Шымкенттегі Күншығыс шағын ауданының тұрғыны Ұлмекен Серікбаеваның жасы 62-де. Оның сөзінше, жеке куәлігін рәсімдей алмағанына 22 жыл болған. 1996 жылға дейін Шымкент кірпіш зауытында жұмыс істеген әйел әлі күнге совет заманында алған "қызыл паспортымен" жүр.
ҰЛМЕКЕННІҢ ХИКАЯСЫ
- Отырар ауданы Шәуілдір кентінде туып, балалар үйінде тәрбиелендім. Осы күнге дейін "қызыл паспортпен" жүргенім – өзімнен. 1996 жылы жеке куәлік алуға құжаттар жинадым. Неге екенін білмеймін, ала алмадым. Содан кейін денсаулығым сыр бере бастады. Жеке куәлік алуға жағдайым болмады. Құжаттарды жинауды бастағаныммен соңына дейін жеткізе алмадым. Ары-бері жүрудің өзіне жолақы таппадым, - дейді ол.
Ұлмекен Серікбаева жеке куәлігін рәсімдемеген соң тұрақты жұмысқа орналаса алмаған. Бір бөлмелі пәтерін де өз атына толық рәсімдемеген. Табылған жалдамалы жұмыс істеп, күн көрген. Зейнет жасына толғанына төрт жылдан асса да, мемлекеттік зейнетақы да ала алмай жүр.
Кейуана көпқабатты төрт тұрғын үйдің ауласын сыпырып, кіреберісінің еденін жуудан тапқан азын-аулақ ақшаға күн көреді. Тұрғын үйдің кіреберісін аптасына бір рет сыпырып, айына бір рет жуады, ауласын айына төрт рет сыпырады. Бұл үшін әр пәтер иесі айына 250 теңге ақы төлеп, айына 50 мың теңге шамасында жалақы алады.
- Кейде белім шыдатпайды. Ауырып, төсек тартып жатып қаламын. Жұмыс істемесем тағы болмайды. Күнделікті ас-суым мен дәрі-дәрмегім бар. Қартайған шақта аула сыпырып жүргенімді көргендер жаны ашыды ма екен, жеке құжатымды дайындауға қол ұшын бере бастады. Жол көрсетті, тиісті орындарға алып барды. Жарты жыл болды, жеке куәлік алу үшін өтініш хат тастадым. Енді ЖСН-ні (жеке сәйкестендіру нөмірі – ред.) күтіп отырмын. Содан кейін жеке куәлік беріліп, зейнетақыға құжаттар өткіземін, - дейді ол.
Ұлмекен Серікбаеваның айтуынша, жалғыз қызы Гуляның қайтыс болғанына 10 жылға жуықтаған. Оның екі перзенті – балалар үйінде. Үлкен немересі былтыр, кенжесі биыл ғана туу туралы куәлік алған. Ұлмекен өз қызының жеке куәлік ала алмаған күйі құжатсыз жерленгенін айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдан келіп құжатсыз жүрген қазақ балаларыМАРЖАННЫҢ АХУАЛЫ
30 жастағы Маржан Файзуллаеваның отбасымен Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келгеніне бес жыл болған. Аяғы ауыр болса да, азаматтық алмаған соң жергілікті емханаға тіркеле алмай отыр.
- Суық тиіп, қатты ауырып жүрмін. Уақытша тіркеуде тұрамын. Дәрігерлер "тұрақты тіркеу мен жеке куәлігің жоқ" деп қабылдамай отыр. Екінші ұлыма аяғым ауыр кезде де осы мәселе туған. Айқай-шумен тіркеуге тұрып, босанған болатынмын. Енді не істейтінімді білмеймін. Емделейін десем, қандай дәрі-дәрмек ішетінімді белмеймін, - дейді ол.
Маржан Файзуллаева Қазақстан азаматтығын алу үшін әлі өтініш бермеген. Өзбекстанда сатылымда тұрған жалғыз үйі әлі өтпеген.
- Сол үйдің сатылуын күтіп жүрміз. Азаматтық алмай уақытша тіркеуге тұрғаным да содан, - дейді ол.
Шымкенттегі "Сана сезім" әйелдер бастамалары құқықтық орталығының өкілі Шахноза Хасанова БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасымен бірлесіп Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласында азаматтығы жоқ тұлғаларға құқықтық көмек көрсетумен айналысады. Оның Азаттыққа айтуынша, құжатсыз жүген азаматтар жиі кездеседі. Мысалы, 2018 жылдың басынан бері 147 адам орталықтың көмегіне жүгінген, оларың 122-сі құжат алған. Құжат алғандардың 57-і Шымкент қаласының тұрғындары.
- Жеке куәлігін немесе туу туралы куәлікті қайта рәсімдеу – өте қиын мәселе. "Қызыл паспортпен" жүрген азаматтар қай елде туса, 1991 жылдан бастап сол елдің азаматы болып есептеледі. "Қызыл паспортты" алмастыру үшін әр елдің елшілігіне хабарласып, арызданушы азаматтың сол елдің азаматы ма, жоқ па деген сұраққа жауап беретін ақылы анықтама сұратамыз. Бұл анықтамасыз Қазақстан азаматтығы берілмейді, - дейді ол.
Қарай отырыңыз: Он жыл құжатсыз жүрген қарт
ҚҰЖАТ АЛУ ЖОЛДАРЫ
Шахноза Хасанова азаматтардың жеке куәлік пен туу туралы куәлікті уақытылы жасамау себебін әлеуметтік жағдайдың жоқтығы мен ақпараттың аздығынан көреді. Оның сөзінше, қазір мемлекеттік мекемелер құжаттарды электронды түрде тіркеуге көшкен.
Жеке куәлігі жоқ азамат мемлекеттік тегін медициналық көмекті пайдаланбайды, ресми түрде жұмысқа орналаспайды, шетелге шықпайды, заңды некеге тұрмайды, заңда белгіленген құқықтары мен мемлекеттік әлеуметтік көмектерді иеленбейді, баласына туу туралы куәлігін рәсімдей алмайды. Туу туралы куәлігі жоқ балаға мемлекеттік тегін медициналық көмек берілмейді. Жалпы орта мектепте білім алғанымен оны тәмамдағаны жөнінде куәлік рәсімделмейді, білімін жалғастыруға мүмкіндігі болмайды.
- Байқағаным, тұрғындар әлі де болса, қайдан қандай құжат алатынын біле бермейді. Әлі күнге "қызыл паспорты" бар адамдар өзін Қазақстан азаматымын деп санайды. Құжатсыз жүргендердің көбінің әлеуметтік әл-ауқаты әлсіз. Тіпті зейнет жасына келгенде ғана жеке куәліктің қажет екенін түсінетіндер бар, - дейді Шахноза Хасанова.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы тегін медициналық көмек бюджет есебінен Қазақстан азаматтары мен оралмандарға көрсетілетінін айтады.
- Жеке куәлігі жоқ азаматтарға жедел жәрдем медициналық көмегі және қоршаған ортаға қауіп төндіретін ауруларға шалдыққан жағдайда медициналық көмек көрсетіледі, - деді ол Азаттыққа.
Құжат алу
Қазақстан азаматтығына тиесілігін анықтау хақы барлар
- 1974 жылғы үлгідегі СССР паспортын ұстап жүргендер немесе оларды жоғалтқандар;
- 1992 жылғы наурыздың 1-іне дейін тұрақты тіркеуде тұрмағандар;
- халықты құжаттандырудың деректер базасы бойынша есепте жоқ және пәтер немесе шаруашылық кітаптарда тұрақты тұратынын растай алмайтын, Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды алмаған он сегіз жастан асқандар;
- Қазақстан аумағында туғандар және азаматтықтың болмауы немесе бұрынғы азаматтықты тоқтату туралы анықтаманың болуына байланысты азаматтығы жоқ адамдар деп танылғандар;
- Қазақстан аумағында туғандар және шет мемлекет азаматтығында тұрмайтындар;
- экстрадициялау туралы сұрау салынған адамдар.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсел Сәденованың Азаттыққа хабарлауынша, 2016-2018 жылы Шымкент қаласында жеке куәлігі, төлқұжаты жоқ 507 адам анықталған. Олардың 490-ы Қазақстанда туған.
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстан азаматтығына тиесілігі бар екенін анықтағысы келетін құжатсыз тұрғындар полиция бастығына өтініш жазған соң тұрақты тұрғылықты жері бойынша департаменттің көші-қон полиция бөлімшелеріне жіберіледі. Өтініш 30 күн ішінде қаралып, өтініш иесінің Қазақстан азаматтығына тиесілігі бар екені анықталса, оған Қазақстан азаматының паспортымен және жеке куәлігімен құжаттандыруға негіз болатын анықтама беріледі.