"КӨРШІЛЕРІ БАЛАЛАРДЫ ҚҰТҚАРМАҚ БОЛҒАН"
Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 30 шаршы метрлік үйдің төбесі жанып ортасына түскен. Өрт салдарынан 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес бала қаза тапқан. Бесеуі де қыз бала.
"Өрт болып жатқанын көршілері хабарлаған. Қайтыс болған балалар - бір отбасының балалары. Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған" деді департамент баспасөз қызметінің өкілі Аягөз Фазылова.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт суыт хабар түскеннен кейін бір сағатқа жуық уақыт өткенде сөндірілген. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өрт электр құралдарынан немесе пештен шыққан деген болжам бар.
Бес баласынан айырылған отбасының жақындарының айтуынша, балалардың анасы үш күн бұрып жұмысқа шыққан. Ал әкесі көлік жөндеу орталығында жұмыс істеген.
- [Шешелері] бес баланы асыраймын деп үш күн бұрын пластикалық өнім шығаратын жерге жұмысқа шыққан. Күндіз балаларына қарайды. Түнгі ауысымда жұмысқа шығады. Кешкі тоғызда және онда келіп, [балаларын] тексеріп кеткен. Екіден кейін өрт болған. Көршілері терезені сындырып, балаларды құтқармақ болған. Бір баланы болса да, аман алып қалайық деп тырысқан. Бірақ балалардың дауысы шықпаған. Ата-аналарына психологтар естіртті. Қазір жағдайлары нашар, - деді шешесінің жеңгесі Айгүл Абдуллаева.
Ал көршісі Мария "олар пәтер алғысы келіп жүгіріп жүргенде мемлекет көңіл бөлсе, мұндай болмас еді. Шынымды айтсам, оларға жолай алмай жүрмін. Біз түнімен ұйықтамадық. Оларға қандай сөз тауып, не айтарымды білмеймін" деді.
Қаза тапқан балалардың шешесінің туысқаны Райхан Қапарованың айтуынша, бұл отбасы әкімдіктен бірнеше рет баспана сұраған.
- Кім кінәлі? Әке-шешесі кінәлі емес. Көп балалы отбасы. Мынандай қорада көп баламен кім тұрады? Біреулер бес баласына қарамады деп менің сіңілімді кінәлауы мүмкін. Жәрдемақы жетпейді, бес баланы асырау керек ғой. Әкімдіктен үй сұраған. Үй кезегінде тұрған, - деді ол.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Жүргенбаева брифингте бұл отбасының үй кезегінде тұрмағанын айтты.
- Бұл отбасы әкімдікке көмек сұрап хабарласпаған. Үй кезегінде тұрған жоқ. Көп балалы отбасы ретінде жәрдемақы алған. Екі баласы 4 және 6 сыныпта оқыған. 2014 жылы туған баласы балабақшаға барып жүрген. Екі баласы балабақша кезегінде тұрған, - деді әкімдік өкілі.
"ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА БОЛҒАНЫН КҮТЕСІЗДЕР МЕ?"
Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов бес баланың өмірін алған жеке тұрғын үйдегі өрт оқиғасынан кейін шұғыл кеңес өткізді.
"Ауыр қазаға душар болған отбасына қайғырып көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Сарыарқа ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын" деген қала әкімі.
Сұлтанов Астанадағы аудан әкімдеріне полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп дереу қаладағы жеке тұрғын үйлерді аралап, әр үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді жүктеген, сонымен бірге өткен түнде болған қайғылы оқиғаның жай-жапсарын анықтауды тапсырған.
"Бұл - сіздердің тікелей қызмет міндеттеріңіз, мен ол туралы әрдайым қаперге салып отыруға тиіс емеспін! Бұл жұмысты баяғыда жүргізу керек еді, міндетті түрде қайғылы оқиға болғанын күтесіздер ме?! Бұл - төтенше жағдай департаментінің қателігі. Сіздер жеке сектордағы әр тұрғынды білуге тиіссіздер" деп сөккен әкім.
Жиында төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев осыған дейін "Көктал-1" тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілгенін айтқан.
"ТЖД қызметкерлері профилактикалық шараларды жүргізу барысында осы [өртенген] үйге де барып, олқылықтарды жою туралы ескерткен" дейді Аманбаев.
Қазақстан төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, 2018 жылы Қазақстанда 14 мыңнан аса өрт болып, барлығы 846 адам жапа шеккен. Оның ішінде 436 адам қаза тапқан. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп. Өрттен 2017 жылы - 44 бала, 2018 жылы 34 бала мерт болған. 2018 жылы өрттен 3 миллиард теңгеге жуық шығын келіп, 2017 жылмен салыстырғанда залал 23 пайызға өскен. 2017 жылы өрт қауіпсіздігінің сақтау бойынша 41 мыңға жуық нысан тексерілген. 139 мың норманы бұзу жағдайы тіркелген.
Your browser doesn’t support HTML5