Өзбекстан басшылығы биыл мамырдың басында қайғылы оқиғаға алып келген Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты тергеу жүріп жатқанын айтады.
Әзірге ресми органдар апатқа "күшті дауыл" себеп болған деген болжам айтып отыр. Бірақ ел ішінде, әсіресе әлеуметтік желі қолданушылар арасында қазынадан миллиондаған доллар жұмсалып, сегіз жыл салынған, 2017 жылы пайдалануға берілген Сардоба су қоймасының құрылысына қатысы бар адамдарды жауапқа тарту жайлы әңгімелер айтылып жатыр.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 922 миллион кубометр суды бөгеп, оның суын Жизақ пен Сырдария аймақтарындағы ауылшаруашылық жерін суаруға пайдалануды көздейтін бұл жобаның бастамашысы сол кездегі премьер-министр Мирзияевтің өзі болған.
Биыл мамырдың 1-іне Сардоба су қоймасы жарылған соң бұл әу баста-ақ жемқорлық пен тамыр-таныстық араласқан, ешқандай ашықтық болмаған жоба еді деген сыни пікір көбейді. Сонымен бірге бұл оқиға Өзбекстандағы ауқатты сенатор Әбдуғани Сангиновқа жұрт назарын аудартты. Кей деректер бойынша, ол өзі иелік ететін жекеменшік компания арқылы жоба құрылысына тікелей қатысқан.
Кей ақпаратқа қарағанда, 61 жастағы Сангинов – Мирзияевтің университетте оқыған кезден бірге келе жатқан досы.
Мамырдың 5-іне өткен үкімет жиынында Мирзияев "Сардоба су қоймасындағы қайғылы оқиғаға жауапты адам кім болса да, заң бойынша жазаланады" деп мәлімдеді.
Екі күннен соң Сардобаның жарылуын тергеу жөніндегі арнайы үкімет комиссиясы Әбдуғани Сангиновтың есімін жария түрде атады.
Сангинов ПЕН САРДОБА АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС
Құжаттарға сенсек, 2010 жылы Өзбекстанның су ресурстары министрлігіне қарасты "УзСувЭнерго" қауымдастығы бөгет құрылысы жобасы бойынша тендер жариялаған. Бірақ ол аса табысты жобаға бірнеше бәсекелес қатысуына мүмкіндік туғызатындай ашық болмағанға ұқсайды. Ресми дерекке қарағанда, 2008-2017 жылдары "УзСувЭнерго" қауымдастығын Сангинов басқарған. Қауымдастық кейін "УзбекГидроЭнерго" жабық акционерлік қоғамына айналған. Қазір Сангинов осы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы қызметінде.
Тендер жарияланғаннан кейін Сурхандария облысының Сариосио ауданында тіркелген "Топалаң су құрылысы" жекеменшік компаниясы келісімшартты ұтып алған. Азаттыққа Өзбекстандағы бірнеше дереккөздің айтуынша, "Топалаң" да Сариосио ауданының тумасы – Сангиновқа қарайды. Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы) "Топалаң" компаниясының қожайындары кім екенін анықтай алмады.
Қазір Сангинов Сардоба су қоймасының не себептен жарылғанын анықтайтын мемлекеттік комиссияның құрамында, яғни құрылыс процесі кезінде қандай қателік кеткенін анықтауға қатысады. Комиссияға тексеру қорытындысын шығаруға бір ай уақыт берілген.
Сангиновты бұрыннан білетін дереккөздердің айтуынша, президент пен сенатор ондаған жылдан бері таныс, олар студент кезінде бірге үй жалдап тұрған. Азаттық бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтай алмады.
Аты-жөнін атамауды сұраған мемлекеттік қызметшінің Азаттыққа айтуынша, екеуі "жақын дос" әрі олардың өте жақын ортақ достары бар.
"Сангинов, сондай-ақ, марқұм Фахриддин Низомиддиновтың жақын досы болған, ал оның інісі Зайнилобиддин – президент әкімшілігінің басшысы" дейді дереккөз.
"Сариосио ауданы басшысының орынбасары болып қызмет еткен Фахриддин Низомиддионов Мирзияевпен жақын қарым-қатынаста болған. Низомиддинов інісі Зайнилобиддинге қамқорлық жасап, оны Мирзияевке жұмыс істеуге жіберген" дейді дереккөз.
"Сангинов пен Низомиддиновтар әрдайым жақын дос болған" дейді ресми адам.
Өзбекстандағы әлеуметтік желі Сангиновтың Сардоба су қоймасымен байланысын зерттеп, оның Мирзияевпен арасындағы қарым-қатынасына шүйлігіп отырғанда, жұрттың көбін "Сардобаның жарылуына кінәлі кім болар екен?" деген сауал мазалайды.
РЕСМИ НҰСҚА
Сардоба су қоймасы мамырдың 1-іне таң ата жарылды. Сардоба, Оқолтин және Мизобод аудандарындағы 22 ауылдың 70 мың тұрғыны эвакуацияланды. Апаттан Қазақстанның Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық ауылдары қатты зардап шекті: жүздеген үй бүлініп, 31 мыңнан астам адам үй-жайын тастай қашты. 7 мың гектардан аса егістік жерді су алып, үш жүзге жуық мал өлді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Топан су, бас сауғалаған жұрт һәм шіріген мал. Мақтааралда не болды?Ресми дерек бойынша, Өзбекстанда бұл апат салдарынан төрт кісі қаза болып, бір адам жоғалып кетті, 56 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Су тасқыны салдарынан 5 мыңға жуық адам көрші Қазақстанға көшірілген.
Өзбекстан ресми органдарының айтуынша, мамырдың басында болған қатты дауыл су қоймасының бетінде "аса үлкен толқын туғызып", бөгеттің аласа бөліктеріне зақым келтірген.
"Бөгеттің биік тұсы 32 метрге, ал аласа бөліктері 28 метрге жетеді. Дауыл кезінде қойманың аласа бөліктері бұзылып, су сыртқа ағып кетті" деді Өзбекстан су ресурстары министрлігінің су қоймасын бақылау департаменті басшысы Шарифжон Қучқоров.
САРАПШЫ ПІКІРІ
Осындай жобалар жайлы хабары бар Өзбекстандағы бірнеше дереккөздің пікірінше, Сардобаның жарылуына "жемқорлық" пен "ұрлық" себеп болуы мүмкін. Осындай құрылыс жұмыстарынан хабары бар өзбекстандық маман жобаның барлық бөліктерінде ақшаны жымқыруға жол беретін "ұрлық схемасы" болатыны жайлы айтып берді.
"Ұрлық схемасы деген – өте қарапайым нәрсе. Мысалы, жоспар бойынша жобаның бір бөлігінде 1 млн текше метр құм қолдану керек болса, оның орнына тек 500 мың текше метр қолданасыз. Тас, цемент сияқты басқа құрылыс материалдарын да солай ұрлайсыз", - дейді дереккөз.
Бірақ оның дәл Сардоба су қоймасы жобасына қатысты нақты ақпараты жоқ.
"Барлығы ережеге сай жасалса, ешқандай ұрлық болмаса, бөгет бірінші дауылдан-ақ қирап қалмас еді", - дейді сарапшы.
Барлығы ережеге сай жасалса, бөгет бірінші дауылдан-ақ қирамас еді.
Оның айтуынша, мұндай схемаға қатысы бар адамдар "ерекше байып" кетеді. Сардоба су қоймасын салуға қатысқан Сырдария аймағы мердігерінің Азаттыққа айтуынша, құрылыс материалдарын ұрлау кең тараған.
"Тас, қиыршық тас сияқты құрылыс материалдарының тиісті нормадан тым аз қолданылғанын көзіммен көрдім", - дейді ол.
Оның сөзінше, кей материалдар құрылыс орнына бара жатқан жолда-ақ жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарына жүк көліктерінен тікелей сатылған.
"Жоба кәсіби тұрғыда есептеліп, лайықты түрде дайындалған болар, бірақ оның құрылысы "өзбекше бизнес" әдісімен жүргізілді", - деді ол.
Бұрынғы мердігердің айтуынша, Өзбекстанда бұл әдіс кең тараған. Азаттыққа сұхбат бергендердің барлығы мұның тым шетін мәселе екенін және оған аса жоғары лауазымды тұлғалардың қатысы барын айтып, өз аты-жөнін атамауды сұрады.
ІС ЖАБУЛЫ ҚАЗАН КҮЙІНДЕ ҚАЛМАЙ МА?
Transparency International халықаралық ұйымының жемқорлықты қабылдау индексінде 2019 жылы Өзбекстан 180 елдің ішінде 153-орынды иеленген.
Арнайы комиссия апат себебін анықтау жұмысын атқарып жатқанда, кей адамдар ресми органдар істі жылы жаба салуы да мүмкін деп топшылайды.
Су қоймасын бақылау департаментінің басшысы Қучқоров болса, Сардоба ісін тергеу ашық та әділ өтеді деп сендіріп отыр.
"Барлығын күшті дауылға жауып, нағыз кінәлілер жазасыз қалады деген сөз еш негізсіз. Үкімет комиссиясы Сардоба оқиғасының барлық себебін зерттеп, әділ қорытынды шығарады", - деді Қучқоров Азаттыққа берген сұхбатында.
Мақаланы ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тізімде жоқпыз". Тасқын үйінен айырғандардың уайымы