НАТО шартының 4 және 5-бабы деген не? Украинадағы соғыс альянсты қорғанысқа итермелей ме?

Украинамен шекара маңындағы жарылыс болған жерді тексеріп жүрген Польша полициясының өкілдері. Пшеводув, Польша, 16 қараша 2022 жыл.

15 қарашада Польшаның аумағына ракета құлап, екі адам қаза тапты. Сол күні кешкісін Ресей Украина астанасы Киев пен тағы 12 аймағын ракетадан атқылаған еді. Польша билігі сол күні кешке қауіпсіздік кеңесі жиынын өткізіп, жағдайды талқылауға кіріскен.

Басында Польшаға құлаған ракета Ресейге тиесілі деген ақпарат шыққан. Бірақ 16 қараша түстен кейін Польша президенті Анджей Дуда Польшаның Пшеводув ауылына ракетаның құлауын "қасақана жасалған шабуыл емес" деп атады. Дуда Польшаға түскен ракета Украинаның зымырандарға қарсы жүйесінен ұшырылуы мүмкін дегенімен, "бұл жағдайға 15 қарашада Украинаны ракетамен атқылаған Ресей жауапты" деп Мәскеуді айыптады.

Ал АҚШ президенті Джо Байден Польшаға құлаған ракетаны Ресей атуы екіталай дегенді айтты.

НАТО мен оған мүше елдердің тулары.

Дегенмен егер Ресей НАТО-ға (Солтүстік Атлантика шарты ұйымы) мүше елдердің біріне шабуыл жасаса альянстың бірлескен қорғаныс принципі, яғни, шарттың 5-бабы іске қосылады. Бұл бапқа сай, альянс құрамындағы елдің біріне шабуыл жасалса, тұтас НАТО-ға, яғни ұйымға мүше елдердің бәріне шабуыл жасалды деп есептеледі, ал НАТО бұл шабуылға әскери тұрғыда жауап беруді талқылауы тиіс.

Бірақ Польша 15 қарашадағы оқиғадан кейін 5-бапты іске қосу-қоспауды талқылау үшін 4-баптың негізінде НАТО мүшелерінің кездесуін өткізуді сұрағаны хабарланды. 4-бапқа сай, егер НАТО елдерінің біріне қауіп төнсе, альянс мүшелері келесі қадамдарды талқылау үшін жиын өткізуге құқылы.

Егер 4-бапқа сай кеңес өтіп, НАТО мүшелері 5-бапты іске қосса не болады? Түсіндіреміз.

5-БАП ДЕГЕН НЕ?

5-бап – 1949 жылы негізі қаланған НАТО шартының (ұйым қырғиқабақ соғыс кезінде АҚШ қарулы күштерінің бастамасымен Совет одағына қарсы құрылған еді) ең маңызды ережесі.

Бапқа сай, Еуропадағы я Солтүстік Америкадағы НАТО-ға мүше елдің біріне әскери шабуыл жасалса, альянстың бүкіл мүшесіне шабуыл жасалды деп есептеледі. Келісім бойынша, альянсқа мүше елдің бірі шабуылға ұшыраса, НАТО Солтүстік Атлантика аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет шараларды іске асырады және әскери күш қолдануы да мүмкін.​

НАТО-ға мүше Польша мен Румынияның сарбаздары әскери техниканың жанында тұр. Польша, 7 шілде 2022 жыл.

4-БАП ДЕГЕН НЕ?

НАТО шартының 4-бабында "альянсқа мүше елдердің бірі аумағының тұтастығына, саяси тәуелсіздігіне, елдігіне қауіп төнсе, НАТО мүшелерін кеңесуге шақыра алады" деп жазылған.

Еуропалық дипломаттар сейсенбіде Польшаға ракета құлағанда Варшава НАТО мүшелерін 4-бапқа сай кеңесуді ұсынған.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС 5-БАПТЫ ҚОЛДАНА МА?

Украина НАТО мүшесі болмағандықтан Ресейдің бұл елге соғыс ашуы 5-бапты іске қоса алмайды. Дегенмен АҚШ пен альянстың басқа мүшелері Киевке ақпаннан бері әскери және дипломатиялық көмек беріп жатыр.

Бірақ сарапшылар НАТО-ның шығыстағы мүшелерінің біріне қарсы қандай да бір әскери әрекет жасалса, альянс әскери жауап қатуы мүмкін деп ескертіп келеді. Ресейдің қасақана я байқаусызда жасаған әскери әрекеті Украинадағы соғысқа басқа елдердің араласу қаупін арттырары сөзсіз.​

Ресей күштері С-300 қаруымен атып қиратқан көпқабатты тұрғын үй. Николаев, Украина, 6 қазан 2022 жыл.

5-БАП АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Жоқ. НАТО-ға мүше елдердің бірі шабуылға ұшырадым десе, альянс 4-бапқа сай жиын өткізуі тиіс. НАТО елдері шабуылға 5-бапқа сай жауап беру керек пе, әлде басқа әрекет жасау керек пе, ақылдасып шешеді. Кеңесу уақыты шектелмеген.​

БҰҒАН ДЕЙІН 5-БАПТЫ ҚОЛДАНҒАН БА ЕДІ?

2001 жылғы 11 қыркүйекте террористер Нью-Йорк пен Вашингтонға шабуыл жасағанда 5-бап іске қосылған. Бапты қолдануды АҚШ сұраған.​

БАЙДЕН 5-БАП ЖАЙЛЫ НЕ ДЕДІ?

Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кіргенде АҚШ президенті Джо Байден Вашингтонның Мәскеумен соғысуға ниетті емесін айтып келген. Бірақ ол "НАТО-дағы серіктестерімізді қорғау үшін 5-баптағы міндеттерімізді орындаймыз" деген.

"Америка одақтастарымен бірге НАТО аумағының әр сантиметрін қорғауға дайын" деген Байден қыркүйекте.

АҚШ президенті бұған дейін өз әкімшілігі 5-бапты іске қосуға қарсы болмайтынын айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Азат етілген Херсон және алдағы қыс айлары. Енді соғыс қалай өрбиді?Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялап, Батысты ядролық қарумен қорқыттыБайден Ресейге екерту жасады, Украинаның Днепр қаласындағы жарылыстан екі бейбіт тұрғын қаза тапты"Ең нашар сценарийге дайын болған жөн". Ресей Балтық елдеріне соғыс ашуы мүмкін бе?Батыс елдері Украинаны қалай қолдауы керек? Америка генералымен сұхбат