Нетаньяхудың пікірі Иран халқының шамына тиді

Ирандықтар дүкенде джинс киіп тұр. Тегеран, 7 қазан 2013 жыл.

Өткен аптада Израиль премьері «Ирандықтар еркін халық болса, джинс киетін еді» деді. Осыдан соң ирандықтар әлеуметтік желілерге джинс киген суреттерін жариялап, Нетаньяхуды жаппай сынады.
Қазанның 5-сі күні Нетаньяху ВВС агенттігінің Парсы қызметіне сұхбат берді. Израиль премьер-министрі Иран халқы мен үкіметін сынады.

«ҚАМҚОРШЫ БОЛМАЙ-АҚ ҚОЙ»

​Қарапайым ирандықтардың шамына тигені - Нетаньяхудың киімге қатысты пікірі.
Израиль премьері «Иран халқы шынымен еркін болса, джинс киіп, Батыс музыкасын тыңдап, еркін таңдау жасайтын еді» деді.

Оның бұл пікірі ирандықтар тарапынан кекесін мен әжуаға ұшырады. Олар ирандық әлеуметтік желілерге өздерінің джинс киген суреттерін салып, «Израиль тыңшыларының жұмысы нашар екен» деп келемеждеді.

Twitter-де #jeans, #jeansiniran хэштегтері бойынша және басқа сайттарда ирандағы джинс кию туралы посттар қаптап кетті.

Бір Twitter пайдаланушы «Менің отандастарым көк джинс киеді және Батыс музыкасын тыңдайды. Олар - тамаша адамдар, ал сен бізге қамқоршы болмай-ақ қой!» деп жазды.
«Сэр, Чарли Паркер мен Фрэнк Заппаны тыңдаймын, джинс киіп, өз қалауымша дауыс беремін» деп жазды тағы бір ирандық.

«ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ТУРАЛЫ ҚАЙДАН БІЛЕДІ?»

Негізгі тақырып джинс болса да, көптеген ирандықтар Батыс әншілерінің дискілері мен Батыс музыкасы ойнап тұрған ұялы телефондарының суретін де жариялаған.

Джинс киіп жүрген ирандық әйелдер. Тегеран, 7 қазан 2013 жыл.

Иранда әйелдер ислам діні талаптарымен киінуге тиіс болғанымен, ерлер де, әйелдер де джинс киюге құқылы.

Кейбір ирандықтар Нетаньяхудың Иран туралы өте аз білетініне таңғалған. «Нетаньяху ирандықтардың джинс киетінін білмейді. Ал Иранның ядролық қару жасап жатқанын қайдан біледі?» деп жазды бір ирандық.

«Нетаньяхудың осындай пікір айтқанынан қуаныштымын, солайша ол мынаны білдірді: 1. Ирандықтар туралы ештеңе білмейді. 2. Ол үнемі өтірік айтады» депті тағы бір Иран тұрғыны.

Енді бір азамат Тегеранда қапыда қаза тапқан, ирандық ядролық қару жасаушы ғалым Мұстафа Ахмади Рошанның ұлы Алиреза Ахмадидің суретін жариялаған. «Ғалымды өлтіруге тапсырыс берді» деп Нетаньяхуды айыптайтын суретте бала джинс киіп отыр.
Бұл постты ондаған адам қайталап жариялаған. Егер Израиль премьер-министрі ирандықтардың киім үлгісі туралы білгісі келсе, осы фотоблогты тексеруіне болатын еді. Онда джинс және басқа да дүниелер бар.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.