Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі Кылычбек Султан қыркүйектің 24-і күні баспасөз конференциясын өткізіп, Сеул әуежайында өткен сенбіде Air Astana әуе компаниясының Алматыға ұшатын жолаушылар ұшағында болған оқиға туралы айтты. БАҚ-тың хабарлауынша, ұшақтың кестедегі уақытынан кешігіп ұшуына оның бортында "масаң күйде" болған Қырғызстанның Еңбек және әлеуметтік даму вице-министрі Зууракан Каденованың ұшақтан түсуін талап еткен экипажға бағынбауы себеп болған. Каденова өзі туралы жалған ақпарат тараған дейді.
"ЖОЛАУШЫ ҰШАҚТА МАС КҮЙІНДЕ ОТЫРДЫ"
Баспасөз конференциясында елші Кылычбек Султан Зууракан Каденоваға қатысты мәселенің барлық құжаттарды премьер-министр Мұхаммедқали Абылғазиевке тапсырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, президент аппаратынан Каденоваға қатысты ақпаратты таратпау туралы өтініш түскен:
- Осы оқиғадан соң Қырғызстан президенті аппаратынан қоңырау түсті, олар ақпаратты таратпауды сұрады. Бірақ бір депутат оны жариялап жіберді. "Эйр Астана" да айтар еді. Біз үндемей қалсақ, өтірік айтқандай боламыз. Әуе компаниясы актісінде "жолаушы масаң күйде болғандықтан ұша алмайды, дипломатиялық төлқұжаты бар, оған қол қоюдан бас тартты" деп жазылған. Оның мас болғаны туралы құжаттың бәрін премьер-министрге бердім.
Елші Кылычбек Султан Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктегі жемқорлық оқиғалары туралы Қырғызстан президентіне бірнеше рет мәлімдегенін, бірақ одан нәтиже шықпағанын айтты:
- Елшіліктің кей қызметкерлері шетелдік азаматтардан ақша талап етеді, автокөліктерді контрабандалық жолмен әкеледі, дипломатиялық нөмір мен төлқұжатты белгісіз біреулерге береді және т.б. жағдайлар бар.
Президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева ол күні Қырғызстан президенті аппаратының ешбір қызметкері Қырғызстанның Сеулдегі елшісі Кылычбек Султанмен хабарласпағанын айтады:
- Қырғызстандық шенеуніктің Сеулдегі оқиғасы туралы ақпарат БАҚ бетіне жарияланғанда тиісті мекемелер оқиғаның кімге қатысты екенін біліп отырды. Президент аппараты Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке баяндады. Президент сол күні Сыртқы істер министрлігіне жағдайды анықтауды тапсырды. Ақпараттың рас екені анықталса, премьер шенеунікке қатысты шара қолдануға тиіс болды. Премьер-министрдің шешімімен ол қызметінен босады, сондықтан ақпаратты жасыру туралы сұраудың қажеті болмады, - дейді Стамалиева.
КАДЕНОВАНЫҢ УӘЖІ
Зууракан Каденова өзі туралы жалған ақпарат тараған дейді. Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяға Корей агенттігінің халықаралық ынтымақтастық (KOICA) бағдарламасы бойынша ұшқан. Шенеунік ішімдік ішпейтінін, ұшаққа отырар алдында дәрі ішкенін мәлімдеді:
- Ұшар алдында карвалолды көп мөлшерде іштім, себебі 6 жарым сағат ұшу керек болды... Бұдан соң екі таблетка мен екі шөлмек кола іштім. Коланың дәріге теріс әсері болған сияқты, жүрегімді айнытты. Белдік асқазанды қысып, кенеттен жүрегім көтерілді. Борт қызметкерлеріне құсқым келгенін айтып, белдікті шешпек болдым. Олар әжетхананың жабық екенін айтып, пакет әкеп берді, соған құстым. Соңғы апта диетаға отырған едім, асқазаным бос болатын. Олар түрімнің нашар екенін айтты, мен қызметшімді шақыртуды сұрадым. Стюардессалар қасымда болды, "не істеу керектігін" командир шешеді деді.
Каденованың айтуынша, экипаж командирі әуеде жағдайы тіпті нашарлайтынын айтып, келесі рейспен ұшуды ұсынған, оның үстіне виза қажет емес еді. "Жүкті түсіру үшін ұшақтағы жолаушыларды шығару керек болды, оған уақыт кетті", - дейді ол.
Каденова келесі күні ұшақ экипажы командирімен сөйлесіп, "транзиттік рейс жолаушылары кешігіп қалмады ма, шығын келмеді ме" деп сұрағанын айтты. "Ол миллиондаған адам тасып жүрміз, ол туралы ойламаңыз деді. Ұрыс-керіс болмады, сол рейспен ұшуды ғана сұрадық. Екеу-үшеу болып қалсақ бола ма, бірге отырайық дедік. Тек сұрақ қойдық, жолаушылармен сөйлескен жоқпыз, бизнес-класта отырдық, ол жерде тек 5-6 адам болды", - деді ол.
"БАСШЫНЫҢ ТУЫСЫ МА?"
Каденова қызметін қалпына келтіру үшін соттаспайтынын айтты. Ол "президент Сооронбай Жээнбековке туыссыз ба және кезінде ҚСДП фракциясы депутаты Асылбек Жээнбековке көмекші болып істедіңіз бе?" деген сауалдарға жауап беруден бас тартты. Бұған дейін президент аппараты Каденованың Сооронбай Жээнбековтің туысы еместігін мәлімдеген еді.
Қыркүйектің 24-і күні Зууракан Каденова туралы мәселе Қырғызстан парламентінде айтылды. Жогорку Кеңеш комитетінің әлеуметтік мәселелер, білім беру, ғылым, мәдениет және денсаулық туралы отырысында ҚСДП фракциясының депутаты Аида Касымалиева "Еңбек және әлеуметтік даму министрі мен оның орынбасарлары шетелге отбасы мүшелерімен бірге мемлекет пен халықаралық ұйымдар есебінен ұшады" деген ақпараттың растығын тексеру керек деді.
Оның айтуынша, мамандар баруға тиіс шаралар мен семинарларға министрлер мен олардың орынбасарлары барады:
- Еңбек және әлеуметтік даму министрінің орынбасары болып істеген Зууракан Каденованың іс-әрекеті көптеген мәселенің өзекті екенін көрсетті. Егер адам шетелге демалуға барса, дипломатиялық төлқұжатын пайдалануға құқығы жоқ. Бұған дейін министрлік басшылығына қатысты көптеген шағым түсті. Мысалы, Таалайкул Исакунова министрлік есебінен Сауд Арабиясына күйеуімен және оның ата-анасымен ұшқан дейді. Швейцарияға жұбайымен және ұлымен барған, бірақ ондағы шараға қатыспаған. Премьер-министрдің рұқсат бермегеніне қарамастан, АҚШ-қа жұбайы және екі баласымен барған. Үкімет басшысы рұқсат бермесе, олар демалыс алып ұша береді. Сондай-ақ ол Аргентинаға, Лондонға, Санкт-Петербургке ері мен балаларын алып барған. Министр орынбасары Лунара Мамытова мамандарға арналған шараға өзі барған. Демалыс кезінде дипломатиялық төлқұжатты қолдану жағдайлары да кездесті.
Зууракан Каденоваға қатысты мәселе мемлекеттік қызметкерлердің этикасы туралы көп мәселені қозғады. Қырғызстанда жекелеген шенеуніктер мен депутаттардың этикасы мәселе тудырған жағдайлар бұрын да тіркелген еді.
(Элеонора Бейшенбекқызының мақаласы орыс тілінен аударылды.)