12 сәуірде Youtube желісінде жарияланған видеода қарағандылық Арман Хасенов Қазақстандағы түйткіл мәселелерді тізе келіп, бар кінәні елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (2019 жылы наурыздан президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағы әлі уысында) пен оның туыстарына артады да, сөз соңында Назарбаевты балағаттайды. Ол сөзінде жауапқа тартса да, қорықпайтынын мәлімдеді.
Видео әлеуметтік желіде тез тарап, кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Хасеновті қамауға алды. ҰҚК Азаттыққа Хасенов ісін "құпия" деп, ақпарат беруден бас тартты. Бір жарым айдан соң, 4 маусымда Хасеновтің Назарбаевқа тіл тигізгені үшін үш жылға бостандығы шектелгені белгілі болды.
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі Хасеновтің сотта "айыбын мойындап, кешірім сұрағанын және қатаң жазаламауды сұрағанын" хабарлады. Хасеновтің өзі, жақындары не адвокаты сот үкіміне я баспасөз қызметі таратқан хабарламаға байланысты қандай да бір пікір білдірген жоқ.
Қазақстанда Назарбаев президенттіктен кеткен соң Қылмыстық кодекстің 373-бабы ("Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасын көпшілік алдында қорлау және абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғу") алғаш рет қолданылды. Ал Хасенов дәл осы бап бойынша жауапқа тартылған бірінші адам.
"НАЗАРБАЕВТЫ ПІР ТҰТАДЫ"
Хасенов ұсталғаннан бері оның ісі туралы ақпарат алуға бірнеше рет талпынған құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтистің пікірінше, билік көпшілікке әлі танылып үлгермеген белсендінің сөзіне жұрт ереді деп қорыққан болуы мүмкін.
- Оны күштеп кешірім сұратып, тып-тыныш қана соттай салды. Бұған қоса, Хасенов түсірген видео да көп тарап кетті. Көп адам лайк басты, бөлісті. Көп ажиотаж туғызды. Осы іс биліктегі екі жайтты көрсетті. Біріншісі, Назарбаев президенттіктен кетсе де, оны әлі пір тұтады. Астанаға және әуежайға атын берді. Ескерткіш орнатып жатыр. Екіншіден, егер жазаламаса, бұрынғы президенттің шілдедегі 80 жасын тойлар алдында ыңғайсыз көрінер еді, - дейді Жовтис.
Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері, журналист Андрей Свиридов Хасенов ісінің "өте құпия өткеніне таңданады".
- Назарбаев президент кезінде өзін ұлт көшбасшысы деп жариялап, елбасы деген титул ойлап тапты (Бұл статусына сай, Назарбаев пен отбасына қылмыстық іс қозғалмайды – ред.) Бұл екі термин бүкіл заңға, соның ішінде Қылмыстық кодекстің 373-бабына да енгізілді. Ол бір жыл бұрын президенттіктен кеткенін мәлімдеді. Арада бір жыл өткенде осы заң бойынша жауапқа тартылған адам табылды. Хасеновтің ұсталғаны туралы біз 16 сәуірде білдік (ҰҚК сайтында Арманды қамауға алу туралы ақпарат 13 сәуірде шыққан деп тұр – ред.). Ісі өте құпия болды. Ол танымал адам емес. Біздің Қарағандыдағы филиал оның туыстарын да, адвокаттарын да таппадық, - дейді Свиридов.
Азаттықтың Қарағандыдағы тілшісі де Хасеновтің туыстарын таба алмады. Хасеновтің өзімен тілдесу мүмкін болмады.
АҚШ-тағы Колумбия университетінің Орталық Азия бойынша зерттеушісі профессор Александр Кули мұндай істер мен соттар "әсіресе тоталитарлы елдерде билік тарапынан манипуляциямен өтеді" дейді.
"ҚАДІР-ҚАСИЕТКЕ ҚОЛ СҰҒУДЫ АНЫҚТАУ МҮМКІН ЕМЕС"
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 373-бабы екі әрекет үшін қолданылады. Яғни, экс-президент Назарбаевты "көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғу".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тұңғыш президент - Елбасы". Мемлекет үшін маңызы қандай?Евгений Жовтистің айтуынша, адамның сөзі бұрынғы президентті "қорлауға" жату-жатпауы Қылмыстық кодекстің 131-бабы ("Қорлау") бойынша анықталады. Осы баппен іс қозғалса, филологиялық экспертиза тағайындалып, айтылған сөздің балағатқа жату-жатпауы сарапталады. Ал егер адам "Елбасының абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұқты" деп айыпталса, онда "нақты анықтау мүмкін емес".
- Бұл жердегі мәселе адамның өзі абырой мен қадір-қасиетке қол сұғуды қалай түсінетініне байланысты. Ал бұл өте субъективті, соған қарамастан мұны азаматтық құқықтық қатынас ретінде емес, қылмыс ретінде қарастырады, - дейді Жовтис.
"НАЗАРБАЕВТЫ ҚОРЛАДЫ" ДЕП АЙЫПТАЛҒАН КЕМІНДЕ АЛТЫ АДАМ БАР
Назарбаев Қазақстан президенті болып тұрғанда кемі алты адам "оның қадір-қасиетіне қол сұқты" деген айыппен істі болған. Алғашқысы – диссидент Кәрішал Асанов (1935-2015). Ол 1992 жылы сот үкімімен бір жылға бас бостандығынан айырылып, Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығына орай рақымшылыққа ілінді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Совет кезінде қуғындалып, Назарбаев тұсында диссидентке айналған Кәрішал АсановАл Назарбаевтың ар-намысына тіл тигізу бабы бойынша түрмеде отырып шыққан алғашқы адам – жұмысшылар қозғалысының жетекшісі Мәдел Исмаилов.
Ол 1997 жылғы 7 қарашада Алматыдағы Ленин ескерткішінің жанындағы митингіде Назарбаевты "арамза" дегені үшін сотқа тартылды. Исмаилов 1998 жылы сотталып, бір жыл түрмеде отырып шықты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәдел Исмаилов: «Қарамыз өте көп еді»Одан кейін 2001 жылы Кәрішал Асанов Назарбаевты сынап мақала жазып, оған тағы да аталмыш баппен айып тағылды. Асановтың жазбасын жариялаған "СолДАТ" газетінің бас редакторы Ермұрат Бапидің үстінен де іс қозғалды. Сот Бапиды бір жылға бостандығынан айыруға үкім етті. Бапи Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілініп, Асанов қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталған еді.
Дәл осындай іс 2002 жылы журналист Сергей Дувановтың үстінен де қозғалған. Бірақ ол іс сотқа дейін жетпеген. Ал Дуванов ісінің тоқтағанын бірнеше жылдан соң бір-ақ білген. Журналист Қазис Тоғызбаев та осы бап бойынша істі болып, 2007 жылдың қаңтарында екі жылға шартты түрде сотталған.
2006 жылы оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин де "Қазақстан президентінің ар-ожданына" тиді деген айыппен прокурор сұраған мерзімге – екі жылға бас бостандығынан айырылған. Істің қозғалуына саясаткердің 2005 жылдың қазанында "Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке жасаған сатқындығы және ұлтқа опасыздығы үшін жауап беруі тиіс" деп айтқан сөзі түрткі болған. Бірақ үкім шығарған судья Қазақстанның тәуелсіздік күніне байланысты қабылданған амнистия туралы заңға сүйеніп, Қуанышәлинді жазасын өтеуден босатты.
- 2007 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың сәуіріне дейін Қазақстанда осы баппен сотталғандар болмады немесе біз ондай істің барын білмейміз, - дейді Свиридов.
"МЕНДЕ ОСЫНДАЙ ЗАҢ БАР ДЕП ӨЗДЕРІН ЖҰБАТАДЫ"
Мемлекет басшысын балағаттауды қылмысқа балау біраз елде бар. Еуропада Ұлыбритания, Испания мен Нидерланд елдерінде патшаға тіл тигізуге болмайды. Польша мен Швейцарияда елге сапармен келетін шетел басшыларын балағаттауға тыйым салынған.
Бірақ құқық қорғаушы Жовтистің айтуынша, бұл елдердегі тәжірибені Қазақстан билігінің жасап отырғанымен салыстыруға болмайды.
- Мысалы, Ұлыбритания – монархия. Бізде патша жоқ. Жоғары қызметке барсаң, жұрттан сөз есту – жұмыстың ажырамас бөлігі болады. Биліктегілерге айтылар сын қарапайым азаматқа айтылатын сыннан өте өткір. Билікке келгенде қойылатын шарт та осы. Сені жұрт сөзіне қарамай сынайды. Сол себепті билігін сынағаны үшін дәл осылай жазалайтын бап көптеген елде жоқ. Бұл – тоталитарлық не біз сияқты авторитарлық режимдердің классикалық белгісі. Бұл – құқықтық емес, саяси бап. Бір қызығы, мұндай елдердің тарихына қарасаңыз, аталмыш заңдардың ешкімді қорғамайтынын көресіз. Бұл заңды дуа іспетті қолданады. Олар "менде осындай заң, бап бар" деп өздерін жұбатады, - дейді Жовтис.
Бұрынғы совет елдерінің кейбірінде президентті қорлау қылмыс саналады. Әзербайжан заңында президенттің "ар-намысын қорлағандарды" бес жылға дейінгі мерзімге түрме қамау жазасы қарастырылған. Беларусь Қылмыстық кодексінің 368-бабына сәйкес, президентті қорлаған адам үш жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін.