Иранда 1979 жылғы ислам төңкерісінің негізгі өкілі, төңкерістен соң Тегеранда жұма намазындағы имам міндетін атқарған басты тұлғаға айналған аятолла Махмуд Талегани шылымқор адам екенін жасырмайтын.
Елде күнделікті жарық көретін Shargh газеті бірінші бетіне Талеганидің алғашқы жұма намазының мерейтойы туралы мақаламен бірге дін жетекшісінің ең танымал суреттерінің бірін жариялаған. Бірақ суретте аятолланың қолындағы шылымы «түсіп қалғанын» көпшілік бірден байқаған.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары бұл әрекетті сынап, оң қолына шылым ұстаған Талеганидің түпнұсқа фотосын көптеп жариялады. Кейбіреулер «суретті бұрмалап шығаратын газеттің мазмұнына сенуге бола ма» деп күмән білдірген.
Енді біреулер аятолланың суретінен алынып тасталған шылымның орнына түрлі заттар бейнеленген фотоколлаж жасап, Shargh газетін әжуаға айналдырған.
ИРАНДАҒЫ ЦЕНЗУРА
Аятолланың суретіне түзету енгізу Иран ислам республикасындағы цензура мәселесіне тағы да назар аударуға себеп болды. Бұл елде баспасөздегі мақалаларды мемлекет қатаң бақылайды, сондықтан билік басылымды жауып тастамауы үшін редакциялық ішкі цензура да кең тараған.
Талеганидің ұлы Мехди Талегани Shargh газетіндегі суретті «цензураның айқын мысалы» деп атады. «Бұл адамдарды қоғам алдында өзіміз қалағандай етіп көрсетуге деген ұмтылысты білдіреді, ал ұнамайтын тұсын алып тастаймыз» деген ол.
Дінбасының ұлы марқұм әкесінің ондаған суретте шылыммен түскенін айтады. «Кейбіреулер шылым шегуді зиянды әдетке жатқызады, бірақ әкем бұл әдетін елден жасырған жоқ. Талеганидің бұл дағдысын көрсетпеуге басылымның қалай дәті барғанын түсінбеймін» деген ол Nasimonline.ir жаңалықтар сайтына.
Сурет авторы, тегі ирандық Magnum фотографы Аббас та Shargh газетінің цензурасын сынға алды. Iranwire.com сайтында жарияланған ашық хатында ол «аятолла Талегани өзін «шылым шекпейтін адам» ретінде сипаттағанды қоштамаған болар еді» деп жазған.
«Менің аятолла Талеганиді түсірген суретімді рұқсатсыз жариялағандарыңызды байқадым. Иранда авторлық құқық туралы заң жоғын білемін, бірақ тым болмағанда суретті сол қалпында – Талеганидің оң қолындағы шылымын қалдырып шығару керек еді» деп жазған Аббас Shargh газетіне жолдаған хатында.
Ол бір кезде орыс революциясы көсемдері Владимир Ленин мен Лев Троцкийдің бірге түскен тарихи суреттен кейін Троцкийдің бейнесі алынып тасталған оқиғаны еске салып, «барлығы шылымды өшіруден басталады» деп жазған.
«Ескерте кетейін, менің қоолымда аятолла Хаменеидің мүштік ұстап тұрған суреті бар» деген Аббас.
Суреттегі өзгерісті Shargh тілшісі Мехди Гадими де кекетіп, Twitter парақшасына Талеганидің шылымқорлығы туралы анекдот жариялады. Ол Талеганиге дейін аятолла болған, 1977 жылы Талеганимен бірге түрмеде жатқан Мохаммад Әли Монтазеридің атынан баяндалған: «Бірде Талегани түні бойы тоқтамай шылым шекті. «Темекі түтініне тұншығып барамыз. Неге жатып ұйықтамайсың?» дедім оған».
ЖАЗЫЛМАҒАН ЕРЕЖЕ
Shargh газетінің бас редакторы Мехди Рахманиан басылым редакциясы темекі тартуды насихаттамау мақсатымен Талеганидің қолынан шылымды «алып тастады» деп түсіндіреді.
– Аятолла Талеганидің шылыммен тұрған суреті темекіні жарнамалайды. Біз олай болғанын қаламаймыз, - деген Мехди Рахманиан Mizan агенттігіне.
Ол Ислам республикасында цензураның жазылған және ауызекі ережелері бар екенін айтады.
– Темекі ұстаған суретке заңмен тыйым салына ма, жоқ па – оны білмеймін. Бірақ оған қатысты шектеулер бар, БАҚ оны жарияламауға тиіс, - дейді Рахманиан.
Фотограф Араш Ашоуриния бұрын фоторедактор болып істеген тәжірибесін айта келе, қабылдаған шешімінің арты қандай болар екен деп үнемі сақтық жасауға мәжбүр болатын редактордың жағдайы мәз еместігін ұғындырады.
«Субьект дін қызметкері ме, саяси тұлға ма дегенге мән бересің, елдегі саяси жағдайды да, газет немесе журналдың ұстанымын да ескеруің керек, ...мұндай сурет газетті жабуға оңай себеп болуы мүмкін» деп жазды Ашоуриния Facebook парақшасына.
Фотографтың пікірінше,Shargh пен басқа да көптеген ирандық газеттердің істеп жатқан әрекеті дұрыс емес. Бірақ ол оқырмандарға «негізгі сын Ислам республикасындағы цензура жүйесіне айтылуы керек, ішкі цензура – тек салдары ғана» деп ескертеді.