Accessibility links

Меже 7-ден 3 пайызға. Қырғызстан партияларының парламентке өтуі жеңілдеді


Бішкектегі наразылық акциясы. 7 қазан 2020 жыл.
Бішкектегі наразылық акциясы. 7 қазан 2020 жыл.

Президент міндетін атқарушы Садыр Жапаров сайлау заңнамасына парламентке өту шартын жеңілдететін өзгерістер енгізу туралы заң жобасына қол қойды. Жогорку кенеш депутаттары бұл өзгерістерді 5-6 қазанда өткен наразылықтан кейін қабылдаған.

Депутаттар сайлау заңнамасына өзгеріс енгізу туралы заң жобасын қабылдамас бұрын, ұзақ талқылаудан өткізген.

Депутат Алтынбек Сулаймановтың айтуынша, парламентте басым дауыспен қабылданған заңды Жогорку кенештегі саяси күштер де мақұлдаған.

"Фракция көшбасшыларымен екі заң жобасын бір уақытта өткіземіз деген келісім жасалды. Өйткені негізгі заң өзгеретініне ешкім кепілдік бере алмайды", – дейді Сулайманов.

Депутаттар Канат Керезбеков пен Алтынбек Сулайманов. 14 қазан, 2020 жыл.
Депутаттар Канат Керезбеков пен Алтынбек Сулайманов. 14 қазан, 2020 жыл.

Қырғызстан заңнамасына сәйкес, президент Жогорку кенеш қабылдаған конституциялық заңдарға қол қоюы немесе бір ай ішінде кейін қайтаруы керек.

Президент әкімшілігі ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Нургазы Анаркулов құжатқа қол қойылғанға дейін Жапаровтың позициясы туралы: "Құжат 23 қазанда келіп түсті, 23 қарашаға дейін уақыт бар. Садыр Нуркожоұлы үлгермесе, президент қызметін атқарушы келесі тұлға өз позициясын айтып, заң жобасына қол қояды немесе кейін қайтарады. Әзірге жағдай – осы. Бірақ бір дүниені – халықтың талабын есте ұстау қажет. Президент болғанға дейін Садыр Нуркожоұлы да осы мәселені көтерген. Оның позициясы заңға ұсынылған өзгерістермен сәйкес келеді" деген.

Сайлау заңнамасына №2 формасы бойынша дауыс беруді (тіркелген мекенжайы өзге адамдарға тұрғылықты жері бойынша дауыс беруге мүмкіндік беретін форма – ред.) алып тастау, парламентке өтуге қажетті дауыс мөлшерін 7 пайыздан 3 пайызға дейін қысқарту, үміткердің кепіл сомасын 5 миллионнан 1 миллион сомға дейін азайту сияқты өзгерістер ұсынылып отыр.

Конституциялық реформадан кейін парламент сайлауын өткізу туралы конституциялық заң мен Сулайманов ұсынған заң жобасы бір күнде қабылданған. Президент қызметін атқарушы Садыр Жапаров бірінші аталған құжатқа бірден қол қойған. Бұл заңға сәйкес, Жогорку кенеш сайлауы Орталық сайлау комиссиясы жоспарлағандай, 2020 жылы 20 желтоқсанда емес, келер жылдың 1 маусымына дейін өткізілетін болды. Осылай парламент сайлауына дейін конституциялық реформа жүргізуге мүмкіндік туып отыр.

Садыр Жапаров Ош тұрғындарымен кездесуде сөйлеген сөзінде парламент сайлауын бір мандаттық жүйе бойынша өткізу туралы ұсыныстар түсіп жатқанын айтқан.

Бірақ осы тұста "Садыр Жапаров атаған мақсаттар жүзеге асып жатса, Сулайманов ұсынған заңның өзектілігі жойылмай ма?" деген заңды сұрақ туындайды. Жогорку кенештің бұрынғы депутаты Алмамбет Шыкмаматов бұл сұраққа былай жауап берді:

"Бұл заң алдағы конституциялық реформаларға қайшы келеді. Өйткені конституциялық реформадан кейін көп заң түбегейлі өзгереді. Қазіргі заң 20 желтоқсанға белгіленген парламент сайлауын өткізуге бағытталған. Бірақ бұл сайлау өтпейтіні белгілі болды. Демек бұл заңның да өзектілігі жойылды".

Шыкмаматовтың айтуынша, заңға өзгеріс еніп, Жогорку кенеш құрамының жартысы бірмандаттық, қалғаны партиялық жүйе бойынша сайланса, қазіргі заңдағы кей ережелер қолданылуы мүмкін.

"Умут 2020" саяси қозғалысының мүшесі Нурсултан Акылбек "заңның өзектілігі жойылды" деген пікірмен келіспейді. Ол парламент жүйесінің тағдырын Жогорку кенеш шешеді, оның қолында құжатты жүзеге асыруға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік бар деп есептейді.

"Заңның өзектілігі жойылмауына парламент жауапты. Негізгі заңда референдум өткізу мен конституциялық реформа жүргізуді 80 депутат мақұлдауы керек деп жазылған. Жапаров 500 адам жинаса да, конституциялық реформа 80 депутат қол қойғаннан кейін жүреді. Сондықтан қазір саяси ерік парламенттің қолында", – дейді белсенді.

Омурбек Текебаев.
Омурбек Текебаев.

Осыған дейін "Ата Мекен" партиясының көшбасшысы, Конституцияға өзгеріс енгізуге мүмкіндік беретін заңды ұсынған Омурбек Текебаев конституциялық реформаға парламенттік басқару формасы сақталады деген шартпен ғана келіскенін айтқан.

8 қарашада Бішкекте "Конституция үшін" наразылық акциясы өткен.

Оған Қырғызстан Республикасының қазіргі Конституциясын өзгеріссіз қалдырып, 2020 жылы 20 желтоқсанда парламент сайлауын өткізуді талап еткен 20-дан астам азаматтық белсенді қатысқан.

9 қарашада президент қызметін атқарушы Садыр Жапаров Нарын тұрғындарымен кездесуде Конституцияның жаңа жобасы 10 күн ішінде дайын болатынын, басқару формасы мен парламентке сайлау жүйесі туралы шешімді халық қабылдайтынын айтты.

4 қазанда Қырғызстанда кезекті парламент сайлауы өткен. Сайлау нәтижесіне наразы партиялар митингіге шыққан. Наразылық акциясы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, елдегі билік ауысқан. Кезектен тыс президент сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарға белгіленген.

21 қазанда Жогорку кенеште өткен отырыста заң жобасын дайындаған авторлардың бірі – депутат Алтынбек Сулайманов 5 қазан күні наразылыққа шыққан жастар сайлау заңнамасына өзгеріс енгізуді талап еткенін айтты. Ол заң жобасын күнтәртібіне енгізу үшін бірқатар әріптесімен ашық қақтығысып қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG