«Жиһадшылар» тұрмыс қамын да ойлайды

ИМ содырлары смартфоннан интернет қарап отыр. Сурет ИМ содырларына қатысы бар әлеуметтік желіден алынған.

Дүниені тіксінткен «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының ішкі өмірі кісі өлтіру мен соғыстан ғана тұрмайды. ИМ мүшелері интернет арқылы «жиһадқа» қатысқысы келетіндердің қарапайым сауалдарына жауап берген.

«ИМ-ге қосылған жағдайда не киеміз, күн қаншалықты суық, жеке қару сатып алуға бола ма, Wi-Fi бар ма, жеке бас гигиенасын сақтауға жағдай жасалған ба?» деген сияқты сұрақтарға Ask.fm сайты жауап береді.

Батыстағы ағылшын тілді ортаға арналған бұл сайт содырларға қосылу туралы ойланып жүргендердің сауалдарын жауапсыз қалдырмауға тырысады.

«ОРТАЛЫҚ ЖЫЛЫТУ ЖҮЙЕСІ БАР МА?»

ИМ-ге жаңадан қосылғысы келетін кейбір адамдар ауа-райы туралы білгісі келеді. Өзін «Әбу Фарисс» деп таныстырған ИМ жауынгерінен ұлыбританиялық азамат «Ақи, ол жақта күн қаншалықты суық?» деп сұрайды.

«Әбу Фарисс» болашақ сарбазға Сирияда оған Ұлыбританиядағыдай жағдай жасалмайтынын ескертіп, «Бұл жақта күн өте суық, орталық жылыту жүйесі жоқ» дейді. ИМ-ге қосылғысы келетін тағы бір адамға «Әбу Фарисс» «жылы киім ала келуді» ескерткен.

«БРЕКЕТТЕРІМДІ НЕ ІСТЕЙМІН?»

ИМ-ге қосылуға ниет еткен Ұлыбритания азаматтары Сирия мен Иракта соғыстан жапа шеккендерге көрсетілетін медициналық қызмет өз елдеріндегі Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің жәрдемінен нашар болуы мүмкін деп алаңдайды.

Солардың бірі тіс емдеуге қатысты сауал жолдаған: «Ол жақта медициналық қызмет жақсы ма? Мен брекет (тіс түзейтін құрсау - ред.) салдырған едім... оны тоғыз айдан соң шешетін еді, әлде соны күтейін бе? Алдырған соң барғаным дұрыс шығар» дейді. «Мен моджахедтердің брекет тағып жүргенін көрдім, келе бер, иншалла. Бұл жақта медициналық қызмет жақсы» дейді «Әбу Фарисс».

Ол енді біреуге контактілік линза таққанның соғысқа кедергі келтіруі мүмкін екенін айтады.

Әбу Дуджана сондай линза тағып жүрді. Шабуыл туралы дабыл түскенде оның бес минуты линза тағуға кететін, сондықтан көп қиналды.

«Ол жақта контактілік линза табыла ма? Олар қымбат па?» деп сұрайды ИМ-ге қосылғысы келетін тағы біреу. «Әбу Дуджана (Сирияда опат болған ИМ-нің британдық жауынгерін айтады – ред.) сондай линза тағып жүрді. Шабуыл туралы дабыл түскенде оның бес минуты линза тағуға кететін, сондықтан көп қиналды. Оның үстіне соғыста көзіңе шаң-тозаң түсуі мүмкін. Ол линзаның үстінен көзілдірік тағып жүрді» дейді «Әбу Фарисс».

«СИРИЯДА ИНТЕРНЕТ БАР МА?»

ИМ-ге қосылуға ниеттілердің көбі Сирия мен Иракта Wi-Fi (сымсыз интернет – ред.) бар-жоғын білгісі келеді. «Қалай ойлайсыз, болашақта ол жақтағы Wi-Fi қызметі жақсара ма? Мемлекет дамып, кеңейген сайын оған көптеген адамдар қосыла ала ма?» деп сұрайды біреу. «Әбу Фарисс» интернеттің дамитынына сенім білдіріпті.

«ЕЗИД КҮҢІМ БОЛА МА?»

ИМ-ге болысып, Сирияда соғысқысы келетіндердің ішінде неше түрлі адам бар. Солардың бірі тұтқынға түскен әйелдерді күң етуді армандайды екен. Оған «Әбу-Фарисс» «ИМ бәрін өзі түсіндіреді» деп қысқа жауап берген.

«АС ӘЗІРЛЕЙТІН АДАМ БАР МА?»

Содырлар қатарына қосылғысы келетіндердің біразы Сирияда «өзім тамақ әзірлеймін бе» деп алаңдайды. «Күн сайын өзіме ас пісіріп, жатын орнымды жинауым керек пе?» деп сұрайды біреу. «Әбу-Фарисс» оған «ИМ-нің аспаздары бар» екенін айтады.

Майданның алғы шебінде жүрсеңіз, аспаздар тамақ пісіріп береді.

Бірақ ол анасы немесе әпке-қарындасын бірге әкелмеген жауынгерлердің өздеріне ас дайындайтын кезі болатынын айтады. «Жұмыс түріне байланысты әртүрлі жағдай болады. Майданның алғы шебінде жүрсеңіз, аспаздар тамақ пісіріп береді. Бірақ тазалық шараларын өзіңіз жасауға тиіссіз» дейді ол.

«ҚАЛАЙ КИІНГЕН ЖӨН?»

«Соғыс киімін алып баруым керек пе? ИМ маған дәстүрлі киім немесе камуфляж бере ме?» деген сауал қояды тағы ұлыбританиялық азамат. Оған жауап берген «Әбу Гага әл-Британи» «жауынгерге киім берілетінін, бірақ сатып алуға да болатынын» айтқан. «Өзімнің жеке қаруымды сатып алсам, ол қаншаға түседі?» деп сұрайды тағы бір азамат. «Қажеттінің бәрін осы жерден аласың» дейді «Әбу Гага».

Тағы біреу қару сатып алу үшін қанша ақша апару керек екенін сұрайды. Оған «Әби Гага» «қаруды ИМ өзі беретінін» жазған. «Халифат жеріне» қалай жетуге болатынын сұрағандар да бар.

«АТА-АНАҢДЫ АЛА КЕЛ»

Содырлар қатарына қосылуға үміттілердің біразы «Әбу Фарисс» пен «Әбу Гагадан» ИМ басып алған аумақтағы әйелдердің жағдайын білгісі келеді. Бір әйел «ата-анасының рұқсатын алмай кетуге қорқатынын» жазады. Оған «Әбу Гага» «Сирияға ата-анаңды ерте кел» депті.

«Бізге келетін болсаң, ата-анаңның рұқсатын алу міндет емес, бірақ оларды ала келсең, тіпті жақсы. Білім алуға келсек, әйелдерге арналған ислам институттары бар. Ал академиялық білім берудің болашағы туралы ештеңе айта алмаймын» дейді «Әбу Гага».

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)