Ресейдегі нәсілшілдер адам өлтіруін азайтқанымен, мемлекеттік мекемелерге шабуылдауын үдетті

Халық бірлігі күніндегі орыс ұлтшылдарының шеруі. Мәскеу 4 қараша 2009 жыл.

«Сова» ақпараттық-талдау орталығы 2009 жылдың қорытындысы бойынша Ресейдегі радикалды ұлтшылдық туралы зерттеу даярлады. Нәсілшілдік себеппен кісі өлтірудің азайғандығына қарамастан, зорлық-зомбылықтың қанат жаюы қауіп тудырып тұр.
НӘСІЛШІЛДІК ҚАРҚЫНЫ

Ультра оңшыл қозғалыстардың даму үрдісін және олардың белсенділігін азайту мақсатында мемлекет қабылдаған шараларды талдай отырып, «Сова» ақпараттық-талдау орталығы мұндай зерттеулерді жылда жүргізеді.

Баяндаманың тұсаукесері қаңтар айының соңында Мәскеудегі Тәуелсіз баспасөз-орталығында, кезекші милиционерлердің қатысуымен өтті. Өйткені, әртүрлі ұлтшыл топтардың өкілдері бұған дейін «Сова» орталығының жауапты қызметкерлеріне бірнеше рет қоқан-лоққы жасаған болатын.

"Русский марш" шеруіне қатысқан ұлтшыл қозғалыстың белсенділері, 4 қараша 2009 жыл
2009 жылғы зерттеулердің басты қорытындысының оң да, теріс те қырлары бар. 2008 жылмен салыстырғандағы ең елеулі айырмашылығы, нәсілшілдік негізде кісі өлтіру мен шабуылдау саны бір жарым есеге азайған.

Орталық талдаушылары бұл оң үрдісті ең алдымен құқыққорғау органдарының белсенді әрекет еткендігімен түсіндіреді. Мәскеу бұрынғысынша зорлық-зомбылық орталығы болып қалып отыр. Одан кейінгі қатарда бұрынғыдай Санкт-Петербург, Нижний Новгород және Екатеринбург келеді.

2009 жылы Мәскеуде зорлық-зомбылықпен айналысқандардың негізгі топтары тұтқындалды. Атап айтқанда, олардың ішінде тұрақты түрде шабуыл жасап, бірнеше рет кісі өлтіргені тіркелген Артур Реноның тобы бар. Мәскеу топтарындағы нәсілшілдік әрекеттің тоқтатылуы, шабуылдауға қатысты бүкіл Ресей бойынша статистикалық көрсеткіштің түзелуіне алып келді.

Алайда, баяндама ауторлары байқағанындай, бәрібір құлашын кеңге жайған зорлық-зомбылықтың қаупі күшті болып отыр. Зерттеуде көрсетілгендей, өткен жылы ұлтаралық қатынас себебімен 400-дей шабуыл орын алып, 70 -ке жуық адам фашистік әрекет жасаушы топтардың құрбаны болған.

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРГЕ ШАБУЫЛДАЙ БАСТАДЫ

Сонымен бірге, 2009 жыл ресейлік ультраоңшылдар бағытында жаңа бір бетбұрыстың байқалғанымен ерекшеленеді. «Сова» талдау орталығы фашистік әрекет жасаушы топтардың енді славян еместер мен бұратаналарды жазалауға қанағаттанбай отырғанына назар аударады. Террор бірте-бірте мемлекетке қарсы сипат алып барады.
.
Ұлтшыл ұйымдар мен қозғалыстар "Русский марш" шеруін өткізіп жатыр. Мәскеу 4 қараша 2009 жыл
2009 жылы «Сова» ақпараттық-талдау орталығының өзі ғана, оның ішінде милиция бөлімшесін, әскери комиссариаттарды өртеу, тіпті мемлекеттік мекемелерді жару оқиғалары бар, кем дегенде осындай 20-ға жуық шараны құжатқа түсірді.

«Сова» орталығы директорының орынбасары Галина Кожевникова, неонацистік топтардың елдегі өмірді тұрақсыздандырудағы басты мақсаты, аласапыранда билікке келіп, өздерінің нәсілшіл режимін орнату болып табылатынын айтады,

Сарапшылар барынша дамыған ресейлік ұлтшыл құрылымдардың қатарына ең алдымен «Русский образ» және «Заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалыс» топтарын жатқызады.

Және зерттеу ауторлары, олардың ұрандарына ұлтшылдармен ашықтан-ашық жұмыс жасайтын кремльдік жастар ұйымдарының көптеген мүшелерінің құрметпен қарайтынына назар аударады.
.
«Сова» орталығы басшыларының бірі Александр Верховский Ресейдегі өмір шындығының тағы бір мәселесін көтереді. Яғни, елдің қылмыстық құқығында халықаралық нормаларға сай келетін нәсілдік кемсітушілік деген анықтама мүлдем жоқ.

Дұрыс құқықтық әрекеттің не себепті жүзеге асырылмайтындығының, не себепті орын алған қылмыстардың қажетті есебінің жүргізілмейтіндігінің, ал соттардың көп жағдайда оларды ұлтаралық жеккөрушілік негізінде жасалған қылмыс деп белгілемейтіндігінің бұл да бір себебі.