірақ та өнердің теориясының кірпішін осылайша қаламайынша, эмпирикалық әдіспен алысқа бара алмаймыз.
Бұндай зертханалар кезінде Ленинградта, Ереван, Балтық жағалауы елдерінде болған. Орыстың белгілі өнер тарландарының жанында әр айтқанын қағып алып тарихқа айналдырып отырған адамдар топ-тобымен жүрген. Ол жазбалар кейінгі ұрпақ үшін, өнер үшін құнды еңбекке айналды. (Бізде көбіне естелік шығарумен шектелеміз.)
Өнердегі данышпандарымыздың «кемеңгерлік сандырағының» ішкі қисынын зерделей алатын зертханамыз болса өнердегі бүгінгі көзі тірі тұлғаларымыздың творчествосын зерттеудің де ғылыми негізі қаланар еді.
Кино, драма режиссерларының, актерлардың, жазушылардың, суретшілердің әр шығармасы дүниеге келгеннен бастап жан-жақты бағасын алып кітап болып басылып шығып кітапханаларға, дүкендерге түсіп отырар еді. Өнер зерттеу осылай ғылыми түрде жолға қойылмағандықтан, «зер танитын зергерлеріміздің» көзіне ілінбеген талай таланттардың еңбегі кезінде бағасын ала алмай кетті.
Жазған, сызғандарына дер кезінде баға беріліп, тұтас бір ғылыми-зерттеу институты творчествосын қадағалап отырса таланттарымыздың да нұры таси түсер еді.
Менің бұл айтып отырғандарым мемлекеттік маңызы бар дүние. Мәдениет, білім министрліктері кешіктірмей қолға алатын мәселе. Осындай зертхана ашылса мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша да көптеген іс тындыруға болар еді.
ТЕАТРДЫҢ ӨМІРІ БҰЙЫҒЫ ЖАТЫР
Жаңа Мәскеуді айтып кеттік қой. Онда жаһандағы барлық әлемнің театрлары келіп, өнер көрсетіп жатады. Ал, біз өз қазанымызда өзіміздің ғана қайнағанымызға мәз-мәйрамбыз. Осындайды көрген соң, Мәскеуге қарап, соған іштей қызығасың. Әлемдегі болып жатқан театрдың, театр педагогикасының процессін солардан көресің.
Ана қалаға, мына қалаға бардық дегенімізбен театрымыздың өмірі бұйығы жатыр. Театр – ұлттың айнасы. Кинодағымен салыстырғанда мұнда тірі адамды көресің. Бүгінгі адамның мұң-мұқтажы, мақсат-мұраты, жалпы халықтың ұлт ретіндегі бет-бейнесі театрдан көрінеді. Сондықтан да театр еш уақытта да өлмейді. Ендеше театрға ерекше көңіл бөлу керек.
Сосын бізге ең бірінші кезекте керек тағы біраз нәрсе бар. Бізде, мысалы, мықты актерлар бар. Нұрмұхан, Шәкен, Әнуар ағамыз сияқты олардың біразы бұл өмірден өтті. Ал, солардың немесе қазіргі мына көзі тірі Асанәлі ағамыздың, Фарида апамыздың, бүгінгі жас буын таланттарымыздың өнерін зерттеп, өнер теориясын шығаратын мекеме орын бізде жоқ.
Театр өнерін дамыту үшін бізге театр теориясы керек. Бізде бұл саланы зерттеп жазған мықты сыншыларымыз бар. Әшірбек Сығай, Әлия Бөпежанова немесе кеше ғана өмірден өткен Бағыбек Құндақбаев ағамыз сияқты. Енді театр теориясы керек.
Театр теориясын неден бастау керек? Театр арқылы ұлттың ойлау тереңдігі байқалады. Парасатының биіктігі көрінеді.
Халықтың ойлау ерекшелігі театр арқылы танылады. Бізге театр арқылы қазақтың ойлау ерекшелігін көрсете алдық дегенді айтып, мақтануымызға әлі ерте.
ШТАМПТАН СҮРІНГЕННІҢ ӨЗІ АРТЫҚ
– Көрерменнің талғамынан шыға алмай қалудан қорыққан режиссерлар көп жағдайда бұрыннан бері қалыптасып қалған штамптардан арыла алмай жатады. Алайда, театр өнерінің негізін қалағандардың бірі Станиславскийдің өзі «штамптан сүрінгеннің өзі артық» деген емес пе?
– Тіпті, Станиславский жүйесі болмай тұрып-ақ театр өмір сүрді. Грекияда театр көне дәуірде дамыса, Жапон театры 14 ғасырдан бастау алады, Иран театры ислам дінін уағыздаудан келіп дамыған. Қытай театрының да тарихы терең. Италия театрларының тарихы да бай.
Қазір әлем театрлары тек Станиславский жүйесіне сүйеніп еңбек етіп жатыр деп тағы айта алмайсыз. Станиславскийдің В.Мейерхольд, М.Чехов, Е.Вахтангов сияқты шәкірттері ұстаздарының іліміне сүйене отырып театр өнерінің өзге де формаларын тапты. Немирович-Данченконың жазғандары тап бүгінгі күннің талабына сай жазылғандай, әлі ескірген жоқ.
Станиславский мен Немирович-Данченконың бір-біріне қайшы келген тұстары неде десеңіз, оны Немирович-Данченконың мына сөздерінен байқауға болады: «Ол (К.С.Станиславский - А.И.) өзінің жүйесіне «переживание» деген терминді қосып, жүйесінің қадірін одан әрі қашырды».
Е.Вахтангов К.С.Станиславский мен Вс.Мейерхольдтың сахна мен көрерменге деген көзқарастарын саралай келе былай деген: Мейерхольд «театр мен көрерменнің арасында ешқандай перде болмауы тиіс, көрермен өзінің театрда отырғанын бір сәтке де ұмытпауы тиіс» деген қағиданы ұстанса, Станиславский «сахна мен көрерменнің арасында төртінші қабырға тұруы тиіс, көрермен өзінің театрда отырғанын ұмытып, оқиғаның ішінде жүргендей сезінуі тиіс» дейді. Осы «ұмытуда» переживания театрының негізі жатыр. Е. Вахтангов та осы, көрермен мен сахнаның арасында тұрған «төртінші қабырғаны» қиратумен болды.
МХАТ бастапқы кезде натурализмге ұрынғаны белгілі. Ол туралы Немирович-Данченко әр сөзінде айтты. Немирович-Данченко МХАТ-тың штамптарын да көрсетіп берді. Ал біздің режиссерларымыздың көпшілігі Мәскеуден білім алған, орыс театрларынан тәжірибеден өткен.
Сөз дәлелді болу үшін ол штамптың біреуіне тоқтала кетейін – МХАТ актерлары бір сөйлемді айту үшін арасына қимыл-әрекет қосып, бөлшектеп-бөлшектеп жеткізген. Біздің спектакльдерде де қамшы өріп отыру, арқан ширатып отыру, қолға балға алып ерді тоқылдатып отыру деген сияқты штамптар көп кездеседі...
БЕЛГІ ТЕАТРЫ
Мен жапон театрын жақсы білемін. Олардың өнерін де. Театр маманы болған соң бәрін оқып, қарайсың ғой. Соның ішінде, мысалы, жапон театрының ешкімге қосылмаған өзінің тұнық театр өнері бар. Ол – ХІV ғасырдан бастау алады. Анау Кабукиі, Носы бар. Жапон халқы өзінің әдет-ғұрпына, дәстүріне адал халық. Оны өзінің көзінің қарашығындай сақтай білетін халық. Осы тұрғыдан алғанда бізде осындай көп нәрсе жатыр. Соны ашып көріп, осы құпияның шетін ұстағаннан кейін мен мұны айтып отырмын.
Бірнеше жылдан бері менің шұғылданып жүрген тақырыбым бар. Ол – Белгі театры. Қазақ неге тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні дегенді айтады. Бұл – белгі. Сонда мыңдаған жылдар бойы бір романға жүк болатын нәрсені қазақ бір белгіге сиғызған, жинай берген. Әр белгіні біз тарата алсақ, көп құпияның сырына қанығамыз.
Мысалы, бес бұрышты жұлдыз бар ғой, сонда қазақтың пластикалық шешімі жатыр. Мұны мен шет елдің – италиян ғалымдарының еңбектерінен де көрдім. Сонда таң қалғаным, бұл біздің ата-бабаларымыздың ұйықтап жатқан адамның пошымына қарап, кім екенін тануында бес жұлдыздың шешімі, құпиясы жатыр. Ол бесжұлдыз біздің жерімізден табылған, осыдан үш мың жыл бұрын жасалған екен.
Ал, осыны театрға қалай әкелеміз? Осыны театрдың сахналық, пластикалық тілінде әкелу, ұлттың даналығын қалай сөйлету керек деген мәселенің біршама шешімін мен таптым.
ТЕАТР ПУБЛИЦИСТИКАНЫҢ САХНАСЫНА АЙНАЛЫП БАРАДЫ
– Ал, осыны неге көрсетпейсіз, қолыңызды кім байлап қойды?
– Бұл енді басқа әңгіме. Бірақ мұндай материалмен қазір сіз қайда, кімге барасыз? Барсаңыз театрдың басшыларының бәрінің айтатыны «жақсы екен, бұл керемет нәрсе екен, ғажап екен, бірақ бізге, мына көрерменге күнделікті кассамызға тиын-тебен түсіретін дүниелер керек» дейді.
Театр – публицистика емес. Біз көп жағдайда публицистикаға айналып кеттік. Оны тіпті күнбе-күнгі сары газеттерге шейін жазып жатыр.
Соңғы кезде бізде театрда төл шығармалар ғана қойылуы қажет, аударма болмауы керек деген сыңайдағы мәселе пайда болды. Мұндай жалған ұлтшылдық театр өнерінің көсегесін көгертпейді.
Театр ондай өткінші нәрселермен шұғылданбауы керек. Театр – ұлтымыздың эстетикалық талғамын қалыптастыратын киелі орда.
Сосын соңғы кезде бізде театрда төл шығармалар ғана қойылуы қажет, аударма болмауы керек деген сыңайдағы мәселе пайда болды. Мұндай жалған ұлтшылдық театр өнерінің көсегесін көгертпейді.
Қалайша сіз Шиллерді, Шекспирді қоймайсыз? Ресей болса шет елде шығып жатқан озық шығармалардың бәрін театрларында қойып жатыр. Мәдени құндылық адамзат баласының бәріне ортақ қазына емес пе?
Әңгіме кейде драматургтардан да шығуы мүмкін. Оларға енді өздерінің дүниелерін өткізу керек қой.
Енді бізде драматургиядан неше түрлі республикалық байқаулар өтіп жатады. Оны теледидар көрсетіп, газет те жазады. Оған біз қуаныштымыз. Обалы не керек, мәдениет министрлігі оған сый-сияпатын да көрсетіп қояды. Ал сол сахналанған шығармалар қайда? Қойылса неге мәдени құбылыс болмайды?
Қанша дегенмен Шыңғыс Айтматовтың әр шығармасының 70 пайызы кинода да, театрда да қойылды. Біздің қазақ театрлары Шыңғыстың шығармаларын азық қылды. Оның несін жасырамыз. Сол қойылымдарда ойнаған әртістеріміз атақ-марапатқа ие болды. Театрдың деңгейі көтерілді. Демек Шыңғыс Айтматов адамзатқа ортақ ой айта білді ғой.
ТАЛАНТТЫ РЕЖИССЕРЛАРДЫҢ КӨРІНУІНЕ КЕДЕРГІ КӨП
– Қазақ театры дегенде менің көз алдыма Әзірбайжан Мәмбетов елестейді. Алайда сол кісінің ізін басатын режиссерлардың шықпауына не себеп? Тіпті, біз театр саласында келген жаңашыл режиссерлардың көрінуіне жол бермей жатады деген әңгімелерді естіп жатамыз. Талантты режиссерлардың шығуына кедергі келтірілетін жағдайдың бары рас па?
– Таланттың жолы қашан да ауыр ғой. Олар мәпелеуді талап етеді. Таланттардың жандары жараланғыш келеді. Тіпті олар кез-келген уақытта өздеріне жарық жол сала білетін бола бермейді. Сондайлар көбінесе өз бармағын өздері шайнап, үнсіз қалады.
Таланттардың жандары жараланғыш келеді. Тіпті олар кез-келген уақытта өздеріне жарық жол сала білетін бола бермейді.
Ана жаққа барса, «мынауың керемет екен, бірақ ертең кел» дейді. Осылайша оларды әбден діңкелетіп, әбігерге түсіреді.
Мысалы, мен Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспімірдер театрынан Тілеген Ахметовтың «Жұмақтағы жасын» деген керемет спектаклін көрдім. Сароянның шығармасы бойынша жасалған. Сол шығарма Орта Азия елдерінің фестивалінде орын алды.
Ана жерде, Тілегеннің актерлармен керемет жұмыс істегені, образды ашу үшін оларға жол көрсеткені көрініп тұр. Театрдың атмосферасы деген болады. Яғни свет қою, жарық беру, жалпы режиссердің шеберлігі, сосын спектакльдің пластикалық шешімі сияқты дүниелердің бәрі профессионалдық деңгейде жасалынған.
Ал, сол спектакль қазір Балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында жүрмейді десек те болады. Тілеген Ахметовтың өзі болса 60-қа келіп қалды. Менің кейде сондай жігіттерге жаным ашиды.
Өйткені ол Атырау театрына барып еді. Ол жерде екі-үш спектакль қойды. Кейіннен онда театрдан алыс адам директор болды да, оған бізден аулақ жүр дегенді ашық айтты.
Театрлардың тағы бір мәселесі – облыстық театрлар облыстың әкіміне қарайды. Оның директорын облыстың әкімшілігі шешеді. Облыстың әкімшілігі тағайындаған директор театрдың көркемдік жетекшісі қылып кімді қоятынын өзі таңдайды. Міне, осылайша өмірі аттарын ешкім естімеген режиссерлер жылдар бойы облыстағы театрлардың құлағын ұстап отырады.
Сосын театр фестивальдерінде бірінші немесе екінші орындарды бергенде әділеттілік болмайды. Онда да көп мәселе бармақ басты, көз қыстымен шешіледі.
МЫҚТЫ АКТЕРЛАРДЫҢ КӨБІСІ КҮНІН КӨРУ ҮШІН БАСҚА САЛАДА ЖҰМЫС ЖАСАП ЖҮР
– Сөзіңізді бөлейін, менің бір байқағаным, ылғи да белгілі бір адамдар ғана драматургия саласындағы гранттарды алып жатады. Шынын айтсам, мен осындай гранттарды алып жатқан жастарды байқамадым. Расында да елде талантты жастар жоқ па? Әлде бұл жерде де әділетсіздік бар ма?
– Әділетсіздік қай кезде де болады ғой, Бірақ онымен күресу керек. Мысалы, мен жаңа Тілегенді айтып жатырмын ғой. Сондай қаншама талантты жігіттер бар. Кенжебай, Асыл деген керемет жігіттер бар, Әкбар Айтыбаев деген керемет режиссер бар еді, марқұм болып кетті.
– Кешегі дүниеден өткен Қайрат Сүгірбеков..
– Солардың ішінде дүниеден тым ерте өткені болмаса Қайрат Сүгірбеков Әуезов театрында ойына алған дүниелерін қойды. Оның аяғына ешкім тұсау болған жоқ. Шығармашылық жағынан ол көп жұмыс атқарды.
Ал енді осындай мүмкіндік көптеген талантты жігіттердің басына бұйырған жоқ. Бұйырмай да тұр. Сондықтан ол жігіттер күнін көріп, бала-шағасын асырау үшін телевидение немесе тағы да басқа жерлерде жүреді. Жолдары ашылмай тұр олардың.
Менің ойымша, Мәдениет министрлігі осындай талантты адамдардың кім екенін біліп, танып, өнердегі тағдырына араласып отыруы тиіс. Олардың елеусіз-ескерусіз тасада қалуына жол бермей, шығармашылық потенциалдарын жүзеге асыруына мүмкіншілік туғызуы қажет.
Мысалы, көптеген пьесаларға бәленбай грант бөлінеді. Немесе өнерге қаржылық тұрғыдан қол ұшын бере алатын үкіметтің мүмкіншілігі көп қой. Кезінде «Сорос» қоры ашылды емес пе? Бізге де сондай қазақтың өнерін қолдайтын ұлттық қор қажет.
Міне, осындай қор ашылса, сіз өзіңізді толғандырып жүрген идеяңызбен келесіз. Шығармашылық потенциалыңызды жүзеге асыруға мүмкіншілік аласыз.
– Қазір облыс орталықтарында көптеген театр студиялары ашылды. Солардың деңгейі қандай дәрежеде? Олардың жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Қайдан толсын. Мен 1993 жылы өнер академиясына балаларды жинау мақсатында Оралға бардым. Сөйтсем Оралдағы университеттің жанынан театр факультеті ашылыпты. Сол сапарымда маған ректор «мұнда 20 бала оқып жатыр. Осылардың бәрін алып кетіңізші. Өйткені университетте бұл балаларға сабақ беретін адам жоқ» дегенді айтты.
Мүмкін, расында да бір белгілі режиссер мектебін қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеу мақсатында оны ашқан шығар. Бірақ ол жерде сахна тілінен дәріс оқитын, сахнаның қимыл-қозғалысын үйрететін ұстаздар, сосын мына бүкіл әлемнің өнерін, әдебиетін, тарихын үйрететін мамандар жоқ қой.
Сондықтан, олар бірнеше пісуі ішінде қалған шаласауатты, дүмбілез біреулер болып шығады. Ақыр соңында бұл сол жерде оқыған студент байғұстардың трагедиясына айналады. Олар не актер болып жарытпайды. Сондықтан бұл мәселені дұрыстап қадағалау керек.
– Кез-келген елдің ұлттық театрының өзіне тән ерекшелігі болады. Қазақтың ұлттық театрының сипаты қандай болуы тиіс? Тәуелсіздік алғаннан кейін әртүрлі батырлардың ерлігін насихаттайтын, бірінен-бірі аумайтын, егіз қозыдай қойылымдар көбейіп кетті. Сол қойылымдардың талайын көріп, эстетикалық ләззат ала алмай қайтқан кездеріміз көп. Сахнадағы қазақ батырларының бәрі де аяғын алшаң-алшаң басып, жын ұрғандай айғайлап жүреді. Батырлықты көрсетудің бұдан басқа жолдары жоқ па?
– Мен бұған байланысты әңгімені өзімнен бастайын. Институтта оқып жүргенімде Сәтімжан Сәнбаев ағамыздың Ботақан батыр туралы шығармасын алып, студенттермен сахнаға шығаруға дайындадық. Ботақан батыр ұлы жүзге қалмақтар шапқанда, бетін қайтаруға көмектесу үшін олардың жеріне келеді. Еліне барғанда Кавказдан алып қашқан келіншегі ауырып, өлім аузында жатады. Сонда Ботақан батырдың келіншегіне «мен сені бұл өмірден сүймей өтіп барамын» деп айтатыны бар.
Содан Сәтімжан ағамыз біздің дайындаған қойылымызды көруге келді. Мен ол күндері жаспын. Театрдың табалдырығын жаңадан аттағанмын. Театр педагогикасын жаңа оқып жүрген кезім. Мен батырды тіп-тік, көзқарасының өзі найзағайдай жарқылдап тұратын, кесек адам қылып көрсеткім келді.
Шығарма қойылып біткеннен кейін, Сәтімжан ағамның мені қашан мақтайтынын тосып, мәз болып отырмын. Сонда Сәтімжан ағамыз: «Батыр өз үйінде батыр болып жүрмейді ғой» деді. Бұл маған үлкен сабақ болды.
Өмірдегі батырлар кімдер? Бокстағы Олимпиада чемпиондары бүгінгі заманымыздың батырлары ғой. Бірақ олар күнбе-күн жұдырығын түйіп жүрмейді ғой көшеде. Артаевтарды алып қарасаң сондай бір қыз мінезді, жаны нәзік жаратылған жігіт секілді болып көрінеді маған. Жымиғанының өзі қандай жарасымды. Мына Ермахандар мысалы. Олардың жолбарысша атылатыны рингкке шыққанда ғой. Батырлық адамның ішкі мінезінде жатады.
Бәрімізді бір Құдай жаратты дегенімізбен, кез-келген халықтың иманына, борыш-обал, сауап туралы түсінігіне байланысты өзіне тән ұлттық ерекшелігі болады.
Осы ерекшеліктерді қимыл-әрекет, ишара арқылы берудің неше түрлі жолдары бар. Мұның бәрі бізде, өкінішке қарай, зерттелген жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет.