Әр жылдары Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағына кеткен жүздеген қазақстандық туған жеріне оралды. Ондаған азамат әлі де Сирия мен Ирактағы қарулы топтар қатарында жүрген болуы мүмкін. Жиырмаға жуық қазақстандық Сирия лагерьлері мен Ирак түрмесінде отыр. Қазақстан билігі 2019 жылы "Жусан" операциясының "соңғы" кезеңін жариялағанымен, одан кейін де Таяу шығысқа бірнеше эвакуациялық рейс жіберілді. Билік өкілдері жат елде қалған азаматтарды елге қайтару процесі жалғасуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Соғыс аймағында жүрген қазақстандықтарды елге әкелу қандай нәтиже берді?
ЕЛГЕ ОРАЛҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ ӨМІРІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?
Журналистерге қақтығыс аймағынан оралған барлық қазақстандықтың, оның ішінде әйелдер мен балалардың қазіргі өмірі туралы ақпарат тарату оңай емес. Өйткені мұндай азаматтар көп, олармен байланысу қиын, оның үстіне, анонимді сұхбаттың өзіне бәрі бірдей келісе бермейді. Азаттық Қазақстанда тыйым салынған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының қатарында соғысқа қатысқан азаматтар мен күйеулеріне еріп, Сирияға кеткен әйелдердің тағдыры туралы көп жазды. Олардың кейбірі елге оралғаннан кейін адамдарды террористік топ қатарына тарту, шекараны заңсыз кесіп өту, террористік қызметке қатысу айыбымен түрмеге жабылды. Жолы болғандар (кей азаматтарды Сирияға алдап әкеткені белгілі болды) оңалту шарасынан кейін жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды.
Қарағанды тұрғыны, бес балалы ана Жазира (кейіпкердің сұрауымен, аты-жөні өзгертілді) – Сириядан биыл ғана оралған әйелдердің бірі. Көп жыл соғыс азабын тартқан Жазираға бейбіт өмірге үйрену оңай болмаған. Санитарлық талаптар сақталмаған жерде өмір сүріп, ашаршылық пен бомбалаудан зардап шеккен отбасының психологиялық және физикалық денсаулығы қазір біртіндеп қалпына келе бастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ата-анасы мен ағасынан хабар жоқ". Соғыс ошағынан оралған баланың хикаясы– Маған уақытша үй тауып берді. Балаларым балабақшаға, мектепке барып жүр. Өзім массаж курсын бітірдім. Бірақ мамандық бойынша жұмысқа тұрмадым, дүкенде істеймін. Бәріне үлгеріп жүрмін, арасында анам балаларға қарауға көмектеседі. Елге оралғанымызға қуанамыз. Қазір балаларға қарап, оларды соғыстан келді деп ойламайсың. Мұғалімдердің өзі солай айтады, – дейді Жазира.
Көп балалы ана Сабинелла Аязбаева 2019 жылы Қазақстанға оралып, жаңа өмір бастаған. Қазір ол жұмыс істеп, жоғары білім алып, спортзалға барып жүр. Одан бөлек, қоғамдық өмірге де белсене араласып, терроризмге қарсы науқанға қатысып, жастармен әңгіме жүргізіп, оларды өз басынан өткен қауіптен құтқаруға тырысады. Сабинелла Еуропарламентке барып, Таяу шығыстағы өмірі, күйеуінен айырылғаннан кейін Қазақстанға қалай оралғаны, қоғамға қалай бейімделгені туралы әңгімелеген. Ол Женеваға да шақырылған. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты бұл жоспар жүзеге аспай қалған.
– Жағдайымыз жақсы, орнығып қалдық. Балаларымның басқа қатарластарынан еш айырмашылығы жоқ. Жаңа ортаға бейімделіп, өткен өмірін ұмытып кетті. Арасында сұхбат алғанда, осылай еске түседі. Бәрін жаңадан бастадық. Қарбаласқа толы өмір, ештеңеге уақыт жоқ, дамылсыз тіршілік. Бұл – шағымданғаным емес. Бастысы, тыныш әрі қауіпсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Сирияда қалған әйелдермен араласпаймын. Байланыс үзіліп қалды, менде сақталған нөмірлері жауап бермейді. Жастармен жұмысымды жалғастырып жатырмын. Олар менің тәжірибемнен сабақ алып, қателігімді қайталамаса деймін, – дейді Сабинелла.
Қоғам биліктің Сирия мен Ирактағы азаматтарды елге қайтару туралы шешіміне әртүрлі реакция білдірді. "Жусан" операциясының біраз дау туғызғанын билік өкілдері де мойындайды. Бұл бастаманы қолдайтындар да, оған қарсы азаматтар да бар. Шетелде "автократиялық режим саналатын Қазақстан қақтығыс аймағына кеткен азаматтарын кері қабылдап, еуропалық демократияларға қарағанда әлдеқайда гуманды шешім қабылдап отыр" деген пікір айтылған.
"ТУЫСТАРЫН ЕЛГЕ ҚАЙТАРУДЫ СҰРАЙДЫ"
2021 жылы "Жусан" операциясы аясында Сириядан Қазақстанға 12 адам – төрт ер адам, бір әйел және жеті бала (екеуі – жетім) оралған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Азаттыққа берген жауабында "Сирия мен Ирактан үшінші елдер арқылы әртүрлі жолмен жеті қазақстандық – екі ер адам, бір әйел және төрт бала әкелінген. Азаматтарды елге қайтару туралы шешімге карантин шаралары қатты әсер ете қоймады, бірақ эвакуация жұмыстарын ұйымдастыру кезінде барлық ережелер ескерілді" деп мәлімдеді.
2019 жылдан бері билік "гуманитарлық" деп атаған, бірнеше кезеңде жүрген "Жусан" операциясы аясында барлығы 607 азамат – 37 ер адам, 157 әйел және 413 бала (олардың 34-сі жетім) елге қайтарылған (биыл қазанда президент көмекшісі Ерлан Қарин америкалық Jamestown Foundation зерттеу орталығына берген сұхбатында 2018 жылдан бері "Жусан" операциясы аясында және басқа да каналдар арқылы Таяу шығыстан 742 адам, оның ішінде 189 әйел мен 516 бала эвакуацияланғанын айтқан).
Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Жусан" операциясын жүргізу дұрыс шешім болды деп санайды. Оңалтудан өткен әйелдердің қатысуымен операция нәтижелері БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропарламент платформаларында жарияланған.
"Барлық қауіптер ескерілді. Операция нәтижесінде қақтығыс аймағына еріксіз кеткен әйелдер мен балалар құтқарылды; Қазақстан азаматтарының, оның ішінде балалардың радикалды көзқарас жетегінде кетіп, елге қарсы террористік қызметке қатысуына жол берілмеді; террористік қызмет үшін жауапқа тарту принципі сақталды; Қазақстан қоғамының діни бөлігіне және Сириядағы қазақстандықтарға профилактикалық тұрғыда әсер етті" дейді ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлім бастығы С.Ахметқалиев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өткенмен байланысты үздім". Сириядан соң түрмеде отырып шыққан әйелдің хикаясыЕлге оралғандардың бәрі бірдей бостандықта жүрген жоқ. Осы уақытқа дейін 35 ер адам мен 23 әйел (олардың бесеуі шартты жазаға кесілген) жауапқа тартылған. 53 адам түрмеге жабылған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, қазір Сирия мен Ирактағы қарулы топтар қатарында 25 қазақстандық ер адам, 20 шақты әйел мен балалар болуы мүмкін. 20-ға жуық азамат Сирия демократиялық күштерінің лагерьлері мен Ирак түрмесінде отыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Сирияға кетіп, із-түзсіз жоғалған туыстарын тауып беруді сұрайтындар да бар. Сирияда қалған азаматтар елге оралуға ниет білдірсе және оларды қайтаруға қауіпсіз жағдайлар болса, "Жусан" операциясы жалғасуы мүмкін" деп мәлімдеді.
"ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ЕЛГЕ ҚАЙТАРУДЫҢ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ӘСЕРІ БАР"
Қазан айында Қазақстан президентінің көмекшісі Ерлан Қарин америкалық Jamestown Foundation зерттеу институтының сайтына жарияланған сұхбатында Сирия мен Ирактан оралған азаматтарды оңалту бағдарламасына теолог пен психолог көмегі, жаңа кәсіп меңгеру және жұмысқа орналасу мүмкіндігі кіретінін айтқан. "Осы шаралардың арқасында әйелдердің 90 пайызы дәстүрлі дінге немесе өркениетті өмір салтына көшіп, Қазақстан қоғамының құндылықтарын қабылдады. Балалармен жеке жұмыс істедік. Олар мұғалімдермен бірге мектепке дайындалды. Нәтижесінде балалардың бәрі балабақшаға және мектепке барады" деген Қарин.
Қақтығыс аймағынан оралған әйелдер мен балаларды оңалтумен айналысатын психолог Сәуле Мұқанова әлі күнге дейін кей азаматтардың жағдайын бақылауда ұстап, қолдау көрсетіп келеді. Ол азаматтарды елге қайтару процесін жалғастырып, экстремистік көзқарастарына қарамай, көмектесіп, психологиялық жарақатын емдеу керек деп есептейді. Бұл әйелдер мен балаларға да қатысты.
– Азаматтарды елге қайтару ғана емес, оларды бейімдеп, қоғамға араластыру да маңызды. Осы тұста Нельсон Манделаның "Қоғамды балаларына қалай қарайтынынан-ақ тануға болады” деген сөзін келтіргім келеді. Оңалту – радикалды көзқарасты өзгертуге бағытталған теологиялық жұмыс ғана емес, психоэмоционалды және әлеуметтік бейімдеу жиынтығы. Олар Сирияда негізгі білім алмаған. Қазір балалардың көбі білім және спорт үйірмелеріне барады. Діни істер басқармасы балаларды ойын-сауық орталықтарына, театр мен киноға жиі апарады. Бұл да ана мен баланың әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етеді. Радикалды көзқарасынан бас тартқан азаматтар өңірлік ақпарат құралдарындағы терроризм насихатына қарсы акциялар мен ақпараттық-түсіндіру шараларына қатысады, – дейді психолог Сәуле Мұқанова.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Миымды улап тастады". ИМ террор тобында болған жігіттің хикаясыДінаралық қатынастар мәселесін зерттеу және талдау орталығының өкілдері қазақстандықтарды терроризм белең алған аймақтан қайтару елдегі діни қауымдастық өкілдері мен Сирияда қалған азаматтарға профилактикалық әсер бергенін айтады.
– Әйелдер мен балаларды елге қайтарудың тағы бір маңызды себебі бар: террористік ұйымдар оларды адами ресурс ретінде пайдаланып, елге қарсы қоюы мүмкін. Сондықтан Қазақстан билігі қолға алған жоба ел азаматтарын радикал топтарға тартудың алдын-алуға көмектеседі, – дейді Қарағанды облыстық дінаралық қатынастарды зерттеу және талдау орталығының басшысы Дулат Төлегенов.
РАДИКАЛДАНУ ҚАУПІ БАР МА?
Орталық Азиядағы бірнеше мемлекет, оның ішінде Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан Таяу шығыстағы бірнеше азаматын елге қайтарды. Қырғызстан Ирактағы балаларды ғана эвакуациялады. Жақында Сириядағы Әл-Хол лагерінде (Ислам мемлекетінде болған азаматтарға арналған ірі босқындар лагері) тұрып жатқан әйелдер мен балалардың туыстары президенттен жат елде қалған азаматтарды елге қайтаруды сұрады, бірақ Қырғызстан билігі тарапынан ресми жауап болмады.
Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен дін мәселесі бойынша сарапшы, 1990-жылдардан бері радикалдану тақырыбын зерттеп келе жатқан Икбалжан Мирсайитов радикалдану мәселесі әлі де өзекті, бұрын жұмысы тоқтаған діни топтар қайта жанданып жатыр, сондықтан өңір мемлекеттері ойлануы керек деп есептейді.
– Әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлаған сайын жастардың көбі радикалды идеологияға бет бұра бастайды. Олар псевдодіни ұйымдар мен экстремистік топтарға қосылады. Өкінішке қарай, радикалдану жойылған жоқ, жай ғана мемлекеттің назары басқа арнаға ауысты. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг адамдарды террористік топтарға тарту әлі де жүріп жатқанын көрсетеді. "Талибан" жақтастары да радикалды көзқарастағы тұлғаларды насихаттап жүр. Биыл жазда тәліптер билікке келген кезде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіздік. Сонда біраз жастың бұл жаңалыққа қол соғып, қуанғанын көрдік. Ресми билік пен сарапшылар жастардың оларды неге жақтайтынын, тәліптерге не себепті болысатынын анықтауы тиіс. Әлеуметтік желілерден алынған деректер бойынша, бұрын жұмысы тоқтаған экстремистік топтар қайта күш жинай бастаған. Біз, сарапшылар мұндай топтар жойылып кетті деп қателескен екенбіз. Мысалы, биыл күзде "Өзбекстанның ислам қозғалысы" өзбек және тәжік тілдерінде видео жариялап, "Ислам мемлекетіне" қосылатындарын мәлімдеді. Бұл "Өзбекстанның ислам қозғалысы" жанданып жатқанын, жаңа көшбасшылар мен трендтер пайда болғанын көрсетеді. Сондықтан бұл мәселе Ауғанстан үшін ғана емес, Орталық Азия елдері үшін де маңызды, – дейді сарапшы Икбалжан Мирсайитов.
Your browser doesn’t support HTML5
Сарапшының сөзінше, тамыз айында Ауғанстанда бірқатар елде террористік топ деп танылған, радикал көзқарасты жақтайтын "Талибан" қозғалысының билікке келуі Орталық Азия мемлекеттеріне қатты әсер етеді.
– Ресми билік бұл жағдайға алаңдаушылықпен қарайды. Тәжікстан шекарасында "Ансаруллах" әскери тобының пайда болуы, одан кейін әрине, "ИГ-Хорасан" қозғалысы Орталық Азия мемлекеттерін тіксінтіп отыр. Ресми билік өкілдері мен тәліптер ешқандай қауіп жоқ деп сендіруге тырысқанымен, "ИГ-Хорасан" атынан жасалған мәлімдеме, олардан айтарлықтай қауіп барын және аталған ұйымдарға адам тарту жұмыстары жүріп жатқанын білдіреді. Өкінішке қарай, әзірге бақылау жоқ, бұл жағдайға мониторинг жүргізу керек. Тәліптердің билікке келуімен жауынгерлік идеология пайда болды. Ауғанстандағы халықтың жағдайына қарап, бұл идеяның біртіндеп жастардың санасын улап жатқанын көруге болады. Бұған қалай қарсы тұруға болады? Қиын сұрақ. Бұл идеологияның Орталық Азия елдеріне тарауына жол бермеу үшін жүйелі, жоспарлы, кешенді әдіс керек, – дейді сарапшы Икбалжан Мирсайитов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"ИМ мүшесінің отбасы". Сирия мен Ирактан оралғандарды қоғамға бейімдеу қалай жүріп жатыр?ДАИШ және постсоветтік елдер. Адамдарды лаңкес топтарға не итермелейді?Сириядан келген әйел: Балам бұрын неге Қазақстанда тұрмадық деп таңырқайды"Мәйіттерді басып жүрдік". Соғысты көрген әйелдің хикаясыСириядан оралған әйел ДАИШ-ке қосылғанына өкінеді