Ресей бұрын өзі "бауырлас ел" деп атаған Украинаға басып кіргелі он ай өтті. Соғыс мыңдаған бейбіт тұрғынның өмірін қиды. БҰҰ дерегінше, 10 миллионнан астам украин азаматы шетелге, оның ішінде Қазақстанға да қоныс аударуға мәжбүр болған. Азаттық жат жерде жаңа өмір бастаған украиндармен сөйлесіп, әңгімесін жазып алды. Олар жолында кездескен сан түрлі кедергіге қарамастан, қазіргі өміріне шүкірлік етеді. "Украинада халық қырылып жатыр, ал біз жылы әрі тыныш жерде отырмыз" дейді.
"Мама, сирена дауысы естіліп тұр. Бұл жақты да бомбалап жатыр ма?! Не істейміз? Қайда тығыламыз? Қайда?". Тоғыз жастағы Маргаританың дауысын естігенде, телефон тұтқасының ар жағындағы анасы өлердей қорыққан. Евгения Солодовник бұл кезде жұмыста еді. Жақында ғана жаңа қызметке тұрып, сынақ мерзімінде жүрген.
"Сирена дауысы шығып жатыр" дегенді естіп, Евгения жұмыстан сұрануға жүгірген. Әріптестері "Сабыр сақта, бүгін Алматыда жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекет жайлы жаттығу болады" деп түсіндірген (2 желтоқсанда қалада сирена ойнап, халық көп жиналатын орындарда адамдарға эвакуация тәртібін үйреткен).
– Сейсмикалық аймақтар туралы ештеңе білмеймін. Алматыға бет алғанымызда бұл жақта жер сілкінеді деп ойламадым. Құдай-ау, үйде зымыран тиіп өлуден қорқып, осында қаштық. Ал бұл жақта жер сілкінеді екен. Әлі күнге дейін өзіме келе алмай отырмын, – дейді Евгения.
Евгения Солодовник қызы Маргаритамен бірге Украинадан Қазақстанға биыл шілдеде келген. Күйеуі Николай туған жері Харьковта қалған. Аумақтық қорғаныс тобына (ТрО) қосылған, әзірге қосымша тізімде тұр.
"КӨБІНЕ ШКАФҚА ТЫҒЫЛАТЫНБЫЗ"
– Харьковты 24 ақпаннан бастап бомбалады. Күнде зымыран атқылап жатты. Телеарнадан екі қабырға ережесін түсіндірді: бір қабырғаға зымыран тисе, екіншісі әйнек сынықтарынан қорғайды (ереже бойынша, адамға қауіптен қорғану үшін арада кемі екі қабырға болуы керек – ред.).Көбіне шкафтың ішіне тығылатынбыз. Шкафтың іші үлкен, қызым ұйықтап қалатын. Зымыран тисе, шкаф қорған бола ала ма, білмеймін, бірақ одан басқа ештеңе таппадық, – дейді Евгения.
Қалаға жасалған кезекті зымыран шабуылынан кейін Евгения қызын алып, жолға шыққан. Олар Украинаның батысына баратын достарына еріп кеткен.
– Асығыс-үсігіс жиналғанымыз сонша, не істеп, не қойғанымды түсінбедім. Қызымның атопиялық дерматиті бар, оған крем де алмаппын. Жолда Маргарита қып-қызыл болып кетті. Крем алмасам да, сөмкеге сегіз түрлі жылы колготки салып жіберіппін, – дейді Евгения.
Қазір ол Украина ішіндегі сапарын еске алғанда кейде күліп те қояды. Бірақ ол кезде Евгенияның күлуге шамасы болмаған. Блокпосттар, айналма жолдар мен толассыз ағылған көлікпен Польшамен шекараға жақын орналасқан Винницаға он күнде әзер жеткен (Харьков пен Винницаның арасы шамамен 700 км – ред.). Бұл кезде Винницаны да бомбалай бастаған.
– Украинада қауіпсіз жер қалмағанын түсіндім. Еріктілер Литваға баруды ұсынды. Ол жақта украин азаматтарын мемлекеттік деңгейде қабылдап, көмектесіп жатты. Төрт ай Вильнюсте тұрдық, Маргарита мектепке барып жүрді. Бірақ тіл білмегендіктен, жұмысқа тұра алмадым. Литва заңы бойынша, 12 жасқа толмаған баланы 15 минуттан артық уақыт жалғыз қалдыруға болмайды. Тілді аса қажет етпейтін кәсіп тауып алар едім, бірақ қызыма қарайтын ешкім болмады, жарты күнге кім жұмысқа алсын? – дейді Евгения.
Қазақстанда тұратын достары Евгенияны Алматыға шақырған. Басында достарының үйінде тұрған, кейін жалға алатын пәтер іздеген. "[Ресейде] мобилизация басталмай тұрып, пәтер жалға алып үлгердім. Кейін пәтерақы шарықтап кетті, – дейді Алматының Тастақ деп аталатын бөлігінде панель үйдегі бір бөлмелі пәтерге айына 140 мың теңге төлеп тұрып жатқан Евгения (21 қыркүйекте Ресейде "ішінара" мобилизация басталғаннан кейін әскерден қашқан ресейліктер Қазақстанға ағылған – ред.).
– Ұзақ сандалғаннан кейін Қазақстаннан сая тапқандай болдым. Түсінбейтін шығарсыз, бірақ кранның істен шығуы, унитаздан су ақпай, есіктен кілт шықпай қалуы сияқты қарапайым мәселелерді шешкен сондай жақсы екен. Соғысқа дейін осындай ұсақ-түйекке бола ашуланатынмын, қазір бәріне философиялық тұрғыдан қараймын. Бұл сондай қарапайым, бейбіт мәселелер ғой, – дейді Евгения.
"РЕСЕЙ ПРОПАГАНДАСЫНЫҢ ЫҚПАЛЫНА ТҮСКЕНДЕР БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ БАР"
Евгения Қазақстанға келген күннен бастап жұмыс іздеуге кіріскен. Жергілікті азаматтардың өзіне жұмысқа тұру оңай емес, ал сырттан келген адамға тіпті қиын. Ол үшін ЖСН, жұмыс визасын алып, тіркеуге тұру керек. Осының бәріне көп уақыт кетеді. Евгения бірнеше айдан соң Харьковтағы қызметіне ұқсас жұмысқа тұрған. Қазір супермаркетте істейді, сынақ мерзімінде жүр.
– Ұжым жақсы қабылдады, бәрі ұнайды. Жұмысқа қуана-қуана барып жүрмін. Адамдар "Ой, дүйсенбі келді" деп қиналады, ал мен "Дүйсенбі!" деп мәз боламын. Украинада куә болған сұмдықтардан кейін осындай қарапайым дүниелердің қадіріне жете бастадым.
Маргаритаға мектеп табу қиын болған. Бірінші барған мектебі "Ресейден келген бала көп, қызыңызды ұрып жүрмесін" деп, басқа жерге жіберген.
– Шынымды айтсам, таңғалдым. Бірақ оны ойлап, қамығуға уақыт болмады. Ары қарай іздедім. Ақырында үйге жақын жерден мектеп табылды. Сынып жетекшісі сондай жақсы адам. Светлана Владимировна бізді құтқарды деуге болады, қызыма жаңа жерге үйренісуге көмектесіп, бар мейірін төкті. Қазір қазақ тілін оқып жатырмыз. Қиын, бірақ қызым қолынан келгенше тырысып жатыр, – дейді Евгения.
Маргарита – соғыс кезінде туған бала. Ол 2014 жылы наурызда дүниеге келген. Ол кезде Ресей Қырымды оккупациялап, Украинаның шығысында Луганск және Донецк "халық республикасын" құрып жатқан. "Бізге де оккупация қаупі төнді. Харьков "халық республикасы" болып кетуіміз мүмкін еді. Бірақ қаламызды қорғап қалдық. Қала жұрты тегіс алаңға шықтық" дейді Евгения.
Бірақ сегіз жылдан кейін Евгенияға соғыстан қашуға тура келген.
Ол Қазақстанда ешкіммен соғыс жайлы сөйлеспеуге тырысады. Бірақ адамдар Украинадан келгенін біліп, сұрақ қойып жатады.
– Тілімнен танып қояды. "Угол Ғағарина" десем, такси жүргізуші бірден "Ә, босқынбысың!" дейді. Барлық жерде солай. Интернет қосатын кісі келген. Путинді қолдайды екен. Маған ақыл айтып, "өздерің бастадыңдар ғой" деді. Онымен таласып, сөзімді қор қылғым келмеді, бұл әңгімені доғарғым келетінін айтты. Оған не түсіндіріп, әуре боламын?! Ресей пропагандасының ықпалына түскендер барлық жерде бар. Литваның өзінде көшеде ауыр сөздер айтқан адамдар болды.
"24 АҚПАННАН КЕЙІН ҰЗАҚ УАҚЫТҚА ЖОСПАРЛАМАЙТЫН БОЛДЫМ"
Евгения Украинадан келген босқындарға көмектесіп жатқан қазақстандықтарға алғысы мен ризашылығын жеткізді. Ол Қазақстанға келгенде қолында артық зат болмағанын, тіпті билет алуға да достары мен еріктілер көмектескенін айтады. Үйін жинап, ыдыс-аяқ, киім мен жиһаз алуға "Посылка" қорының еріктілері жәрдемдескен.
– Украинада сабақ онлайн өтіп жатыр. Үлгергенде, қосыламыз. Телефоннан қосылып көріп едік, ыңғайсыз болды. Настяға (Анастасия Байбула, қордағы ерікті – ред.) хабарласып, "Ескі компьютер бар ма?" деп сұрадым. Олар жаңа ноутбук әкеліп берді! Настя бүкіл процесті ұйымдастырады, халық қолынан келген көмегін аямайды. Қазақстандықтар Украинаға қанша гуманитарлық көмек жіберді!
Евгения мен күйеуі Николай – орысша сөйлейтін украиндар. Отбасында украин тілін Маргаритадан артық білетін адам жоқ. Өйткені Украинада орыс тілінде оқытатын мектептер жабылып қалған. Евгения Путиннің орысша сөйлейтін халық туралы мәлімдемесін түсіне алмаған.
– Қазір Украинаға басқыншылықтың астарында көреалмаушылық жатқанын білемін. Украинада жақсы өмір сүріп жаттық, еркін ойлап, пікірімізді ашық айтатынбыз, – дейді Евгения.
Көшіп-қонып, туған жерден жырақта жүрген сегіз айда Маргарита есейіп, өз ісіне тиянақты болып үйренген. Қазір ол таңғы асын өзі істеп, мектепке барарда үйді кілттеп кетеді.
– Маргаританы сыныптасының анасы күтіп алып, мектепке апарады. Бізге көп көмегі тиіп жатыр. Бір күні Маргарита есіктің құлпы бұзылып қалғанын айтып хабарласты. Сыныптасының әкесі көмектесіпті. Жұмыстан келсем, "есікті жөндеген кісіні көріп, әкем есіме түсті" деді. Кеш бойы жыладық. Тамағыма өксік тығылып, жылағым келсе, борщ пісіремін. Қолымнан келгенше, мықты болуға тырысып жатырмын, бірақ кейде шамам жетпейді, – дейді Евгения көз жасын сүртіп.
Ол соғыстан кейін не болатынын білмейді. Евгения Украина жеңіске жететініне сенеді, бірақ одан кейінгі өмірін елестете алмайды. Соғыс басталғалы бері Евгения ұзақ уақытқа жоспар құрмайтын болған.
– Бәрін бүге-шүгесіне дейін алдын ала жоспарлап, сол бойынша қарекет қылғанды жақсы көретінмін. Қаңтарда маусымда теңізге барамыз деп жолдама алып қойдым. 23 ақпанда 2 наурызда болатын қызымның туған күнін тойлайтын жер іздедім. Үйде баламыздың қуанышын бәрінен жоғары қоямыз. Кеш әдемі, салтанатты түрде өтуі керек еді, бірақ… Сондықтан ары қарай не болатынын білмеймін. Алайда 23 ақпанға орала алмайтынымызды түсінемін. Украина қайта қалпына келеді, бұрынғыдан да мықты мемлекетке айналады, бірақ қаншама ересек адам мен балалардың тағдыры тәлкекке түсті ғой.
Әзірге Евгения жаңа жылға дайындалып жатыр. Маргаританың бес сантиметрлік шағын шыршасы мен мектептегі жаңа жыл кешіне киетін қазақша көйлегі бар.
"ЖҰРТ ҚАЙҒЫМЫЗДЫ БӨЛІСУГЕ МІНДЕТТІ ЕМЕСІН ТҮСІНЕМІЗ"
Наталья Чепурна, Тарас Чепурный мен олардың бес жасар қызы Киевтің іргесіндегі Ирпень қаласында тұрған (соғыс басталғанда Ресей әскері қаланың жарты бөлігін басып алған, Украина қарулы күштері елдімекенді наурыздың аяғында азат еткен – ред.). Қарашада Алматыға көшкен. Ресей күн сайын энергетика нысандарына шабуыл жасап, қала жарық пен жылусыз қалған. Билік тұрғындарға қыс кезінде қаладан кетуге кеңес берген.
– Әуе шабуылы туралы ескерту, сирена дабылы жиі болатын… Қызым қатты шошып қалған, үрейден мазасы қашатын. Бұрынғыдай балабақшаға барып жүрдік. Бірақ балалар көбіне қолшам алып, суық жертөледе отыратын. Өйткені сиренаға тыным жоқ. Үйдегі температура +16, кейде +13 болады. Сондықтан достарымыздың шақыруымен осында келдік, – дейді Наталья Чепурна.
Ирпеньде украин отбасы 12 қабатты үйде тұрған. Жоғарғы қабаттар қирап қалған, бірақ қабырғасы кішкене тесілгені болмаса, Чепурныйлардың пәтері сол қалпында тұр.
– Қазақстанда туыстарымыз бар, сегіз жыл бұрын көшіп келген. Солар шақырды. Ешкімі жоқ адамға бөтен елге көшу қиын. Ал бізге бәрін көрсетіп, түсіндірді. Қазір тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға құжат жинап жатырмыз, – дейді Наталья.
Наталья Чепурна Ирпеньде HR менеджер болып істеген, іс-шаралар ұйымдастырумен айналысатын шағын кәсібі болған. Күйеуі Тарас мейрамхана басқарған. Соғысқа дейін отбасы жақсы өмір сүрген, бірақ артық ақша жинамапты. Қазір Наталья мен Тарас жұмыс іздеп жатыр.
– Жалға берілетін пәтер бағасы мен қымбатшылықты ескеріп, бұрынғыдай өмір сүре алмайтынымызды білеміз. Әйтеуір бір жұмыс табуға тырысып жатырмыз. Украинада соғысқа байланысты басталған инфляцияны ескергеннің өзінде бұл жақта азық-түлік 20 пайыз қымбат, – дейді Наталья.
– Қазақстанға келген күннің ертеңіне резюмемізді жариялап, жұмыс іздеуге кірістік. Наталья – жақсы HR маман, енді Қазақстанның Еңбек кодексін оқып, мемлекеттік тілді үйренуі керек. Ал менің тәжірибем болғанымен, жергілікті ерекшеліктерді білмеймін, сондықтан бәрін басынан бастауға тура келеді. Бұл жақта бизнес жүргізу тәртібі, заң, билік – бәрі басқа, – дейді Тарас.
Украина әскерге жарамды азаматтарды елден шығармайды. Бірақ Тарасқа үш баланың әкесі (екеуі – бірінші некеден) ретінде Қазақстанға көшуге рұқсат берген. Тарас "әскерге шақырса, соғысқа барудан қашпаймын" дейді.
Натальяның анасының ұлты – орыс, Қазақстанда туған, әкесі – украин. Балалық шағы Ровно облысында (Украинаның батысында) өткен, үйде бәрі украинша сөйлеген, қыздарын орыс мектебіне берген. Тарас –Украинаның орталығындағы өңірден, ол жақта да орыс тілі басым болған.
– Қазір екі тілді де білеміз, украин тілінен орысшаға өтіп, еркін сөйлей береміз. Украинада орысша сөйлегеніміз үшін қысым көрген емеспіз. Болашақта қызымызды украин мектебіне береміз, – дейді Наталья.
Тарас пен Натальяның қызы Алматыдағы жекеменшік балабақшаға барады. Ол жақта мобилизациядан қашқан ресейліктердің балалары бар. Балабақшада украин отбасын алаңдататын жағдай да болыпты.
– Басқа елде жүргенімізді, бұл жақтағы адамдар біздің қайғы-қасіретімізді бөлісуге міндетті емесін түсінеміз. Сондықтан қызымызға ешкіммен соғыс жайлы сөйлеспеуге кеңес береміз. Бірақ "Жаңа жылға Ресейде тұратын халықтардың бірінің киімін киіп келіңіздер" дегенде бас тарттық. Қазақ, үнді, корей биі болсын, тек біздің қалаларымызды бомбалап, туыстарымызды өлтіріп жатқандардың биі емес, – дейді Наталья.
– 2008 жылы Ресей Грузияны бомбалағанда Украинада мұндай жағдай болмайды деп ойладық. Көршіміз туралы тым жақсы пікірде болыппыз, – дейді ол.
"ЕЛІМНІҢ ЖАСАҒАН ҚЫЛМЫСЫНА ӨЗІМДІ КІНӘЛІ СЕЗІНУДЕН ПАЙДА ЖОҚ"
24 ақпаннан бері Қазақстанға нақты қанша украин көшіп келгені белгісіз. Бұл туралы ресми дерек жарияланбаған. Украина елшілігі де қанша азаматы Қазақстанға көшкенін нақ білмейді. Елге келгендердің бәрі бірдей елшілікте тіркелмейді, өйткені бұл міндетті процедура емес.
"Жүздеген емес, мыңдаған адам келгені анық" дейді елшілік өкілдері.
Босқындардың көбі Алматыда қалған. Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін Ресей оккупациялаған Қырым түбегінен қашып келген қырым татарлары да Украина азаматтарына жатады. Мобилизация туралы хабардан кейінгі алғашқы екі күнде Қырымнан 200 адам келген. Көбі Астанадағы Украина елшілігінен төлқұжат алып, басқа елге кеткен.
Украинадан келген босқындарға еріктілер көмектесіп жатыр. Олардың қатарында "Посылка" қорының негізін қалағандардың бірі Анастасия Байбула да бар. Ұйым бұрын "Украинаға көмек штабы" деп аталған, кейін қайырымдылық қорына айналған.
– Қазір Украинаға көмек жіберіп жатқан жоқпыз. Өйткені көп нәрсені Украинаның өзінен сатып алуға болады. Тек ақша жинаймыз, жақын күндері Николаевтағы ауруханаға аударамыз. Қазақстанда соғыстан қашып, жалғыз сөмкемен ғана келген украин отбасыларға көмектесуге тырысамыз, – дейді Анастасия.
Анастасия 38 жаста, Ресей азаматы, Қазақстанда тұрып жатқанына жеті жылдай болған. Айтуынша, соғыс басталғалы жеккөрініш сезімінен бастап өзін кінәлі санауға дейінгі әртүрлі психологиялық күйде болыпты.
– Елімнің үкіметі сұмдық қылмыс жасап жатыр. Бірақ ол үшін өзімді кінәлі сезінуден пайда жоқ. Екі рет жүйкем сыр беріп, өзімді нашар сезінгеннен кейін қол қусырып отырмай, көмектесуге кірістім. Басында ақша аудардым, кейін ақшам таусылғанда, штабқа барып, Украинаға гуманитарлық көмек жинадым.
Қор еріктілері телеграмнан чат ашып, инстаграмда парақша жүргізе бастаған. Онда 500 адамға тұрақты көмек көрсетіледі.
– Қанша жерден жағымсыз, қорқынышты естілсе де, адамдардың соғысқа бойы үйреніп кетті. Бұрынғыдай емес, көмектесемін деушілер аз, – дейді Анастасия.
Қазір қор мүшелері Қазақстанда тұратын украин балалардан Аяз атаға хат жинап жатыр (Азаттық ата-анасының рұқсатымен бірнеше баланың хатын жариялап отыр).
4 жасар Дашаның сабақ оқитын үстел мен орындық болса, оған қоса, бейбітшілік заман орнаса деп Аяз атаға айтқысы келетін тілегі бар.
14 жастағы Данил сымсыз құлаққап болса деп армандайды. Бірақ одан да үлкен арманы бар: жасөспірім "соғыс аяқталса екен" деп тілейді.
– "Посылка" қорын қазақ, орыс және украин үш қыз ашқан. Бұл болашақта қазіргіден де жақсы әлемде өмір сүреміз деген үміт сыйлайды, – дейді Анастасия.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Іс-қимыл алгоритмі жоқ. Қазақстанда Украина азаматтарына босқын мәртебесін алу неге қиын?Мариупольдегі тозақты көрген Мырзағалиевтар Қазақстанды паналадыГерманияда тұратын қазақстандықтар украиналық босқындарға қалай көмектесті?Мариуполь блокадасын көрген қазақстандық: Өртенген үйлерді аралап, тамақ қалдығын теріп жедікУкраиндарды паналатқан Австрия қазағын олардың жігері тәнті етті