Халқының көбі шетелде жұмыс істейтін Қырғызстан еңбек мигранттарын жатсына ма?

Қырғызстанға Оңтүстік Азия елдерінен жұмыс істеуге келген мигранттар.

Жыл сайын жүздеген мың қырғыз азаматы шетелге, көбіне Ресейге жұмыс іздеп кетеді. Ал Қырғызстанда Оңтүстік Азиядан жұмысқа келгендер көбейе бастады. Өткен аптада Бішкектегі ксенофобиялық шабуылдың бір себебі шетелдік жұмысшылардың көбеюіне наразылық болуы мүмкін. Одан басқа факторларға жемқорлық, еңбек нарығының дұрыс реттелмеуі, жергілікті адамдардың көбірек жалақы алуы жатады.

Мәскеуде пиццаға тапсырыс берсеңіз, оны жеткізетін курьер қырғыз болып шығуы әбден мүмкін. Ал Бішкекте сіз тапсырыс берген пиццаны медициналық университеттегі оқу ақысын төлеу үшін қосымша жұмыс істеп жүрген пәкістандық жас жігіт әкелсе таңғаларлық жайт емес.

Өткен аптаға дейін солай болған.

17-18 мамырда Бішкекте бір топ адам Оңтүстік Азиядан келген студенттерді ұрып-соқты. Бұл Қырғызстанда жүрген шетелдіктер Ресейге Орталық Азия елдерінен жұмыс істеуге барған мигранттар тап болатын оқиғалар сияқты ксенофобтар шабуылына ұшырауы мүмкін екенін көрсетті.

Қырғыз, тәжік, өзбек азаматтары наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіден кейін кемсітіп-қорлау нысанына айналған. Ал Қырғызстан билігі "заңсыз миграциямен күрес" туралы Бішкектегі тәртіпсіздікке дейін айта бастаған-ды.

Жергілікті адамдардың көбі шетелдіктерге жасалған зомбылықты қолдаған жоқ. Шабуыл салдарынан бірнеше шетел азаматы ауруханаға түсіп, мыңнан астам пәкістандық елден кетуге мәжбүр болды. Қырғызстанда бұған дейін болған ұлтаралық қақтығыстардың біразы кісі өліміне апарып соққаны белгілі.

Бішкектің кей тұрғындары түнгі тәртіпсіздіктен кейін жатақханадан шығуға қорқып қалған студенттерге тамақ пен өзге де керек-жарағын апарып, қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысты. Бішкектегі шабуылға шетел азаматтары мен жергілікті тұрғындар арасындағы төбелес жайлы видео себеп болған.

Қырғызстанға жұмыс істеуге келген Бангладеш азаматтары Бішкекте жалға алып тұрып жатқан пәтерде ас әзірлеп жатыр.

Қырғызстан билігінің мигранттар арасында жиі рейд жүргізуі қоғамда шетел азаматтарына деген қырын көзқарас барын аңғартқандай болды.

Осы тұста "Бұл неге дәл қазір болып жатыр?" деген сұрақ туады.

ШЕТЕЛДІК ЖҰМЫСШЫЛАРҒА КВОТАНЫҢ АРТУЫ

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті басшысы Қамшыбек Ташиев жатақханаға шабуыл жасалған күннің ертеңіне шетел азаматтарын ұрып-соғуды айыптаудың орнына, "Бішкектегі топ мигранттарға қарсы шара қолдану жайлы дұрыс талап көтерді" деді.

Ташиев қазіргі лауазымына құқық қорғау органдарында көп жыл қызмет атқарып, кәсіби мансап сатысымен біртіндеп көтерілген адам емес. Ол Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың бұрыннан келе жатқан серігі, қазір елдегі нөмірі екінші тұлға.

Ол да Жапаров сияқты көпшілік естігісі келетін сөздерді тауып айтатындығымен қолдау тауып жатады.

Ташиев халыққа жолдаған видеоүндеуінде полиция тарата алмаған топты "Бангладеш, Пәкістан, Үндістан, Египет пен басқа да елдерден келген студенттердің көбеюіне алаңдаған жастар" деп сипаттады.

Биыл көктемде Жапаровтың заңсыз мигранттарды қудалау жайлы бұйрығынан соң, полиция күн сайын 20, 30 тіпті, 50 шетел азаматын ұстап отырды.

Қырғызстанда заңсыз жұмыс істеп жүрген Пәкістан азаматтары Бішкектегі милиция бөлімшесінде тұр. 15 мамыр, 2024 жыл.

Ташиевтің есебінше, елде 5000-ға жуық заңсыз мигрант бар. Бангладештің – 1000, Пәкістанның 1500 азаматы Қырғызстаннан депортацияланған. Мұндай деректі осыған дейін бірде-бір шенеунік айтпаған еді.

Бұл ксенофобияны басатын үндеуге ұқсамайды.

Бірақ Ташиев Оңтүстік Азия елдерінен жұмысшыларды елге биліктің өзі шақырып отырғанын айтуды ұмытып кетті.

Қазанда Қырғызстан еңбек министрлігі 2024 жылы шетелдік жұмысшылар квотасы 16 600 -ден 25 000-ға дейін (50 пайыз) өсетінін мәлімдеген.

Бос жұмыс орындарының үштен екі бөлігі өнеркәсіп, құрылыс және көлік саласына, 13 пайызы тау-кен өнеркәсібіне, 14 пайызы қызмет көрсету және сауда орындарына бөлінген.

Осы айда 17 000 бос жұмыс орнының жартысына Бангладеш, төрттен біріне Пәкістан, 16 пайызына Қытай азаматтары орналасқан.

18 мамырда Бішкек түнгі тәртіпсіздіктен ес жия алмай жатқанда, еңбек министрі Гүлнара Баатырова популистік емес пікір айтты.

– Жеке бизнес иелерінің сөзінше, шетелдіктер жұмысқа уақытылы және тұрақты түрде келеді. Кейде бекітілген уақыттан артық жұмыс істейді. Өз азаматтарымыздың көбі Ресейге немесе басқа да көрші елдерге жұмысқа кетіп, сол жақтан тұрғылықты мекенжай анықтамасын алып жатыр. Оларды Қырғызстанға оралып, осында жұмыс істеуге шақырамыз. Бірақ өтінішіміз үнемі жауапсыз қалады. Жергілікті қызметкерлердің көбі жұмысқа уақытылы келмейді, айлық алған соң, 2-3 күн жоғалып кетеді, той-томалақ, туған күнге көп сұранады, – деді Баатырова.

Министр биыл мамырда 6500 орынға жұмысшы табылмағанын айтты.

ТІГІН САЛАСЫ ЖҰМЫС КҮШІНЕ МҰҚТАЖ

Баатырованың сөзінше, жұмыс күші жетпейтін салалардың бірі – тігін өнеркәсібі. Бұл – экономиканың маңызды бөлігі, ондаған мың қырғыз азаматы осы сала еңбек етіп, нан тауып отыр.

Қырғызстанда Бангладеш азаматтары неге көп екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атаханов сәуірде елге көбірек жұмыс күшін тарту үшін Даккаға барып қайтқан.

Бішкектегі тігін цехының иесі Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында "Бангладештен келген жұмысшылар киімді жақсы әрі сапалы тігеді. Үндістан азаматтары ісіне ұқыпты, кез келген жұмысты тез іліп әкетеді" деген пікір білдірген.

Қырғызстандағы тігін цехтарының бірінде жұмыс істеп отырған адамдар.

Кейінгі кезде жалақы деңгейі өскен Қырғызстанда жергілікті адамдармен салыстырғанда, осы елде жұмыс істейтін шетелдіктердің алатын жалақысы аз.

Тәуелсіз экономист Азамат Акенеев Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қырғызстан экономикасы өсіп, жалақы да көтерілгенін айтады. Сарапшы мұны "Мәскеуге қарсы санкция салынған соң, қырғыз компанияларына сауда мен бизнесте жаңа мүмкіндіктер ашылды" деп түсіндіреді.

Бірақ соғыс пен санкция салдарынан инфляция да күшейген.

– Кәсіпорындардың бәрі бірдей жоғары жалақы төлей алмады немесе төлегісі келмеді – дейді Акенеев.

Азаттықтың Қырғыз қызметі Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқалы бері киім шығаратын кәсіпкерлердің жағдайы туралы үздіксіз жазып келеді. Олардың ахуалы сарапшы сөзін растайды.

Ресейдің ақша-несие және капитал қозғалысын бақылау саясаты әсерінен рубль құны 2022 жылдың алғашқы жартысындағы (соғыстан бұрынғы) көрсеткішінен жоғары көтерілді. Қырғыз тігін шеберханаларына ең маңызды клиенті (Ресей) үйіп-төгіп тапсырыс берді. Ал оларға жұмыс күші жетпей отыр.

Кейін рубль шетелдік валютаға, оның ішінде қырғыз сомына шаққанда қайта құлдырады. Енді ресейлік сатып алушыларға қырғыз киімі қымбат көріне бастады.

Осылайша тігін саласында арзан жұмыс күшіне сұраныс көбейді. Қырғыз кәсіпкерлер шығынды азайту үшін алыс елдерден жұмысшылар әкеле бастады.

Еңбек мигранттары көп кездесетін саланың бірі – құрылыс. Бұл салада Оңтүстік Азиямен салыстырғанда, көрші Өзбекстан азаматтары көп.

РЕТСІЗ ЕҢБЕК САЯСАТЫ, ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰЛДЫҚ

17-18 мамырдағы тәртіпсіздікке дейін Қырғызстан еңбек министрлігінің өкілдері мигранттардың күрт көбеюіне байланысты шетелдік жұмысшыларға квота беру уақытша тоқтатылды деп мәлімдеген.

Ресми квота – мәселенің бір ұшы ғана.

Қырғызстандағы 60 мың шетелдік студенттің 24 мыңы Үндістан мен Пәкістаннан келген. Олардың көбі медицина саласында білім алып жүр.

Қырғызстанда медициналық білім басқа елдермен салыстырғанда арзан. Ош, Кант сияқты қалалар үшін шетелдік студенттер – экономикаға үлес қосатын маңызды ресурс.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-қа Мексика арқылы заңсыз өткісі келетін қырғыз отбасылары көбейді

Кей студенттер оқу ақысын төлеу үшін қосымша жұмыс істейді. Еңбек министрлігі олардың студенттік визамен жұмыс істеуін құптамайды.

Сәуірде Бішкек полициясы тұтынушыға қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген 400 шетелдік студентті ұстаған. Полиция мұны "шетелдік студенттердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, мигранттар жасайтын қылмысты ашу және алдын-алу үшін шара қолданып жатырмыз" деп түсіндірді.

16 мамырда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті виза мерзімі аяқталса да, Бішкектегі тігін цехында заңсыз жұмыс істеп жүрген 28 Пәкістан азаматын ұстағаны туралы ақпарат тарады.

Былтыр және биылғы жыл басында мұндай хабарлар аз болатын.

"Әділет" коммерциялық емес құқықтық емханасының жетекшісі, бұрын көші-қон саласында шенеунік болған Шолпан Жақыпова Қырғызстанда көші-қон саясаты реттелмегенін айтады.

"Кейінгі екі жылда шетелдік жұмысшылардың көбейгені айқын байқала бастады. Шенеуніктердің арам пиғылы болмаса, мұндай өсім мүмкін емес. Яғни, жемқорлық", – дейді Жақыпова.

Адам саудасы да Қырғызстандағы ірі бизнестің біріне жатады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің дерегінше, Оңтүстік Азия елдері азаматтарының көбі Қырғызстанға турист визасымен келеді. Жұмыс берушілер оларды "кейін жұмыс визасын рәсімдеп береміз" деп алдайды, бірақ берген уәдесінде тұрмайды.

"Олар бір цехтан екіншісіне ауысып жүре береді, жалақы алмайды, "құлдыққа түсіп қалдық" дейді. Көбінің төлқұжатын тартып алған, ештеңе істей алмайды", – дейді Бангладеш пен Қырғызстан арасындағы заңды миграциямен айналысатын компанияның иесі Нұрислам Қамбаров.

Қамбаров Бішкектегі бір мекенжайды мысалға келтірді. Ол сол жерден ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан Бангладештің 40 азаматын тапқан.

"Оларды мұнда отандастары әкеліп тастап кеткен. 30 кісінің 25-іне виза жасатып бердім. Ол үшін Өзбекстанға барып, елге қайтадан кірді", – дейді кәсіпкер.

МИГРАНТТЫ ЖАҚТЫРМАЙТЫН КӨҢІЛ-КҮЙ

Әдетте дұрыс жұмыс табылмайтын еңбек нарығындағы шиеленісті ұлттық патриоттық ұрандар одан әрі ушықтырып отыр.

Мұны өткен аптадағы оқиғалар да дәлелдейді. Билік бұл жағдайды әу бастан дұрыс реттей алмады.

Шатақтың бәрі мамырдың 13-іне қараған түні Египет пен Қырғызстан азаматтары арасында болған төбелестен басталды. Әу баста полиция бұл оқиға жөнінде ешқандай ақпарат берген жоқ. Кейін полиция ұсталған Египет азаматтарының қырғыз халқынан кешірім сұраған видеосын жариялады. Іле-шала желіде төбелестің видеосы да тарай бастады.

18 мамырда пәкістандық студенттер тұратын жатақханаға шабуыл жасалғаннан кейін ғана Қырғызстан ішкі істер министрлігі оқиғаның толық хронологиясын жариялады. Ол видеодан қырғыз азаматын ұрған египеттіктер шын мәнінде өздері жатқан жатақхананы шабуыл жасаған үш кісіден қорғағанын көруге болады. Төбелес басталған соң қасындағы достары қашып кетіп, бір қырғыз азаматы қалып қойған. Қашқан қырғыздар iPhone телефоны мен бірнеше мың доллар ақша алып кеткен.

Күдіктілер ұсталғанымен (Египеттің 4 азаматы үйқамақта отыр), жатақханаға шабуыл жасағандардың ұсталып-қамалғаны жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Интернеттегі видеоларда олардың пәкістандық студенттерді ұрып-соғып, тепкілеп жатқаны көрінеді.

21 мамырда Қырғызстан полициясы шетел азаматына шабуыл жасады деген күдікпен бір адам ұсталғанын хабарлады. Бұл оқиға жатақханадан бірнеше километр жерде болғанға ұқсайды.

21 мамырда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті қазақ-қырғыз шекарасынан заңсыз өтпек болған 6 Пәкістан азаматы ұсталғанын хабарлады.

Пәкістандағы "Ислам жамағаты" саяси партиясы жастар қанатының мүшелері Қырғызстанда шетелдік студенттерге жасалған шабуылды айыптап митингіге шықты. Карачи, 18 мамыр, 2024 жыл.

Зомбылыққа тап болып, теперіш көрген пәкістандық студенттердің алдында кешірім сұраған қырғызстандық жалғыз шенеунік – вице-премьер Еділ Байсалов болды. Ол шабуылдан ең қатты зардап шеккен Қырғызстан халықаралық университеті жатақханасына барды.

Байсалов жатақханаға шабуыл жасағандарды өзгелерге сабақ болу үшін түрмеге жабуды ұсынды.

– Олар есікке ғана ұмтылмай, әжетханаға баратын ғимараттарға да басып кірген. Ол жақта қыздар жасырынып отырған… Олардың ақшасын, гаджеттері мен әшекей бұйымдарын алып кеткен, – деді ол.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі шетелдік азаматтарға қатысты оқиға жөнінде 20 мамырға дейін тіс жарған жоқ. Президент сайтына "патриот жастарымыздың шетел азаматтарының заңсыз миграциясын тоқтатып, оларға қатаң шара қолдану жайлы айтқан талабы орынды" деген мазмұнда мәлімдеме жарияланды.

Жапаров болған оқиғаны "арандатушы" хабарға теңеді. Президенттің пікірінше, бұл ақпаратты қазір түрмеде отырған саяси қарсыластары таратқан. Жапаров шетелдік студенттердің жатақханада таяқ жегенін жоққа шығарды.

– [Жатақханада] тонау болса, студенттер мен полицияға шабуыл жасалса, қатаң шара қолданар едік. Бірақ ондай ештеңе болған жоқ, – деді президент.

– 1 миллион азаматымыз шетелде білім алып, жұмыс істеп жүр. Біздің азаматтарымыз сияқты шетелдіктер де елімізге білім алуға, еңбек етуге келеді. Бұған қуанымыз керек, – деді президент Жапаров.