"Қырғызстанның Шу облысындағы Төмөнкү Нооруз ауылында уақытша қамау абақтысынан қашып шыққан тоғыз тұтқынның бесеуі ұсталды" деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы.
Қырғызстанның мемлекеттік жазаны атқару жүйесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, №50 уақытша қамау абақтығысынан қазанның 12-сіне қараған түні тоғыз тұтқын қашып шықты. Тұтқындардың жолын бөгеген абақтының үш қызметкері қаза тауып, біреуі ауыр жараланды. Абақтыдан қашқан кезінде тұтқындардың бірі қарауыл оғынан жараланды. Оқиғаның қалай болғаны егжей-тегжейлі айтылмайды.
Мемлекеттік жазаны атқару қызметінің баспасөз хатшысы Александр Никсдорф қазір қаза тапқан түрме қызметкерлерінің аты-жөні нақтыланып жатқанын, олардың майор, старшина және прапорщик шенді қызметкерлер болғанын хабарлады. Подполковник Тілек Абылғазиев әл үстінде ауруханаға түскен.
Тараған ақпараттардан оқиғаның жалпы сұлбасын байқауға болады. Мемлекеттік жазаны атқару жүйесі қызметкері ішкі істер министрлігіне тұтқындардың қашып кеткенін және олардың қандай көлікті айдап әкеткенін хабарлап, қашқындарды ұстау операциясы басталған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 12 қазан күні түн ортасында жол патруль полициясы қашқындар мініп кетті деген Toyota Estima маркалы көлікті тоқтатпақ болған. Бірақ көлік жүргізушісі тоқтау туралы бұйрыққа бағынбаған, ескерту ретінде әуеге атылған оқты да елемеген. Бұдан соң жол патруль полициясы көліктің доңғалағын атып, оны тоқтатқан. Көлікте болған тоғыз адамның бесеуі ұсталып, төртеуі қашып кеткен. Ұсталғандардың біреуі ауруханаға жеткізілген. Қашқындарды тінту кезінде кесетін заттар табылған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу басталған, қашып кеткен төрт адамды іздеу шаралары жасалып жатыр.
Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев түрме басшылығы мен қарауылдардың жауапкершілігін тергеуді тапсырды. Премьер бұған қоса Бішкектегі барлық стратегиялық нысандарды ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Олар бірнеше жыл бұрын терактілер ұйымдастырды деген айыптармен ұсталған. Қашқындардың үшеуінің "Жайшуль Махди" террористік ұйымына мүше болғаны дәлелденді.
Алексей Никсдорф әлі ұсталмаған төрт тұтқынның екеуі өмір бойына түрме жазасын өтеп жатқан, екеуі тергеуде болғанын, олардың барлығы "діни экстремизм, терроризм айыбы бойынша сотқа тартылғанын" айтады.
- Олар бірнеше жыл бұрын терактілер ұйымдастырды деген айыптармен ұсталған. Қашқындардың үшеуінің "Жайшуль Махди" террористік ұйымына мүше болғаны дәлелденді, - деді Никсдорф.
Ол "әзірше тергеу құпиясына байланысты тұтқындардың қалай қашып кеткені жайлы егжей-тегжейлі айта алмайтынын" мәлімдеді.
Мемлекеттік жазаны атқару қызметі қашып кеткен төрт адамның аты-жөнін жариялады:
Алтынбек Итибаев - Ош қаласы тұрғыны, бұрын сотталған.
Эдиль Абдрахманов - Шу облысы тумасы. Бұрын сотталмаған.
Азамат Мусуралиев - Қарақол қаласы тумасы, бұрын сотталмаған. "Жайшуль Махди" ұйымының "белсенді мүшелері" болған.
Данияр Қадыралиев - Жұмғал ауданы тумасы.
Мемлекеттік жазаны атқару қызметі бұл төрт адамның алғашқы үшеуі "Жайшуль Махди" террористік ұйымының "белсенді мүшесі болғанын" айтып, азаматтарды қырағы болуға шақырды.
ВИДЕО: Түрмеден қашқандарды іздеу шарасы
Your browser doesn’t support HTML5