"Ханституция". Қырғызстан Конституциясының жобасы неге сынға ұшырады?

Қырғыз Республикасының Конституциясы.

Қырғызстанда көптің талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасы сынға қалды. Президенттің құзырын кеңейтуді көздейтін жобада бір адам бұл қызметке қазіргідей бір мәрте ғана емес, екі мерзімге сайлана алады деп көрсетілген. Жаңа жобадағы Халық құрылтайы қандай орган, Қырғызстанды Түркіменстанмен салыстыруға не себеп?

ПРЕЗИДЕНТ ҚҰЗЫРЫН КЕҢЕЙТУДІ КӨЗДЕЙТІН ЖОБА

Қырғызстанда қазан айындағы парламент сайлауының ресми қорытындысына наразылықтан кейінгі өзгерістерден бір ай өткенде, 17 қарашада жаңа Конституцияның жобасы жарияланып, талқыға түсті.

Жобаны Жогорку кеңештің 80 депутаты ұсынғаны хабарланды. Кейіннен солардың арасынан бірнеше депутат жобаны қолдамағанын, қол қоймағанын мәлімдеген. Жобаның жаңа редакциясының авторлары кім деген сұраққа да әзірге нақты жауап жоқ.

Қырғызстан парламенті пен президент аппараты орналасқан Ақ үйдің сыртқы қоршауын алып жатқан жұмысшылар. Бішкек, 6 қараша 2020 жыл.

Негізгі заңның жаңа нұсқасындағы президент құзырын кеңейту, жоғары консультативтік және үйлестіру органы ретінде Халық құрылтайын Конституцияға енгізу туралы баптарды қоғамда ерекше назарға алып, сынап жатыр. Саясаткерлер мен саясаттанушылар, қоғамдық белсенділер мен заңгерлер, тіпті кейбір депутаттар мұндай өзгертумен келіспейтінін білдірген. Өкілет мерзімінің аяқталуына байланысты 28 қазан күні жұмысын доғаруға тиіс болған, бірақ қызметін жалғастырып, онысы легитимдігіне көлеңке түсірген алтыншы шақырылымдағы Жогорку кеңеш депутаттарының Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар емес, бақандай негізгі заңның жаңа редакциясын ұсынуы, яғни түбегейлі өзгертуге қадам басуы қайшы көрінген.

Жаңа Конституция бойынша президент бұрынғыдай алты жылға емес, бес жылға сайланады. Бір қызығы – жобаның қырғыз тіліндегі нұсқасында президенттің екінші мерзімге сайлана алмайтыны айтылса, орысша нұсқасында президенттің бес жылдық екі мерзімнен артық сайланбайтыны жазылған. (Мұны техникалық қате деген күннің өзінде, Жогорку кеңештің ресми сайтында 19 қарашада жобаның бұл тұсы өзгертілмеген күйі қалды.) Қырғызстанда мемлекеттік тіл қырғыз тілі болғанымен, орыс тілі ресми тіл ретінде қолданылады. Жаңа өзгертулерге сай, президент биліктің атқарушы тармағының басшысы болып табылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 63 адам өтініш берді. Үміткердің көп болуы президент сайлауына қалай әсер етпек?

Конституцияның екі тілдегі жаңа нұсқасында келер жылы 10 қаңтарда өткелі отырған кезектен тыс президент сайлауында билікке келетін адамның алты жылға сайланатыны және бұл оның алғашқы мерзімі болып саналатыны айтылған.

Президенттің құзырын кеңейтіп, оған референдум жариялау құқығын беру туралы ұсыныс та сынға қалды. Ел арасында Конституцияның жаңа нұсқасы "ханституция" аталып, кейбір саясаткерлер Түркіменстанмен ұқсастық іздей бастаған.

БІШКЕКТЕ – ХАЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ, АШҒАБАТТА – МАСЛАХАТ

Қырғызстан Конституциясының жаңа жобасына Халық құрылтайы институтының енгізілуі Түркіменстандағы Халық маслахатын еске алуға себеп болды.

Жаңа Конституцияның 7-бабында Халық құрылтайы – халықтың биліктің кеңесуші, консультативті және үйлестіруші органы екені айтылады. Халық құрылтайына қолданыстағы негізгі заң мұншалықты маңыз, мәртебе бермеген. Қазіргі қолданыстағы Конституцияның 52-бабында азаматтардың мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша халық құрылтайын өткізе алатыны және оның шешімдері ұсыныс ретінде тиісті органдарға жіберілетіні айтылған.

Негізгі заңның жаңа нұсқасында құрылтайдың мемлекет пен қоғамның дамуындағы маңызды мәселелер бойынша, адам және азамат құқығы мен еркіндігі туралы шешімдер қабылдап, оны мемлекеттік органдар қарауына ұсынатыны жазылған. Бұған қоса президентке мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныс беретіні көрсетілген. Бұл орган Халық құрылтайы төрағасы, президент және Жогорку кеңеш төрағаларының есебін тыңдап, президентке, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік органның лауазымды басшыларының талапқа сай келмейтіні туралы мәселе ұсына алады.

Қырғызстанда парламент сайлауынан кейінгі наразылық кезінде билікке келген Садыр Жапаров кезектен тыс президенттік сайлауға түсу үшін премьер-министр және уақытша президент қызметінен кеткен.

Президенттік сайлауға түсу үшін премьер-министр және президент міндетін уақытша атқарудан босаған Садыр Жапаров та Халық құрылтайы туралы жиі айтып жүр. Ол Жалалабад облысында халықпен кездескен кезде Халық құрылтайының билікті бақылауда тиімді тетік болатыны туралы пікір білдірген.

"Жылына бір рет Халық құрылтайының екі мың шамалы өкілі бас қосып, президент пен парламенттің жылдық есебін тыңдайды. Сонда халық билікті бақылауда ұстайтын болады" деген Садыр Жапаров.

Конституцияның жаңа жобасы жарияланған соң кейбір БАҚ Халық құрылтайын даму үлгісі ретінде көрсетуге тырысты. Қырғыз қоғамында бұрын да ара-тұра сөз болып келген Халық құрылтайы институтын осылайша Конституцияға енгізуге талпыныс жасалып жатыр. Осы құрылтайдың биылғы ақпан айында болған жиынында елді басқару формасы, сайлау жүйесі мен кен орындарындағы мемлекеттің үлесі туралы референдум өткізу ұсынылған еді. Бұған қоса Халық құрылтайы туралы заң жобасы жарияланып, қоғам талқысына түскен. Кезінде Халық құрылтайы туралы ұсыныс талқыланғанда кейбір саясаткерлер оны парламенттің жоғарғы палатасына айналдыру жағын да айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жоқ экс-президенттің миссиясы. Орталық Азияда тағы бір Конституция өзгертілді

Қырғыз қоғамында Халық құрылтайы институтын Конституцияға енгізу туралы бастама Қырғызстанды Түркіменстанмен салыстыруға себеп болды. Түркіменстанда жоғары мемлекеттік билік пен басқару өкілетіне ие Халық маслахаты биылғы конституциялық реформа барысында парламенттің жоғарғы палатасына айналған болатын.

Жогорку кеңеш депутаты Омурбек Текебаев, бұрынғы премьер-министр Феликс Кулов жаңа Конституция бойынша президенттің құзыры артып, Халық құрылтайы институтын енгізуді Түркіменстандағыдай билікті иемденіп алуға (узурпация) балайды. Ал бұрынғы депутат Садық Шер-Нияз жаңа Конституция жобасын билікті иемденуге талпыныс және оны тоталитаризмге апаратын жол екенін айтып, депутаттарды жаңа нұсқаны қабылдаудан бас тартуға үндеген.

Шетелде тұратын, Түркіменстан бойынша сарапшы Сапармамед Непескулиев Түркіменстан мен Қырғызстан арасында аздаған ұқсастық болғанымен екі мемлекетті саяси-экономикалық құрылымы және тіпті менталитеті жағынан мүлде салыстыруға болмайды деп санайды.

– Түркіменстанда Халық маслахаты институт ретінде қалыптаспаған. Түркіменстандағы маслахат – қолдан жасалған орган. Қырғызстанда ең құрығанда сөз бостандығының нышаны бар ғой. Түркіменстанда бірде-бір оппозиция өкілі қалған жоқ. Бірде-бір оппозициялық басылым да жоқ. Оның бәрі шетелде. Ал Қырғызстанда халық көшеге шығып, билікті тайдыра алады, – дейді Азаттыққа Сапармамед Непескулиев.

"ҚАРСЫ ӘРЕКЕТ ЕТУ СӘТІ ӨТІП КЕТТІ"

Қырғызстандық тәуелсіз саяси сарапшы Анар Мұсабаева жаңа биліктің Конституцияны өзгерту үшін асығыс референдум өткізуге талпынысы қоғамда конституциялық төңкеріс деп қабылданғанын айтады. Ол жаңа Конституция жобасы әзірленгенде жеткілікті ақпарат берілмегеніне және оны талқылауға қоғамдық ойыншылардың қатыстырылмағанына назар аударады. Мұсабаеваның сөзінше, азаматтық белсенділер Конституцияны өзгертуге қарсы наразылыққа әзірленіп жатқанын мәлімдеген. Бірнеше депутат конституциялық реформаға қарсы екенін жария түрде білдірген.

Сарапшы "Жаңа Конституция жобасы туралы қоғам сыны қаншалықты ескеріледі?" деген сұраққа жобаның жарияланғанына бірнеше күн ғана өткеніне меңзеп, әзірге оған жауап беруге ерте екенін айтады.

– Өз басым қазіргі кезеңде қоғам сыны көп нәрсені өзгерте алмайды деп ойлаймын. 22 қазанда өтпелі биліктің бастамасымен конституциялық реформа процесі басталғанда қабылдауға болатын қарсы әрекет ету сәті ендігі өтіп кетті. Ал Садыр Жапаров пен оның командасы процесті референдумға дейін жеткізуге барын салады, – дейді Анар Мұсабаева Азаттыққа.

Саяси сарапшының пікірінше, жаңа Конституция қабылданған күннің өзінде, "билікті иемденуге" қызығатын саяси ойыншыларды түбі жақсылыққа апармайды.

Жогорку кеңеш депутаттарының отырысы. Бішкек, 28 қазан 2020 жыл.

22 қазанда парламент Қырғызстан президенті мен Жогорку кеңеш депутаттарын сайлау туралы конституциялық заңның 38 және 63-бабының күшін тоқтатып, парламент сайлауын конституциялық реформадан кейін өткізуді қамтамасыз ететін заң жобасын қабылдаған. Құжатқа сол күні премьер-министр әрі президент міндетін уақытша атқарушы Садыр Жапаров жедел түрде қол қойған. Оны да қоғам сынаған.

18 қарашада Еуропа кеңесінің кеңес беруші органы – Венеция комиссиясы осыған байланысты шұғыл қорытынды жариялады. Онда комиссия сарапшылары парламенттің сайлауды кейінге сырғыту арқылы конституциялық реформа жүргізуін демократиялық стандартқа сай келмейді деп бағалаған. Венеция комиссиясына 4 қараша күні Қырғызстан Жоғарғы соты Конституциялық палатасының төрағасы Карыбек Дуйшеев жүгінген болатын. Комиссия Қырғызстанға конституциялық процедураны сақтау жайлы ұсынысын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмеден шыққан саясаткерді премьерлікке ұсынды. Даулы сайлаудан кейінгі саяси дағдарыс

– Венеция комиссиясының қорытындысы ұсыныс сипатына ғана ие. Сондықтан бұл жаңа биліктің беталысын түбегейлі өзгертеді деп сену аңғалдық болар еді, – дейді саяси сарапшы Анар Мұсабаева Азаттыққа.

Президент сайлауына түсу үшін премьер-министр лауазымымен қоса президент міндетін уақытша атқарушы өкілетін тоқтатқан Садыр Жапаров 19 қарашада Конституцияның жаңа жобасына байланысты сынға жауап берді. Ол 2010 жылы қабылданған Конституцияны Қырғызстанның дамуына кедергі жасады деп сипаттап, оған соңғы толқуды мысалға келтірді. Жапаровтың сөзінше, халық талабын орындау үшін жаңа Конституция қабылдау талабы туындаған.

"Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жаңа Конституцияны қабылдау кері кету немесе Ақаев пен Бакиев (елдің экс-президенттері, екеуі де төңкерістен кейін шетелге қашқан – ред.) қабылдаған Конституцияға оралу дегенді білдірмейді" деді Садыр Жапаров.

Қырғызстанда 2010 жылғы Сәуір революциясынан кейін қабылданған Конституция бойынша 10 жылға дейін негізі заңды өзгертпеу туралы келісім болған еді. Бірақ 2016 жылы референдум арқылы Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, премьер-министрдің құзыры кеңейтілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сотталды, елден қашты, президент болды. Қырғызстанның экс-премьерлері қайда жүр?