АҚШ-тағы келіссөз қарсаңында Армения-Әзербайжан қақтығысы күшейді

Армения мен Әзербайжанның Таулы Қарабақ үшін қақтығысы кезінде Әзербайжанның Гянджа қаласындағы артиллерия шабуылынан қираған үй. 22 қазан 2020 жыл.

23 қазанда Армения мен Әзербайжан сыртқы істер министрлері Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысымен жеке-жеке кездесіп, Таулы Қарабақ мәселесін талқылайды. Кездесу қарсаңында даулы аймақтағы қақтығыс ушығып, Баку мен Ереван ұстанымдарын қатайта түсті.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев 22 қазан күні жарияланған сұхбатында бейбітшілік жөніндегі келісімге қол жеткізудің "ауылы алыс" деді. Одан бір күн бұрын Армения премьер-министрі Никол Пашинян қазіргі жағдайда ондаған жылға созылған шиеленістің дипломатиялық шешімін көрмей тұрғанын айтты.

Ал Ресей президенті Владимир Путин Вашингтондағы келіссөзден үміт күтетінін мәлімдеді.

"Америкалық әріптестеріміз бізбен үйлесе жұмыс істеп, келісімнің жасалуына көмектеседі деп үміттенемін" деді Путин 22 қазан күні.

Осыған дейін Ереван мен Баку Ресейдің қатысуымен екі рет атысты тоқтату туралы келісім жасаған. Бірақ келісім күшіне енген соң, артынша атыс қайта жанданып отырды.

Your browser doesn’t support HTML5

Жараланған жұрт, қираған ғимарат, тас-талқан болған келісім

Жұма, 23 қазанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонда Армения сыртқы істер министрі Зограб Мнацаканянмен және Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен жеке-жеке кездеседі.

Помпео екі тарапқа да шиеленісті шешудің "дұрыс жолы – қақтығысты тоқтату", өзге мемлекеттер қақтығыстың ушығуына ықпал етпеуі керек, ешқандай қару-жарақ, ешқандай қолдау қажет емес деп айтатынын мәлімдеді.

Кездесу Таулы Қарабақтағы шайқас күшейіп тұрған шақта өтпек. Әзербайжан жері саналатын аймақта этникалық армяндар билік етеді. Армения күштері Таулы Қарабақтың жанындағы Әзербайжан аумағын да бақылауда ұстап отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иран армян-әзербайжан қақтығысы үлкен соғысқа ұласып кете ме деп алаңдайды

Отыз жылға созылған шиеленіс 27 қыркүйекте басталған қақтығыстан кейін ушығып кетті, жүздеген адам қаза тапты. Қақтығысқа Әзербайжанның одақтасы Түркия мен Арменияда әскери базасы бар Ресей араласып, жергілікті қақтығыс халықаралық жанжалға айналып кетпей ме деген қауіп туды.

22 қазан күні Таулы Қарабақтағы этникалық армяндар атыс кезінде қаза тапқан 26 сарбаздың аты-жөнін жариялады. Осы шақта Армения жағында қаза тапқан жауынгерлер саны 897-ге жетті.

Әзербайжан болса, тек бейбіт тұрғындарының мерт болғанын мәлімдеп, сарбаздарының қазасы жөнінде ақпарат бермей отыр. Бакудің мәліметінше, Әзербайжан жағында 61 бейбіт тұрғын қаза тауып, 282 адам жараланған.

22 қазанда Путин Мәскеудің есебінше, қақтығыс салдарынан барлығы бес мыңға жуық адамның қаза тапқан деп мәлімдеді.

Әлиев Армения күштері бақылауда ұстап отырған Таулы Қарабақ пен соның айналасындағы жеті ауданның Әзербайжанға қайтарылатыны жөнінде уәде берілгенін талап етіп отыр. Ол Вашингтондағы кездесуде осы талап қозғалатынын мәлімдеді.

"Қазір Армения басшылығы ақылға келіп, басып алынған жерлерді босатуға күш салуы тиіс деп санаймын. Біздің бұл келіссөздегі мақсатымыз – Армения басшылығының басып алынған жерлерді босатуға дайын не дайын емесін, дайын болса, қашан [босататынын] анықтау" делінген оның Жапонияның Nikkei басылымында жарияланған сұхбатында.

Әзербайжан президенті Таулы Қарабақтағы этникалық армяндардың "мәдени автономдығын" жоққа шығармайтынын, олардың өз муниципалитеті аясында белгілі бір құқықтары сақталатынын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан-Армения қақтығысы. Ішкі қалалар да шабуылға ұшырады

Армения да, Әзербайжан да қарсыласының қақтығыстан қаттырақ зардап шеккенін мәлімдейді, бірақ көбіне қайшылыққа толы мәлімдемелердің шынайылығына көз жеткізу қиынға соғып отыр.

Әзербайжан даулы аймаққа таласта әскерінің бірқатар жетістіктерге жеткенін бірнеше рет мәлімдеді. Армения болса, шайқастың қиын өтіп жатқанын мойындады.

22 қазанда Әлиев Иранмен шекаралас жерлерді бақылауға алғанын мәлімдеді, Армения оны жоққа шығарды.

"Әзербайжан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы шекара Агбенд елді-мекенін азат ету арқылы толықтай тазартылды" деді Әлиев Twitter желісінде.

Сол күні Interfax агенттігіне берген сұхбатында Пашинян Арменияның аймаққа Ресейдің де, басқаның да бітімгер әскерін кіргізбейтінін мәлімдеді.

Халықаралық деңгейде халқының көбі мұсылман Әзербайжанның аумағы саналатын Таулы Қарабақ аймағы 1994 жылғы бітімнен бері Ереванның қолдауына ие діні христиан этникалық армяндардың бақылауында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Conflict Intelligence Team: Таулы Қарабақта сириялық жалдамалылар соғысып жүрӘлиев пен Пашинян келіссөз өткізу алғышарттарын атадыАрмения мен Әзербайжан бір-бірін атысты тоқтату туралы жаңа бітімді бұзды деп айыптады