СУ ҚАЙДА?
Кейінгі бірнеше күнде Алматы қаласы Медеу ауданындағы тұрғын үй кешені тұрғындарының WhatsApp чатында ең көп қолданылған сөз "су таситын көлік" болды.
Өткен аптада қаладағы қымбат аудандардың бірі сусыз қалды. Алматы билігі мұны "табиғи фактордан" көреді.
Биліктің дерегінше, мұздықтардың еруі салдарынан Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің ағысы күшейіп, суы лайланған. Су тазалайтын станция лай суды сүзгіден өткізіп үлгермей жатыр. Бұл мәселе аптап ыстықтың беті қайтқаннан кейін ғана шешілуі мүмкін. Шілденің екінші жартысында ауа температурасы 35-40 градус ыстықтан түспей қойды.
Халықтың сусыз отырғанына үш күн толғанда бір тұрғын үй кешенінің халқы наразылық білдірді. Бұдан соң жергілікті билік оларға уақытша пайдалануға көшпелі әжетхана орнатып берді.
Бірақ бұған жұрттың бәрі риза бола қойған жоқ.
Алматының қымбат ауданында тұратындар сусыз отырғаны туралы жаңалықтар сайтында жарияланған материалдың астына "Халықтың қалған бөлігі қалай өмір сүріп жатқанын олар да көрсін" деген пікірлер жазылды.
Ресми дерекке сәйкес, қала тұрғындарының бәрінде және ауыл халқының жартысынан көбінің үйінде су құбыры бар.
Журналист Михаил Козачков телеграм арнасына "Алматының жоғарғы бөлігіндегі ауданда тұратындардың жағдайы қала шетіне қоныстанған халықтың көрген күнінен де жаман. Олар сусыз қалды: жуынды-шайындыны да ағыза алмайды, ботқа да пісіре алмайды" деп жазды.
Тұрғындар чатында бір әйел "Бұл үйді басқалар қалай өмір сүріп жатқанын түсіну үшін сатып алған жоқпыз. Естір құлаққа түрпідей тисе де айтайын, сондай қолайсыз жағдайда өмір сүрмес үшін бар күшімізді салып, еңбектеніп жүрміз", – деп ашулы пікір білдірді.
Бұл ауданнан үй сатып алғандардың ешқайсысы сусыз отыруды армандамағаны шүбәсіз.
Медеу – Алматыдағы ең қымбат аудандардың бірі. Мұндағы үйлердің шаршы метрінің бағасы 1500 доллардан басталады.
Он жыл бұрын Қазақстанда қаржы дағдарысы болғанда осы аудандағы ескі тұрғын үй кешендерінің бағасы бастапқыдан біршама арзандаған.
Жарнамаларда Медеу ауданындағы жаңа үйлер "қаланың у-шуынан алыс, жасыл, экологиялық таза" жобалар деп таныстырылады.
Жақында салынған, жоғары сапалы La Verde тұрғын үй кешенінің атауы испан тілінен аударғанда "жасыл" деген мағына береді.
Мұнда аумағы 200 шаршы метрден асатын пәтердің бағасы 700 мың доллардан басталады.
Бірақ су жоқ жерде жасыл желек болмайтыны түсінікті.
СУ ТАСИТЫН КӨЛІК
Биыл Орталық Азияның ірі қалаларында су тапшылығы айқын сезілді.
Жаздың басында Астананың кей аудандары мен Бішкекте су тоқтап қалды.
Қырғызстан билігі жылдың алғашқы жартысында жауын-шашын мөлшері аз болды, сондықтан жерасты суының деңгейі төмендеп кеткен деген уәж айтты. Шенеуніктер 1 миллион халқы бар қаланы сумен қамту үшін жерасты суларының жаңа көздерін ашуға уәде етті.
Орталық Азия қалалары мұздықтардан бастау алатын өзен суын ішіп отыр. Жыл өткен сайын мұздықтар еріп, көлемі кішірейіп барады.
Климаттың өзгеруі, жауын-шашын мен қардың азаюы және жаздың ыстық болуы тәрізді факторларды бақылауда ұстауға жергілікті атқарушы органдар қауқарсыз екені айтпаса да түсінікті.
Бірақ су ресурстарын тиімді басқаруға болады. Ал Орталық Азияда бұл мәселе даулы тақырыптардың бірі. Жыл өткен сайын ескіріп, тозығы жеткен инфрақұрылым да дер кезінде жөнделмейді.
Cу берілмей тұрып Алматының Медеу ауданының халқы тұрғын үй кешенін басқарушы компанияға шағымданды. Олар коммуналдық шығындар қаланың орталығымен салыстырғанда қымбат екенін айтып, шенеуніктерді сынады.
Журналист Козачков дағдарысқа өзен ағысының жоғарғы жағына құрылыстан шыққан қоқысты төгетін компаниялар себеп болды деп жазды.
Медеу ауданында тұратын белгілі қазақстандық рэпер Скриптонит Алматы әкімдігінің мәлімдемесіне күмәнмен қарайды. Әкімдік бірнеше журналисті таңдап шақырып, тікұшақпен баспасөз турын өткізген. Instagram желісінде 2 миллион оқырманы бар рэпер биліктің сөзіне сенбейтінін ашық айтты.
Медеу ауданының халқы үшін су таситын көлік жүргізушісі құтқарушы іспетті болды. Бірақ егер су келмей қалса немесе су таситын көлік үйлерді тұрғындар қалағандай араламаса, жүргізушіден сорақы адам болмайды.
Тұрғын үй кешендерінің бірінде су таситын көлік қайда тұруы керек деген дау шықты.
Біреулер көлік басқа үйлерден биік тұрған ғимарат жанына тоқтауы керек, өйткені халыққа суды төбеге қарай тасу қиын десті. Енді біреулер көлік тұрғындардың бәрінен бірдей қашықтықтағы балалардың ойын алаңының жанында тұрсын деген талап қойды.
Ақыр соңында көлік қос тараптың да айтқанын орындап, тұрғындар шелектері мен алты литрлік ыдыстарын суға толтырып алды.
– Жұрт мені жұмыс істемей, бос сандалып жүр деп ойлайды-ау деймін. Хабарласып, "Қашан келесіз?" деп сұрайды. Әл Фарабиде (Алматының жоғарғы бөлігіндегі үлкен даңғыл – ред.) кептелісте қозғала алмай тұрмын деген сөзімді түсінбейді, – деді су таситын көлік жүргізушісі Дәулет ренішін жасырмай.
Бұл – Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты сынауға тағы бір ілік болды.
Медеу ауданының сусыз қалуы көлік жүйесіндегі коллапспен тұспа-тұс келді. Биыл жазда Досаев қаладағы Әл Фараби даңғылы мен Абай көшесінде бір мезетте күрделі жөндеу жұмыстарын бастаған. Соның салдарынан қаланың шетінен орталыққа көлікпен жету қиындап, кептелістен қашқан жүргізушілер үй-үйдің арасындағы шағын жолдармен айналып жүре бастады.
Билікті сынаушылар жол жөндеу – шенеуніктер үшін ақша жымқырудың бір мүмкіндігі деген сын айтады.
Досаев қысты аман-есен өткеру үшін Әл Фараби даңғылы мен Абай көшесін жөндеу керегін айтып, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.
Әкім Алматыдағы Әл Фараби даңғылы 2012 жылдан бері жөнделмеген деген уәж айтты.
Досаев өзін отставкаға жіберуді талап еткен петицияны елемей, ондағы ондаған мың адамның қолының көбі боттардан жиналған деді.
"САЯСАТҚА АРАЛАСПАЙТЫН" ОРТА ТАПТЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ
Түн ортасында су таситын көлік күту – ерекше көріністердің бірі: ыстық басылып, жұрт телефон жарығымен су толтырып, бір-бірімен әзілдесіп, уақыт тым кеш болса да, балалар электросамокатқа мініп, ары-бері асыр салып ойнап жүр.
Қазір Үлкен Алматы өзені маңындағы жаяулар жолы кеңейген. Енді бұл жерден электросамокат немесе велосипедпен қаланың орталығына баруға болады. Көлік те көп емес.
Совет Одағы тұсында Медеу ауданының бұл бөлігінде алма мен басқа да жеміс ағаштарын өсіретін совхоз болған.
Қазір демалыс аймағы салынған аумақта бұдан бірнеше жыл бұрын ешкі бағып жүрген адамдарды кезіктіруге болатын.
Жаяу жүргінші жолы кеңейген соң, Медеу ауданы өмір сүруге қолайлы ауданға айналды. La Verde тұрғындарының өзенге жаяу түсетін жолы да бар.
Бұрын Алматының бұл бөлігінде ауа райы салқын, қыста тұман аз болатын. Бірақ тұрғын үй көбейген сайын Медеудің климаты да өзгерген.
Қазір Медеу ауданына су берілді, антисанитария мәселесі шешілді.
Бірақ тұрғындар бір апта сусыз отырғанын, түнде даладағы көк шыбын үймелеген әжетханаға барғанын көпке дейін ұмыта қоймас.
Бұл жайт маңызды, өйткені бұл ауданда өзін саясаттан алшақ ұстайтын адамдар тұрады.
– Бір қызығы, су тоқтап қалғанда, саясатқа араласпайтын азаматтар наразылықсыз мәселе шешілмейтінін түсініп, күш біріктірді, – дейді Ratel.kz сайтының бас редакторы, осы ауданда тұратын Марат Әсіпов.
Әсіпов бұл жағдай орта тап өкілдерін ауыл халқының деңгейіне түсіріп, олардың аса бай адамдардан едәуір айырмашылығы барын көрсетті деп есептейді.
– Досаев қолдағы байлығымен кез келген елге көшіп кете алады. Мәселен, қазір Женевада тұратын Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың көршісі бола алады. Ал мұнда біз қаламыз, – дейді журналист.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия қалалары су ресурстарын тиімсіз басқарудан зардап шегіп отыр ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "90-жылдар қайта оралғандай". Теміртау халқы аптап ыстықта сусыз қалды