БӨЛІНГЕН АҚША ҚАЛАЙ ИГЕРІЛДІ?
Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінің сол жағалауында орналасқан Тұғыл деп аталатын балықшылар ауылында бес мыңға жуық адам тұрады.
2018 жылы ауылға "Ақ бұлақ" мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңадан су құбыры тартылатыны туралы жаңалықты естігенде жұрт балаша қуанған еді. 1960 жылдары салынған ескі желі ешқашан күрделі жөндеу көрмеген ауылда халықтың тең жартысы тіпті сол ескі су құбырын да пайдалана алмай келген еді.
2019 жылы қазанда жаңа су құбыры пайдалануға берілді. Бірақ жұрттың қуанышы ұзаққа бармады. 2020 жылы сәуірде мердігер компанияның жұмысты сапасыз істегені анықталды. Ауыл әкімдігі өкілдерінің айтуынша, су тартатын қондырғы мен ұңғыма дұрыс істемей, цементтің дұрыс құйылмауынан резервуар жарылып кеткен.
Жобаны атқарған мердігер компания – "ПМК құрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ол кезде Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Нәбиевтің иелігінде еді. Содан бері компания тұрғындарға ақауды жөндеп, ауылды сумен қамтамасыз етеміз деп құр уәде берумен келеді.
– Прокуратураға, "Нұр Отан" партиясының облыстық бөлімшесіне хат жаздық. Кімге барсақ та нәтиже шықпады. Сусыз отырмыз. Ауылда бес мың адам тұрады, қаншама бала мен қарт адамдар бар. Аптап ыстықта да, суықта да құдықтан су тасимыз. Суды тамызда, қыркүйекте, қазанда қосамыз деп қанша рет уәде берді. Енді 20 қарашаға дейін бітіреміз деп отыр, – дейді Тұғыл ауылының тұрғыны Нәзипа Кешубаева.
СУ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?
13 қазанда Тұғыл ауылының тұрғындары жиналып, Қайрат Нәбиевтен су қашан берілетінін білмек болды. Ол сол жерде халыққа "20 қарашаға дейін су беріледі" деп уәде еткен.
– Сенбейміз. Қалай сенесің? Олар 20 қарашаға дейін үлгермейді. Көп ұзамай жаңбыр, қар жауады, жұмысын аяқтап үлгермейді ғой? Бірақ олар қазір барлығын істеп бітірмесе, астанаға барып, үкіметтен көмек сұраймыз, – дейді Нәзипа Кешубаева.
Ауыл халқы қазір су ішіп отырған құдықтарына қыста мұз қатып қалуы мүмкін деп алаңдайды.
– Суды құдықтан тасимыз, көшемізде тіпті су колонкасы да жоқ. Құдыққа шлангі жалғап амалдап отырмыз. Өзім мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын. Су тасып әкелгенімше, балам бірдеңеге ұшырап қалса қайтемін? – дейді ауыл тұрғыны Жадыра Жүнісова.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "30 жыл болған уәде". Семей маңындағы ауылдар ауыз суға зәруАудандық әкімдік өкілдері мердігер компанияны сотқа бергенін айтады. Электронды сот кабинетінде Шығыс Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық сотына Тарбағатай ауданының сәулет өнері, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің "ПМК құрылыс" компаниясына қарсы талап арыз бергені туралы ақпарат бар. Арызда әкімдік соттан мердігер компанияны мемлекеттік сатып алу қызметінің жауапсыз қатысушысы деп танып, айыппұл салуды сұраған. Бұл іс 2020 жылы 22 қыркүйекте қозғалған.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы дерекке сәйкес, "ПМК құрылыс" компаниясы жұмысын дұрыс атқармағанына қарамастан, 2020 жылы мамырда Тарбағатай аудандық тұрғын үй-құрылыс, қоғамдық көлік және автомобиль жолы бөлімімен келісімшартқа отырған. Компания бір көзден алу әдісі бойынша 171 миллион теңгенің тендерін жеңіп алған.
ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ БӘРІ ЖАҚСЫ
Тұғыл ауылындағы су құбырын реконструкциядан өткізу жобасы 2014 жылы жасалған. Алғашында "Ақ бұлақ" мемлекеттік бағдарламасы есебінен қаржыландырылады деп көрсетілген жоба кейінірек "Өңірлерді дамыту – 2020" бағдарламасына енген.
Есепті жыл аяқталып келеді. Үкіметтің жоспары бойынша, 2020 жылға қарай барлық қала, ал ауылдардың 80 пайызы су құбырымен қамтылуы тиіс еді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2011-2019 жылдары бұл мемлекеттік бағдарламаға 692 миллиард теңге жұмсалған. 2020 жылы су құбырларын тартуға тағы 111 миллиард теңге қарастырылған.
Ресми деректе елдегі 6321 ауылдық елдімекеннің 4078-і (86,4 пайызы) орталықтандырылған су құбыры жүйесімен қамтылған деп көрсетілген.
Министрліктің Азаттыққа жіберген жауабында "Ақ бұлақ" бағдарламасының жоспарлы көрсеткіштері орындалды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша қалалардың 97,5 пайызын, ауылдардың 87,7 пайызын сумен қамту жоспарланып отыр" делінген.
Бұл барлығы министрлік ұсынған ақпараттағыдай жақсы дегенді білдіре ме? Іс жүзінде олай емес. Мысалы, қағаз жүзінде Тұғыл ауылында бәрі жақсы деп жазылғанымен, тұрғындар әлі күнге сусыз отыр.
Қазақстанда Тұғыл ауылындағы жағдайға ұқсас мысал жетіп артылады. Мысалы, Семей қаласының іргесінде тұратын халық жылдар бойы ауыз сусыз күн кешіп келеді. Су құбырын тартуға қаржы бөлу туралы сөз болмаған. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында шенеуніктер қағазда бар, өмірде жоқ су құбыры туралы есеп берген. Шымкенттегі аудандардың бірінде құрылыс жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі кесірінен 9 жылдан бері су тұрғындарға кесте бойынша ғана беріледі, ондағы су құбыры "Ақ бұлақ" бағдарламасы бойынша салынған. Ақмола облысындағы Сұрған ауылында да су мәселесі баяғыда шешілуі тиіс еді – мемлекет су тартатын және тазалайтын құрылғыларға көп ақша жұмсаған, бірақ ондағы халық та бірнеше жылдан бері сусыз отыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы Горное ауылында бюджеттен бөлінген 40 миллион теңгеге орнатылған су тазалайтын құрылғы жұмыс істемейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қанша жыл өтсе де, су әлі жоқ". Суға бөлінген миллиардтар қайда?Мұндай мысал көп. Бұл мәселе жайлы пікір білдірген сарапшылар мұның басты себебі – жемқорлық екенін айтады.
– Су құбырын жүргізуге бөлінген қаржыны игеру кезінде басқа кез келген бағдарлама шығындарын басқаруда кездесетін кемшіліктер қайталанады. Мұндай кемшіліктер қатарына бюджеттік жыл ішінде қаржының қалай жұмсалғанын бақылаудың аздығын, бағдарламаның жүзеге асуын бағалау механизмінің жоғын, жемқорлық пен бюджеттік тәртіптің осалдығын жатқызуға болады. Мемлекеттік саясат бекіткен мақсаттар орындалмай, қағаз жүзінде қалғаны үшін үкімет пен парламент жауапты, - дейді экономист Меруерт Махмудова Азаттыққа.
2019 жылы сол кездегі парламент сенатының спикері Дариға Назарбаева халықты сумен қамту бағдарламаларын Бермуд үштағанына теңеп, осы жобаларға бөлінген қаржының іс-түзсіз жоғалып кете беретінін айтқан еді.
Назарбаева әкімдерден "Тәуелсіздік жылдары өңірлерді ауыз сумен қамтуға 540 млрд теңге жұмсалды. Онда неге көп ауылдық елдімекенде әлі күнге таза ауыз су жоқ? Бұл бағдарлама Бермуд үштағаны сияқты, оған түскен қаржы зым-зия жоғалады. Неліктен солай болады?" деп сұраған.
Жекелеген депутаттар мәселенің бір себебі біліктілікке байланысты деп санайды.
– Негізгі себеп – бюджеттік бағдарламаның дұрыс басқарылмауына, 2019-2020 жылдары бюджеттен бөлінген қаржы игерілмеуіне, бюджеттік бағдарламаға тапсырыс берумен де, оны басқарумен де айналысатын Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің жұмысы ешқандай сын көтермейтіндігіне тіреледі. Комитет басшылығының жиі ауысуы, жекелеген тұлғалардың біліксіздігі мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмаларын орындауға кедергі келтіріп отыр, – деген биыл қыркүйекте премьер-министрге жолдаған сауалында депутат Ерік Сұлтанов.
Бұған қоса тозығы жеткен су құбыры желілері кез келген сәтте істен шығуы мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде елде сумен қамту желілерінің 52 пайызы, қалдық су ағатын кәріз құбырларының 58 пайызы ескірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Теміртау орталығында жүздеген тұрғын ауыз суға жарымай отыр