Қарағанды облысы Костенко көмір шахтасындағы өрт 30-дан астам адамның өмірін қиды. Шамамен 20 кенші ауруханаға жатқызылды. Кезекті ірі апаттан кейін Қазақстан билігі 90-жылдардағы жекешелендіру кезінде Қарағанды бассейніндегі шахталар мен ірі металлургия комбинатына ие болған "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен әріптестікті үзетінін мәлімдеді.
Қазақстанда сенбі таңы қайғылы хабардан басталды. Костенко шахтасында өрт болған. Адамдар қаза болды.
Әуелі Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев 11 адам опат болғанын хабарлады. Бұдан соң қаза болғандар 16-ға жеткені белгілі болды. 28 қазан кешке қарай апат құрбандары 30-дан асқаны айтылды.
Облыс әкімінің Facebook-тегі жазбасына қарағанда, апат болған кезде шахтада 252 адам болған. Сыртқа басым бөлігі шығарылған. Ондаған адам жер астынан шыға алмай қалған.
Шахтадан ауруханаға 18 адам жеткізілді. Дәрігерлер біреуін қарағаннан кейін үйіне амбулаторлық емдеуге жіберген.
—Газдан уланған 15 адам токсикология бөлімінде жатыр. Түрлі жарақат алған бір науқас реанимацияда. Біреуі травмотология бөлімінде. Бір науқас амбулаторлық емдеуге жіберілді, – деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Бибігүл Төлегенова.
Кейін Мақажанов орталығы шахтадағы апаттан зардап шеккен 20 адам емделіп жатқанын айтты.
Бас прокуратура "Тау немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы (277-бап, 3-бөлік) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
"АрселорМиттал" шахталарының жұмысы тоқтатылды. Онда газ қауіпсіздігі тексерілетіні айтылды.
Қарағандыға апаттың салдарын жою жөніндегі штабқа жетекшілік еткен төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов барған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жер астындағы кезекті кісі өлтіру". Шахтадағы қайғылы жағдай ескі мәселенің қайта бетін аштыҚайғылы оқиға "АрселорМиттал Теміртаудың" өзге шахтасы – "Қазақстандағы" ірі апаттан кейін 2,5 айдан соң болып отыр. Тамыз айында онда 5 жұмысшы опат болған. Былтыр ұарашада Ленин шахтасындағы апат бес адамның өмірін қиған. Ал оның алдында жарты жыл бұрын Теміртаудағы металлургия комбинатында конструкция опырылып түсіп, 4 адамды мерт қылған.
Былтырғы апаттарды билік "жазатайым оқиғалар" деп атаған. Ал ардагер-кеншілер мен Қарағандыдағы белсенділер оқиғаларды бұлайша атауға қарсы болған. Олардың пікірінше, компания кеніштерден барынша пайда көруге тырысып, жұмысшыларға жағдай жасамайды, шахталардағы қауіпсіздікке ақша бөлмейді.
Биыл биліктің мәлімдемелерінің сарыны өзгерді. Жоғары лауазымды тұлғалар тамызда күн тәртібінде кәсіпорынның "иесін ауыстыру мәселесі тұрғанын" айтқан. Биліктің айтуынша, компания өндірісті жаңарту және инвестиция тарту мәселесі бойынша алған міндеттемелерін орындамаған. Дегенмен компания әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. 19 қыркүйекте өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев журналистерге мәселе кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару жөнінде болып отырған жоқ, себебі мұндай сценарий "елдің инвестициялық климатына ірі соққы болады" деп айтқан.
Алайда 28 қазанда Ақорданың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырған. Бұл нені білдіреді? Мән-жайы әзірге белгісіз.
28 қазанда күндіз Қарағанды облысына президент Қасым-Жомарт Тоқаев барғаны белгілі болды. Ол қаза болған шахтерлардың туыстарымен кездесіп, көңіл айтты. 29 қазанды қаза болған шахтерларды жалпыұлттық аза тұту күні жариялады.
– Мен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл компания үкімет және кәсіпорынмен ынтымақтастығы жағынан тарихымыздағы ең нашар компания болып шықты. Енді кәсіпорынның өзіне шара қолдануды ойлау керек, - деді Тоқаев кездесуде. Азаттық тілшісі мен басқа да бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиынға кіргізілмеді.
Қазақстан үкіметі кәсіпорынды "Қазақстанның мүддесіне қарай" қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, "активтерді өзге шетел инвесторына беру мәселесі қарастырылып жатыр" деген хабарды терістеді.
28 октября "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Тоқаев пен үкіметтің мәлімдемелерінен кейін, ресми тұлғалармен кәсіпорынның болашағын талқылап, "[тараптар] жуырда алдын ала келісімге келіп, соның нәтижесінде кәсіпорын Қазақстан меншігіне өтеді" деп мәлімдеді.
"АрселорМиттал" осы келісімді мүмкіндігінше тезірек аяқтауға тырысады. Екі тарап та болат зауытында, темір рудасы мен көмір шахталарында және басқа қауымдастықтарда жұмыс істейтін адамдардың мүдделеріне сай келетін нәтижеге қатты көңіл бөледі. Қажет болған жағдайда қосымша хабарландыру жасалады" деп жазылған компания мәлімдемесінде.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің айтуынша, ұзақ уақыт "үкіметтің ерекше мейіріміне бөленген" "АрселорМиттал Теміртау" кейінгі уақытта қауіпсіздік және қоршаған ортаны сақтау талаптарын сақтамағаны үшін жиі сыналып келеді. Ол "АрселорМиттал Теміртау" төңірегіндегі қазіргі ахуал болашақта Астананың бас ауруына айналуы мүмкін деп санайды.
—Бүгін президент "Арселор" бұдан былай жұмыс істемейтінін айтты. Қазір ең бастысы, "Анатол Стати ісі" (Қазақстанды мұнай бизнесін рейдерлік жолмен басып алды деп халықаралық соттарда айыптаған молдовалық кәсіпкер – ред.) сияқты шалшыққа батпау. Өйткені мұндағы актив Стати активінен үлкен, ал талап сомасы, егер қазір үкімет қателессе, 20-30 есе көп болады. Біріншіден, инвестор өз міндеттемелерін бұзды ма, заңды бұзды ма, оған кім көмектескенін дұрыс анықтау керек. Қауіпсіздік шараларын тексеру, бұрынғы жазатайым оқиғаларды талдау, кәсіпорынға аудит жүргізу. Бұл жерде ең бастысы, мемлекет проблемалық активті алып, оны өз есебінен қалпына келтірмегені дұрыс. Сату операцияларын талдау қажет болар еді. Мемлекеттік аппарат мұны жүзеге асыра ала ма, жоқ па, білмеймін, – дейді сарапшы.
Аталған компания 90-жылдардағы жекешелендіру кезінде ірі активтер - Қарағанды көмір бассейніндегі сегіз шахта, совет кезінде салынған металлургия комбинаты мен тау-кен байыту фабрикасы және Теміртаудағы инфрақұрылым нысандарына қол жеткізген.
Ресми мәлімет бойынша, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 100-ден астам адам опат болған.