Жемал Хасанович Босния және Герцеговинаның астанасы Сараеводан Подраванжеге баратын жолдың бойына түнеп жүр. Жанында оның аштық жариялағанын көрсететін белгі ілінген.
– Бұл жерде ұлым Дзевад Хасанович опат болды. Ұлымның сүйегін таппай бұл жерден кетпеймін, әйтпесе мені жәшікке салып әкетер, – дейді жақсы киінген, орта жастағы ер адам.
СОҒЫС ҚҰРБАНДАРЫН ІЗДЕУ
Жемал Хасановичтің ұлы Дзевад Хасанович 1990 жылдардың ортасында Боснияда болған соғыс кезінде қаза тапқан.
Он жыл бұрын «Жоғалған адамдар институтымен» әріптес бола бастаған Жемал Хасанович ұлының мүрдесін тауып, жерлеуді мақсат етеді.
– Бүгін бір сүйек тауып алдым. Менің ұлымның сүйегі болмаса да, оған қуандым. Олардың денесі осы маңда жатқанына бұл дәлел бола алады, – деді Жемал Хасанович Азаттықтың Балқан қызметіне.
Хасанович көңілі құлазып қалғанымен марқұмның денесі осы жерден табылатыны анық деп сенгенін айтады.
«Жоғалған адамдар институтының» зерттеушісі Садик Селимовичтің айтуынша, ол мекеме 1993-95 жылдары осы ауданда опат болғандардың денесін табу үшін Жемал Хасановичпен әріптес болған.
– Төрт жерді қаздық, бірақ ештеңе таппадық. Зерттеуді жалғастырып жатырмыз, бірақ көбіне біздің ақпаратымыз қате немесе мардымсыз болып шығады, – дейді Селимович.
Хасанович Селимовичке адам сүйегін тапқанын айтқанда, ол оқиға орнына асықты.
– Мені шақырған соң осында келдім. Бұл отбасына қарсы емеспін. Оларды қолдаймын, – дейді Селимович.
Ол Хасановичтің адам қаңқасын тапқанын растап, аймақты қазып көруге рұқсат сұрап, прокуратураға өтініш жазды. Ал Хасанович рұқсат келгенше сол төңіректі қарауылдамақ. ДНҚ талдауы ұлының мүрдесі екенін растағанша күтеді.
– Ұлым емес басқа біреудің сүйегін жерлегім келмейді, – дейді ол.
1992-95 жылдары болған соғыста 10 мыңнан астам босниялық жоғалып кеткен.
Азаттық тілшісі Садик Салимовичтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.