Қазақстан азаматтығын ала алмаған шыңжаңдық Тұрсынай АҚШ-тан саяси баспана сұрады

Тұрсынай Зияудунның Ақ үйдің маңында түскен суреті. Вашингтон, АҚШ.

Шыңжаңдағы лагерьден қамаудан шыққан соң Қазақстанға келіп, азаматтық ала алмаған ұйғыр әйел Тұрсынай Зияудун қазір АҚШ-та тұрып жатыр. Ол осы елден саяси баспана сұраған. Тұрсынай Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстаннан не себепті кеткенін және Вашингтондағы өмірі жайлы айтып берді.

ШЕЛЕКТЕН ВАШИНГТОНҒА

Шыңжаңда лагерьге қамалу, сонда зорлану; Қазақстанға келіп азаматтық ала алмай сабылу; Алматы облысы Шелек ауылындағы қорасының отқа орануы; Түркия, одан әрі Америкаға қашу; күйеуінен ажырап қалу; жатырынан айырылу. Бұл – 41 жастағы Тұрсынай Зияудунның кейінгі бірнеше жылда көрген қиын жағдайы.

Тұрсынай Зияудун 2011 жылы күйеуі, ұлты қазақ Қалмырза Халықұлымен бірге Қытайдың Шыңжаң аймағындағы Күнес ауданынан Алматы облысы Шелек ауылына көшіп келген. Айтуынша, екеуі азаматтық алмай Шелекте бес жыл тұрыпты. 2016 жылы Еңбекшіқазақ ауданы соты оларға "Қазақстанда заңсыз бес жыл тұрдыңдар" деп айыппұл салған. Осыдан соң ерлі-зайыптылар Қытайға оралуды ұйғарады.

Шекарадан өткен соң Қытай полицейлері Тұрсынайдың құжатын тартып алып, артынша, 2017 жылы "шетелде ұзақ тұрдың" деп лагерьге қамайды. Ал күйеуі Қалмырзаны Қазақстанға қайтарып жіберген. Ол Қазақстанға келген соң азаматтық алған. Қалмырза халықаралық ұйымдардан, "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымынан, Қазақстан билігінен Шыңжаңда қамалған әйеліне араша сұрайды. 2019 жылы Тұрсынай лагерьден шығып, күйеуінің шақыртуымен үш айлық виза алып, Қазақстанға қайтып келген.

Тұрсынай Зияудун Қазақстанға оралғаннан кейін саяси лагерьде көрген қорлығы мен шеккен азабы туралы ашық айтып, сұхбат берді.

Кейін бірнеше ай өткенде Шелек ауылының шетіндегі үйінің есігін белгісіз біреу сыртынан бекітіп, қорасын өртеп кетті. Тұрсынай мұны "маған Қытайдағы қысымды айтпа деп жасалған ескертпе" деп есептейтінін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шыңжаңдағы қысым туралы айтпауым үшін қорамды өртесе керек"

Қазақстан билігі Тұрсынайға азаматтық бермеді. Күйеуі Қалмырза Халықұлы "Қазақстан әйеліме "Қытайдан қаймығып азаматтық бермеді" деп санайды. Осыдан соң Тұрсынай мен Қалмырза Түркияға кетті, сол жақта біраз тұрған соң Тұрсынай "халықаралық ұйымдардың араласуымен" АҚШ-қа жол тартып, Қалмырза Қазақстанға оралады.

Тұрсынай Зияудун АҚШ-та жүргенде британдық ВВС арнасына сұхбат беріп, Шыңжаңдағы лагерьде зорланғанын айтқан. Ол Азаттыққа берген сұхбатында Түркия мен АҚШ-қа қалай барғанын да айтып берді.

"ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРҒАНДА ҚЫТАЙҒА ҚАЙТАРАДЫ ДЕП ҚОРЫҚТЫМ"

Азаттық: Қазақстаннан кеткеннен кейінгі өміріңіз қалай өзгерді?

Тұрсынай Зияудун: Қазақстанда тұрғанда "Қытайға қайтарады" деп қорықтым. Шыңжаңдағы лагерьден шыққаннан кейін қатты ауырдым. Түркияға ауыр жағдайда жеттім. Бір жарым ай емделдім. Уақыттың қалай өткенін де білмей қалдым. Қазір бар жағынан қауіпсіз. Ауруымнан да толық жазылдым.

Азаттық: "Қазақстан Қытайға қайтарады" деп қорқатындай себеп болды ма?

Тұрсынай Зияудун: Мен Қазақстан азаматтығын ала алмадым. Күйеуім – Қазақстан азаматы. Сондықтан олар маған беруі керек еді, бірақ бермеді. Алматы облыстық көші-қон полициясында істейтін бір әйел "сізді Қытайға қайтарамыз. Ұйғырларға азаматтық берілмейді. Өйткені Қытаймен келісім бар" деп ашық айтқан. Шелектегі үйіміздің қорасын түн ішінде келіп өртеп кетті. Өзіме де, күйеуіме де белгісіз адамдар қоңырау шалып, ескерту жасап тұратын.

Тұрсынай Зияудун мен күйеуі Қалмырза Халықұлы дастархан басында. Шелек ауылы, Алматы облысы. 20 ақпан 2020 жыл.

Азаттық: Түркияға қалай кеттіңіз?

Тұрсынай Зияудун: Қазақстаннан кетуіме сондағы адам құқығын қорғайтын ұйымдардың бірі жәрдемдесті. Олар Түркиядағы ұйымдармен байланыс жасап тұрды. Түркияға электронды виза ашып берді.

Азаттық: Бірақ Түркияда да ұзақ тұрақтай алмадыңыз. Ол жақта да басыңызға қауіп төнді ме?

Тұрсынай Зияудун: Жоқ, Түркияда өзімді еркін сезіндім. Бірақ денсаулығым күннен-күнге нашарлай берді. АҚШ билігі менің ахуалымнан хабардар болды. Түркияда ауырып жатқан кезімде журналистер келіп жағдайымды көрді. Кейін адам құқығын қорғау ұйымдары араласып, АҚШ-қа виза дайындап берді. Өйткені Түркияда маған операция жасамады. Қаржы жағынан қиындық болды. АҚШ-та жағдайым жақсы. Қауіпсіздігіме еш алаңдамаймын. Ауруханаға жатып шықтым. Барлығын тегін жасады. Қытайдағыдай барлығын ақшаға тіремейді. Адам құқығы ғана емес, оның денсаулығына да аса жауапкершілікпен қарайды екен. Бір тиын алмай-ақ жаныңды құтқарады. Үйге келіп дәріңді ішкізіп кетеді. Қазір әуелі Аллаға, сосын АҚШ үкіметіне рақмет айтамын.

Азаттық: АҚШ-та біржолата қаласыз ба?

Тұрсынай Зияудун: Бұл жерден саяси баспана сұрадым. Бірақ шешім қалай болатынын әлі білмеймін. Әйткенмен адам құқығын қорғайтын мемлекет ретінде өтінішімді қабылдайды деп ойлаймын. Менің саяси баспана сұраудан басқа амалым да жоқ.

Азаттық: Қаржыдан кім көмектесіп жатыр?

Тұрсынай Зияудун: Айналамдағы адамдар көмек көрсетіп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда Шыңжаңдағы қысымға қарсы қозғалыс бәсеңдеді, бірақ тоқтаған жоқ

"ЖАТЫРЫМДЫ АЛЫП ТАСТАДЫ"

Азаттық: Сізге қандай диагноз қойды?

Тұрсынай Зияудун: Лагерьде болғанда (Шыңжаңда – ред.) қатты соққы алдым. Ішімнен тепті. Сол кезде іш құрылысыма зиян келген. Қазақстанға келген соң төрт айдан кейін қатты ауыра бастадым. Тоқтаусыз қан кететін болды. Сонымен қатар ол жақта қатты қорқып жүрдім ғой. Ол да осы ауруымның асқынуына себеп болса керек. Одан кейін карантин басталып кетті де, дәрігерге қаралудың ауылы тіпті алыстап кетті. АҚШ-қа келгенде ауруым асқынып, жоғарғы деңгейге жеткенін білдім. Жатырымды алып тастады. Операциядан шыққан кезде туберкулез белгілері анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, Қытайда лагерьде жүрген кезде салған екпеден кейін жүре-жүре пайда болған екен. Қазір, міне, бәрінен толық жазылып шықтым.

Шыңжаңдағы қамау лагерлерінің бірі. 3 желтоқсан 2018 жыл.

Азаттық: Лагерьде зорланғаныңызды АҚШ-қа барғаннан кейін ғана ашық айттыңыз. Оған дейінгі сұхбаттарыңызда бұл туралы үндемеген едіңіз. Сізге мұны айту қаншалықты ауыр болды?

Тұрсынай Зияудун: Қазақстанда мұндай мәселені айту қауіпті болды. Жеке басыма қауіп төнуі мүмкін еді. Өзіңіз білесіз, саяси лагерьдегі жағдайды айта бастаған кезде есігімізді сыртынан бекітіп, қора-жайымызды өртеп кеткен болатын. Бұл маған ескерту еді. Екіншіден, әлі күнге дейін балам жоқ. Бала көтеремін деген үмітім болды. Өмірден күдер үзбедім. Егер кішкентайлы болып жатсам, болашақта ол әңгіме оның да құлағына тиеді ғой. Біреу болмаса біреу айтады. Үшіншіден, Қазақстанда күйеуімнің туыстары тұрады. Аз да емес, көп те емес, бес жыл тұрдым. Таныстарым да жетерлік. Ұят деген нәрсе бар. Осының бәрі менің зорлық көргенімді, азабымды ашып айтуға кедергі болды. Ал АҚШ-қа келгенде бәрінен айырылдым. Қытай өмірде мен қызығатын ештеңе қалдырмады.

Шыңжаңдағы туыс-туғанымнан да тірідей ажырап қалдым. Лагерьде қаншама әйел мен секілді болып жатыр. Оны мен және өзім секілді лагерьге кіріп шыққан әйелдер ғана біледі. Қазақстанда азаматтық ала алмауымның себебі де Қытайдың қысымы деп ойлаймын. Сондықтан ашып айтуға бекіндім. Бәлкім, Қазақстанда тұрсам көргенімді, басымнан кешкенімді ішімде сақтап өтер ме едім.

"ҚАЗАҚСТАНДЫ БЕЙІШКЕ ТЕҢЕЙТІН ЕДІМ"

Азаттық: Қазақстан туралы қандай сезімдесіз?

Тұрсынай Зияудун: Мен Қазақстанды жақсы көрдім. Бес жыл тұрақты тұрдым. Кеңбайтақ дала, тынысың тарылмайды. Сондай әдемі. Бейішке теңейтін едім. Адамдары да кеңпейіл. Тамақтары да табиғи. Таза. Сүйсініп жейсің. Таудың үстінде болса да Қазақстанда өмір сүре берсем деп ойлайтынмын. Жаным да, тәнім де қазақ болып кеткен адам едім. Қытайда жүрген кезімде қазақ мектебінде оқыдым. Қазаққа күйеуге шықтым. АҚШ-қа келгеннен кейін негізгі сұхбаттарды ұйғыр тілінде беріп жүрмін. Сонда байқағаным, ана тілімді ұмытып қалыппын. Кейде Қазақстаннан күйеуім хабарласып, "сен ана сөзді ұйғырша қате айттың. Мына сөзің дұрыс емес" деп түзеп жатады. Маған ұйғыршадан көрі қазақ тілінде сұхбат беру оңай, жаныма жақын еді. Бірақ Қытай билігі Қазақстанда өмір сүруіме де мүмкіндік бермеді. Қазақстанға қысым жасады.

Азаттық: Қазір не толғандырып жүр?

Тұрсынай Зияудун: Қытайдың қолында алты туысым қалды. Қазір соларды ойлаймын. Қазақстанда тұрғанда Қытай сақшылары маған тікелей байланысқа шығып, сөйлесіп тұратын еді. "Аузыңды жап, тыныш жүр. Егер сен ол жақта Қытай туралы жаман сөз айтсаң, біз мына жақтағы туыстарыңды қинаймыз" деп қоқан-лоққы жасайтын. Есесіне мен де "туыстарымда шаруаларың болмасын. Мен 40 жасқа келген ересек адаммын. Өз іс-әрекетіме өзім жауап беремін. Егер туыстарыма бірдеңе болса сендерді айыптаймын" дейтін едім. Қазақстаннан кеткенімше туыстарым аман еді. Міне, жеті ай болды, еш хабарым жоқ. Өлі ме, тірі ме белгісіз.

Азаттық: Қазақстанда күйеуіңіз қалды. Ол кісімен хабарласып тұрасыз ба?

Тұрсынай Зияудун: Иә, ол кісіге де өте қиын болып тұр. Қазір менің қолымда да ештеңе тұрған жоқ. Сол себепті де ол кісіні мұнда алдыру мүмкін болмай жатыр. Бірақ түптің түбінде күйеуімді өз жаныма алдырамын. Жалғыз өмір сүру маған да оңай емес.

"ТҰРСЫНАЙ АҚШ-ТАН БАСПАНА АЛСА, СОНДА БАРАРМЫН"

Азаттық тілшісі Тұрсынайдың Қазақстанда қалған күйеуі Қалмырза Халықұлымен де тілдесіп, қазіргі жағдайын сұрады.

– Мен кәрі адаммын. Қазір [Қазақстанда] жалғыз тұрып жатырмын. Маған да оңай емес. Бірақ [Тұрсынайдың АҚШ-қа барудан] басқа амалы да жоқ болды, – дейді ол.

Қалмырза Халықұлы. Шелек ауылы, Алматы облысы. 20 ақпан 2020 жыл.

Қалмырза әйелі Тұрсынайдың Қазақстаннан Түркияға кетуіне құқық қорғау ұйымдарымен қатар АҚШ елшілігі де ұйтқы болғанын айтады.

– Түркияға барғаннан кейін әйелім қатты ауырды. Тіпті екі мәрте о дүниеге кетіп те қала жаздады. Қорықтым. Жағдайын көргеннен кейін АҚШ-тың Түркиядағы елшілігі өздері көмектесіп, бір күннің ішінде виза дайындап берді. Мен де бірге бармақшы болған едім, бірақ оған уақыт керек болды. Әйелімнің жағдайы нашарлап бара жатқаннан кейін "Сен кете бер" деп рұқсат бердім, – дейді ол.

Қалмырза әйелі Тұрсынай АҚШ-та саяси баспана алып жатса, өзі де сол елге бармақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамаудан шыққан үш қазақ. New Yorker Шыңжаңдағы қысымды жаңаша баяндады.