Былтыр жазда Ресейде әскери қару саналатын "Новичок" уынан зардап шегіп, Германияда емделген оппозициялық саясаткер Алексей Навальный 17 қаңтар күні Мәскеуге оралған. Әуежайда ұсталған оны Химкидегі полиция бөлімшесіне жеткізіп, сол жерде өткен көшпелі сот Навальныйды 30 тәулікке, яғни 15 ақпанға дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарған.
Осыдан кейін Навальныйдың жемқорлықпен күрес қоры Қара теңіз жағасында, Геленжик түбіндегі құны 1,36 миллиард долларды шамалайтын "Путин сарайы" туралы зерттеу жариялады. Екі сағатқа жуық уақытқа созылатын видео содан бері өткен тоғыз күннің ішінде YouTube сайтынан 97 млн рет көрілген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үрей сейіліп барады". Ресейлік сарапшылар 23 қаңтардағы наразылық жайлыНавальныйдың қамалуы, "Путин сарайы" туралы зерттеу Ресейде жаппай митингіге түрткі болды. 23 қаңтарда елдің жүзден аса қаласында наразылық акциясы өтті.
Ресей билігі бұл шараны рұқсат етілмеген митинг деп бөгеуге тырысып, жиын алдында Навальныйдың серіктерін қамауға алды. Митингіде жұрт "Путин ұры!", "Навальныйға бостандық!", "Саяси тұтқындарға бостандық!", "Патша жойылсын!", "Ресей азат болуы керек!" деп ұрандады.
Ресейдегі наразылық кезінде үш жарым мыңнан аса адамның ұсталғаны айтылады. Оларға айыппұл салынып, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Навальныйды жақтаған шерушілерге полиция күш қолданды. Мәскеу, 23 қаңтар 2021 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанда Ресейдегі бұл оқиғалар әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Кейбір қолданушылар Ресейдегі митингілердің нәтижесі қаншалықты деген мәселені талқыласа, енді біреулер Қазақстанда да Навальныйдың зерттеуі сияқты материалдар жариялануы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеді. "Жергілікті Навальныйдың" бар-жоғы да біраз талқыланды. Ал тағы бір топ қолданушы Ресейдегі оқиғалардың Қазақстанда қайталану ықтималдығы жайлы пікір білдіріп жатты.
Азаттық сөйлескен сарапшылар "Қазақстан мен Ресей билігінің оппозициялық күштер наразылығына бірдей қарайтынын", Қазақстан жұрты көрші елдегі оқиғаны "желіде талқылаумен шектелетінін" айтады.
НАВАЛЬНЫЙ МЕН БОҚАЕВ
Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев авторитарлық елдердегі ұқсас жайларға назар аударады. Оның айтуынша, оппозициялық күштер мен оппозициялық саясаткерлердің митингісіне Беларусь та, Ресей де, Қазақстан билігі де бірдей қарайды. Бәріне күш қолдану тән.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайларыОсы жылдар аралығында Навальный зерттегендей деңгейде болмағанымен, Қазақстанның саяси және бизнес элитасы иелік еткен оффшорлық есеп-шоттар туралы ақпарат тараған.
Саясаттанушының сөзінше, Навальныйды қамап, соттау Қазақстандағы жағдайға ұқсайды. Мәселен, Макс Боқаев тәрізді саяси белсенділер жер митингісінен кейін сотталып кетті. Ғалымжан Жақиянов сияқты оппозициялық саясаткердің Демократиялық таңдау қозғалысын құрған соң іле-шала сотталғаны белгілі.
– Ал Навальныйдың әрекеті Ресейдің тоқсаныншы жылдарғы, екі мыңыншы жылдардың басындағы оппозициясының істегеніне қарағанда анағұрлым айырмашылыққа ие. Навальный – Ресей оппозициясы эволюциясының жаңа кезеңі, – дейді Досым Сәтпаев Азаттыққа.
Оның айтуынша, Алексей Навальныйдың жемқорлықты зерттеуі халыққа өте түсінікті, әрі нақты әрекет болды. Мұндай қадам билікті дискредитацияға ұшыратады.
– Навальный жемқорлық жайлы зерттеу арқылы Путин билігін десакрализация жасады. Ұзақ жылдар бойы Ресей пропагандасы Путинді Ресейдің еңсесін көтерген қаһарман етіп көрсетіп келген. Енді Навальныйдың зерттеуі Путиннің жемқорлық схемаға әбден шырмалып, маталған Африка немесе Азия автократтарынан айырмашылығы жоғын аймандай ғып әшкереледі, – дейді Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Навальныйдың қазір классикалық партия ұйымы я қозғалысы жоқ екеніне назар аударады. Досым Сәтпаев "Алексей Навальный өзі жеке дара Ресейдің жаңа саясаткерінің типін қалыптастырды" дейді.
Ол Навальныйдың қамалатынын, ұзақ жылға сотталатынын біле тұра Ресейге оралуы есептелген саяси технологиялық жүріс деп санайды.
– Ресейдегі оқиғаларға саяси технологиялық сараптама жасағанда бұрын-соңды болмаған салмақты айырмашылықты көреміз. 120 қаланы қамтыған масштаб, жастардан құралған контингент. Беларусьта да осылай жастарға үндеу жасалған, 2019 жылы, былтыр Қазақстанда да жастар біртіндеп саясатқа келіп, жаңа қоғамдық ұйымдар мен жаңа белсенділер пайда болды. Бұл Қазақстан мен Ресейдегі жағдайдың ұқсастығын көрсетеді, – дейді Досым Сәтпаев Азаттыққа.
– Қазақстанда саясаттың жаңа тренсеттеріне айналған адамдар бар. Мәселен, Макс Боқаевты алайық. Ол ескі оппозиция өкілі болған емес. Беделі, репутациясы жағынан қарасақ, қазір ол да Навальный сияқты. Макс Боқаев та өзінің жазаға ұшырайтынын білді. Шартты босап шығудан да бас тартты. Өйткені олай босатудың шарты – өзінің кінәлі екенін мойындау, – деп толықтырды Досым Сәтпаев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Макс Боқаев: Түрмеден шыққан күні алаңға барамын48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай қарсылық акциясынан кейін "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған. Қазақстан қалаларында болған "жер митингілерінен" соң билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған. Мораторий мерзімі 2021 жылдың соңында аяқталады.
"РЕСЕЙДЕ – САЯСИ ТАЛАП, ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК ТАЛАП АЙТЫЛАДЫ"
Тағы бір қазақстандық саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Қазақстандағы оқиғалардың Ресейдегі оқиғалармен ұқсастығы жоқ деп санайды.
– Ресей қалаларында рұқсат берілмеген митингіге шыққандар қарасы мол болды. Ал бізде рұқсат берілген митингінің өзіне адам аз жиналады. Ең құрығанда 500 адам болса, билік санасуы мүмкін еді. Қазақстандықтар Ресейдегі оқиғаларды әлеуметтік желіде талқылаудан әрі аспайды, - дейді саясаттанушы Азаттыққа.
– Екінші бір мәселе, Ресейдегі митингілерде тек қана саяси талап қойылып отыр. Біздегі митингілерде көбіне әлеуметтік талаптар айтылады. Қазақстанда әлеуметтік талап қойылған митингіге адамдар аз шығады, ал саяси талап қойылса тіптен шықпайды деп ойлаймын. Мұның бәрі Ресейдегі оқиғалар әсерін жоққа шығарады. Біздегі жағдай дастарханда нан болмаса ғана өзгеретін сияқты. Әлеуметтік жағдай қиындағанда халық көшеге жаппай шығуы мүмкін. Өйткені Қазақстан қоғамын саясаттан гөрі әлеуметтік мәселе көбірек толғандырады. Ал Навальныйдың мақсаты – Путинді биліктен кетіру. Навальный Путинді ғана емес, басқалардың да ұрлығын әшкереледі. Бізде ондай көлемде зерттеу жасаған адам жоқ, – деп қорытады пікірін Қазбек Бейсебаев.
"ҚАЗАҚСТАНДА КҮШТІ ОППОЗИЦИЯ ЖОҚ"
Ал ресейлік саясаттанушы, Орталық Азия және ТМД елдері бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Ресейдегі кейінгі наразылықтың себебі туралы былай дейді.
– Билік Навальныйды уламақшы болды, сосын ол Германияға барып емделді. Мәскеу оның қайтып келуден айнытуға тырысты. Бірақ соның бәрі сәтсіз аяқталды. Навальный ерен батылдық танытып елге оралды. Бұған Ресей билігінің жауабы соншалықты даулы әрі заңға қайшы шықты. Мұның соңы осынша белсенді наразылық толқынына түрткі болды, – дейді Аркадий Дубнов Азаттыққа.
Ол Қазақстанда мұндай оқиға боларына күмәнмен қарайды.
– Қазақстанда мұндай жағдай болады деп ойлау үшін кем дегенде оның мынандай алғышарты болуы керек. Атышулы, күшті прецедент пен осы деңгейде өз ықпалымен елдің ішкі саясатына әсер ететіндей, Путинге қарсы тұрған Навальный тәрізді жетекші болуы керек. Мен Қазақстанда ондайды көріп тұрған жоқпын. Иә, Қазақстанда олигархтар мен елбасы әулетінің Лондондағы және басқа да жердегі мүлкіне қатысты ашу тудыруға жетелейтін жағдайлар бар. Оффшордағы есеп-шоттар бар. "Қазақгейтті" де ұмытпадық. Бірақ бұл үшін күшті оппозиция керек. Мен Қазақстанда күшті оппозицияны көріп тұрған жоқпын, – дейді Аркадий Дубнов.
АННЕКСИЯ АЙМАҒЫНА ЖАЙЫЛҒАН МИТИНГ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
23 қаңтарда бір ғана Мәскеудің өзінде 40 мың шамалы адамның наразылыққа шыққаны хабарланды. Тұтас ел бойынша шеруге шыққандардың саны 250 мыңды шамалаған. Бұл Ресей қалаларында кейінгі жылдары өткізілген ең ірі наразылық акциясы ретінде аталады.
Наразылық -50 градус аяз қысқан Якутск мен аннексияланған Севастополь, Симферепольда да өтті. Кейбір қалаларда билікті жақтаушылар да жиналды.
Алексей Навальныйды қолдаған 23 қаңтардағы жаппай қарсылық акциясы халықаралық деңгейде реакция тудырды. Осы күні шет елдерде де Алексей Навальныйды қолдаған жиындар өтті. Берлиндегі жиынға мыңдаған адам қатысқан.
Еуроодақ Ресейден Навальный мен оның жақтастарын босатуды талап етіп, Ресейге қарсы санкция күшеюі мүмкін екенін ескерткен. АҚШ та Навальныйдың шартсыз босатылуы керегін мәлімдеді. Адам құқығын қорғайтын халықаралық Amnesty International ұйымы да митингі кезіндегі Ресей полициясының әрекетін айыптады.
Германияның Еркін демократиялық партиясының жетекшісі Кристиан Линднер Ресейдегі адам құқығының бұзылуына байланысты Балтық теңізі түбінен салынып жатқан Ресейден Германияға газ тасымалдайтын "Көгілдір ағым – 2" құбыр желісіне мораторий жариялауға үндеген.
НАВАЛЬНЫЙ ЗЕРТТЕУІНДЕГІ ЗӘУЛІМ САРАЙ
Навальныйдың митинг алдында жариялаған "Путин сарайы" фильмінде 2005-2010 жылдары Қара теңіз жағалауында Геленжик маңында салынған қымбат резиденция туралы айтылады. Сарайдың Путинге арналып салынғанын алғаш рет 2010 жылы кәсіпкер Сергей Колесников айтқан. Германия үкіметінің Ресеймен байланыс ісіне уәкілетті өкілі Йоханн Затхофф Мәскеуден сарай мәселесін түсіндіруді талап еткен.
Ресей президенті 25 қаңтар күні студенттермен видео-кездесу кезінде зерттеуде сипатталған жайға жауап берді.
Путин "зерттеу фильмін толық көрмесе де, онда сипатталған сарайдың өзінікі емес" екенін айтқан.
Президент Путин әдетте көпшілік шараларда, баспасөз мәслихаттарында Алексей Навальныйдың аты-жөнін атамай, "бәзбіреу" деп сөйлеуді дағдыға айналдырған. Бұл жолы да солай болды.
44 жастағы Алексей Навальныйға алдағы уақытта тағы да айыптар тағылып, ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін екені айтылады.
Навальный өзіне жасалған қастандықты Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі мен Ресей президенті Владимир Путиннен көреді. Кремль оның таққан айыбын мойындамайды. Навальный Германияда жүргенде де дербес зерттеу жүргізіп, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің өзін "Новичок" қолданып улауға тырысқанын да әшкере қылған.
Навальныйдың командасы жұртты алдағы жексенбі, 31 қаңтар күні тағы да наразылық шеруіне шығуға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Навальныйдың "Путин сарайы" жайлы зерттеуіндегі қазақ Закариянов кім?