Мигранттар арасында туберкулез бәсеңдемей отыр

Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақта алқабында жұмыс істеп жүрген өзбекстандық еңбек мигранттары. 20 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда туберкулезге шалдыққан мигрант саны артқан дейді мамандар. Мигранттарды дертке тегін тексеретін үш жылдық жоба алты қала мен бір облысты ғана қамтиды.

Қырғызстан азаматы Еламан Астанаға 2014 жылы ата-анасымен бірге Қырғызстанның Талас облысынан көшіп келген. 2015 жылы көлік жуу орындарының біріне жұмысқа тұрған 21 жастағы жігіт сонда жүргенде сырқаттанып, алғашында мән бермеген. Тек дәрігерге қаралғанда ғана туберкулезге шалдыққанын білген.

- Дене қызуым 40 градусқа дейін көтерілді. Бір ай парацетамол ішіп жүрдім. Демікпе, бронхит пайда бола бастағасын Астанадағы емханаға бардым. Ондағылар туберкулездің ашық түріне шалдыққанымды анықтап, 8 ай тегін ем жасады, - дейді ол.

Қазір өзін жақсы сезінетінін айтқан Еламан Орталық Азиядағы еңбек мигранттары арасында туберкулезді мемлекетаралық бақылау және емдеу шараларына қатысты желтоқсанның 7-8-і күндері Астанада өткен халықаралық жиында өз тарихын мысалға келтіріп баяндама жасады.

Науқастың өкпесінің рентген суретін қарап тұрған дәрігер. (Көрнекі сурет.)

Жиынға Қазақстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Орталық Азия елдері, Армения, Ресей және Украинаның миграциялық органдары мен туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламаларының өкілдері, сонымен бірге АҚШ-тың USAID агенттігі, Халықаралық Қызыл Жарты Ай және Қызыл Крест қоғамы федерациясы, АҚШ-тың Ратгерс ғаламдық туберкулез институты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Халықаралық миграция ұйымы қызметкерлері қатысты.

ҚАЗАҚСТАНДА НАУҚАС МИГРАНТ САНЫ АРТҚАН

Алматыдағы туберкулез проблемалары ұлттық орталығының маманы Панагүл Жазбекова Қазақстанда туберкулез дертімен тіркелген мигрант саны көбейгенін, олардың нақты санын білу қиындық туғызып отырғанын айтады.

- 2015 жылы 132 мигрантта туберкулез табылған болса, биылғы жылдың 10 айында 177 науқас анықталды. Олардың ауруға шалдығу көрсеткішін анықтау үшін елдегі мигранттардың нақты санын білу қажет. Жақында көші-қон полициясымен жасалған келісім бойынша, олар бізге тоқсан сайын қажетті мәлімет беріп тұратын болды, - дейді ол.

Туберкулезбен ауыратын мигранттар Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Астана қалаларында есепке алынған. Олардың арасында дерт Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан мен Әзербайжан елдерінен келген азаматтарда жиі кездесіп отыр дейді мамандар.

Құрылыста жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттары. Жаңаөзен, 6 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ресми дерек бойынша, 2015 жылы Қазақстан ішкі істер органдарында 100 мыңнан астам еңбек мигранты тіркеуге алынған. Қазақстанның қолданыстағы заңы бойынша, ел аумағына жұмыс істеуге келген еңбек мигранттарында медициналық анықтама болуы тиіс.

Алматыдағы туберкулез проблемалары ұлттық орталығы директорының орынбасары Мәлік Әденовтің сөзінше, Қазақстан емдеу мекемелерінде туберкулезбен ауыратын шетелдік азаматтарды екі жағдайда кепілдендірілген мемлекеттік медициналық көмек есебінен тегін емдеу тәртібі белгіленген.

- Біріншіден, егер дерт салдарынан науқас қатты ауырып жүре алмайтын жағдайда болса, екіншіден, туберкулездің жұқпалы, яғни ашық түрімен ауырса, ондай науқастарды тегін емдейміз. Ал жағдайы біршама жақсарғасын олардың қолдарына ауру тарихының көшірмесін беріп, ары қарай емделуге еліне қайтарамыз, - дейді Мәлік Әденов.

Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы мамандары келтірген дерекке сәйкес, соңғы 2 жылда Қазақстанда туберкулезге шалдыққан 91 мигрантты емдеуге 6 миллион теңге жұмсалған. 2016 жылы туберкулезге қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, дәрі-дәрмек алу, елдегі туберкулезден емдейтін 70 аурухана шығынын қоса есептегенде, бюджеттен 35 миллиард теңге бөлінген.

МИГРАНТТАРҒА АРНАЛҒАН ЖОБА

БҰҰ жанындағы халықаралық «Stop TB» серіктестігі атқарушы директорының орынбасары Сабху Субанандтың сөзінше, әлемде жыл сайын 9 миллионнан аса адам туберкулезге шалдығып, оның 1,8 миллионға жуығы дерт салдарынан қайтыс болады. Халықаралық ұйым өкілі туберкулез Үндістан, Қытай, Индонезия, Нигерия тәрізді халқы көп мемлекеттерде кең тарағанын, сонымен бірге Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жағдай да күрделі екенін айтады.

Халықаралық «Stop TB» серіктестігі атқарушы директорының орынбасары Сабху Субананд. Астана, 7 желтоқсан 2016 жыл.

- Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінде туберкулез дәріге төзімді және оны емдеу қиындық тудырады. Осы өңірлерде мигранттар арасында да дерт тараған. Сондықтан, мигранттардың емделуіне жағдай жасалуы тиіс және медициналық көмектен өзге олардың құқықтарының тапталмауын да қадағалау қажет, - дейді Сабху Субананд.

Қазақстанда мигранттарды туберкулез дертіне тегін диагностикадан өткізу шарасына Project HOPE халықаралық денсаулық сақтау ұйымы демеушілік етеді. Ұйымның Қазақстандағы үйлестірушісі Бахтияр Бабамурадовтың айтуынша, 2014 жылдан бастап Қарағанды, Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент қалаларында және Алматы облысында мигранттар арасындағы туберкулезге қарсы үш жылға жоспарланған іс-шаралар атқарылып жатыр.

- Мигранттарды қабылдайтын 45 емханамен келісім жасалған. Оларға ауруды дер шағында анықтап, емдеуге жұмсаған шығынын өтейміз. Бір жарым жылда 35 мыңнан астам мигрантқа ауру жөнінде ақпарат берілді. Мигранттардың 5,5 мыңы тексеруден өтті, - дейді ол.

Туберкулез ауруы жөнінде мигранттарға арналған анықтамалар. Астана, 8 желтоқсан 2016 жыл.

Бабамурадов 2017 жылы туберкулезді шекаралық бақылау мақсатында Қазақстан және көршілес бірнеше мемлекет арасында арнайы құжатқа қол қою жоспарланып отырғанын айтады.

Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы деректері бойынша, Қазақстанда 2015 жылы дертке шалдығу көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға, ауру салдарынан болатын қаза көрсеткіші 22,4 пайызға кеміген. Елде туберкулезге шалдыққандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 58,5 адамды құрайды, қаза көрсеткіші - 3,8.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, соңғы он жылда Қазақстанда туберкулезге шалдығу көрсеткіші 2,2 есе, өлім-жітім саны - 5 есеге азайған.