"Елордада туған күн, біздің жақта жаназа". Нұр-Сұлтандағы салютке реакция

Астана күніне орай атылған салют. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтанда 6 шілдеде - Астана күніне орай қаланың үш жерінен салют атылды. Мереке елде коронавирус пен пневмония өршіген сәтпен және елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келді. Нұр-Сұлтандағы отшашу әлеуметтік желіде сынға ұшырады.

Билік Астана күнін атап өтіп, Назарбаевты туған күнімен құттықтап жатқанда жұрт әлеуметтік желіде 6 шілдені COVID-19 құрбандарын еске алу күні деп жариялауды талап етті. Отшашуға да қарсылық танытты. Бірақ желідегі талап орындалмады: мемлекеттік арналар мерекелік салютты тікелей эфирден көрсетті.

Қазақстанға жаппай коронавирус пен пандемия жайылып, дәрі-дәрмек тапшылығы күшейіп, аурудан айыға алмай көз жұмғандар көбейіп жатқан тұста мерекелік отшашу жұртың шамына тиді. Астана әкімдігі отшашуға "бюджеттен ақша бөлінбегенін, шығынды демеушілер өтегенін" алға тартады.

Азаттық жұрттың желідегі реакциясын шолып шықты.

Қазақстандық режиссер Данияр Саламат "мерекелік салют - халық пен биліктің екі бөлек екенін көрсетті" деді.

…”Тозақ оттары” кеше демігіп жатқан халықтың төбесінде тым жақын, тым биік, тым айқын шашырады. Бірақ бұл оттар жат жұрттықтардың емес, "өз басқыншыларының" өз елі "серкелерінің", кеше ғана "біз біргеміз" деп ұрандаған билігінің от шашуы еді. Олар неге мәз? Қырылып жатқан өз халының қазіргі халіне ме? Бұл - халық пен билік екеуінің екі бөлек екенінің анық көрінісі! Билік еш уайымсыз (уайымы сол биліктен айырылмау шығар), еш қамсыз (қамы сол туған күн шығар), еш қаперсіз (қаперінде не бар?) жасанған, жарқыраған, кемеге отырып "сырнайлатып, кернейлетіп" барады. Халық сол... жыртық кемеде жырым-жырым киіммен, жыртықтан кірген сан проблема, сан қиыншылықты шөмішпен сапырып, биліктің жасанған кемесіне қолдарын созып, әлі де әлдене күтіп, шырылдап...маңып барады. Тіпті, "тұяқ серпер" күш қалмаған халықта... Сонда деймін да, осындай жағдайда отыз жыл ойран салып, осы күнге әкеп тіреген "Елбасыны" құттықтап жатты-ау бәз біреулер... Жағымпаздықта, арсыздықта, немқұрайылықта шек жоқ екен!

Журналист Ирина Севостьянова "6 шілде - сатқындық күні" деді:

Жұрт жұмыссыз қалды. Жұрт ауырып жатыр. Жұрт өліп жатыр. Дәрі жоқ. Мыңдаған препаратты қайда жіберіп жатқанын білмеймін, бірақ дәрі жоқ. Ауруханада орын жоқ. Дәрі де, дәрігер де тапшы. Бірақ салют бар. Ескерткіш бар. Жаңа ескерткіш тұрғызу бойынша үлкен жобалар бар. Жарнамаға ақша бар. Өзіне деген махаббатқа қаржы табылады. Әлеуметтік желідегі боттарға ақша бар. “Рухани жаңғырудың”, тағы басқаның логотипіне қаржы бар. Бұл күн - мен үшін сатқындық күні. Демі үзілейін деп жатқандардың, ашығып отырғандардың, кімді құтқарарын білмей басы қатқандардың - бәріміздің бетімізге түкірді. Арқамыздан білдірмей емес, ашық түрде, жария түрде, безірейіп тұрып түкірді.

Журналист, ақын Есей Жеңісұлы өлең арнады:

...Мерейтой ма... көкпарын ала шапты,

Көксау халқы күтеді ағаш атты.

"Бұл отшашу не керек?" деп кесетін

Сөзді бекер күттім-ау парасатты.

Әлде халқың аурумен аз алысқан,

Тойын жасап, ертесі қаза құшқан.

Көр үстінде көп шайтан билегендей,

Отшашуың бітпеді-ау, Қазақстан…

Your browser doesn’t support HTML5

"Отшашу - биліктің жанашырлықтан жұрдай екенінің симптомы, синдромы"

Ақын Бауыржан Шимерденұлы да өлең жазып, COVID-19 жұқтырған, кейін айыққаны хабарланған Назарбаевқа өлең арнады:

Ауырғаның дұрыс болды ертерек,

Аспирин мен парацетамол барында...

А, айтпақшы, ескерткішің құтты болсын алып па?

Құны қанша, миллиардқа барып па?

Сол ақшаға дәрі-дәрмек берсең ғой,

Бір ескерткіш қояр еді халық та.

Ал ауылда күрк-күрк жөтел әр үйде,

Ауруда кәрі, жас та, сәби де...

Аурухана емханада орын жоқ,

Қара жерден табылар-ау бір орын...

Елордада бүгін айғай туған күн,

Біздің жақта жаназа да жаназа...

Профессор, өнертанушы Молдияр Ергебеков "балаларды бақытты етіп өсіруге" шақырды:

Балаларымызды бақытты етіп, көпті көрсетіп өсірейік. Көп ойнасын, көп ойыншық алып берейік, мысалы да... Түк көрсетпей өсірсек салют сынды жылтыраққа қартайған шағында да құмар болады. Бұл құмарлық елдің ең ауыр күндерінде де басылмайтын болады. Балаларымызды бақытты етіп, көпті көрсетіп өсірейік. Түк көрсетпей өсірсек салют сынды жылтыраққа елдің қыруар ақшасын жұмсап бір сәттік қуанышқа жесір мен жетімнің ақысын сатып кететін болады. Балаларымызды бақытты етіп, көпті көрсетіп өсірейік.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де Instagram парақшасында отшашуға наразылық білдірді.

Журналист Ая Өміртай биліктен не күткенін жазады:

Мерекелік отшашудың дауысын естіп отырмын. Тұс-тұстан желіде қарсылық танытқандай болып едік, бәрі бір өз дегендерін жасап жатыр. Халықтың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына құлақ асудың орнына осылай думандатып жатыр. Дүмпуден қорқып азан-қазан болған иттердің дауысы да естіледі. Қазақ қыздарына таңа беретін әлгі "ұят" дегенді осындайда айтса керек-ті. Бәріміздің қолымыздан келер қайран болмай тұр, тым құрығанда шошынған, қаралы елге басу айтып, көңіл білдіріп, жөнін айтса, аз-маз әдептілік танытса дейсің. Қалғанымен өзіміз де бетпе бет келіп жатырмыз.

Азаматтық белсенді, экономист Мұхтар Тайжан:

Бұндай қиын, қайғылы заманда той тойлау - халықтың мұнын таптауымен тең болды. Бір адамның туған күнін бүкіл елдің көңілінен жоғары қоюға болмайды.

Аурухана мен дәріханадағы тапшылық туралы жазып жатқандар бар. Демпартия құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай "жүйені ауыстыру керек" деді:

Бүгін, 6 шілде күні, Назарбаевтың құрметіне атылған салют. Мыналардың естері дұрыс па өзі? Адамдар қайтыс болып жатыр індеттен. Дәрі-дәрмек жоқ. Ауруханада орын жоқ. Індеттің таралу қарқыны бойынша әлемде алдыңғы орындарға шықтық. Ал билік отшашу атып жатыр! Кісі өлімдеріне қуанып жатырсыңдар ма? Аспирин тауып бере алмай жатып қайдағы салют?! Ай билік, оңбайсыңдар! Түгел ауыстыру керек мына жүйені!

Ақын Ақберген Елгезек аймақтағы аурахана жайын еске салды:

Керекулік ауруханалар кислород жіберетін баллондарды сатып алуға 1,5 млн теңге таппай отыр. Денсаулық сақтау басқармасы “иә, солай!” деп басын шұлғып отыр. Амал жоқ, халық жинап беріпті. Ал, мына жақта…​

Ақын, сазгер Мақпал Жұмабай да жыр арнады:

Отты шашу дүңкілдеді,

Ауылыңа жетті ме үні?

Шоғы түсіп жүрегіңе

Күйдірді ғой, кешір, күнім.

Отшашудан сенің даусың

Естілмейді,естілмейді...

Жан бауырым, кешіре алсаң,

жалынамын, кешір деймін.

Сезесіңдер, барлық көздер

енді оттай жарқылдайды.

Осы отты жарқыл енді

Жанарлардан жоғалмайды...

Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы "халық биліктің қаралы күніне қуанғанда ренжімемеңдер" деп жазды:

Ел қара жамылып, қайғы жұтып отырғанда отшашу шашып, той тойлау деген бұл ең әуелі халықты мазақтау. Алты алаштың мұңынан бір адамның көңілі артық болып тұр. Ертең өздерінің басында қаралы күн болғанда, халық та от шашып, қуаныш тойын тойлап жатса, елге ренжудің қажеті жоқ...

Журналист, Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева Ұлыбритания ханшайымы Елизабета ІІ туған күніндегі отшашудан бас тартқанын салыстыра жазды.

Қазақстанда 7 шілдедегі ресми мәліметке сай, коронавирусқа шалдыққандар 50 мыңға жуықтады. Ресми дерек бойынша, 264 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "елде коронавирус жұқтырғандар бұл деректен көп болуы мүмкін" деді. Қазақстанда анализінен коронавирус табылмаған, бірақ пневмонияға шалдыққан 28 мың адам ауруханада жатыр.

Your browser doesn’t support HTML5

"Отшашу үшін Нұр-Сұлтан әкімі оставкаға кетуі керек"