56 жастағы Людмила, оның 31 жастағы қызы Кристина мен одан туған 7 жасар жиені Вероника Мырзағалиевтардың бұрын көрмеген Атырауға пана іздеп келгеніне тура бір ай болды. Үшеуі Ресей басқыншылық соғыс ашып, қырғидай тиген Украинадан Қазақстанға Людмиланың марқұм күйеуі Ізғали Мырзағалиевтың туыстарының шақыруымен келген.
Бұрын келіп көрмегенімен үшеуіне Қазақстан жат ел емес. Украинаның Чернигов облысы Нежин қаласының тумасы Людмиланың қайын атасы Ізтілеу Мырзағалиев – Атырау өңірінің қазағы. Ал енесінің ұлты – украин. Бүгінде күйеуі де, атасы да өмірде жоқ. Ал 81 жастағы енесі қазір Украинада, үлкен ұлы Богданның қолында тұрып жатыр.
Людмила болашақ жары Ізғалимен Киевте жоғары оқу орнында оқып жүргенде танысыпты. Екеуі 1990 жылы отау құрып, оқуын аяқтаған соң Ізғалидің әке-шешесі тұратын Мариуполь қаласына көшеді. Бір жылдан соң қыздары Кристина өмірге келеді. Кристина бес жасқа келгенде әкесі қайтыс болады, бір жылдан соң атасы Ізтілеу Нұрғалиұлы да өмірден озған.
Украиналық Мырзағалиевтар отбасының Атырауда тұрып жатқан үйіне барғанымда Кристина жақында хабарландыру арқылы тапқан жаңа жұмысына асығып бара жатты. Негізгі мамандығы ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Бірақ енді Атыраудағы бір кафеге администратор болып орналасыпты. Людмила да жақында қалада жаңадан ашылған бір мейрамханаға өз мамандығы бойынша ет технологы болып сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданған.
Людмиланың сөзінше, биылғы 24 ақпанға дейін ол Мариупольдегі "Азовсталь" зауытын тамақпен қамтамасыз еткен жеке компанияда менеджер болып жұмыс істепті. Ал Кристина энергетика компаниясында еңбек еткен. Мариупольде ел қатарлы тірлік кешіп жатқан үшеуіне 24 ақпанда бұрын өңі түгілі түсіне де кірмеген қайғы-қасырет пен үрей-қорқыныш қабаттаса келген.
Людмила Ресей басқыншылығы басталғаннан кейін көрген сұмдық оқиғаларды Азаттыққа айтып берді.
"ШАШЫЛЫП ЖАТҚАН МӘЙІТТЕРДІ КӨРМЕЙІН ДЕП ЖАН ДӘРМЕНІММЕН ЖҮГІРДІМ"
Людмила 24 ақпанда күндегі әдетімен жұмысқа барғанын, бірақ жарты күн істеп, түс қайта үйіне оралғанын айтады. Себебі содан бір күн бұрын Кристина анасына интернеттен Ресей Украинаға шабуыл жасамақ-мыс деген хабар естігенін айтады. 21 ғасырда мұндай болады дегенге сенбедім дейді өзі. Бірақ 24 ақпанда қалада көлік қатынасы тоқтап қалады. Көп ұзамай соғыс басталғаны туралы суық хабар жетеді.
– Төбемізге жай түскендей болды. Оның үстіне 2014 жылы осыған ұқсас жағдайды бастан өткергеніміз бар. Біз соғысты қаламадық. Өкінішке қарай, рас болып шықты. 24 ақпан кешке жарылыс дауысы естіліп, снаряд жарықшағы ұша бастады. Біраздан соң тынышталып, ара-тұра алыстан естіліп тұрды. Қызыма бомбадан қорғанатын пана іздеуіміз керек дедім. Оны бас сауғалайтын жер іздеуге бірге алып шықтым. Өйткені, сағат сайын шайқас күшейе берді. Бізге жарылыстың дауысы қатты естіле бастады. Тым жақын естілгені сонша, пәтеріміздің терезелері дірілдеп кетті, – дейді Людмила.
Людмила Мырзағалиеваның сөзінше, қала халқы соғысқа дайын болмаған, себебі тұрғын үйлердің көбінің жертөлесі құлыптаулы болыпты. Үйінің маңайындағы ғимараттардың жертөлесін қарап жүріп, кезінде апатты деп танылып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі делінген төрт қабатты балалар шығармашылығы мектебіне тоқтайды. Алайда оның жертөлесі бомбадан қорғануға арналмаған екен.
Людмила қызы және жиенін ертіп, үйінен тек жеке құжаттары мен бірнеше күнге жететін азық-түлік алып шыққан. Жертөлені олардан бөлек тағы бірнеше отбасы паналаған. Уақытша паналаймыз деп барған ауасы тар ескі жертөледе олар 26 наурызға дейін отыратынын білмеген.
– Соғыстың бесінші күні бізді газ, жарық, су желілерінен, тіпті байланыстан ажыратып тастады. Біз онда тақтай төселген кірпіштің үстінде, астымызға жамылғы төсеп ұйықтап жүрдік. Біреулерде ол да болмады. Олар ғимараттың үстіңгі қабаттарынан орындық әкеліп, сонда жатып жүрді. Су мен азық-түлік тапшы болды, жуынып, тіс тазалауға жағдай болмады. Тек қажет дәрімізді ішіп, балаларға жарты стақан суды беретіндей ғана мүмкіндік болды. Су біткен соң жылу батареясындағы қақ суды, көшедегі қарды ерітіп ішуге мәжбүр болдық. Бұлай болады деп ойламадық. Өкінішке қарай, бізді сондай жағдайға душар етті, – дейді Людмила.
Айтуынша, ол жан-жаққа ұшқан оқ пен бомба, снаряд жарықшағы астында далада от жағып, ас әзірлепті. Айналада атыс-шабыс болып жатқанда жертөледен сыртқа шығып, тамақ пісіріп әкелу аса қиынға соққан. "Егер аман-есен тамақ пісіріп үлгерсек, кәдімгідей қуанушы едік" дейді ол. Жертөлені паналаған адамдар үлкен ыдысқа бірнеше отбасыға арнап, кезектесіп сорпа әзірлеген.
– Сорпамыз – бір қасықтай күнбағыс майы араласқан суға бір-екі түйір картоп пен қандай да бір жарма салып қайнатылған сұйық нәрсе. Біз соның өзіне қатты риза болдық. Өйткені, сол жарты стақан сорпаның немесе 2-3 қасық ботқа немесе макаронның өзі біз үшін зор бақыт болды. Мариупольдегі көпшілік халық соның өзіне зар болды ғой. Себебі, гуманитарлық дағдарыс болды, сырттан азық-түлік ала алмадық. Біреудің өзімен бірге үйден алып келгені бар болса, сонымен жүрек жалғап жүрдік. Отыз күн ішінде тамақ, су алып келу үшін басымды қауіп-қатерге тігіп, үйіме төрт рет барып келдім. Бірақ әр барғаным ажалға бетпе-бет кезігер жолдай болды. Біз паналаған ғимарат пен үйімнің арасы бес-ақ минуттық жер болғанымен, маған үйге баруға 20 минут, ал үйден кері қайтуыма бір сағат уақыт кететін. Өйткені, оқтан, снаряд жарықшағынан қорғану үшін бір тұрып, бір құлап жүруге де, жер бауырлауға да тура келді. Сондайда қайдан күш пайда болғанына қайранмын, бәлкім өмірге деген құштарлық демеу болған шығар, сосын қолымдағы азық-түлікті, суды мені күтіп отырған қызым мен жиеніме, басқа да балаларға аман-есен жеткізуді ойладым, – деп көзіне жас алды Людмила.
Үйінен қажет зат әкелуге шығып кеткен Людмила кешіккен сайын жертөледе қалған Кристина мен Верониканың ол енді қайтып оралмайтын шығар деп қатты қорыққаннан тықыршып, уайымдағанын да айтады. Әжесімен әңгімелесіп отырғанымда мұны Верониканың өзі де айтып қалды.
Людмила үйіне соңғы рет 20 наурызда барған. Оның алдында үйіне барғанда пластик құтыларға бірнеше литр су толтырып, дайындап кетіпті. Бомбалар жарылып, жаңбырша жауған оқ астында үйге барып, соларды алып қайтуға жертөледен шығады.
– Қазір соның бәрін еске түсірудің өзі өте ауыр. Ғимараттың ішінде отырғанда қабырғалар дірілдейтін. Бірақ оның сыртындағы көрініс бұдан да қорқынышты еді. Өйткені, азық-түлікті алып келу үшін үйге жетем дегенше көше шайқасы кезінде қаңғыған оқ, ұшқан снаряд я сені көздеп ататын снайперлер бар. Ал ең қорқыныштысы – көшеде өліп жатқан адамдар. Олардың мәйітін көру өте ауыр болды. Үйге барар жолда көргенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Айналада өртеніп, қирап жатқан үйлер мен шашылып жатқан адам мәйіттері. Мен сол кезде оқтан қорғанамын деп емес, төңірекке қарамайын, мәйіттерді көрмейін деп жан дәрменіммен үйге қарай жүгірдім. Өйткені, оған қараудың өзі қорқынышты еді, – дейді Людмила.
Ресей әскерінің қоршауындағы Мариупольде қалған жұрт (29 наурыз 2022 жыл)
"СУ ӘКЕЛЕ ЖАТҚАН АДАМ КӨЗ АЛДЫМДА ОҚҚА ҰШТЫ"
Людмила бес литрлік екі ыдыспен су әкеле жатқан ер адамның оққа ұшқанын көрген. Оны снайпер атып өлтірді деп ойлайды.
– Әлгі адам оқ тигенде жерге құлап, сол күйі сұлық жатып қалды. Қасында суға толы екі баклажкасы сол күйі қалды. Ол адамның мүрдесі сол жерде біз бомбадан қорғанған ғимаратты тастап шыққан кезде де көмілместен сол қалпы жатты. Ол да мен сияқты өз отбасына су әкеле жатқан-ау деп ойлаймын. Біз ғимараттың ішінде сыртпен еш байланыссыз отырдық. Айналада не болып жатқанынан бейхабар едік. Шамамен 20 күн өткенде үйіне мысықтарына тамақ беруге барып келген бір әйел "ДХР" (Украинаның шығысында өзін-өзі жариялап алған сепаратистік құрылым – ред.) бақылауындағы жаққа қарай шығуға болатынын айтты. Ол мұны бір сарбаздан естіпті. Әлгі сарбаз ол жақта бейбіт халықты қауіпсіз жерге орналастыратын бекет барын, оның қайда екенін айтыпты. Бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін білмедік, сол себепті қорықтық. Оның үстіне өз отанымыз – Украинаны қимадық. Алайда жертөледе қалу күн өткен сайын қиындап, қауіп-қатер ұлғая берді. Ал бізге сырттан ешбір көмек болмады, – дейді Людмила.
Оның айтуынша, кейін бейбіт адамдар жер астындағы бөлігін паналған ғимараттың бірінші қабатына Ресей әскері қаруларын қондырып, атқылай бастаған. Оларға қарсы тараптан да оқ-снарядпен жауап қатып, жертөледегі бейбіт тұрғындардың өмірі қыл үстінде болған. Осындай шайқастардың бірінде ғимараттың жанына аса ірі бомба түсіп, қуатты жарылыстан тереңдігі үш метр шұңқыр пайда болды, айналадағы көліктер үш қабатты ғимараттың биіктігіндей болып жиналып қалды дейді ол.
Қатты жарылыс салдарынан Людмиланың отбасы мен өзге де бейбіт адамдар паналаған ғимараттың вентиляция шахтасы қирап, оған жақын отырған адамдар жараланған. Людмила жарылыстан қатты зардап шеккен 3 жасар баланы қараған дәрігер "көкбауыры жарылған" деген диагноз қойғанын айтады.
– Оны шұғыл ауруханаға жеткізу керек болды. Ол кезде ауруханалардың бәрі қираған еді. Бізде жертөледе дәрі-дәрмек болмады. Ауа жетпеген соң ба, әлде басқа бір себептен бе, қасымызда бірге отырған бірнеше адам көз алдымызда дүние салды. Олардың денесін жамылғыға орап, сыртқа шығарып жатты басқалары. "Неге шығарып жатыр?" деп сұраған балаларға не айтарымызды білмей, көзімізді төмен түсіріп, үн қата алмадық, – дейді Людмила.
Жан-жақтан оқ жауып жатқанда әлгі адамдарды жерлеу мүмкін болмағанын айтқан Людмила көмілусіз қалған марқұмдардан кешірім сұрады. Кейбірлеулер қазаға ұшыраған адамдарды жерлеген кезде де алысқа бара алмай, үйдің маңайындағы бос жерге көмген. "Әр үйдің маңы молаға толды" дейді Людмила.
"ТІРІ ҚАЛУ ҮШІН МАРИУПОЛЬДЕН ҚАШУҒА ТУРА КЕЛДІ"
Балалар шығармашылығы мектебінің жер астындағы бөлігін паналаған тұрғындар тағы бір қуатты бомба түсетін болса ғимараттың шыдас бермейтінін түсініп, ол жерден қашып шығуға үш рет әрекеттенген. Бірақ Ресей әскері оқ атып, оларды кері қайтарыпты. Тек төртінші рет талпынғанда – 26 наурызда таңғы сағат алтыда ол жерден шығудың сәті түскен.
Қызым мен жиенім жолда бір минаны бірінен кейін бірі екі рет басып кетті. Бірақ ол жарылмады, себебі танк секілді салмағы ауыр техникаға қойылған мина екен.
– Біз ол жерден қашпасақ тірі қалмайтынымызды түсіндік. Сондықтан не қашып құтылармыз, не сол жерде өлеміз деген шешіммен тәуекелге бел байлап жолға шықтық. 40 адамнан тұратын колонна басында менің отбасым – өзім, қызым және жиеніммен бірге төрт адамнан тұратын тағы бір отбасы бірге жүріп келе жаттық. Жолда бір егде әйел жүрек талмасы ұстап қайтыс болды. Ол айналада жатқан мәйіттер мен өртеніп-қираған үйлерді көрген кезде жүрегі шыдамаған сияқты. Айтпақшы, біз жолда өртке оранған үйлерде біз сияқты бейбіт тұрғындардың әлі де тұрып жатқанын түсіндік. Өйткені біз ғимаратта тығылып отырғанда әлгі бомба түсіп өртенген үйлерден омыраудағы нәрестесін құшақтаған күйі қашып үлгерген, үстіне үйде киетін киімі мен аяғына ілген тәпішкеден басқа ештеңесі жоқ аналар келіп қосылып жатты.
Сөйтіп, екі минуттық жолды аман-есен өтіп, Ресей сарбаздары тұрған жерге жеттік. Енді олардың әскери бекетіне баруымыз керек болды. Біз ол жерге жүріп емес, жүгіріп бардық. Қызым мен жиенім жолда бір минаны бірінен кейін бірі екі рет басып кетті. Бірақ ол жарылмады, себебі танк секілді салмағы ауыр техникаға қойылған мина екен. Бізге кейін солай деп түсіндірді, – дейді Людмила.
Қауіпсіз жерге шыққан соң Кристинаның аяқ киімінің өкшесі түсіп қалып, олар колоннаға ілесе алмай, артта қалып қойған. Людмила қазір соны жақсылыққа жориды. Өйткені үшеуіне сол жерде жүрген бір ерікті кезігіп, оларды өзінің шағын автобусымен ресейлік әскери бекетке жеткізіп тастаған.
Сол жерде оларды автобусқа отырғызып, "ДНР" сепаратистері бақылауындағы аймақтың шекарасына апарады. Людмиланың сөзінше, ол жерден өткен адамдардың бәрінің ұялы телефонын шұқшиып тексеріп, Украинаның ұлттық символикасы, мәселен, Украина туымен түскен фотосуреттері бар украиналықтарды жеке алып қалып, өзгелерін Мариупольден 44 шақырым жердегі Новоазовск қаласына жіберген.
Ол жерде украиналықтарды Ресейдің Владикавказ, Владивосток секілді қалаларына жөнелткен. Бірақ Людмила "ДНР" бақылайтын аймақта да, Ресейде де қалғысы келмегенін айтады.
Ал Еуропаға баруға қаржысы болмаған. Ақыр соңында олар Людмиланың марқұм жұбайының туыстары тұратын Қазақстанға кетуді ұйғарған.
Людмила Мариупольдегі өздері паналаған ғимаратқа, олар кеткеннен кейін көп ұзамай бомба түсіп, жермен-жексен қылғанын біраз уақыт өткенде екі жерлесінен естіпті. "Ішінде адамдар қалыпты" дейді ол.
"ҚАЗАҚСТАНҒА КЕТУДІ ҰЙҒАРДЫҚ"
Кристина бұған дейін Қазақстандағы туыс-туғанын 12 жасында көріпті. Кейін ара-тұра телефонмен хабарласып тұрған. Ал соғыс басталғаннан кейін туыстары Кристинаға хабарласып, Қазақстанға шақырыпты.
Людмила Новоазовскіде өздерінің жеке мәліметтерін тіркеген адамнан жергілікті ауруханада медбике болып жұмыс істейтін Инга есімді туысын іздеп табуды сұраған. Туысы жиенін жіберіп, қолхат жазып қалдырып, оларды үйіне алып кеткен. Бір ай бойы тозақтың ортасында тұрғандай күй кешіп, қатты күйзелген Людмила туысының үйінде өсімдіктерді баптап-күтіп, өзінің де, балаларының да біраз өз-өзіне келгенін айтады. Төмен ұшатын ұшақ көрсе үрейі ұшып, тығылатын кішкентай Вероника да сол үйдің ауласындағы ит-мысық, тауықпен ойнап жүріп, қорқынышын біртіндеп ұмытқан.
Новоазовскіде жақынының үйінде біршама уақыт тұрғаннан кейін Людмила мен Кристинаға Қазақстандағы туыстары тағы да хабарласып, Атырауға шақырған. Людмила әуелгіде марқұм күйеуінің туыстары Қазақстанға шақырғанда жай ғана айтылған нәрсе болар деп қабылдағанын айтады. Бірақ бірнеше рет хабарласқаннан кейін, Людмила олардың шын ниетпен шақырғанына көз жеткізеді.
Қазақстандағы туыстары Ресейдің Ростов, Таганрог қалаларын басып өтіп келген Людмила, Кристина мен Верониканы Астрахан қаласынан күтіп алып, Атырауға алып кеткен.
Мұнда оларға баспана жалдап берген. Людмиланың отбасы Украинадан келгенін естігеннен кейін үй иесі оларға жеңілдік жасап, баспана жалдау ақысын екі есе түсіріпті. Олардың Украинадан екенін білген өзге атыраулықтар да мейірбандық танытқан. Дүкенде бір қазақ жігіті Вероникаға тәтті сатып алып берген. Ал шаштараз Людмилаға көрсеткен қызметіне ақы алмаған. Тағы біреулер отбасыға керек-жарағын алып беріп, жәрдем көрсеткен.
Людмила Атыраудағы өздері танымайтын, білмейтін адамдардың оларды жылы қабылдағанына ризашылығын жасырмайды.
– Оның үстіне мұнда баласы да, кәрісі де орыс тілінде жақсы сөйлейді, бір-бірімізбен оңай түсінісеміз. Вероникаға да жақсы, балалармен орыс тілінде сөйлеседі. Ол үшінші сыныпқа баруы керек, біз қазір айналадан мектеп іздестіріп жатырмыз. Мен де бұл жерде өзімді қалыпты сезінемін, – дейді ол.
Қазір Людмила бұрын араласпаған Қазақстандағы туыстарын ең жақын адамдарым деп санайды.
– Себебі олар керек кезде өздері көмек қолын созды, бізді осы күйімізде – қолымызда түк жоқтығына қарамастан қабылдап, баспанадан көмектесті, тамақ берді, ашық аспан, бейбіт күн сыйлады. Осы мейірімді, жақсы жандарды мен бұл біздің үлкен отбасымыз деймін. Оларға алғысым шексіз. Осы қалада кездескен адамдарға да разымын. Біздің Украинадан екенімізді біліп, жылы шырай танытты. Тіпті қарапайым "Қош келдіңіз!" деген сөздің өзі неге тұрады. Бізді осылай жылы қабылдайды деп ойламадым, мұны көргенде көңілім босады. Тастың үстінде емес, кәдімгі төсекте ұйықтап, ең бастысы, жарылыс пен атыс-шабысты естімей, күлімсіреген адамдарды көріп, бейбіт аспан астында өмір сүруге мүмкіндік берген туыстарыма рақмет! – дейді украиналық Людмила Мырзағалиева.
Ол милиондаған адамға қайғы-қасірет әкелген соғысты бастағандарды айыптайды және Кремльдің саясатын қолдайтындарды "ой-санасы пропагандаға уланғандар" деп біледі.
Владимир Путин басқаратын Ресейдің Украинаға басып кіргеніне тура үш ай болды. БҰҰ дерегінше, соғыс кесірінен 6,5 миллион адам Украинадан шетелге босып кеткен. Олардың басым бөлігі Батыс елдерін паналады. Қазақстанға нақты қанша украин азаматы келгені туралы ресми дерек жоқ.
Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына үш ай болды
ПІКІРЛЕР