Бюджет көбейту, әскерге күштеп әкету, доктрина жаңарту. Қазақстан қорғаныс саласын нығайтуға кірісті ме?

Халықаралық армия ойындарының ашылу шарасына қатысушы қазақстандық сарбаздар. Отардағы әскери база, Жамбыл облысы, 7 тамыз 2019 жыл.

Қазақстан 2022 жылы қорғаныс саласына 1 триллион теңге бөлді. Бұл былтырмен салыстырғанда 303,7 миллиард теңгеге көп. Сонымен бірге биыл көктемде мерзімді әскерге шақыру науқаны бұрынғыдан қатаңдау өтті. Бірқатар өңірде әскери комиссариат өкілдері студенттерді оқу орнына іздеп келіп, армияға күштеп алып кеткені жайлы ақпарат тарады. Бұған қоса Ақорда 2017 жылғы әскери доктринаны да өзгертпекші. Сарапшылар Нұр-Сұлтанның бұл әрекетін Қаңтар оқиғасы және Украинадағы жағдаймен байланыстырады.

ҚОРҒАНЫС ҚАРЖЫСЫ ҚАЛАЙ ӨСТІ?

Қаңтар оқиғасына дейін, яғни, 2021 жылдың 2 желтоқсанында бекітілген "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңның алғашқы нұсқасында Қазақстан қорғаныс саласына 858,8 миллиард теңге бөлген еді. Заңда бұл қаржының 61 пайызы қорғаныс министрлігіне, қалғаны төтенше жағдайлар министрлігіне, индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігіне тиесілі деп көрсетілген. Ал мамырда билік қорғаныс саласының бюджетіне тағы 162,6 миллиард теңге (56,9 млрд теңге қорғаныс министрлігіне) қосып, бұл салаға бөлінген қаржы биыл бір триллион 21 млн теңгеге жетті. Бұл былтырғы бюджетпен салыстырғанда 303,7 миллиард теңгеге артық.

Бір триллион теңгенің тең жартысы, яғни 494,6 млрд теңге қорғаныс министрлігіне бөлінген. Ал қорғаныс министрлігі бұл қаржының 491 млрд теңгесін қарулы күштерді дайындауға жұмсауы тиіс.

Нұр-Сұлтан қорғанысқа қаржыны күрт өсірген тұста америкалық Wall Street Journal басылымы 24 шілдеде Қазақстан билігі Украинадағы соғыстан сабақ алып, қорғанысын күшейтіп жатыр деген тақырыпта мақала жариялады. Аты-жөнін атаудан бас тартқан қазақстандық лауазымды шенеунікке сүйенген басылым Қазақстан билігінің АҚШ, Қытай, Түркиямен әскери, қорғаныс саласында байланысын нығайтып жатқанын, қорғаныс бюджетін 441 миллиард теңгеге (918 миллион доллар) арттырғанын жазды.

Шенеунік басылымға Украинадағы жағдайдан сабақ алған Қазақстан бұл соманың бір бөлігін қарулы күштерді реформалауға және әскери резервті арттыруға жұмсамақ деген.

Биыл 7 сәуірде қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева 2022 жылы төтенше жағдай мен құқық қорғау органдарының техникасын жаңартуға және жауынгерлік даярлықты арттыруға қосымша 441 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Ол бұл қаржының көп бөлігі Қаңтар оқиғасынан кейінгі шығындарды өтеуге жұмсалатынын айтқан еді.

Қорғаныс министрлігі Азаттықтың ресми хатындағы "2022 жылы қорғаныс бюджетін арттыруға не түрткі болды?" деген сауалға жауап бермеді. Ал "Қорғаныс министрлігіне бөлінген қосымша қаржының көп бөлігі қайда жұмсалады?" деген сұраққа "әскерилердің әлеуметтік мәселелерін шешуге, жауынгерлік әзірлікті қолдауға, инфрақұрылымды күтіп ұстап, дамытуға бағытталған" деп жауап қатты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда қандай әскери дрондар бар? Олардың күші қандай?

ҚОРҒАНЫС ҚАРЖЫСЫН ӨСІРУГЕ НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

2005-2006 жылдары Қазақстан қарулы күштерінің аэроұтқыр әскері қолбасшысының орынбасары болған, "Генералдар кеңесі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор Махмұт Телеғұсов қорғаныс қаржысының көбеюіне соғыс пен геосаяси мәселелер әсер етті деп тошылайды.

Жаңа Қазақстанда жаңа қарулы күш пен жаңа құқық қорғау органы болуы керек. Олар мемлекет мүддесіне жұмыс істеуі тиіс.

– Бізде қарулы күштер ғана емес, тұтас мемлекет 30 жыл бойы дайындалмады. 2005 жылғы қорғаныс және қарулы күштер туралы заңда мемлекеттік органдардың, парламенттің, атқарушы органдардың, әкімдердің міндеті жазылған. Яғни, үкімет, министрлік, әкімдер көп олқылық жіберіп алды. Енді соның орнын толтырғысы келеді. Әрі қарай тіпті жаман болады. Қазір мүмкіндігіміз бар, жаңа Қазақстан құрамыз дедік, жаңа Қазақстанда жаңа қарулы күш пен жаңа құқық қорғау органы болуы керек. Олар мемлекет мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан [қорғанысқа бөлінген қаржы] көп деп айтпас едім, – дейді отставкадағы генерал-майор.

Сенат депутаты, парламенттегі халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Нұржан Нұрсипатов көбейген қаржы әскери техниканы жаңартуға, оқу-жаттығу шараларына кететінін айтады, бірақ қорғаныс бюджетінің өсуіне Украинадағы соғыстың қатысы жоқ деп отыр.

– Қаржының көбеюіне инфляция да әсер етті. Себебі қару-жарақтың бәрін өзіміз өндіруге шамамыз келмейді, шетелден сатып аламыз, – дейді депутат Азаттыққа.

"Орталық-2019" халықаралық әскери жаттығуға қатысып жатқан қазақстандық әскери техника. Қазақстан, 16 қыркүйек 2019 жыл.

Ал "Тәуекелдерді бағалау тобының" жетекшісі, саясаттанушы Досым Сатпаев Қазақстанның қорғаныс бюджетінің артуына Қаңтар оқиғасы әсер етті деп есептейді.

– Қорғаныс саласының қаржысын өсіру бұрыннан айтылып жүрген, биыл аяқ астынан көбейтсе, түсінер едім. Бюджеттің шығындарына қарасақ, Қорғаныс министрлігіне ғана емес, Төтенше жағдайлар министрлігіне де едәуір қаржы бөлінген. Бұған негізгі әсер еткен – Қаңтар оқиғасы, содан кейін ғана Украинадағы жағдай. Қаңтар оқиғасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын көмекке шақыруы ел армиясының да, ішкі әскердің де қорғанысқа қабілетсіз екенінен хабар береді, – дейді саясаттанушы.

Халықаралық қауіпсіздік бойынша ғылым магистрі Эмин Джаббаров бюджеттің өсуі Ресейдің әрекетіне байланысты емес деп санайды. Ол қорғаныс бюджетінің өсуіне Қаңтар оқиғасы кезінде әскерилердің уақытында жағдайды бақылауға ала алмағаны әсер етті дейді.

Коррупция – Қазақстанның қауіпсіздігіне төнген ең басты қауіп. Жемқорлық, кәсібиліктің төмендігі, кадрларды дұрыс таңдамау, жауапкершіліктен қашу, стратегия құра алмау да басты мәселелер.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстан қорғанысын мығымдаймын десе қорғаныс бюджетін ғана өсіру жеткіліксіз болатынын, оған қоса әскердегі жемқорлықпен күресті және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту керегін айтады.

– Коррупция – кез келген елдің, Қазақстанның қауіпсіздігіне төнген ең басты қауіп. Жемқорлық, кәсібиліктің төмендігі, кадрларды дұрыс таңдамау, жауапкершіліктен қашу, стратегия құра алмау да басты мәселелер. Барлығы қазіргі күнмен өмір сүріп жатыр. Дәл осы жерде ақпараттық салада биліктің қате саясат жүргізіп отырғаны анық байқалады. Себебі әлі күнге дейін Қазақстан аумағында Ресейдің ақпараттық арналары насихатын емін-еркін жүргізіп отыр, – дейді сарапшы.

ӘСКЕРГЕ КҮШТЕП ӘКЕТУГЕ НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

Биыл Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру өте қатаң түрде өтті. Бірнеше өңірде қорғаныс істері жөніндегі облыстық департамент қызметкерлері оқу бітіріп жатқан студенттерді әскерге күштеп алып кеткені туралы ақпарат тарады. Жастарды әскерге күштеп әкетуді қоғамда әскерді күшейтумен байланыстырғандар да болды.

Ал қорғаныс министрлігі аталған оқиғаларда әскери комиссариаттардың заңға сәйкес әрекет еткенін, ол азаматтардың медициналық комиссиядан өтуден жалтарып жүргенін айтады.

"Оларға алдын ала шақыру қағазы берілген, SMS-хат та жіберілген. Бірақ белгіленген мерзімге әскерге шақыру пунктіне келмеген. Сол себепті жергілікті полиция қызметі іздестіруде жүрген әскерге шақырылушыларды анықтау бойынша рейд жүргізген" деп жауап берді министрлік Азаттық сауалына.

Министрліктің дерегінше, биыл көктемде 16 653 адам әскерге алынған, алда күзгі әскерге шақыру науқаны бар. 2021 жылы әскери борышын өтеуге 32064 адам, 2020 жылы 34 мыңға жуық адам барған.

Саясаттанушы Досым Сатпаев Қазақстан қандай да бір қауіпке дайындалатын болса, әуелі әскер санына емес, сапаға жұмыс істеуі керек деп санайды.

– Мұнда да тағы Украинадан үлгі алуымыз керек. Елдің қорғаныс қабілеті тек армияға емес, ел азаматтарына тікелей байланысты екенін Украинаның қорғанысы дәлелдеді. Сондықтан мәселе санда емес, Қазақстанға қауіп төнген жағдайда қанша адам елін қорғауға дайын екені, қаншасы ұлт мүддесіне опасыздық жасайтынына байланысты, – деді ол.

Отставкадағы генерал-майор Махмұт Телеғұсов жыл өткен сайын әскерге барғысы келетін жастардың азая беретінін айтып, оларды әскерге шақыру үшін билік дұрыс мотивация ұсынуы керек деп санайды.

Қазір жастардың көбі бір жылын текке өткізбей, отбасына көмектесуді жөн көреді.

– Қазір ақшасы барлар әскерге сирек баратын болып кетті ғой. Баратындар кімдер? Әлеуметтік жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасының балалары барады. Ал қазір жастардың көбі бір жылын текке өткізбей, отбасына көмектесуді жөн көреді. Сол үшін әскерден қашады. Билік мұны ескеріп, оларға мотивация болатын ұсыныс айтуы керек. Комиссариаттардың бұлай күштеуі басы ғана, бұл сала реформаланбаса, кейін одан да жаман болады, – дейді ол.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазір елде 220 мың әскерге жарамды азамат бар, олардың 35 мыңдайы әскерге шақырылады.

Қазақстан қарулы күштері сарбаздары әскери жаттығу кезінде. Отар, Жамбыл облысы, 25 қаңтар 2019 жыл.

АҚОРДА ӘСКЕРИ ДОКТРИНАНЫ ӨЗГЕРТУДІ ҰСЫНДЫ

Қазір Қазақстан осыдан бес жыл бұрын, 2017 жылы қабылданған әскери доктринасын қайта жазбақ. Ақорда әскери доктринаға 70-тен астам өзгеріс енгізуді ұсынған. Маусымда қоғам талқысына шығарылған әскери доктринада "дағдарыс жағдайы", "резервтегі әскери қызмет" деген жаңа ұғымдар бар. Бұған қоса, ұсыныста жаппай қырып-жою қаруы, кибершабуыл, ғарыш кеңістігіндегі үстемдік, гибридтік соғыс, ақпараттық соғыс туралы да жазылған.

Жаңа доктринада Қазақстанға қауіп төндіретін бірнеше фактор өзгертіліп, толықтырылған. Солардың ең маңыздысы:

  • Халықаралық қатынастар күрделенген тұста әлемдік және өңірлік державалардың экономикалық және саяси ықпал ету салаларын кеңейтуге ұмтылыста қайшылықтардың күшеюі;
  • Әскери күш қолдануға жол бермеуі тиіс халықаралық құқықтар мен халықаралық қауіпсіздік ұйымдарының мүмкіндігінің төмендеуі.

Жаңа әскери доктрина бойынша қоғамдық талқы аяқталды, бірақ әлі бекітілген жоқ. Қорғаныс министрлігі жаңа доктрина 2022 жылдың аяғына дейін бекітілетінін айтқан.

Елдің 2017 жылы қабылданған әскери доктринада әуе шабуылына қарсы қорғанысты Ресеймен бірлесе дамытатыны жазылған еді. Ал ұсынылған жаңа доктринада да әуе шабуылына қарсы қорғаныс Ресеймен бірге жүзеге асырылатыны жайлы тармақ бар.

Халықаралық қауіпсіздік бойынша ғылым магистрі Эмин Джаббаров бір елдің әскери доктринасында басқа елдің болуы қалыпты жағдай емес, бірақ Қазақстанда басқа таңдау жоқ деп санайды.

– Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасын халықаралық қатынастарда Bandwagoning деп атайды. Бұл – әлсіз мемлекеттің мықты елмен серіктес болуы, оның күшін мойындауы. Қазақстан әскери доктринасынан Ресейді алып тастай алмайды, алып тастаса Қазақстан армиясын тек ұрысқа дайындап жатқандай болады. Қазақстан олай көрінбес үшін сыртқы қауіпсіздігінің бір бөлігін мықты мемлекетке аутсорсқа тапсырып қойған. Мұндай жайт әлемде көп кездеседі. Еуроодақ қауіпсіздігі мен қорғанысын қаржыландыруда АҚШ-қа тәуелді. Жалпы әскери доктринада басқа елдің қорғанысқа атсалысатыны туралы жазылуы – қалыпты нәрсе емес, мұны тарих та көрсетті. Ресейдің қазір халықаралық аренада өзін қалай көрсетіп жатқанын ескерсек, ол елмен жақын одақтас болу қауіпті. Біз Кавказдағы, Қырымдағы жағдайды көрдік, Украинаға басып кірді. Ресейдің халықаралық құқықты бұзғанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанға қатер төндіреді. Бірақ басқа таңдау жоқ, – дейді сарапшы.

Қорғаныс министрлігі Азаттыққа берген жауабында "әуе шабуылына қарсы қорғанысқа Ресейдің қатысуы Қазақстанның мүмкіншілігін арттыратынын" айтады.

Кремль мен Ақорда екі ел арасындағы қарым-қатынас келісімшарттар, ШЫҰ, ҰҚШҰ аясында бұрынғыдай жалғаса беретінін айтып келе жатса да, саясаттанушылар мен қоғам белсенділері Қазақстанға Ресей тарапынан агрессия қаупі бар деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Өзіне қол салған", "сапта есінен танып қалған". Әскерде өлім-жітім неге көбейді?Қазақстан қорғанысты күшейтіп жатыр ма? Түркияның Орталық Азияда ықпалы арта ма?"Сіздерді кемсіткен жоқ па?" Ресей институты Қазақстандағы "отандастарына" сұрақ қойып жатыр"Майданнан қайтпаған қазақтар жайлы естігенде жүрек ауырады". Соғыс Астрахань жұртының өмірін қалай өзгертті?Біреулер Путинді қолдаса, өзгелер айыптайды. Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамына қалай әсер етті?