Новгород облысы Окуловка қаласындағы кеңес мүшесі, парамедик Татьяна Румянцеваны "Яблоко" партиясы жергілікті билік сайлауына ұсынған. Бірақ Ресей сайлау органдары үміткердің "шетел агентіне қатысы бар" деп шешкен. Татьяна Румянцева жыл басында үкімет "шетел агенті" деп таныған "Дәрігерлер альянсы" ұйымының жергілікті бөлімін басқарады.
– Бір қызығы, өмірімде ешқашан шетелге шықпаған адаммын. Тіпті, паспортым да жоқ. Ешбір шетел азаматын танымаймын, – дейді ол.
Сәуірде қабылданған заң бойынша, Татьяна Румянцева секілді кандидаттар сайлауалды материалдарының 15 пайызын алатын жерге "шетел агенті" екенін көрсетуі керек.
– Өз басым мұны сапа көрсеткіші деп білемін. Елімізде өзгеше ойлайтындар немесе биліктің ырқына көнбейтіндер "халық жауы" боп шыға келеміз, – дейді ол Азаттыққа.
Ресей аймақтарында Татьяна Румянцева секілді "шетел агенті" деп танылғанына қарамастан сайлауға түсіп жатқан адам аз. Сарапшылар Владимир Путин Ресей президенті немесе премьер-министрі болған 22 жылда билік кандидаттар тізімін жіті бақылауда ұстап келе жатқанын айтады.
Биылғы сайлаудың бұрынғылардан аса көп ерекшелігі жоқ. Биліктің бұл жолы да сайлауға манипуляция жасау үшін репрессияға жүгінетіні, сайлау нәтижесі Кремль қолайына келетіндей боп шығатыны ешкімге жаңалық емес дейді бақылаушылар. Оппозиция өкілдерінің сөзінше, репрессия тактикасы 2011 жылы дау-дамай туғызған Мемлекеттік дума сайлауында билікке қажет нәтижеге, ал 2012 жылы Путиннің қайтадан президент болып сайлануына жәрдемдескен. Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин биліктен кеткен соң президент қызметін қатарынан екі мерзім атқарған Путин сонан кейін төрт жыл премьер-министр болып істеп, 2012 жылы үшінші мерзімге президент болып қайта сайланған.
Бірақ биылғы науқанның өзгешелігі де бар дейді құқық қорғау органдарының қызметін зерттейтін "ОВД-Инфо" мониторинг компаниясы құрылтайшыларының бірі, құқық қорғаушы Григорий Охотин.
– Негізгі өзгешелік – бұрын репрессия наразылықтарды басып, азаматтық саяси қызметті шектеуге бағытталатын. Ал қаңтар-ақпанда олар азаматтық қоғам белсенділерінің көзін құрта бастады, – дейді ол.
Қатты уланып, есінен танып қалғаннан кейін Германияда емделген оппозиция өкілі Алексей Навальный жыл басында Ресейге оралысымен тұтқындалып, 2 жарым жылға сотталды. Навальный өзін Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өкілдері улады деп мәлімдеді. Оны босатуды талап етіп, наразылық акциясына шыққан мыңдаған адамды билік қамауға алды. Ал Навальный басқаратын Жемқорлықпен күрес қоры (ФБК) мен оның аймақтардағы бөлімдерін билік "экстремистік ұйым" деп танып, жұмысын доғаруға мәжбүр етті.
– Олар ФБК-дан бастады. Қор 2017 жылғы ақпаннан бастап қысым көрді, қайта-қайта әкімшілік қудалауға ұшырады, [билік қор мен қызметкерлеріне] тінту жүргізіп, құрал-жабдықтарын тәркіледі. Бірақ қазір билік "Жігіттер, заңның сендерге қатысы жоқ" деп отыр. Бұрын-соңды мұндайды көрмегенбіз, – дейді Охотин.
"САЙЛАУ ЕМЕС, ПУТИННІҢ РЕФЕРЕНДУМЫ"
Ресей үкіметі сайлауалды кезеңде "шетел агенттері" және "экстремизм туралы" заңдарды өз мүддесіне пайдалануға көшті. Биліктің бұл заңдарды билік кімге қарсы және қалай қолданатынын нақты болжау да қиын.
– Өзгеше ойлау, азаматтық белсенділік пен сөз бостандығына арналған механизмдердің пайда болғанын көрдік, – дейді осы заңдар жайлы айтқан саяси сарапшы Кирилл Рогов.
Биліктегі "Единая Россия" партиясының рейтингі түсіп кеткен. Оған зейнетақы реформасы мен Конституцияға кейіннен енгізілген өзгерістер де ішінара әсер етті. Бұл өзгерістер Владимир Путинге 2024 жылы қазіргі президенттік мерзімі аяқталған соң алты жылдан тағы екі рет президент болып сайлануына мүмкіндік береді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өткен сайлауда Кремльді Қырым аннексиясы құтқарды. Биыл қалай болады?Сарапшылардың пікірінше, Кремльдің Мемлекеттік дума сайлауына осыншама мән беруінің себебі – сайлау нәтижесі 2024 жылғы және одан кейінгі жағдайларға әсер етуі мүмкін.
– Бұл – сайлау емес. Бұл – референдум, – дейді Алексей Навальныйдың Мәскеудегі кеңсесінің бұрынғы жетекшісі, "экстремистік" қызметі үшін сайлауға түсу құқығы шектелген Олег Степанов.
Кремль биылғы сайлауда Мемлекеттік думадағы 450 орынның үштен екісін иеленуге бекінгенге ұқсайды. Бұл Путиннің кез келген шешімін қолдауға мүмкіндік береді.
Биыл сайлауалды науқанның бәрі "шетел агенттері" туралы заң төңірегінде өрбіді. Бұл заңды билік баспасөз құралдары мен бақылаушыларды сайлаудан шеттетіп, оппозиция кандидаттарын сайлауға қатыстырмауға, оппозиция лидерлерін елден кетіруге, кей кандидаттарды сайлауға тіркемеу үшін қолданды. Охотиннің сөзінше, билік мұны "шетел агенті" немесе "шетел агентіне қатысы бар" деп танылған бірнеше адамға қолдану арқылы бүкіл елді үрейде ұстау үшін істеп отыр.
– Facebook ,Twitter-ден жұрттың ФБК немесе "Ақылмен дауыс беру" жобасы атауын атауға қорқа бастағанын байқаймын. Бәрін үрейде ұстау үшін кей топтарға қысым көрсетсе, жетіп жатыр, – дейді Охотин.
Ол оппозиция саясаткері Алексей Навальныйдың "Единая Россия" партиясына қатысы жоқ адамдарға қолдау білдіруге арналған жобасын айтып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дауысты қазір бер, ақшаны кейін аласың. Путиннің сайлауалды уәдесі параға жата ма?"ҚОҒАММЕН ДИАЛОГ ОРНАТУДЫҢ МӘНІ ЖОҚ"
Экономист, саясаттанушы Владислав Иноземцевтің сөзінше, Алексей Навальныйдың Ресейге оралуы Кремльдің "қоғаммен диалог орнатудың мәні жоқ, жалған партия, жалған кандидаттар ойынына қатысқысы келмейтіндерді қудалау керек" деген пиғылын көрсетеді.
Осы сайлауда билік қолданған репрессия мен жалған кандидаттар пайдалануға мысал ретінде оппозициялық саясаткер Илья Яшиннің 9 қыркүйекте Facebook-те жариялаған жазбасын айтуға болады.
Сайлаушыларға танымал болса да, Яшин "экстремистік ұйымға" қатысы болғаны үшін сайлауға кандидат ретінде тіркеле алмаған. Бірақ билік Мәскеу думасы сайлауына Алексей Яшин есімді кандидатты тіркеген. Сайлауалды материалдарының бәрінде тек "Яшин" деген фамилиясын көрсеткен бұл кандидат сайлаудан шеттетілген аттасы Илья Яшин айтып жүрген тақырыптарды көтереді.
"Единая Россия" жалған кандидатты наразылардың дауысын жырып алу үшін істеп отыр" деп жазды Яшин. "Олар "Ақылмен дауыс беру" жобасы қолдайтын кандидатқа емес, мені қолдайтын, жаңалықтан бейхабар адамдардың дауысын алмақ".
Ресейде "Шетел агенттері" туралы заң 2012 жылы қабылданған. Алғашқы жылдары негізінен әлеуметтік желідегі жазбалары немесе орыс православ шіркеуіндегі Pokemon ойынына бола қудалау үшін қолданылған.
БИЛІК КІМДЕРДІ "ШЕТЕЛ АГЕНТІ" ДЕП ТАНЫДЫ?
"Шетел агенті" деп танылғандар тізімінде ондаған үкіметтік емес ұйым, 40-қа жуық БАҚ бар. Үкіметтік емес ұйымдардың көбі тізімге енген соң жабылып қалған. Ал баспасөз құралдары арасында Азаттық радиосының Орыс қызметі (Радио Свобода) секілді журналистік құрылымдар да бар.
– Өзгеше ойлайтындарға қысым көрсету, билікті сынаушыларды қудалау секілді мақсатты, жүйелі күресті көріп отырмыз, – дейді Саратов облысында Ресей коммунистік партиясынан депутат болған Николай Бондаренко.
Ол өзін сайлаудан бірнеше рет шеттетпек болғанына қарамастан, Думаға өткісі келеді.
– Олар мұны күштілігінен емес, әлсіз болған соң істеп отыр. Сайлауда жеңіліп қаламыз деп қорқады. Қазір билік тығырыққа тірелген ит сияқты айналасындағыны қапқаннан басқа не істерін білмейді, – дейді ол.
Бұрынғы сайлауларда Кремль біреудің сайлауға түскенін қаламаса, әділет министрлігі оны тіркемейтін, ал қандай да бір баспасөз құралының үнін өшіргісі келсе, бизнеске байланысты проблема тауып беретін дейді Охотин.
Бірақ қазір саяси және азаматтық ландшафтың барлық сегменті ұзақ уақытқа жойылып жатыр дейді ол.
– Жемқорлықпен күрес қоры, "Открытая Россия", "Команда 29" секілді ұйымдар жойылды, – дейді Охотин биыл жабылған ең танымал тәуелсіз ұйымдарды атап. – 2019 жылы кандидаттарды әкімшілік жазаға тартса, қазір оларды қылмыстық іс қозғап, қылмыстық қудалау арқылы сайлаудан шеттетіп жатыр. Ұстамдылықтан көзін жоюға дейін бару тенденциясы "Навальный партиясына" ғана емес, азаматтық, саяси, журналистік ортаға, бүкіл Ресейге қарсы бағытталған.
ӨЗГЕ ДЕ КЕДЕРГІЛЕР
Жыл басында Новосибирск маңындағы Бердск кентінде жергілікті кеңеске оппозициядан түскен 12 кандидат Алексей Навальныйдың "эктремистік" ұйымымен байланысына бола сайлаудан шеттетілді.
Тек Владимир Путин президент болған алғашқы жылдары дүниеге келген 19 жастағы Дарья Артамонова ғана сайлаудан оппозициядан түскен кандидат ретінде тіркеле алды. Сайлауалды науқанында ол қоқан-лоқы көріп, басқа кедергілерге тап болса да, дұрыс жолда екеніне сенімді.
– Шамамен жиырма жылым (Путин) билігі кезінде өтті, жағдайдың нашарлап жатқанын көріп жүрмін, – деді ол Азаттыққа. – Диктатура орнатып, саясаткерлер, журналистер, азаматтық белсенділерге қарсы репрессия қолданады. Бұл сұмдық жағдай күн сайын қайталанып, кері кетіп жатыр. Бірақ сайлауға түсуден қорықпаймын. Бәлкім, жас болған соң, өзімді қорғау түйсігім жоғары шығар. Бірақ іс-әрекетімнің дұрыстығына сенімдімін, сондықтан қорықпаймын.
Азаттықтың Орыс қызметі материалы бойынша жазылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Мәскеудің "орыстарды қорғауы", Нұр-Сұлтанның Кремльге "жалтақтауы"Кремль репрессияны күшейтті. Келесі қадамы не болмақ? Путиннің орындалмаған уәделері