Путиннің "ЛХР" мен "ДХР" тәуелсіздігін мойындауы Қазақстанға қалай әсер етеді?

Украинаның шығысындағы аймақта үкімет күштеріне оқ атып жатқан ресейшіл сепаратист. Көрнекі сурет.

Қазақстандық сарапшылар "Путин Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындағаннан кейін Ресейдің жақын одақтасы Қазақстан Мәскеу мен Киев арасындағы геосаяси жанжалдан сырт қала ала ма?" деген сұраққа жауап іздеп, бұл текетірестің экономикалық және саяси салдарын талдап көрді.

21 ақпанда Ресей Украинаның оңтүстік-шығысындағы ресейшіл сепаратистердің "Луганск халық республикасы" ("ЛХР") мен "Донецк халық республикасы" (ДХР) деп аталатын құрылымдарының "тәуелсіздігін" ресми түрде мойындады. Ресей президенті Владимир Путин ол аймақтарға Ресей әскерін кіргізу туралы жарлыққа қол қойды.

Батыс елдері Ресейге қарсы жаңа санкциялар салып жатыр. Германия 2016 жылы құрылысы басталған, Ресейден Еуропаға газ тасымалдайтын "Солтүстік ағыс – 2" газ құбырын сертификациядан өткізуді тоқтатқанын мәлімдеді.

22 ақпанда Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі Ақордада Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді. Жиын туралы толық дерек жоқ, бірақ қолда бар ресми ақпараттардан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "әскери-саяси және санкциялық текетірес нәтижесінде халықаралық ахуалдың шиеленісуінің теріс әсеріне жедел реакция білдіру үшін дағдарысқа қарсы жоспар дайындау керек" дегені мәлім.

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс. Қазақстанның ұстанымы қандай болмақ? Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің жауабы

Your browser doesn’t support HTML5

Ресей-Украина шиеленісінде Қазақстанның ұстанымы қандай болмақ?

Сарапшылардың көбі Ресейге тиетін экономикалық және саяси салдарлар Қазақстанды да айналып өтпейді деп санайды. Тек бұл салдарлардың қашан байқалатыны және қаншалық салмақты болатыны белгісіз. Азаттық сарапшылармен сөйлесіп, Қазақстанды болашақта не күтіп тұрғанын, Ресей-Украина жанжалы елге қалай әсер етуі мүмкін екенін сұрады.

САЯСИ АСПЕКТ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛСІЗ ТҰСТАРЫ ЖӘНЕ ЖАНЖАЛҒА АРАЛАСУ ҚАУПІ

"Тәуекелдерді бағалау тобының" директоры, сарапшы Досым Сәтпаев ондаған жыл бұрын көпвекторлы саясатқа бет бұрған Қазақстан қандай жағдай болмасын, "ЛХР" мен "ДХР"-ды тәуелсіз мемлекет деп мойындамауы керек деп есептейді. Сарапшы тарихта мұндай прецедент болғанын, Грузиядағы әскери жанжал кезінде Қазақстан Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындамағанын еске салады. Сәтпаевтың пікірінше, бұл Қазақстанға әлемдік қауымдастық алдындағы беделін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

– Қаңтар оқиғасынан кейін халықаралық қауымдастық Қазақстанды Беларусь сияқты Ресейдің айтқанынан шыға алмайтын серіктесі деп қабылдай бастады. Кезінде [Беларусьтің авторитар билеушісі Александар] Лукашенкоға қол ұшын созған Путин бұл жолы Тоқаевқа қолдау көрсетті. Қазақстан тым болмаса осы мәселеде өз бетінше шешім қабылдай алатынын, дәстүрлі көпвекторлы саясатын сақтап қалғанын көрсетуі тиіс, – дейді сарапшы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға келуінің салдары не болмақ?

Қазақстан билігі биыл қаңтардың басында үкіметке қарсы жаппай наразылықтың аяғы дүрбелеңге ұласқан кезде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұраған. Ресей басқаратын әскери одақ Қазақстанға екі мыңға жуық сарбазын жіберген. Ресми дерек бойынша, шетелдік әскер Қазақстандағы стратегиялық нысандарды күзетуге ғана қатысып, екі аптадан кейін елден шығарылған. Қазақстандықтардың көбі президенттің ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын сынап, сарапшылар сырттан әскер шақыру Ресейдің өңірдегі позициясын нығайтады деген пікір айтқан.

Досым Сәтпаев қазіргі жағдайдың негативті сипатта өрбуі ықтимал екенін жоққа шығармайды. Қазақстан ҰҚШҰ-ның мүшесі ретінде "бітімгершілік операцияларына" қатысып, Ресей мен Украина арасындағы жанжалға араласуы мүмкін. Ресейдің сепаратистік "ЛХР" және "ДХР" құрылымдарын ҰҚШҰ қатарына қабылдау туралы ұсыныс айтуы да ғажап емес.

– Қаңтар оқиғасынан кейін Ресей ҰҚШҰ-ны маңызды геосаяси құрал ретінде көре бастады. Мәскеу Украинаға қатысты ойынында да әскери одақты пайдалануға тырысуы мүмкін. Ресей бұл жағдайғаҰҚШҰ-ны араластырғысы келсе, Қазақстан билігі не дей алады? Қаңтарда Путин Тоқаевқа қолдау көрсетті, енді Кремльдің алдында өтелмеген борышы бар. Сондықтан Қазақстан өзіне қатысы жоқ жанжалға араласып, халықаралық қауымдастық алдындағы беделінен біржола айырылуы мүмкін. ҰҚШҰ-на мүшелігіміз – әлсіз тұсымыз болып отыр, – дейді Досым Сәтпаев.

ҰҚШҰ күштері Қазақстанға енгізілгеннен кейін Алматы көшесін бақылап тұрған ресейлік қарулы сарбаздың қасынан өтіп бара жатқан қыз. 11 қаңтар 2022 жыл.

Саясаттанушы тағы бір маңызды нәрсеге назар аударады: қаңтар оқиғасынан кейін Ресей 2014 жылы Украинада Кремльге берілген президентті биліктен тайдыруға жол беріп алғанын ескеріп, бұл жолы сол қателігін қайталамас үшін Қазақстандағы жағдайды үнемі назарда ұстап отыруы керегін түсінді.

– Олар Қазақстанда Украина сценариі қайталанбауы үшін жағдайдың алдын-алуға тырысады. Қаңтарда Ресей Қазақстанның ішкі ісіне араласып, прецедент қалыптастырды. Енді Кремль Қазақстанның ішкі ісіне араласуға моральдық құқығымыз бар деп ойлайтын болады, – дейді Досым Сәтпаев.

"Ортаазиялық демократияны дамыту" қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева қазір Қазақстанда ішкі саяси дағдарыс болып жатқанын, Ақорда сыртқы саясатта маңызды шешімдер қабылдарда қоғамдағы әртүрлі пікірді ескермесе, "ЛХР" мен "ДХР"-ға қатысты мәселе ел ішіндегі жағдайға кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

– Аталған мәселені халықтың саяси белсенді бөлігімен бірге талқылау керек шығар. Бұл сыртқы саясатты демократияландыруға көмектесіп, осы саладағы шешім қабылдау процесінің ашықтығын арттырады. Тоқаев қоғам қолдауына ие болып, азаматтармен байланыс орнатып, билік пен халық арасында саяси сенім қалыптастырар еді. Бірақ Тоқаев пен командасы наразы халықтың пікірін ескермей шешім қабылдаса, негативті сценарий болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Үмбеталиеваның пікірінше, Қазақстан мен Орталық Азия елдері "ЛХР" мен "ДХР" бойынша ортақ позициясын жариялауы керек.

– Қазақстан – халықаралық аренадағы ең мықты ойыншы емес, бірақ Батыс елдері мен Ресейге тәуелсіз позицияда болғысы келеді. Бұл жағдайда Орталық Азия елдері өңірлік деңгейде шешім қабылдап, осы ұстанымына берік болуы керек, – дейді Үмбетәлиева.

Өңірлік және шетелдік сарапшылар Орталық Азия елдері күш біріктірсе, Мәскеудің постсоветтік елдерді өзінің саяси ойындарына тартуды көздейтін бастамаларына қарсы тұра алады деген пікірді бірнеше жылдан бері айтып келеді. Бірақ Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Түркіменстан билігі интеграцияға ынталы екенін айтқанымен, Орталық Азия елдері бірлесіп, өңірлік жобаларды жүзеге асыруға асығар емес.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей-Украина тартысы. Орталық Азиядағы "дыбыссыз режимдегі" тақырып

БАТЫС ЕЛДЕРІНІҢ САНКЦИЯСЫ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Батыс елдері Ресей "ЛХР" мен "ДХР" тәуелсіздігін мойындағаннан кейін Мәскеуге қарсы санкция сала бастады. Қаржыгер Расул Рысмамбетов бұл шаралар Мәскеу басқаратын Еуразия экономика одағына мүше Қазақстанға да әсер етуі мүмкін деп санайды. Санкциялардың әсерінен рубльдің құлдырауы теңге бағамына да әсер еткен: 22 ақпанда Қазақстан ұлттық валютасының биржадағы орташа бағамы 5,75 пайызға төмендеген. Бұған дейін Ұлттық банк 33 миллион долларға интервенция жүргізіп, жалпы сауда көлемі 155 миллион доллар болған.

– Экономикалық салдарды бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады: бірінші кезең – күту, бұл бір-екі аптаға созылады, екінші кезең – санкция салу, бірақ шектеу шаралары бірден әсер етпейді, сонда да олардың салдары қалай боларын күтеді, ал үшінші кезеңде санкциялар Ресей экономикасына, тиісінше Қазақстанға әсер етеді, – дейді Рысмамбетов.

Сарапшы 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялаған кезде рубль құлдырап, Қазақстан билігі теңге тұрақтылығын уақытша сақтап қалуға күш салғанына назар аударып, дәл осы сценарий тағы да қайталануы мүмкін деп болжайды. Көп экономистің пікірінше, теңгені тар дәлізде ұстап отыруға саяси себептер әсер еткен: ол кезде (Қазақстанның сол тұстағы президенті) Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға дайындалып жатқан, сондықтан Ақордаға экономикалық қиындықтар тиімсіз болған. 2015 жылы сәуірде Назарбаев президент лауазымына қайта сайланып, астана күнімен дөп келетін туған күнін (75 жасқа толған) атап өткен. Осыдан кейін тамызда Ұлттық банк валютаны бірден еркін айналымға жіберіп, теңге бағамы рекордты көрсеткішке жеткен. Кейін Назарбаев 2014-2015 жылдары теңгені ұстап тұруға 28 миллиард доллар жұмсалғанын мойындаған. Жасанды теңге бағамының кері әсері мұнымен шектелген жоқ: рубльдің құлдырауы ресейлік тауарларды арзандатып, қазақстандық өндіріске соққы болып тиген.

Батыс елдері санкция салар тұста Ресей рублінің бағамы түсе бастады. 22 ақпанда биржада бір АҚШ доллары 79 рубльден сатылды.

Қазір Қазақстан саяси дағдарыс жағдайында отыр, ел билігі тағы да теңге бағамын ұстап қалуға тырысып, алтын-валюта резервін жұмсайды. Рысмамбетовтың пікірінше, бұл ел экономикасына кері әсер етеді. "Қазіргі жағдай 2014 жылдан да қиын болуы мүмкін, өйткені одан бері экономикалық ахуал нашарлады" дейді сарапшы.

– Батыс елдері Украинаның тұтастығын сақтап қалу үшін кез келген амалға баруға дайын болса, Ресейді қатаң санкциялар күтеді. Мұндай жағдайда Қазақстан мұнайының бағасы өсуі мүмкін. Бірақ Қазақстан Украинаның Донецк облысын тәуелсіз мемлекет деп мойындап, ресми мәлімдеме жасайтын болса, Ресеймен бірге санкция астында қалады. Бұл экономиканың негізгі бөлігіне кері әсер етеді, – дейді Рысмамбетов.

Расул Рысмамбетов Қазақстан Ресейдің ойындарына араласпай, "саяси қырқыстан" аулақ болғаны жөн деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Путин Украинаның жікшіл екі аймағын "тәуелсіз мемлекет" деп танып, әскер кіргізуді бұйырдыЕсі ауысты ма, әлде стратегия ма? Путиннің Украина облыстары жөніндегі шешімі және оның қисыныДума Украинаның жікшіл облыстарын тәуелсіз ел деп тануды ұсынды. Кремльдің көздегені не?"Исламистер, Түркия һәм АҚШ". Кремлшіл арналар Қазақстандағы оқиғаға кімді айыптап жатыр?"Орыс аюы" иек астында. Солтүстік өңірдегі жұртты не мазалайды?