"Террористің әйелі сияқты тергеді". Қаңтар оқиғасында атып өлтірілген азаматтың жесірінің әңгімесі

Your browser doesn’t support HTML5

2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыдағы орталық алаң маңында қаза тапқан Ермек Кебекбаевтың әйелі Ақтоты Кебекбаева марқұм жұбайының өмірі мен өлімі жайлы Азаттық тілшісіне айтып берді.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Ермек Кебекбаевтың әйелі күйеуімді Алматыдағы "жаппай тәртіпсіздікке" кінәлі етіп шығаруы мүмкін деп алаңдайды. Үш баланың анасы Ақтоты Кебекбаеваны бірнеше рет полицияға шақырып, тергеп, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Адвокаттың айтуынша, Кебекбаевтың қазасына кінәлілер әлі табылған жоқ.

Алматыдағы үкіметке қарсы наразылықтың аяғы әкімшілік ғимараттарды өртеп, қиратуға ұласып, қаладағы көп нысан мародерлер шабуылына ұшыраған күннің ертеңіне – 6 қаңтарда көшеде тыныштық орнағандай көрінген. Билік Алматыға жиырма мың "террорист" шабуыл жасағанын, олардың көзін жою үшін "арнаулы операция" жүріп жатқанын айтып, халықты көшеге шықпауға шақырған. Қала орталығындағы дүкендердің терезелері шағылып, банк бөлімшелері мен банкоматтар тоналған, көшеде өртенген көліктердің қаңқасы қалған. Ол кезде жаппай тәртіпсіздік салдарын жою жұмыстары әлі бастала қоймаған еді.

Республика алаңына осындай бейберекеттің ортасында қалған жүздеген адам жиналып, биліктен саяси реформалар жүргізуді бейбіт түрде талап еткен. Олар "Біз – террорист емеспіз, қарапайым халықпыз" деген жазуы бар ақ мата ұстап тұрған. Кешкісін әскери киімдегі адамдар қарусыз халыққа оқ жаудырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жазықсыз жандарды атып тастады". 6 қаңтарда Алматыдағы алаңда не болды?

Әскерилер оғынан қаза тапқан ондаған адамның ішінде 42 жастағы Ермек Кебекбаев та бар.

"КӨЗІМНЕН ЖАС ШЫҚПАДЫ"

Үйден шығарда балаларды құшақтап, бетінен сүйді. Мәңгілікке қоштасып жатқандай болды, – дейді сол күнгі оқиғаны еске алған Ақтоты Кебекбаева.

Осы тұста 29 жастағы әйелдің жанары жасқа толып, көз жасына ерік бергені үшін Азаттық тілшісінен кешірім сұрады.

Сол күні кешке Ермек Кебекбаев көлігіне отырып, досы Ділшат Әбдусатаровпен бірге шығып кеткен. Олар көлікке жанармай құйып, бірден үйге қайтамыз деп ойлаған. Ол кезде көп жер жабық болғандықтан, ашық тұрған жанармай бекетін іздеуге біраз уақыт кеткен. Ділшаттың айтуынша, жолда досына біреу хабарласып, орталыққа шақырған.

– Ермек "Сәтбаев көшесінде біреумен кездесіп, бір зат алуымыз керек" деді. Түсінгенім: ақша алатын болды. Ол кезде интернет өшіп, мобильді байланыспен ақша аударатын жүйе істемей қалған. Желтоқсан көшесінен Сәтбаев көшесіне қарай бұрылдық. Ол көліктен түсті. Мен де шылым шегуге шықтым. Алаңда адамдар тұр екен. Қасында от жанып жатты (наразылар далада шай қайнатып, тамақ істеп ішкен – ред.). Көп ұзамай Ермек көлікке қарай жүгірді, Фурманов жақтан оқ ата бастады, – дейді Ділшат.

Олар көлікке отырып, алаңнан кетпек болған. Батысқа қарай бет алып, Желтоқсан көшесінен өте бергенде көліктің алдынан төрт беренлі техника шыққан. Әскери киімдегі адамдар оқ жаудыра бастаған.

Ермек Кебекбаев 2022 жылғы 6 қаңтарда кешке Алматыдағы Республика алаңы маңында осы Mazda көлігін айдап бара жатқанда оқ тиіп, қаза тапқан.

– Рөлде отырған Ермек "Әскери оқпен атып жатыр!" деп айқайлап үлгерді. Соңғы сөзі осы болды. Басымды қорғап, еңкейіп жатып қалдым. Оқ дауысы басылған кезде көлігіміз әлі де жүріп келе жатты. Арықтан өтіп, бордюрге барып тоқтадық. Дөңгелегі жарылған болуы керек. Атып тастар ма екен деп, басымды көтеруге қорықтым. Терезелердің бәрі сынған. Сирағыма оқ тиіпті. Қалай тигенін білмеймін. Оқ жанап өтіп, ұшып кеткен сияқты. Көліктің шамын өшіріп, Ермекті жұлқылай бастадым. Дыбыс шығармады. Телефоны шырылдады, әйелі хабарласып жатыр екен… – дейді Ділшат.

Ділшат досының телефонын алып, Ермектің әйеліне көлікке оқ атылғанын айтқан. Көліктен түсіп, жедел жәрдемге хабарласқанымен, олар "бара алмаймыз" деген. Кейінірек бейтаныс үш адам Ділшатты көшенің арғы бетіне апарып, ауруханаға баратын көлікке салып жіберіпті.

Бұл кезде үйінде отырған Ақтоты жанын қоярға жер таппай, қиналған. Түнді ұйқысыз өткізіп (комендант сағаты кезінде сыртта жүруге тыйым салынған), ертеңіне күйеуін іздеуге шыққан. Ермектің әскерилер оғының астында қалған көлігі алаңға жақын маңнан табылды. Ішінде ешкім жоқ. Ақтоты күйеуінің денесін мәйітханадан алған. Ол мәйітхананың ішінде ғана емес, сыртында да көп мүрде жатқанын көргенін айтады.

– Есімді жия алмай қалдым. Көзіме жас та келмеді. Күйеуімнің денесін үйге әкелгенде ғана сене бастадым, – дейді Ақтоты.

"КЕБЕКБАЕВТЫҢ ҚАЗАСЫ" БОЙЫНША ТЕРГЕУ: КІНӘЛІЛЕР ЖОҚ

Ермек Кебекбаев ата-анасы тұратын Есік қаласына жерленді.

Ақтоты Кебекбаева мен жұбайы Ермек. Отбасы архивіндегі сурет.

Көп ұзамай Ақтотыға полиция хабарласып, эксгумация жүргізілгенін, Ермектің денесін қазып алып, сараптамадан кейін қайта жерлегендерін айтқан.

Бір жарым айдан кейін сараптама қорытындысы келді. Онда "Ермек Кебекбаев оқ жарақатынан қайтыс болған" деп көрсетіліпті. Бір оқ басына, қалған үшеуі денесіне тиген.

– Оқтар табылмаған. Олардың түсіп қалуы немесе жоғалып кетуі мүмкін емес. Бұған сенбеймін. Енді бұл сұрақты кімге қоярымды білмей отырмын. Ермектің қазасы бойынша қозғалған істің тергеу жұмыстарын төрт айға ұзартты. "Кінәлі де, айғақ та жоқ" деді. Басы ашылмаған мәселе көп. Бірақ тергеуші сұрақтарымызға жауап бермей отыр. Қайда барарымызды білмейміз, – дейді Ақтоты.

Кебекбаевтар отбасының адвокаты Елена Жанатова "Сараптама қорытындысында Кебекбаевтың денесінен оқ алынғаны айтылмаған" дейді.

– Ақтоты екеуімізді сараптама қорытындысымен танысуға шақырды. Бірақ тергеуші бізге құжат көшірмесін берген жоқ. Сараптама нәтижесін алмағанымды айтып, тергеу сотына шағым түсірдім. Полиция департаментінің тергеу басқармасына өтініш беріп, процестік құжаттардың барлығымен таныстыруын, сотқа дейінгі тергеу барысы, қылмыстық істің қаралу деңгейі туралы ақпарат беруін сұрадым. Әзірге ауызша түрде "күдіктілер табылған жоқ" деген хабар алдық, – дейді Елена Жанатова.

Адвокат сараптама қорытындысына қатысты шағым түсіріп немесе қосымша сараптама жүргізуге өтініш бермек. Ол сондай-ақ Ермек Кебекбаевтың көлігіне оқ атылған жерден түсірілген видеожазбалар болса, полициядан бұл айғақтарды көрсетуді сұрайды.

Қазақстан билігі әскерилер қарусыз демонстранттарға оқ атқан жоқ дейді. Мемлекеттің нұсқасы бойынша, қауіпсіздік қызметкерлері "қарулы бұзақылар" мен "шетелде арнайы дайындықтан өткен террористерді" ғана қудалаған. Бірақ қаңтар оқиғасына террористік топ мүшелері қатысқанын растайтын дәлелдер жоқ.

Мемлекеттік хатшы "бейбіт жиынға оқ атылмағанын" айтады. Куәгерлердің көргені басқа

Your browser doesn’t support HTML5

Қарин "бейбіт жиынға оқ атылмағанын" айтады. Куәгерлердің көргені басқа

МАРҚҰМНЫҢ ҮСТІНЕН ҚОЗҒАЛҒАН ІС

Аталған істен бөлек, полиция Ермек Кебекбаев пен Ділшат Әбдусатаровқа қарсы қылмыстық іс қозғаған. Оларға "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылып отыр. Ақтотыны бірнеше рет тергеуге шақырған.

– "Алаңға не үшін барды?", "Ол жақта не істеді?", "Неге тез жерлеп қойдыңдар?" деп, террористің әйелі сияқты тергеді. Жалған түсініктеме берсең, соттаймыз деп қорқытты. Полиция қысым көрсетіп жатыр, – дейді марқұмның жесірі.

Полиция Ақтотының үйіне бірнеше рет ескертусіз келген.

– "Келетіндеріңізді неге ескертпейсіздер?" дедім. Біреу келсе, балалар қорқады. "Кім келді?" деп сұрайды. Полиция десем, қорқады. Кім атқанын білеміз ғой. Бәрін білеміз. Балалар есік қағылса, қорқып, қаша жөнеледі, – дейді ол.

Ақтоты Кебекбаева үлкен қызымен бірге.

Ақтотының үлкен қызы – тоғызда, ұлдары – сегіз және бес жаста. Балалары әкесін іздейді. Сегіз жастағы ұлы әкесінің жастығын құшақтап жылайды. Анасына көз жасын көрсеткісі келмей, көрпенің астына тығылып жатады. Қызы да әкесін сағынып жүр. Кенже ұлы әкесінен айырылғанын енді ғана түсіне бастаған.

Ермек Кебекбаев саудамен, жекеменшік көлігімен тасымал қызметімен айналысқан. Ақтоты күйеуінің жаппай тәртіпсіздікке қатысқанына сенбейді.

– Күйеуім өте салмақты, көңілді адам болатын. Кез келген ортада белсенді болып жүретін. Ол – террорист емес, – дейді жесір қалған келіншек.

Кебекбаевтар отбасы Алматының іргесінде пәтер жалдап тұрады. Қазір марқұмның жесірі мен балалары асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақыға (шамамен 150 доллар) күнелтіп отыр. Туыстарынан көмек жоқ. Ақтотының ата-анасы қайтыс болған. Ермектің ата-анасының денсаулығы нашар, олардың өзі қолдауға мұқтаж.

Ақтоты жұмысқа шыққысы келеді, бірақ балаларын жалғыз қалдыра алмайды. Бұрын үлкен қызын мектепке әкесі апаратын, енді ол оқуға анасымен бірге автобуспен қатынап жүр. Екі балаға да қарайтын адам керек.

– Күйеуім балаларға қарап, оларды мектепке апарып, ақша тауып, азық-түлік пен киім-кешекті де өзі алатын. Қазір өте қиын, – дейді Ақтоты көз жасын сүртіп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қанды қаңтар эпилогы. Бейбіт халыққа оқ ату, азаптау және "дәлелденбейтін қылмыс"Қаңтар оқиғасында қаза болғандар"Ескертусіз атуды ақтауға болмайды". Қазақстандағы оқиғаға халықаралық құқық тұрғысынан қарау"Атымен қоса атып өлтірді". Мал бағуға шығып оққа ұшқан Ерназар Қырықбаевтың қазасына кім жауапты?"Интервьютектес телесюжет". Тоқаевтың сұхбаты жайлы саясаттанушының пікірі