Адам құқықтары бірлескен шолуға арқау болды

Полиция АТФ банкі алдында наразылық шарасын өткізіп жатқан азаматтардың бірін әкетіп барады. Алматы, 15 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Үкіметтік емес ұйымдардың Қазақстан, Тәжікстан мен Түркіменстан жайлы бірлескен шолуында үш елде азаматтардың негізгі бостандықтарының бұзылып отырғаны айтылған.

Төрт үкіметтік емес ұйым бірлесіп дайындаған құжатта Қазақстан, Тәжікстан мен Түркіменстандағы биліктің тұрақтылық, бірлік пен ортақ «моральдық» құндылықтарды қамтамасыз ету деген желеумен жүргізіп жатқан саясаты БАҚ, саяси оппозиция мен азаматтық қоғам қызметтерін шектеп, сонымен бірге азшылық өкілдері мен өзге де осал топтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзып отырғаны айтылған.

Қазақстандық адам құқығы және заңдылықты қорғау жөніндегі бюросы, Тәжікстанның «Нота Бене» қоғамдық қоры, қуғындағы «Түркіменнің адам құқығы жөніндегі бастамасы» және бельгиялық «Адам құқығы бойынша халықаралық серіктестік» үкіметтік емес ұйымдары әзірлеген шолуда Орталық Азиядағы аталған үш елде 2015 жылы мамыр мен тамыз аралығында жүргізілген мониторинг зерттеулері негізге алынған.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ МЕН ЦЕНЗУРА

Құжаттың Қазақстан туралы бөлігінде соңғы бірнеше жыл көлемінде оппозициялық және тәуелсіз баспасөз құралдары жабылған елде қазіргі кезде БАҚ жағдайы өте күрделі болып қалыптасып отырғаны айтылған.

Оппозициялық Nakanune.kz сайты иесі Гузяль Байдалинова.

2015 жылы Freedom House халықаралық ұйымының баспасөз бостандығы есебінде әлемдегі 199 елдің арасында 185-орында аталған Қазақстанда баспасөз құралын сот арқылы жабу әрекеті биыл да байқалып отыр. Атап айтқанда, «жала жапқаны» туралы берілген талап-арыз бойынша сот 75 мың еуроға жуық сомаға айыппұл төлеуге міндеттеген қазақстандық тағы бір басылым – Nakanune.kz сайтына жабылу қаупі төніп тұрғаны айтылған. Сонымен бірге инвестиция және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің жетекшісі Сәкен Сәрсеновтің мәлімдемесіне сілтеме жасап, «үкімет бұғатталған сайттарға кіруге мүмкіндік беретін интернет-ресурстарды бақылауда ұстауға және олардың өзін бұғаттауға ұмтылып отыр» деп жазады шолу авторлары.

«Жаңалықтар шығатын және оппозициялық сайттар, әлеуметтік желілер жиі бұғатталатын Қазақстандағылар үшін қойылған тосқауылдарды айналып өтуге мүмкіндік беретін прокси-серверлер – әлгіндей сайттарға кірудің жалғыз жолы» делінген құжатта.

Қазақстандағылар үшін сайтқа қойылған тосқауылдарды айналып өтуге мүмкіндік беретін прокси-серверлер – әлгіндей сайттарға кірудің жалғыз жолы

Бұған дейін Қазақстан билігі «экстремистік ақпарат таратқаны үшін» сот шешімімен тыйым салынған бірқатар сайттардың ел аумағында бұғатталғанын хабарлаған. Ал Қазақстанға қатысты ақпарат жариялаған кейбір тәуелсіз басылымдар мен оппозициялық сайттардың бұғатталып қалуына билік орындары өздерінің қатысы жоғын мәлімдеген.

Сонымен бірге шолуда биыл күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекстегі «ұлттық, әлеуметтік және өзге де араздықты қоздыру» және «көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату» тәрізді қылмыс түрлерінің айқын анықтамасы берілмеген баптар бойынша жазаға тарту әрекеттері сөз бостандығына байланысты алаңдаушылық туғызатыны айтылған.

Бұған мысал ретінде, биыл кезектен тыс президент сайлауына түсуге ниет білдірген Мұрат Телібековтің осыдан 20 жыл бұрын жарияламақ болған кітабына байланысты оның үстінен «ұлтаралық араздықты қоздырған» деген айыппен қылмыстық іс қозғалғаны жазылған.

САЙЛАУ ЖӘНЕ ЖИНАЛУ ҚҰҚЫҒЫ

Шолуда Қазақстанда 2015 жылы 26 сәуірде өткен кезектен тыс президент сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) қорытынды есебінде «сайлаушылардың таңдау еркіндігі болмағаны», сайлау алды науқан іс жүзінде «елеусіз» өткені, қалған екі кандидат негізгі кандидатты ашық түрде мақтағаны келтірілген. ДИАҚБ Қазақстанда «нағыз оппозицияның жоқ» екендігіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, «БАҚ-тың қысымда болуы қоғамдық талқылауды ауыздықта» ұстағанын, президенттікке кандидат тапсыруға міндетті тіл сынағында баға берудің нақты критерийлері жасалмағанын айтқан.

Кезектен тыс президент сайлауына тағы түскен Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) өз жеңісіне арналған шарада қызы Дариғамен бірге тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті болып кезекті мәрте сайланған Нұрсұлтан Назарбаев мамыр айында ұсынған «100 нақты қадам» ұлттық жоспарында қоғамды дамыту үшін «заң үстемдігі», «ашық мемлекет» сияқты бес бағыт бойынша мақсатты қадамдар белгіленгенімен, бақылаушылар бұл бағдарламада ешқандай саяси реформа көрсетілмегенін айтады.

Құқыққорғаушылар шолуында Қазақстанда тамыз айында сот шешімімен оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясы жабылғаны туралы айтылған. Компартияның шағымын қараған апелляциялық сот алқасы биыл қыркүйектің 17-сі күні шешімді күшінде қалдырған.

Құжат авторлары биыл Қазақстанда арнайы сапармен болған БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи Қазақстан билігінің атына сын айтып, жағдайды жақсарту туралы ұсыныстар білдіргенін жазған. Бірақ үкімет БҰҰ арнайы өкілінің айтқан кейбір сынымен келіспейтінін мәлімдеген еді.

Сонымен бірге шолуда Қазақстанда бейбіт жиын өткізу бостандығын шектеу оқиғалары жалғасып жатқаны айтылған. Бұл орайда азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың екі рет әкімшілік жазаға тартылғаны, ал Алматыда төсек тартып жатқан 80 жастағы мүгедек Анна Филатова өз үйінде аштық жариялауға тек ұзаққа созылған сот ісінен кейін ғана рұқсат алғаны мысалға келтірілген.

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ЖӘНЕ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ

Шолуда парламентке үкімет ұсынған заң жобасында үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттен және басқа да жолдармен бөлінетін гранттарды атқарушы биліктің бақылауда ұстауға ұмтылып отыр деп азаматтық белсенділер алаңдап отырғаны айтылған. Алайда, үкімет жаңа заң шетелдік ұйымдар тарапынан бөлінетін гранттарды реттеуге бағытталмаған деп сендіреді.

Еңбек туралы заңға қарсылығын білдіріп парламентке барған Маңғыстау мұнайшылары делегациясы. Астана, 7 кыркуйек 2015 жыл.

Құқыққорғаушылар шолуында Қазақстанда қайта тіркеуден өте алмаған кәсіподақ ұйымдарына жабылу қаупі төнгені де айтылған. Кәсіподақтарды аймақтық, салалық немесе республикалық кәсіподақ бірлестіктеріне мүше болуға міндеттейтін жаңа заң былтыр шілдеде күшіне енгеннен кейін кәсіподақтарға талапқа сай қайта тіркеуден өтуге бір жыл уақыт берілген болатын.

Бұған дейін Қазақстанның еркін кәсіподақтары конфедерациясы (ҚЕКФ) елде белгіленген мерзімде қайта тіркеуден өтуге үлгермеген бірнеше жүз кәсіподақ барын хабарлаған. Сонымен бірге, ҚЕКФ республикалық деңгейдегі бірлестігі мен конфедерация мүшелерін «ойдан шығарылған сылтаулармен» қайта тіркеуден өткізбей қойғанын мәлімдеген.

Қазіргі кезде парламентте қаралып жатқан, үкімет әзірлеген жаңа еңбек заңы жобасындағы бірқатар өзгерістер «жұмыс берушіге тым көп мүмкіндіктер беруді көздейді» деп санайды тәуелсіз кәсіподақ белсенділері. Бірақ, үкімет өкілдері «жаңа заңда халықаралық тәжірибе ескерілді» деген уәж айтады.

СОТ ӘДІЛЕТТІЛІГІ

Құжат авторлары Қазақстанда саяси негізде тағылған айыптар бойынша сот тергеуі әділетті өтпей, бас еркіндігінен айырылған деп санайтын адамдардың, солардың ішінде оппозиция лидері Владимир Козлов, құқыққорғаушы Вадим Курамшин және диссидент ақын Арон Атабектің түрмедегі жағдайына алаңдаушылық білдірген.

Арон Атабек (солдан оңға), Владимир Козлов, Вадим Курамшин.

Шолуда тұтқын Козловтың биыл жазда қатаңдатылған тәртіпке ауыстырылып, оның шағымы бойынша өткен сотқа құқыққорғаушыны кіргізбей қойғаны; тұтқын Атабектің құқығы бұзылғанын айтып берген көптеген шағымдарын сот қанағаттандырмай тастағаны; тұтқын Курамшиннің түрме әкімшілігі тарапынан қысым көріп жатқаны туралы шағымдар жазып жатқаны айтылған.

Сонымен бірге шолу авторлары Қазақстанда адвокаттардың құқықтары да бұзылып отырғанына назар аударып, еңбек дауына қатысты істе апелляциялық және кассациялық шағым беру барысында «сотқа жала жапқан» деген айыппен сотталған адвокат Болат Байтақов пен тергеу абақтысында өз қорғауындағы адаммен кездескен кезде қорқытып-үркітуге тап болып, құқығы бұзылған адвокат Светлана Кимді мысалға келтірген.

2014 жылы үш жылға сотталған заңгер Евгений Танковтың өз жаза мерзімінің қалған бөлігін жазаның бостандығын шектеу түрімен алмастыруды сұрап берген өтінішін соттың қанағаттандырмай тастағаны айтылған.

"Банк ЦентрКредит" ғимараты алдындағы борышкерлер наразылығы. Алматы, 20 мамыр 2015 жыл.

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюро сот орындаушылары Алматыдағы «Ақкент» елдімекенінде ипотекалық несие қарызын өтей алмай отырғаны ондаған адамды баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға келгенін айтып, 2010 жылы Қазақстанда болып қайтқан БҰҰ-ның қалыпты тұрғын үй жөніндегі арнайы өкілінің Қазақстанда борышкер тұрғындарды баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға қатысты алаңдаушылық білдіргенін атап өткен.

Құжатта жыныстық ерекшеліктеріне байланысты азшылық топ өкілдеріне жататындар жағдайы да сөз болған. Құқыққорғаушылар Алматыда жынысын өзгерткен адамды полициядағы қызметінен шығару туралы басшылықтың шешімін соттың күшінде қалдырғанына байланысты алаңдаушылық білдірген.

Шолу авторлары 2015 жылы мамырда Қазақстан Конституциялық соты «дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға» тыйым салуды көздейтін заң жобасын Конституцияға қайшы деп тапқанын да атап өткен. Үкіметтік емес ұйымдар 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығына ие болу үшін Алматы қаласының берген өтініші қаралар қарсаңда аталған заң жобасына қарсы кампания жүргізгені айтылған. Олимпиада өткізу құқығына Қытай астанасы Пекин қаласы ие болғаны мәлім.