Оқушылардың үш ай демалысы да аяқталып келеді. Азаттық радиосы мектеп жасындағы балалар жазғы демалыстарын қалай өткізіп жатыр деген сауалға жауап іздеген еді. Қазақстандық балалардың көпшілігі ата-анасына қолқабыс жасап, жұмыс істеген болып шықты.
Балалар өздері тапқан азын-аулақ қаржысына сабаққа қажетті оқу-құралдарын сатып алмақшы. Отбасының бюджетіне салмақ болғысы келмейді.
Бірақ Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зүлфия Байсақова баланың жұмыс істеуі оның денсаулығы мен сабақ үлгеріміне әсер етпеуі тиіс деп атап көрсетеді.
Сонымен қатар, Адам құқығын қорғаушы ұйымдар балалардың еңбегін пайдалануға қарсылық танытып, оларды қорғау керек, балалық шағын ұрламау қажет дейді.
Таяуда Human Rights Watch ұйымы Қазақстандағы еңбек мигранттарының балалары темекі алқаптарында азапты жұмыс істеп жатыр деген есебін жариялаған еді. Темекі плантацияларында оның денсаулыққа зиянды екендігіне қармастан, он жасар балаға дейін жұмыс істеген кездері болған мысалдар айтылған:
- 2009 жылы «Хьюман Райтс Вотч» бала еңбегінің темекі өсіруге, жинауға пайдаланылған 72 мысал тіркеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл өте ауыр және денсаулыққа зиян болғандықтан, онда бала еңбегі мүлде қолданылмауы тиіс, - деп ескертті "Хьюман Райтс Вотч" ұйымының Орталық Азия мен Еуропа бөлімінің аға қызметкері Джейн Бьюкенен.