"Адамды билік басында отырғанда жазалау керек". Дариға Назарбаеваның үйлерін зерттеген ғалыммен сұхбат

Сол кезде Қазақстан парламенті сенаты спикері болған Дариға Назарбаева (оң жақта) елдің бұрынғы президенті, әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құрметті сенатор" төсбелгісін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 жыл.

Ұлыбритания Назарбаевтардың Лондондағы зәулім үйлерін тәркілеп, оның отбасына санкция сала ма? "Ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Батыс елдері санкция салуы мүмкін бе? Азаттық бұл туралы Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің ғылыми қызметкері, Chatham House сараптама орталығының шақырылған сарапшысы, Орталық Азиядағы саясат пен жемқорлықты зерттеуші Том Мейнмен сөйлесті.

Дариға Назарбаева зәулім үйін не үшін сатуға қойды?

Азаттық: Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевке тиесілі делінетін Лондондағы Дэнвуд-роуд көшесінде орналасқан зәулім үй сатуға қойылғаны жайлы хабарландыру Winkworth риелтор компаниясы сайтында жарық көрді. Азаттық бұл туралы жазған соң риелтор компаниясы сайтындағы хабарландыру алынып тасталды. Неге деп ойлайсыз?

Эксетер университетінің ғылыми қызметкері, Chatham House сараптама орталығына шақырылған сарапшысы Том Мейн.

Том Мейн: Бұл Дариға Назарбаева үшін жағымсыз жарнама болғаны анық. Қазақстан президенті Тоқаев экс-президент [Назарбаев]кезінде байыған адамдар туралы айтты. Ол ешкімнің атын атамаса да, Дариға Назарбаеваның дәулеті кемінде 595 миллион долларға тең екенін білеміз. Мұндай байлыққа әлемдегі ең табысты кәсіпкерлер ғана қол жеткізуі мүмкін, олардан өзгелердің мұндай байлыққа иелік етуі ақылға сыймайды. Бассейн, сауна, жеті жатын бөлме мен керемет бақшасы бар зәулім үйдің видеосы Youtube желісінде жарияланғаны Дариға Назарбаеваны ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Сондықтан ол үйді саудадан алып тастады немесе өз адамдарына видеоны алып тастауды бұйырды. Бәлкім, ол енді үйді жасырын сатуға тырысатын шығар. Қазір сол видео жарияланған Youtube парақшасына барсаңыз, ол авторлық құқыққа байланысты шағым бойынша алынып тасталды деп тұр. Ол рас болуы мүмкін, өйткені видеоны жариялаған Freedom for Eurasia үкіметтік емес ұйымында үйдің фотоларына авторлық құқық жоқ. Бірақ бұл жерде ешкім [авторлық құқық бойыша шағым түсіретіндей] ән немесе фильмді ұрлаған жоқ. Бұл Қазақстан халқы жоғары лауазымды қызметте болғандардың ақылға қонбайтын байлығын көрсін деген ниетпен, қоғам мүддесі үшін жарияланды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лондонда Назарбаева мен Әлиевтікі деген үй 11,8 млн долларға сатылымға шығарылды

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлыбритания парламентінде сол елде байлығын жасырған Қазақстанның дәулетті адамдарына санкция салу мәселесі көтерілген. Дариға Назарбаева Лондон шетіндегі үйін не себепті сатып жатыр деп ойлайсыз? Бұл санкциялар салына қалған жағдайда айналып өту үшін жасалып жатқан жоқ па?

Том Мейн: Ол үй Қаңтар оқиғаларына дейін, меніңше, 2021, тіпті 2020 жылы сатуға қойылған деп ойлаймын. Бірақ Freedom for Eurasia үкіметтік емес ұйымы видеосын жариялағанша ешкім оның сатылып жатқанын байқамады. Ол Ұлыбританияда "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері бойынша істе жеңіске жеткен соң, тергеу аясында осы үйдің мекенжайы жарияланды. Яғни [істегі] үйлердің мекенжайы жалпақ жұртқа белгілі болды.

"Шығу төркіні белгісіз байлық" ордері (UWO - Unexplained Wealth Order) британ құқығында 2018 жылы қаңтарда енгізілген жаңа құрал, ол қылмыстық жолмен табылған капиталды Ұлыбритания аумағында заңдастыруға тосқауыл қою үшін қабылдаған. Құқық қорғау органдары бұл ордерді белгілі бір активтің шын иесін анықтау үшін қолданады. Ордерге "кінәсіздік презумпциясы" жүрмейді, яғни мүлікті заңды ақшаға алғанын оның иесі дәлелдеуі тиіс. Уәжді сенімсіз деп тапса, сот мүлікті тәркілеу туралы шешім шығаруы ықтимал.

Бәлкім, ол бұл жылжымайтын мүлік енді керек емес деген шығар. Мүмкін Ұлыбританияда шектеу көбейіп жатыр деген пайыммен оны сатып, ақшаны басқа жаққа аударайын деген болар. Жоғарыда санкция туралы айттыңыз, мұның да жаны бар.

Жылжымайтын мүлік агенттері мен солиситорлар (Ұлыбританияда төменгі сот инстанцияларында істерді жүргізе алатын адвокаттар – ред.) заңсыз жолмен табылған ақшаның ізін жасыруға қарсы күрес ережелері бойынша, байлықтың шығу төркінін білу үшін саясаткерлер мен олардың туыстарын көрсетіп отыруы керек.

Сондай-ақ ақшаның ізін жасыру немесе заңға қайшы әлдебір әрекет болды деп күмәнданса, есеп беруге міндетті. Дариға Назарбаева "шығу төркіні белгісіз байлық" ісінде жеңіске жетсе де, бұл оның дәулеті заңды жолмен табылған дегенді білдірмейді. Сондықтан бұл мүлікке қатысты әрекет жасайтын тұлғалар заңсыз жолмен табылған ақшаның ізін жасыруға қарсы ережелерді қаперде ұстауы керек. Әсіресе Ұлыбритания парламентінде жемқорлыққа қарсы ғаламдық санкциялар режимі бойынша санкциялар салынуы мүмкін тұлғалар арасында Дариға Назарбаеваның аты аталғанын ескерген жөн.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар, Шерлок Холмс үйі және "корольге сыйлық"

Дариға мен Нұрәли қорғап қалған Бейкер-стриттегі үйлер бойынша жаңа іс қозғалуы мүмкін бе?

Азаттық: Жақында сіз және Джон Хизершоу жазған "Қылмыстық әрекетке қарамастан" есебінде Лондонның Бейкер-стриттегі құны 137 миллион фунт-стерлинг көппәтерлі үй Дариға Назарбаеваға тиесілі болуы мүмкін болса да, оған "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері қолданылмағаны айтылады. Бұл көппәтерлі үй неге "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері бойынша тергелмеді?

Том Мейн: Мұның анығын білмейміз. Сот отырысына қарап, Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі (NCA - National Crime Agency) ордер шығару үшін Назарбаев/Әлиев отбасының арасындағы байланысты анықтай алған жоқ деген қорытынды жасауға болады. Алайда олар жан-жақты тергеу жүргізсе, жіптің ұшы 2019 жылға дейін [Бейкер-стриттегі] жылжымайтын мүліктің директоры болған Массимилиано Далл’Оссоға апаратынын байқар еді. Ол Дариға Назарбаеваның жеке көмекшісі болды, оның 2019 жылға дейін жылжымайтын мүліктің директоры болғаны бұл үйлердің артында Дариға тұруы мүмкін екенін көрсетеді.

Біз байқаған құжатта 2015 жылы жылжымайтын мүліктің 90 пайызы Дариға Назарбаеваға, 10 пайызы [оның ұлы] Нұрәли Әлиевке тиесілі болғанын көрсетеді. Манреса-роуд пен Бейкер-стриттегі жылжымайтын мүлікті сатып алудың көзі бірдей делінді. Ол – Дариға шамамен 2010 жылы сатқан Нұрбанктегі акциялар. Егер екі мүлік те бір байлық көзіне сатып алынса, иелері бір болса, [Бейкер-стриттегі үйге де] "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері қолданылуы керек еді. Қылмыспен күрес агенттігі тиісті деңгейде жан-жақты зерттеу жүргізбегендіктен, ордер қолданбады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар Лондондағы үйлерін сақтап қалды. Енді "делдалдарға" тықыр таянды ма?

Жақында біздің зерттеу жарық көрді. Оларға (қылмыспен күрес агенттігіне – ред.) қазір ордер қолдануға еш кедергі жоқ, меніңше, ол қолданылуы керек. Ал егер жылжымайтын мүлік сатылып кеткен болса, ол қалай сатылғанын білуіміз керек. Өйткені бұл жерде мәселе тек қомақты сомада емес, үй Лондонның айтулы көшесінеде орналасқан. Сол ғимаратқа көршілес Шерлок холмс музейі тұр, бағымызға қарай оған Назарбаева иелік етпейді. Дегенмен жылжымайтын мүліктің Лондондағы әйгілі көшеде тұрғаны қоғам мүддесі оның иесін анықтаудың қоғам үшін маңызды екенін көрсетеді.

Азаттық: Зерттеуде қылмыспен күрес агенттігі қолданған "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері бір рет қана сәтті нәтижеге жетті, ол – әзербайжандық Гаджиеваға қатысты ордер делінген. Ол – Әзербайжан халықаралық банкінің бұрынғы жетекшісі, Әзербайжанда 2016 жылы алаяқтық пен ақша жымқыру ісі бойынша 15 жылға сотталған Джахангир Гаджиевтің әйелі. Мұның себебі – ордер шығарылған уақытта Гаджиев түрмеде отырды, билік басындағылардың қолдауы болмады. Есесіне Дариға Назарбаева ордер қолданылған уақытта лауазымды қызметте болды, қылмыспен күрес агенттігі сол себепті жеңілді депсіздер. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар отбасы жоғары қызметтерден алынды. Енді қылмыспен күрес агенттігі Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев қорғап қалған үш зәулім үйге қатысты істі қайта қозғай ала ма?

Том Мейн: Меніңше, қылмыспен күрес агенттігі бұған дейін дәл сол жылжыматын мүлік ісінде жеңіліп, аузы күйгендіктен, тура сол мүлікке қатысты "шығу төркіні белгісіз байлық" ордерін екінші рет қолданбайды, бұл екі есе қауіпті. Жалпы екінші рет ордер беруге бола ма, білмеймін. Өйткені адам бір қылмыс үшін кінәсіз деп танылса, оны қайта сотқа тарта алмайсың. Әрі бұл қылмыстық процесс емес.

Қазақстандағы жағдай өзгерді деген ойыңызды түсіндім. Бірақ қылмыспен күрес агенттігі қазір "шығу төркіні белгісіз байлық" ордерін қолдануға болатын басқа нысандар іздеп жүр деп топшылаймын.

Гаджиев жайлы айтар болсақ, Гаджиев те, Нұрәли Әлиев те өз банктерін басқарғанда ұқсас әрекеттерге барды. Олар өз банктері арқылы несие алып, ақшаны аралық компанияларға аударып, артынша оған жылжымайтын мүлік алып жүрген сияқты.

Гаджиевтерге қарсы істің нәтижелі болуының себебі, расында да, ол бұл уақытта түрмеде болып, қызметтен айырылғандықтан, Әзербайжан билігі "шығу төркіні белгісіз байлық" ісінде оған қолдау білдірмеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары

Ал Нұрәли Әлиев пен Дариға Назарбаеваға қатысты тергеу басталғанда олар біраз ықпалға ие болды, Дариға Назарбаева 2019 жылы сенат төрайымы қызметін атқарды. Олар Қазақстан прокуратурасынан Рахат Әлиевпен ажырасқан соң иеленген мүлкі заңды дейтін құжаттар ала алды. Бәлкім, іс қазір ашылса, тергеу органдарына саяси ықпал ету тетігі бар болғандықтан, прокуратура басқа шешім шығаруы мүмкін еді. Дегенмен Назарбаевтар отбасының қолында әлі де белгілі бір билік болуы мүмкін екенін түсінеміз. Сондықтан егер ордерді қазір қолданса, мұның арты немен бітетінін көру қызық болар еді. Дегенмен, өкінішке қарай, іс қайта қозғалады деп ойламаймын.

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаевтардың Алматыдағы сарайлары

"Қазақстан олигархтарына санкция салудың оңтайлы сәті"

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтаруды тапсырды. Тоқаев "офшорда ақша жасырғандар" туралы айтқанда ешкімнің атын атаған жоқ, дегенмен көпшілік ол Назарбаевтың отбасын меңзеді деп ұқты. Шетелдегі активтерді қайтару қаншалық мүмкін нәрсе?

Том Мейн: Меніңше, активтер елден шығарылып, ізі жасырылған соң, оларды қайтару қиын. Қазақстанда билік ауысты, бірақ бұрынғы және қазіргі президенттердің арасында байланыс бар. Билік революция нәтижесінде ауысқан Қырғызстан, Тунис, Египет немесе Ливияны алып қарасақ, белгілі бір ақша кері қайтарылды. Бірақ билік ауысқан соң елге ақшаның аздаған бөлігі − 5-10 пайызы ғана қайтарылады. Сондықтан ақша ерікті түрде немесе тергеу нәтижесінде қайтарылуы екіталай. Оның үстіне ақшаның ізі Британ Виргин аралдары тәрізді офшорда жасырылған.

Бәлкім, оны қайтарудың жалғыз жолы – адамдарды қамауға алып, ақша қайда екенін сұрау шығар. Бірақ бұл мафия тәрізді ақша бопсалауға ұқсайды. Дегенмен Қазақстанда белгілі бір дәрежеде бұл іске асып жатқандай. Мысалы, Боранбаев (Дариға Назарбаеваның құдасы, бизнесмен – ред.) пен Назарбаевтың немере інісі [Қайрат Сатыбалды] қамауға алынды. Мұның арты немен бітетіні қызық. Бірақ активтердің басым бөлігі өте жақсы жасырылғандықтан, оларды қайтару өте қиын болмақ.

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлыбритания парламентінде Қазақстандағы жемқорлық тақырыбында пікірталас өтіп, британ парламентінің мүшесі Маргарет Ходж "Қазақстан халқын тонаған" қазақ олигархтары мен экс-президент Назарбаевтың отбасы мүшелеріне санкция салуға шақырды. Ұлыбритания парламентте аты аталған отыз шақты қазақстандыққа санкция салуы мүмкін бе?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халқын тонаған клептократтар". Ағылшын парламентінде Қазақстанды талқылап, 28 адамды атады

Том Мейн: Ұлыбританияда АҚШ-тағы "Магнитский заңына" ұқсас "Жемқорлыққа қарсы ғаламдық санкциялар" режимі бар. Бұл жемқорлыққа қатысы бар деп күдікке ілінген кез келген адамға Ұлыбритания санкция сала алады деген сөз. Меніңше, Маргарет Ходж нақты дәлелдер келтіріп, ол тұлғаларға санкция салу қажет екенін негіздей алды. Бірақ тіпті бұл бағытта бізден көшілгері АҚШ әзірге Орталық Азиядан шыққан екі азаматқа ғана санкция салды. Олардың бірі – түрмеде отырғандықтан санкцияны оңай сала салуға болатын [Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы] Гүлнара Каримова және Қырғызстандағы [Райымбек] Матраимов (Заңсыз жолмен алған кірісті заңдастыру бойынша үстенен іс қозғалып, кейін ісі тоқтатылған Қырғызстан кеден басшысының бұрынғы орынбасары - ред.). Ол туралы OCCRP (Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы - ред.) көп материал жазды. Сондықтан егер АҚШ-тың өзі Қазақстан азаматына санкция салмаса, Ұлыбритания бұған баратын-бармайтыны белгісіз. Ресей Украинаға басып кіргелі Ұлыбритания Ресейге санкция салумен әуре болып кетті, сол себепті Қазақстанға қатысты санкциялар ұмыт қалып кете ме деген қауіп бар.

Дей тұрғанмен, меніңше, Қаңтар оқиғасы болып, бұл адамдар биліктен кеткендіктен, қазір [санкция салуға] оңтайлы мүмкіндік тұр. Сондықтан бұл адамдарға санкция салу оңай әрі Ұлыбритания үкіметі "Жемқорлыққа қарсы ғаламдық санкцияларға" қатаң қарайды дегенді көрсету үшін бұл тұлғаларға санкция салынуы керек деп есептеймін. Бірақ бұған сәл күмәнданамын, дегенмен артын күтейік.

Азаттық: Егер қазақстандық олигархтар мен Назарбаевтың туыстарына санкция салынады деп топшыласақ, онда активерді тәркілеудің механизмі қандай? Бұл активтер тәркіленген соң Қазақстанға қайтарыла ма, әлде Ұлыбритания өзіне ала ма?

Том Мейн: Бұл мәселеде көп нәрсе белгісіз. Бір адамға санкция салса, бұл оның активтерін тәркілеу емес, бұғаттау ғана. Адам ықтимал қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінсе, мүлікті тәркілеу бойынша азаматтық процесте санкциялар мәселесін көтеруге болады. Мысалы, ықтимал пара алу қылмысы бойынша санкция қолдануға болады. Ұлыбритания заңы бойынша осы елдің азаматы немесе осы елде дүние-мүлкі бар, яғни елмен байланысы бар азаматтарға пара беруге немесе пара алуға болмайды. Осылайша азаматтық процесс кезінде активтерді бұғаттау үшін жемқорлыққа қарсы заңды қолдануға болады. Бірақ егер қылмысқа тікелей қатысы болмаған жерде дүние-мүлікті бұғаттау қиын.

Қандай да бір тұлғаға санкция салынған жағдайда оған тергеу жүріп жатқан уақытта ол мүлікті сатуға, жүріп-тұруына тыйым салуға болады. Ал тергеу аяқталған соң не болады дегенге келсек, бұл сол азаматтардың еліне байланысты. Яғни Қазақстан үкіметінің "бұл Қазақстанда ұрланған ақша, ол елге қайтарылуы қажет" деуіне болады. Ал үкімет олай сұрамаған жағдайда ақша Ұлыбритания бюджетіне аударылып, басқа зерттеулер жасауға жұмсалуы мүмкін.

Азаттық: Яғни Қазақстан үкіметі бұғатталған ақшаны сұратса, Ұлыбритания оны қайтара ма?

Том Мейн: Иә. Ақшаны қайтару әдетте солай іске асады. Гүлнара Каримованың ісінде солай болды. Ақшаны Өзбекстанға қайтарғыңыз келсе, ол ашық жолмен жасалып, басқа олигархтардың қолына түспеуі керек. Бірер жыл бұрын Швейцарияда бұғатталған 48 миллион долларды Қазақстанға қайтару ісіне қатыстым (Швейцария прокуратурасы "Қазақстан халқынан ұрланды" деп бұғаттап, 2011 жылы елге қайтарға ақша – ред.). Бұл ақша Қазақстанға қайтарылған соң, жастар жобасын қаржыландыруға жұмсалды, ал ол жобаның биліктегі "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясымен анық байланысы бар болып шықты. Яғни елден ұрланып Швейцарияға аударылған ақша жеме-жемге келгенде Назарбаев партиясының пропагандасына жұмсалды. Біз болашақта ақшаны елге қайтарғанда мұндай жағдайдан аулақ болғымыз келеді.

"Қазақгейт" тергеуі (2000 жылдары Қазақстан басшылығына пара берді деп айыпталған америкалық бизнесмен Джеймс Гиффеннің ісі - ред.) нәтижесінде ақшаны елге қайтарудың жақсы мысалы "Бота" қоры. Бұл ақшаның бір бөлігі батыстағы кеңесшілерге жұмсалғаны рас, бірақ елге қайтқан ақша мүмкіндігі шектеулі балалар мен жағдайы төмен отбасыларға көмектесуге жұмсалып, қандай да бір саясаткердің қалтасына түсуіне жол берілмеді.

Батыс елдері "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген Тоқаевқа санкция сала ма?

Азаттық: Осы уақытқа дейін қазақ олигархтарына қарсы санкциялар салу мәселесі көтерілді. Бірақ Қаңтар оқиғасында Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" бұйрығы жайлы Батыс елдері үнсіз. Тоқаевтың жаппай тәртіпсіздіктің артында "шетелдік террористер тұр" деген мәлімдемесіне әлі күнге дәлел жоқ. Ақпарат құралдары, халықаралық ұйымдар бейбіт тұрғындардың оққа ұшқанын жан-жақты жазды. Тіпті Қазақстанның бас прокуратурасы 20 адамның кездейсоқ оққа ұшқанын мойындады. Олай болса, Тоқаевқа санкция салу мәселесі неге көтерілмейді?

Том Мейн: Chatham house зерттеу орталығына жазған мақаламда Тоқаевқа санкция салу мәселесін көтердім. Меніңше, тергеу жүріп, Тоқаев адам құқықтарын өрескел бұзғаны анықталса, онда оған санкция салынуы тиіс. Ал ол адам құқықтарын бұзған болуы мүмкін. Өйткені қаза тапқандардың көпшілігі террорист болмаған, тіпті арасына наразылыққа қатыспағандар бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мүліктен гөрі адам өміріне басымдық берілуі керек". HRW Қаңтар оқиғасын бейтарап тергеуге шақырды

Алайда Ұлыбританияның Беларусьпен салыстырғанда Қазақстанмен қарым-қатынасы жақсы. Сол себепті жемқорлыққа қарсы заң аясындағы санкция туралы айттым, өйткені, меніңше, Тоқаевқа санкция салғаннан гөрі жеке тұлғаларға (олигархтарға) санкция салған оңай. Қазақстанның Ұлыбританиямен немесе АҚШ-пен саяси қарым-қатынасын ескерсек, Тоқаевқа санкция салынуы екіталай.

Азаттық: Назарбаев пен оның жақындарына келсек, оларға санкция салу туралы мәселе британ парламентінде көтеріледі дегенді бұрын тіпті елестету қиын болатын, бұл олардың билігі әлсіреген соң көтерілді. Сол сияқты АҚШ, Ұлыбритания Тоқаевқа санкция салу мәселесін әйтеуір бір көтеруі мүмкін бе?

Том Мейн: Солай болады деп үміттенемін. "Магнитский заңы" қабылданғанда санкция билікте отырған адамдарға салынады, бұл олардың адам құқықтарын бұзуына, жемқорлыққа әсер етеді деген мақсат көзделді. Бірақ санкциялар бұл адамдар биліктен кеткенде ғана қолданылады деген қауіп бар. Гүлнара Каримованы мысалға алсақ. АҚШ оған айып тағып, санкция салды, алайда ол енді жемқорлыққа баруы мүмкін емес, өйткені Өзбекстанда түрмеде отыр. Сондықтан біз мұндай адамдарды олар биліктен кеткен соң ғана жазалайтын болсақ, онда бұл – мүмкіндікті құр жіберіп алу, бұл – осы адамдар билікте отырғанда адам құқықтарын бұзу әрекеттеріне көз жұма қараймыз деген сөз. Бұлай болмауы керек. Бұл "Магнитский заңының" мақсатына қайшы. Бірақ геосаясатты ескерсек, мемлекеттер басқа елдермен қарым-қатынасқа сызат түсіргісі келмейтіндіктен, билік басындағы лауазымды тұлғаларға санкция салмайды деп есептеймін.

Азаттық: Неліктен адам құқықтарын бұзған басшылар мен олардың айналасына санкция салу мәселесі олар биліктен кеткен соң ғана көтеріледі?

Том Мейн: Лукашенко немесе Путинге санкция салу туралы айту әлдеқайда оңай. Мұның себебі олардың сұмдық әрекеттерге барғанында ғана емес, Ұлыбританиямен бұл елдердің арасында саяси қарым-қатынас нашар. Ұлыбританияның Тәжікстан мен Қырғызстандағы елшілері адам құқықтары туралы мәселелерді Twitter желісінде жазғанымен, Қазақстанда осындай мәселелерді "байқамайтынымыз" таңғалдырады. Бәлкім, себебі Қазақстанда көбірек мүддеміз болғандықтан шығар. Мысалы, мұнай-газ саласында мүддеміз бар. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан компаниялары акцияларын орналастыру үшін Лондонға келді. Әрине, бұл жерде билік қарым-қатынасты шиеленістіргісі келмейді. Ал бірақ біреуді биліктен кеткен соң жазалау тым кеш, өйткені санкциялар адамдардың іс-әрекетін өзгертуге бағытталған. Сондықтан адамды билік басында отырғанда жазалау керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Салтанатты сарай, қымбат қонақ үй. Назарбаевтардың Германиядағы мүліктеріНазарбаев әулетінің Алматыдағы мүліктеріПандора құжаттары: Назарбаевтың "тоқалы" офшордан 30 млн доллар тапқан7,8 миллиард доллар. Назарбаев дәулетін қалай басқарып отыр?"Бас істесе, фамилия да жеткілікті". Болат Назарбаевтың сантехниктен ірі меншік иесіне дейін өсуі