Жуырда Алматы тұрғыны Анна Филатованың ісіне қатысты бас прокуратура наразылығын қараған Қазақстан жоғарғы сотының қадағалау алқасы кейуанаға үйінде аштық жариялау акциясын өткізуге рұқсат етпеген қала әкімдігінің тыйымын заңсыз деп таныды. Бұрын әкімдік пайдасына шешім шығарған сот органдарының барлық шешімдерінің күші жойылды.
Анна Филатова билікке «Жоқшылықтың зарын тартып отырмын. Ақшам жетпейді. Тіпті тамаққа да жетпейді. Бәрін үнемдейміз. Тойынып тамақ ішпейміз. Көмекке зәрумін. Өтінемін, қарайласыңыздар» деп үндеу жазған. Қарт әйел ауыр жағдайына жергілікті биліктің назарын аштық жариялау арқылы аударғысы келген. Мүгедек болғандықтан, ол үйінде аштық жариялау жолын таңдаған. Бірақ наразылық акциясын өткізу үшін қала билігінен рұқсат алу керек. Өтінішін әкімдік те, жоғарғы сот та орындаудан бас тартқан соң, Қазақстан азаматтары мемлекеттің үстінен шағымдана алатын жалғыз халықаралық инстанция - БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымдануына тура келген.
Енді, міне БҰҰ комитетіне жүгінгеннен кейін билік 80 жастағы алматылық қарияға үйінде аштық жариялауға рұқсат берген. Анна Филатованың адвокаты Жанар Балғабаева оған жоғарғы сот шешімінің мәтінін табыстаған сәтке Азаттық тілшісі куә болды. Төсек тартып жатқан Филатова Азаттық тілшісіне өмірі жайлы әңгімелеп, мұңын шақты.
АНА МЕН БАЛА
80 жастағы Анна Филатованың пәтеріндегі көзге бірден түсетін жоқшылықты сылағы түсіп қалған төбе тіпті ішкерелеп тұрғандай. Қарияның 57 жастағы ұлы Владимир Кузминцев «пәтерді жөндетуге ақша жоқ» дейді. Бұл шаңырақта екі адам – науқас ана мен өзі айтқандай, тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн анасының күтімін жасап отырған баласы тұрады.
Отбасы электр қуаты сияқты бәрін үнемдеуге мәжбүр. Бірақ науқас әйелдің терезе жаққа қараған жадау жүзі электр жарығынсыз да анық көрінеді. Бірнеше тісі түсіп қалған, ақ шаштарына талайдан бері шаштараздың қолы тимегені көрініп тұрған қарт әйелдің жүзінен жоқшылықпен, күйінішпен өтіп бара жатқан кәрілік табы анық білінеді. Кәрілік пен жоқшылық жүдеткен жанның сырқаты да меңдеп кеткен. Анна Филатованың денесінің сол жағы сегіз жылдан бері сал болып, жансызданып қалған, ал екі жыл бұрын сол қолы мен аяғын сындырып алған. Үнсіз жатқанда, өз сөзімен айтқанда «тірі өлік» сияқты көрінеді.
Бірақ сөйлей бастағанда Анна Филатованың өңі кіріп, көздері жайнап кетеді. Саңқылдаған дауысы нық, сөздері де анық.
Анна Филатова биліктен көмек сұрайды (видео):
«БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМ ЖЕТІМДІКПЕН, ЖАСТЫҚ ШАҒЫМ СОВЕТ ЗАМАНЫНДА ӨТТІ»
1935 жылы туған Анна Филатова - отбасындағы12-ші бала, үйдің кенжесі. Әкесі Қиыр Шығыста қызмет етіп, кейін Кемерова облысына қоныс аударған. Анна Филатованың әкесі 1937 жылы, ал анасы 1946 жылы мамырдың 18-і күні қайтыс болған.
Анасы қайтыс болған күн Анна Филатованың жадында жақсы сақталған. Өйткені анасының қазасынан бір апта өткенде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, 1922 жылы туған үлкен ағасы үйіне оралған. Соғыста тұтқынға түсіп қалып, одан қашып шығып, совет әскерлеріне қосылған оны мұқият тексергеннен кейін соғысқа қайта жіберген. Ақыры үйіне тірі оралған. Бірақ соғыс кезінде анасы ұлының қаза тапқаны туралы қаралы қағаз алған.
- Ұлын тірі көруге шешем байғұсқа құдай бір аптаны жазбады, - деп қамығады Анна Филатова.
Әке-шешесінен айырылған 11 жасар Анна Филатованың тағдыры қиын болған. Әрине, оған үлкен аға-әпкелері қамқор болған. Олардың кейбірі біртіндеп Алматыға көшкен. 16 жасқа дейін Анна олардың балаларын қараған. Ол «бірден төрт жиенімді баққан кезім болды» деп еске алады. Тезірек бойжетіп, өздігінен өмір сүргісі келген ол 16 жасында төлқұжат алған бетте жеміс-көкөніс комбинатына жұмысқа орналасқан. Оның «совет адамдарының стандартты еңбек өмірбаяны» осылай басталған.
ТАР ЖОЛ ТАЙҒАҚ КЕШУ
Жас кезінде көркіне талай жігіт көз салғанын Филатова жасырмайды, бірақ «талғампаз едім» дейді.
- Қанша таңдасам да, бәрібір жөні түзу адам жолықтырмаппын, - дейді ол.
Филатова мен алғашқы күйеуінің дәм-тұзы жараспаған. Онымен ажырасқаннан кейін, бірнеше жылдан соң, өрт сөндіруші Василий Филатовқа тұрмысқа шыққан. Анна Филатова екінші күйеуінің тегіне жазылады.Бірінші күйеуі сияқты ол да келіншегін кім көрінгеннен қызғанып, жиі ұрып-соғып, күн көрсетпеген.
Ақыры 1965 жылдың бір күнінде күйеуі сермеген пышақ омыртқа аралық шеміршекке тиіп, жұлынын зақымдаған. Анна тірі қалғанымен, денесінің төменгі бөлігі мен аяқтары сал болып қалған. Оған бірінші топ мүгедектігін беріп, жәрдемақы тағайындаған. Бірақ Анна бар ерік-жігерін салып, аяғын басуға тырысқан. Ақыры аяғын басып, медициналық аттестациядан қайта өткен. Ол екінші топ мүгедектігіне ауыстырған соң, қайтадан жұмыс істей бастаған.
Филатова екінші күйеуімен ол қайтыс болған 1997 жылға дейін отасқан. Зейнетке одан ертеректе шыққан. Еңбек кітапшаларының бірін жоғалтып алып, «жөні түзу» зейнетақы алуға еңбек стажы артығымен жететінін дәлелдей алмай, ақыры оған ең төмен зейнетақы тағайындаған.
Анна Филатова 2007 жылға дейін өздігінен жүріп-тұра алатын халде болған. Бірақ сол жылы денесінің сол жағы жансызданып қалған. Сал болып, төсекке таңылған анасына күні-түні күтім жасау үшін баласына жұмыстан шығуға тура келген.
ҮЙДЕ НАРАЗЫЛЫҚ ТАНЫТУҒА ТЫРЫСУ
Бірақ Анна Филатованың тауқыметі мұнымен бітпеген. 2013 жылы ол төсектен құлап, сол қолы мен аяғын сындырып алған. Оның айтуынша, дәрігерлер тиісті медициналық көмек көрсетпей, сынық сүйек өздігінен біткен. Шарасыз күйге түскен соң үйінде жатып аштық жариялауға бел буған. Бірақ заң бойынша бұған биліктің рұқсаты керек.
- Рұқсат берулерін сұрап, өтініш жолдадым. Аштық жариялағаннан кейін оныншы күні әкімдіктен «аштық акциясына тыйым саламыз» деген жауап келді, - дейді Анна Филатова.
Ол әкімдіктің үйде аштық акциясын өткізуге тыйымын заңсыз деп тануды сұрап, қала әкімдігі үстінен сотқа арыз берген.
2014 жыл сот сергелдеңімен өткен. Аудандық соттан бастап жоғарғы сотқа дейінгі сот инстанциялары шешімді әкімдіктің пайдасына шығарған. Барлық деңгейдегі прокуратуралар да әкімдікті жақтаған.
Бас прокуратураның шапшаңдық танытып жолдаған наразылық актісін жоғарғы соттың қадағалу алқасы да шұғыл қарап, Алматы қалалық әкімдігінің әрекетін Анна Филатованың азаматтық құқығын бұзу ретінде заңсыз деп танып, қысқа мерзімі ішінде Филатованың пайдасына шешім шығарып бергені қайран қалдырады.
2015 жылдың басында адвокат Жанар Балғабаева БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне Анна Филатованың «әкімдіктің тыйымы азаматтық құқығымды бұзды» деген шағымын түсірген. Сәуір айының аяғында БҰҰ-ның комитеті оның шағымы бойынша Қазақстан үкіметіне сауал жолдаған.
- Бас прокуратураның шапшаңдық танытып жолдаған наразылық актісін жоғарғы соттың қадағалу алқасы да шұғыл қарап, Алматы қалалық әкімдігінің әрекетін Анна Филатованың азаматтық құқығын бұзу ретінде заңсыз деп танып, қысқа мерзімі ішінде Филатованың пайдасына шешім шығарып бергені қайран қалдырады. Ал жоғарғы сотқа наразылық актісін бас прокурордың өзі түсірген, - дейді «Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина.
Бас прокуратура мен жоғарғы соттың шапшаң әрі оң реакциясын Бақытжан Төреғожина қарт әйелдің азаматтық құқығы бұзылғанының дәлелі деп түсіндіреді. Бірақ құқық қорғаушының айтуынша, бұл ведомстволар қарт әйелдің шағымын бір жыл бойы, яғни іс БҰҰ комиетіне жеткенше елегісі келмеген. Ал БҰҰ адам құқығы комитеті Анна Филатованың шағымы бойынша әлі шешім шығармаған. Бірақ Төреғожинаның болжамынша, комитет Филатованың пайдасына шешім шығарады деген үміт үлкен.
Азаттық тілшісімен қоштасып жатып Анна Филатова «мен әлі тірімін, әлі де өмір сүремін» деп қалды.