2017-2019 жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі "билік қысымынан қашып", шекараны бұзып өтіп келген алты қазақтың біреуі – Сайрагүл Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін алудан күдер үзіп, былтыр жазда Швецияға көшкен. Ал өзгелері – Бағашар Мәлікұлы, Тілек Тәбәрікұлы, Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы қазір Қазақстанда тұрып жатыр. Олар тарихи атамекенінен босқын мәртебесін я азаматтық беруді сұрайды. Билік коронавирус карантинін алға артып, олардың өтінішін қарауды кейінге қалдырып отыр.
БАҒАШАР МӘЛІКҰЛЫ
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында тұрып жатқан Бағашар Мәлікұлының кәмелетке толмаған үш баласының үлкені он бір жаста, кенжесі – алты айлық. Осыдан үш жарым жыл бұрын Қытайдың Шыңжаң өлкесінен шекарадан заңсыз өтіп келген Бағашар Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған өтініші әлі қаралмай жатқанын айтады.
Қазір Бағашардың қолында пана іздеуші тұлға куәлігі ғана бар, оның мерзімі биыл қыркүйек айында бітеді.
- Комиссия отырысы болады деп еді, карантинге байланысты уақытша тоқтатып қойды. Өзіме берілген "Пана іздеуші тұлға" куәлігінің мерзімін ұзартып алдым, - дейді Бағашар Мәлікұлы.
Оның әйелі мен балалары – Қазақстан азаматы. Бағашар үш мәрте ота жасатқан әйелінің еңбекке жарамсыз екенін, ал өзі әркімге уақытша жұмысқа жалданып тапқанын ас-суына ілдебайлап үнемдеп жеткізіп, күн кешіп жатқанын айтады.
– Қазір жаз айы ғой. Ана ауылдан, мына ауылдан кейде ұсақ-түйек жұмыс шығады. Соларды істеп, бала-шағамды ептеп бағып жатырмын. "Сен әлгі Қытайдан қашып келген жігітсің ғой" дейді жұмыс іздеп барсам. Неге екенін білмеймін, үрке қарайды. Кісі өлтіріп, ұрлық істеген жоқпын ғой. Қазақстанда қалған отбасыма оралу үшін қаштым, - дейді ол мұңын шағып.
Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты 16 наурыздан 11 мамырға дейін жалғасқан төтенше жағдай мен карантин кезінде Бағашардың әйелі мемлекеттен 42500 теңге әлеуметтік көмекті екі рет алған. Індет қайта өршіп кеткеннен кейін, үкімет 5 шілдеден қайтадан бір ай карантин жариялаған. Табыссыз отырған адамдарға 42500 теңге әлеуметтік жәрдем берілетіні хабарланған соң әйелі тағы да өтініш жолдапты. Бірақ Бағашар Мәлікұлы Қазақстан азаматы болмағандықтан оған жәрдем ақша берілмейді.
Бағашар босқын мәртебесін сұрап өтініш жазған кезде тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымының көмегіне жүгінгенін, қазір табыссыз отырғандықтан адвокат жалдауға мүмкіндігі жоғын айтады.
Бағашар Мәлікұлы 2015 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі Моңғолкүре ауданынан Қазақстанның Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына көшіп келіп, "Оралман куәлігі" мен Қазақстанда уақытша тұруға ықтиярхат алған. Ол 2016 жылы қарашада Қытайда қалған әке-шешесіне бару үшін "Қорғас" кеден бекетінен өткен кезде Қытай полициясы ұстап, құжаттарын алып қойғанын айтады. 2017 жылы қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға қашып өткен.
2019 жылдың соңында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) шекара қызметі оны тергеуге алған. Кейін ҰҚК Азаттыққа Бағашар Мәлікұлының үстінен қозғалған іс тоқтатылғанын хабарлады, бірақ істің тоқтау себебін ашып айтпады.
ТІЛЕК ТӘБӘРІКҰЛЫ
Алматы облысы Панфилов ауданында тұратын Тілек Тәбәрікұлы Қазақстан азаматтығын алуды армандайды. Оның ата-анасы да Қазақстанда тұрып жатыр.
Биыл қаңтарда Панфилов аудандық соты Тілек Тәбәрікұлын 2018 жылдың мамырында Қытайдан "Қорғас" бекеті арқылы Қазақстан аумағына заңсыз өткені үшін айыпты деп тауып, алты айға бостандығынан айырған. Сотта Тілек Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген жерінен 2017 жылдың соңында Шыңжаңға жеке шаруасымен барып, Қытай билігі құжатын тартып алған соң ол жақтан қайта алмай қалғанын айтты. Ол Қазақстанда қалған ата-анасына қосылу үшін басын қатерге байлап, шекараны заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болдым деп мәлімдеді. Үкім шығарарда сот Тәбәрікұлының қолында Қазақстан берген ықтиярхат барын, айыбын толық мойындағанын, бұрын сотталмағанын, әке-шешесінің Қазақстан азаматы екенін ескерген. Сот 2019 жылы 22 қазанда тұтқындалған Тәбәрікұлының қамауда өткізген әр күнін екі күнге теңестірді, 25 мың теңге (65 доллар) айыппұл салды.
Үкім шыққаннан кейін бір айға жуық уақыттан соң бостандыққа шыққан Тілек Тәбәрікұлы әлі күнге дейін құжатсыз жүр.
- Көші-қон полициясы алдымен азаматтығы жоқ адамның куәлігін аласың, Қазақстан азаматтығына тек содан кейін ғана құжат тапсырасың деді. Жақында көршілерден де түсініктеме алып кетті, - деді ол Азаттыққа.
Әкесі Тәбәрік Құсайынхан егер билік Тілекке азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі беретін болса, ұлы онан соң оралман куәлігін, ал кейін жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алу үшін құжат жинап тапсыратынын айтады. Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, он алты жасқа толған азаматтығы жоқ адамдарға азаматтығы жоқ адамның куәлігі оның жеке басын растау үшін бес жыл мерзімге беріледі.
ҚАЙША АҚАН
Былтыр желтоқсанда Панфилов аудандық соты жарты жылға бостандығынан айыру туралы шартты жаза кескен Қайша Ақан Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап отыр. Сот оны 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өткені үшін кінәлі деп таныған. Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне "лагерьге қамалу қаупі төнген соң" Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын мәлімдеген.
- Менің [Қазақстаннан] босқын мәртебесін сұраған өтінішім бойынша комиссия отырысы әлі күнге дейін өткен жоқ. Карантинге байланысты тоқтап тұр дейді. Қазір үйдемін. Осыдан бірнеше апта бұрын қатты ауырып, ота жасаттым. Бәрі қаражатқа тіреледі. Әзірге тіркелмеген "Атажұрт" ұйымы мен жекелеген адамдар көмектесіп жатыр, - дейді Қайша Ақан.
Ол жұмыс іздеп бірнеше жерге барғанын, бірақ құжаты болмағандықтан тұрақты жұмыс таба алмағанын айтады. Ал оның өтінішін биліктің қай кезде қарайтыны да белгісіз.
Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан Қайша Ақанға былтыр Қазақстан билігі "пана іздеуші тұлға" куәлігін берген болатын. Қазір ол Алматыда тұрып жатыр. Қайша құжаты жоқ болғандықтан карантин кезінде мемлекеттен ешқандай әлеуметтік көмек ала алмағанын, адам құқығын қорғайтын жекелеген ұйымдар қолдау көрсеткенін айтады.
ҚАСТЕР МҰСАХАНҰЛЫ МЕН МҰРАГЕР ӘЛІМҰЛЫ
Биыл қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты "мемлекеттік шекараны бұзып өткені үшін айыпты" деп танып, бір жылға бостандығынан айырған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы елде індет қайта күшейіп жатқан тұста, 22 маусымда Семейдегі түрмеден бостандыққа шыққан. Оларды сотта қорғаған адвокат Ләззат Ақатованың сөзінше, екеуі де қазір Ақмола облысындағы туыстарының үйінде емделіп жатыр.
- Қазір Қастер мен Мұрагер де, олардың туыстары да журналистерге сұхбат беруді қаламайды. Өйткені олардың Қытайдағы туыстарына, Қастер мен Мұрагердің әйеліне қысым көрсетіліп жатыр. Екеуі де Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап өтініш берген, бірақ бұл мәселе қазіргі жағдайға [коронавирус пандемиясы] байланысты тоқтап тұр, - деді адвокат Ақатова.
Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы 2019 жылдың қазан айының басында Шыңжаң өлкесі Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен. Әуелі Шығыс Қазақстан облысына тап болған, кейін Алматыға жеткен. 14 қазанда Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында "Қытайдағы қысымнан қашып келгендерін" мәлімдеп, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған. Кейін екеуін Қазақстан билігі жауапқа тартты.
Олардың босқын мәртебесін сұрап берген өтінішін Ақмола облысының миграция қызметі қарастырады. Қазір олардың қолына шілденің соңына дейін жарамды уақытша куәлік бар дейді адвокат Ләззат Ақатова.
Қазақстан көші-қон полициясы Қытайдан "заңсыз өткен" бес қазақтың босқын мәртебесін я азаматтық беру туралы өтініштері қай кезде қаралатынын сұраған Азаттық тілшісіне жауап берген жоқ.
БАТЫС ЕЛДЕРІ АЙЫПТАЙДЫ, ҚЫТАЙ МОЙЫНДАМАЙДЫ
2018 жылы Шыңжаңдағы "билік қысымынан қашып", Қазақстандағы отбасына қосылу үшін шекараны бұзып өтіп келген этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісі халықаралық деңгейде резонанс туғызды. Қазақстан соты Қытай қайтаруды сұраған Сауытбайды экстрадициялаған жоқ. Қазақстаннан сұраған босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Сауытбай мен отбасын былтыр Швеция паналатты. Қазақстан билігі Сауытбай тәрізді шекарадан заңсыз өткен және "Шыңжаңдағы қысымнан қашқанын" мәлімдеген Қытай қазақтары Қайша Ақан, Тілек Тәбәрікұлы, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы, Бағашар Мәлікұлын Қытайға депортациялаған жоқ.
Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отырған болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. Кейін ол лагерьлерде азаптау, мәжбүрлеп жұмысқа жегу туралы хабарлар тарады. Биліктің қырына алғандарды аңдып, қысым мен қудалайтыны жайлы Шыңжаңдағы жағдайды көргендер де растады.
Биыл маусымның соңында жарияланған баяндамада Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттардың санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.
АҚШ пен Батыс мемлекеттері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция енгізген алғашқы ел.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Қытайға санкция салатын заңға қол қойды. Заңның ерекшелігі неде?Өткен айда АҚШ президенті Дональд Трамп Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасаған Қытай шенеуніктерге санкция салатын заңға қол қойды. "Ұйғырлардың құқығы жөніндегі саяси акт" деп аталатын заң Қытайдағы ұйғырлардың, қазақтардың, қырғыздардың және өзге де мұсылмандардың діни сенімдері мен ұлттық ерекшеліктерін жоюға қатысқан адамдарға санкция салуды міндеттейді.
Шілде айында АҚШ Қытайдың Шыңжаң аймағындағы бұрынғы және қазіргі бірнеше шенеунігіне санкция салды. АҚШ кеден қызметі Шыңжаңдағы саяси лагерьлерде отырғандар мен мәжбүрлеп жұмысқа жегілеген адамдар жасаған деген күдікпен шаштан дайындалған 13 тонна өнімді тәркіледі.
Қытай билігі өз тарапына айтылған барлық айыптауды терістейді.
Ресми Нұр-Сұлтан азаматтық қоғамның қысымына қарамастан Қытайдағы жағдайды адам құқығын бұзу деп бағалаудан бас тартып, ресми Пекиннің түсіндірмесіне сенетінін мәлімдеген.