ОА-дағы непотизм мен әулеттер билігі

Солдан оңға қарай: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Орталық Азияда әулеттік билеу дәстүрі қайта орнығып келеді. Аймақтағы бес мемлекеттің үшеуінде бұл құбылыс айқынырақ көріне бастады.

ОА-ның төрт бірдей елінде қартайып бара жатқан басшылардың орнынан кететін сыңайы байқалмайды. Бірақ олардың билігі аяқталған соң артында қалатын мүліктік һәм саяси мұрасының тағдыры не болмақ? Отбасы мүшелері қайтпек?

Орталық Азиядағы (ОА) бес елдің кемінде үшеуі қазір «билікті президент әулетінің қолынан шығармау» позициясын таңдаған тәрізді. ОА-да бұрын да болған непотизм бүгінде ашық әрі айқын сипатқа ие болды.

Осы мәселені Азаттық радиосының Түркімен қызметі сарапшылармен талқылады. Пікірталасқа Вашингтоннан Diplomat журналының ОА жөніндегі редакторы Кэтрин Путц, Лондоннан Шығыс және Африка мәселелерін зерттеу орталығының сарапшысы Әлішер Ильхамов және Бішкектен Human Rights Watch ұйымының ОА жөніндегі маманы Стив Свердлов қатысты. Сұхбатты Азаттық радиосы Түркімен қызметінің директоры Мухаммад Тахир жүргізді.

Советтік кезеңді қоспағанда ОА аймағында ғасырлар бойы әмірлер мен хандар және олардың әулеттері билік құрып келген. Ильхамов мұның түп-тамыры отбасылық шаруашылыққа негізделген тұрмыс-салтта жатқанын айтты. Оның айтуынша, ОА аймағы бұрыннан үлкен әулеттер қауымдасып өмір сүретін ауылдардан құралған және ауылдың тіршілігі әулет шаруашылығына негізделген.

«Қазір сондай әулет экономикасы, отбасылық басқару жүйесі қалыптасып отыр» дейді ол.

Ильхамов Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды мысалға келтірді. «Ауылда өскен ол өзінің үлкен әулетін астанаға [алдырып], әрқайсысын жұмысқа орналастырды, сөйтіп ескі өмір салтын қайталады» дейді ол.

БИЛІКТЕГІ ТУЫСТАР

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен оның ұлы Рустам Эмомали.

Қаңтар айында Тәжікстанда «президенттікке екі мерзімнен артық сайлануға болмайды» деген талапты алып тастайтын заң жобасы ұсынылып, ол ақпан айында қабылданды. Бұл заң төрт рет қатарынан сайланған Рахмонның өмір бойы билікте қалуына мүмкіндік береді.

Свердлов Тәжікстанда президент болудан үміткердің жас шегі 35-тен 30 жасқа дейін төмендетілгенін де еске салды. «Бұл Рахмонның жасы 28-ге толған ұлы Рустам Эмомали үшін әдейі жасалып отыр деген пікір жиі айтыла бастады» дейді ол. Бұл елде келесі президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс.

Сонымен бірге, сарапшы Рахмонның қызы «президент әкімшілігінің басшысы қызметіне кіріскенін» де атап өтті. Президент өзінің 38 жастағы қызы Озоданы қаңтардың 27-сі күні орынға тағайындаған.

ОА басшыларының ішінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туыстарын билікке алғаш болып әкеле бастады. Назарбаевтың да, Өзбекстан басшысы Каримовтың да ұлдары жоқ. Дегенмен Қазақстан президентінің шетелде тұратын екінші және үшінші әйелдерінен басқа балалары, соның ішінде бір ұлы бар екені туралы дәлелсіз қауесет жиі айтылады.

АЛҒАШҚЫ СҮРЛЕУДІ САЛҒАН – НАЗАРБАЕВ

Назарбаевтың тұңғыш қызы – Дариғаның күйеуі Рахат Әлиев 1996 жылы салық комитетінде жұмыс істей бастады. 10 жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде медициналық білімі бар Әлиев сыртқы істер минстрінің орынбасары лауазымына дейін жоғарылады. Тіпті оны президенттің мұрагері деген болжамдар да болды. Алайда күйеубала тағдыры басқаша шешілді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға Назарбаеваның (мәжілістің вице-спикері кезі) Назарбаевтың сайлаудан жеңу құрметіне қойылған концертке келген кезі. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Бұрындары бизнес саласында жүрген Дариға Назарбаева 2000-жылдары саясатпен айналыса бастады. Ол 2004 жылы парламент депутаты болды, ал 2015 жылы премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды. Былтыр желтоқсанның 26-сі күні президент Назарбаев 37 жастағы немере інісі Самат Әбішті ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бірінші орынбасары етіп қызметке қойды. Президенттің Рахат пен Дариғадан туған үлкен жиені - 31 жастағы Нұрәлі Әлиев Астана қаласы әкімі орынбасары болса, Британиядағы Sandhurst әскери академиясының түлегі – Назарбаевтың 25 жастағы жиені Айсұлтан Назарбаев қорғаныс министрлігінде қызмет істейді.

Түркіменстанда «мұрагерлік» мәселесі қалай шешіліп жатқанын анықтау қиынырақ. Президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтың немересі Керимгулы атасымен бірге бірнеше рет мемлекеттік телеарнадан көрсетілді. Керимгулы әлі тым жас, ал «президент өз ұлы Сердарды орнына қалдыруға дайындалып жатыр» деген ақпарат Түркіменстанда жиі айтылып келеді.

Журналист Тахирдің айтуынша, президент Бердімұхаммедовтың күйеубаласы Ихлашгелді Аманов – бұл елдің Лондондағы энергетика мәселелері жөніндегі өкілі, ал қарындасы Ашғабад аймағындағы ең ауқатты кәсіпкерлердің бірі деген ақпарат бар.

Қырғызстандағы қазіргі жағдай мүлде бөлек болғанымен, бұл ел мұның алдында екі мәрте «династия соқпағымен» жүріп көрген. Елдің алғашқы президенті Асқар Ақаевтың екі бірдей баласы 2005 жылғы парламент сайлауына түсіп, екеуі де жеңіске жеткен. Оның орнына келген Құрманбек Бакиев өз інісі Жанышты қауіпсіздік қызметінің басшысы етіп тағайындаса, ұлы Максим іс жүзінде елдің экономикасын басқарған. Ол кезде Максим 30-дан жаңа асқан еді.

«ДОС ТАҢДАҒАНМЕН, ТУЫС ТАҢДАЙ АЛМАЙСЫҢ»

Кэтрин Путцтың айтуынша, «үкіметке өз отбасыңның мүшелерін, жақындарыңды әкелу уақытша пайда беруі мүмкін, бірақ әулет ішінде жік туғанда бұл жүйе жұмыс істемей қалады».

Стив Свердлов Өзбекстан басшысы Ислам Каримов пен оның үлкен қызы Гүлнара Каримованың арасындағы жағдайды мысалға келтірді. Бір кездері биліктен басты үміткер саналған ол әлеуметтік желілер арқылы әкесінің айналасындағы лауазымды тұлғаларды, өз анасын және сіңлісін жамандай бастаған соң бірден «құлдырап», қазір Ташкентте үйқамақта отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен оның бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев (Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі). Астана, 2001 жыл.

Свердловтың айтуынша, «отбасындағы араздасу, дау-дамай мен келіспеушілік бұл басшыларға қатты әсер етеді». Сарапшының пікірінше, бұл Қазақстанның жағдайында айқын көрінді. Өз елінде «ауыр қылмыстар жасады, соның ішінде бұрынғы қайынатасын биліктен күшпен тайдырмақ болды» деп айыпталған Рахат Әлиев Еуропада отырып Қазақстан үкіметіндегі жемқорлық, оппозиционерлерді өлтірту әрекеттері туралы компромат материалдар жариялаумен болды. Әлиев Автрсия түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза тапты.

«ОЛАР – КҮРЕСКЕР ТҰЛҒАЛАР ЕМЕС»

Рахмон мен Бердімұхаммедов билікті өз отбасының мүшесіне мұрагерлік жолмен тапсыруға ыңғайланып жүрген сыңайлы. Ал Назарбаев билік шеңбері мен отбасы мүшелерінің арасынан өзіне адал мұрагерді таңдауы ықтимал. Ислам Каримов те осындай үмітпен жүрген тәрізді.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев ұлы мен қызы депутаттыққа сайлана салысымен биліктен кетті. Қырғызстан халқы үкіметке түрлі себептермен наразы болған, ал президент балаларының парламентке өтуі наразылықты ушықтырып жіберді. Бакиев те Ақаевтың кебін киді. Ұлы Максимді экономикалық даму мекемесінің басшысы етіп тағайындағаннан соң жарты жыл өткенде ол да тақтан тайдырылды.

ОА елдері басшыларының балаларының да қалай өсіп, жетілгені халықтың көз алдында. «Атамбаевтан басқалары билікке бару үшін өз идеялары үшін күрескен емес, оларды қамқоршылары орнына қойып кеткен» дейді Путц.

Олар - революция көсемдері де, билікке жету жолында күш-қайратын сарп еткен күрескер тұлғалар да емес. Сондықтан, қазіргі лидерлерге билікті туыстарына беру оңайға түспейді.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тіліненаударған – Мұхтар Екей.