Страсбург қаласында Еуропарламент ассамблеясының депутаттарымен кездесіп жүрген журналист Хадиджа Исмаиловаға «Бакуге келген соң тұтқындаласың» деген хабар жеткен.
Хадиджа Исмаилова - Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әулетінің бизнестегі мүдделері туралы зерттеу мақалаларымен танылған журналист. Бұған қоса, ол – Азаттық радиосы Әзербайжан қызметі шығаратын күнделікті хабардың авторы. Өзінің айтуынша, оған «жала жапты» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Журналист қазанның 3-і күні басталатын сотқа шақырылған.
– «Қайтып келгеніңде қамалуың мүмкін» деп ескертті. Меніңше, бұл - мені қорқытудың бір амалы. Оларға менің Әзербайжанға мүлде қайтпағаным жақсы. Елде болып жатқан оқиғалар туралы ашық жазбауымды аңсайды. Мені олай тұқырта алмайды, соны біліп қойсын, – деді ол Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында.
МАМЫРДА БАСТАЛҒАН ҚЫСЫМ
Исмаилованың айтуынша, Әзербайжан Еуропа кеңесі министрлер комитетінің төрағалығын қолға алған мамыр айынан бері елде азаматтық қоғам өкілдерін қудалау күшейген. Журналист өзіне жасалып жатқан қысымды осы науқанның бір бөлігі деп біледі. Жергілікті белсенділердің деректеріне қарағанда, қазір Әзербайжанда 98 саяси тұтқын түрмеде отыр. Олардың 14-і тәуелсіз журналистер мен блогшылар.
Әзербайжанның құпия қызметі Исмаилованы интимдік өмірін жасырын камераға түсіріп, оны жариялаймыз деп қорқыту арқылы басқа оппозиция өкілдері жайлы мәлімет беріп отыруға мәжбүрлемек болған.
Исмаилова бұдан соң құпия қызметтің бұл әрекетінің заңсыз екені туралы мақала жазған. Осыдан соң Исмаиловаға «жала жапты» деген айып тағылды. Бірақ журналист мақаласында өзін бопсалаумен айналысқан адамның аты-жөнін, басқа да жеке мәліметтерін жарияламаған. Ешкімнің аты-жөні аталмағанына қарамастан, бір адам «маған жала жапты» деп Исмаилованы сотқа берген.
СЕКС-ВИДЕОМЕН БОПСАЛАУ
Журналист «тек құпия қызметтің қолданған тактикасын әшкерелемек болдым» дейді.
– Әзербайжанның ұлттық қауіпсіздік министрлігі мен арнайы қызметі жасырын секс-видеолар түсіріп, үкіметті сынаушыларды бопсалаумен айналысады. Бұл әдісті маған да, басқаларға да қолданды. Бірақ бұл істі мен Әзербайжан билігінің қандай тәсілдер қолданатынын қоғам алдында әшкерелеуге пайдаланамын, – дейді Исмаилова.
Журналист «тергеуден қорықпайтынын» айтады. Керісінше, ол «сотта Әзербайжанның арнайы қызметінің белсенділерге қандай әдістермен қысым жасайтынын айтуға, билік өкілдерімен пікір таластыруға құлшынып отыр».
Әзербайжанның ұлттық қауіпсіздік министрлігі мен арнайы қызметі жасырын секс-видеолар түсіріп, үкіметті сынаушыларды бопсалаумен айналысады.
Өткен жылы Әзербайжанның билік партиясы - «Ени Әзербайжанға» («Жаңа Әзербайжан») жақын веб-сайттардың бірі «Хадиджаның армян шешесі өлуі тиіс» деген мақала жариялады. Онда Исмаилованың анасы тұратын Бакудегі аудан туралы жазылған. Бұған қоса, мақалада Исмаилованың сіңлісіне «Түркияда жезөкше қыздарды саудалаумен айналысқан жеңгетай» деген айып тағылып, тұратын мекен-жайы көрсетілген.
2012 жылы Исмаилованың заңсыз түсірілген интимдік мазмұндағы видеосы интернетте жарияланған еді.
«АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ЖОЙЫЛҒАН»
Журналистің айтуынша, азаматтық қоғам өкілдерін қыспаққа алу науқаны кезінде оны қорғайтын заңгер де түрмеге қамалған. Заңдық көмек беріп келе жатқан Бакудегі «Медиа құқықтары» институты да жабылып қалған.
– Әзербайжанда азаматтық қоғам институт ретінде жойылып барады. Бірді-екілі жекелеген адамдар бар, билік енді осындай әдістермен олардың да аузын жапқысы келеді, – дейді журналист.
Исмаилованың сөзіне қарағанда, Страсбургтегі Еуропарламент мүшелерімен кездесуге бара алатын құқық қорғаушылардың барлығы не түрмеге түскен, не бой жасырып жүр. Оның «Еуропарламентке бару себебі де осы».
Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын АҚШ-тың бұрынғы дипломаты Ребекка Винсенттің пікірінше, «Әзербайжанның азаматтық қоғамы дамуы үшін Хадиджа сияқты адамдар керек».
«Ол – элита ішіндегі жемқорлық сияқты тыйым салынған тақырыптарды жазатын, санаулы батыл журналистердің бірі. Хадиджаның тұтқындалуы онсыз да тұншығып жатқан тәуелсіз БАҚ пен құқық қорғаушыларға ауыр тиеді» дейді Винсент.
Ал Хадиджа Исмаилованың шетелде қалатын ойы жоқ.
– Бакуге қайтамын. Себебі, ол - менің үйім, ешкім мені өз үйімнен қуып шыға алмайды, – дейді журналист.
(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)