Қазақстанда дәрігерлер қабылдауға жазылмаған жұртты "жазылды" деп, көрсетілмеген қызметті "көрсетілді" деп есеп беріп отырған. Медқызметкерлердің бұл әрекетін DamuMed қосымшасын жаңа орнатқан азаматтар әшкереледі. Бұл қосымшада дәрігер қабылдауына жазылудың, емделу тарихы жинақталады. Жұрт қосымшада өздерінің дәрігерге қаралмаған уақытта қаралды деп көрсетілгенін айтып, көптеген сәйкессіздікті анықтап жатыр. "Жалған қабылдау" коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде күшейген. Денсаулық сақтау министрлігі алты айда ақпараттық жүйеге енген, бірақ қызмет көрсетілмеген, құны 75 миллион теңгеден асатын 11 607 факті болғанын мойындады.
"БАЛАМ КАРАНТИН БОЙЫ ЕМХАНА ЖАҒАЛАҒАН-МЫС"
Алматы тұрғыны, төрт балалы ана Александра Сенцова DamuMed мобильді қосымшасын бірер күн бұрын жүктеп, өзінің және екі жарым жасар баласының дәрігерге қаралғаны жайлы жалған деректерді көріп аң-таң болған.
– 51 хабарламаны көріп таң қалдым. Ең қызығы, көбі екі жарым жасар кенже балам жайлы екен. Ондағы дерекке сенсек, кішкентайым карантин бойы емхана жағалаған-мыс. Жазбаға сәйкес, сәуірде сегіз, маусымда екі рет барған. Ойлаңызшы, қатаң төтенше жағдайда баламды біресе лорға (отоларинголог – ред.), біресе стоматологқа сүйреуім қаншалықты қисынды? Карантин басталысымен балаларым 16 наурыз бен 16 мамыр аралығында тура екі ай үйден шықпай, қамалып отырды, - дейді 40 жастағы тұрғын.
Сенцова балаларын ақысын төлеп, кезекті айлап күттірмейтін жеке клиникаға апаруды әдетке айналдырған. Сөзінше, ұл-қызының үйренген педиатры бар. Ал мемлекеттік медициналық мекемеге өте сирек баратынын айтады.
– Шатаспасам, соңғы рет ұлымды бір жасқа толғанда салмағын өлшету үшін учаскелік дәрігерге жоспарлы қабылдауға апарғам. Одан кейін бармаппын. Осы балама қатысты тағы бір қызық дерек бар. Қосымшадағы жазбаға сенсек, былтыр шілдеде бір жарым жастағы баламды түнгі сағат 21.15-те педиатр қарапты-мыс. Емханалар тәулік бойы істей ме сонда? Неғылған жұмыс кестесі ол? Ал істеді делік, ондай уақытқа сәбиді кім жазады? Ол кезде балалар ұйықтайды. Дұрыс па? – дейді Сенцова.
"КАРАНТИНДЕ ЕМХАНАҒА БАРМАҚ ТҮГІЛІ ҮЙДЕН ШЫҚПАДЫМ"
DamuMed электрондық қосымшасын тексеріп, сәуірде бірнеше дәрігердің қабылдауына жазылғанын енді білген азаматтардың бірі – астаналық саясаттанушы Талғат Қалиев. Айтуынша, "карантин күшейген тұста емханаға бармақ түгіл, үйден шықпаған".
– Жазбаға қарасақ, 22 мамыр күні түске дейін де, түстен кейін де бірнеше рет дәрігердің қабылдауына жазылыппын. Вирустың таралуы күшейіп, қалада қатаң карантин орнаған тұста офтальмолог пен хирургке баруыма не түрткі? Иә, шұғыл жағдайлар болады, ондай кезде терапевт немесе хирургке баруың мүмкін. Бірақ эпидемия уақытында көз дәрігеріне жазылудың не қажеті бар? Маманның кеңесіне мұқтаж хәлде емеспін. Расын айтқанда, карантин басталғалы адам шоғырланатын жерлерге бармауға тырысам. Ал емханаға сырқаттанғандар көп келеді. Бір ауруды емдетемін деп, мына вирусты жұқтырып алуың ықтимал, – дейді ол.
47 жастағы Талғат Қалиев дәрігерлердің қабылдауына өз қалауымен жазылмағанын айтады. Сырқаттанғанның өзінде ем-домды үйден жасар едім дейді.
ТІЛШІ ЭКСПЕРИМЕНТІ
Мақала жазу кезінде өзім де DamuMed қосымшасы арқылы статусымды тексеріп көрдім. Ондағы дерекке сәйкес, жеті жасар балам маусымда үш рет дәрігер мен мейіргердің қабылдауына “жазылған”. Маусымда өзім сырқаттанып, ауруханада жаттым. Ол кезде баламды дәрігерге тіркемедім. Оның үстіне, балам өздігінен емханаға бара алмас еді. Қосымшада дәрігердің баламды 22 маусым күні қабылдағаны жайлы дерек бар. Бірақ балам 17 маусымнан бері Павлодарда, ата-әжесінің жанында. Жазбалардың қайдан пайда болғанын білу үшін жергілікті емханаға хабарластым. Бірақ ол жақтағылар мәселенің себебін нақты айта алмады. Тек “бұрын оқушылар мектеп қабырғасында медициналық тексеруден өтетін. Карантинге байланысты биыл өтпеді. Сондықтан дәрігерлер олқылықтың орнын толтыру үшін “бала тексерілген” деп есеп беріп жатуы ықтимал” деп жауап берді.
"ТІПТІ РЕНГТЕНГЕ ТҮСІППІН"
Алматылық журналист Гүлназ Имамниязова да әлеуметтік желіде жарияланған жазбалардан кейін DamuMed қосымшасына жүгінген. Тексере келе, дәрігер қабылдауына байланысты бірнеше "жалған дерекке" тап болған.
– Мемлекеттік емханалардың қызметіне жүгінбегеніме – 12 жыл. Былтыр 2 шілдеде скринингіге шақырды. Сол кезде тегін медицина деп барғаным рас. Маммолог пен гинекологқа бір-бір кіріп шыққам. Бірақ DamuMed қосымшасындағы жазбаға сәйкес, бұдан кейін жыл аяқталғанша, осы мамандарға тағы төрт-бес рет барыппын. Соңғы қабылдау 27 желтоқсанда болыпты. Тіпті рентгенге түскенім көрсетілген. Жазбаларға қарасақ, түрлі ем-дом қабылдағанмын. Кәдімгі ауру адам сияқтымын, – дейді ол.
41 жастағы Гүлнәз Имамниязова "мемлекеттік емханалардағы ем-дом сапасына күмән келтіргендіктен, жеке меншік медициналық орталықтарға баратынын" айтады.
– Бұған басымнан өткен ауыр жағдай себеп. Қате диагноздың кесірінен мүгедек бола жаздағам. Бұл – бір. Екіншіден, емханадағы дәрігердің жүктемесі сұмдық. Бірақ ақшасы аз. Әлбетте науқастарға атүсті қарайды. Ол түсінікті. Ойлана келе отбасыммен жеке клиникаға барып, емделеміз деген байламға келдік. Бұл менің де, балаларымның да өмірі мен қауіпсіздігі үшін маңызды шешім еді, – дейді журналист.
МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?
DamuMed қосымшасындағы "жалған деректер" фактісі қоғамда шу туғызған соң Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі жағдайды бақылауға алғанын хабарлады.
Азаттыққа министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахмет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ішінара тексеріс бастағанын хабарлады.
– Арнайы мониторингтік жүйе арқылы мұндай деректер бұған дейін де тексерілетін. Ресми дерекке сәйкес, алты айдың ішінде ақпараттық жүйеге енген, бірақ шын мәнінде қызмет көрсетілмеген, жалпы құны 75 млн 415 мың теңгені құрайтын 11 607 факті әшкереленді, – деді ресми өкіл.
Қожахмет Қазақстанда медициналық ақпараттық қызмет көрсететін компанияналардың көп екенін, бірақ DamuMed-тің үлесі басымырақ екенін айтты.
– DamuMed-ті қорғамаймын. Ол – электрондық қызмет көрсететін жеке компания. Нарықтағы ережеге сәйкес, кез келген ауруханаға келіп, келісімшарт негізінде қызметін көрсете алады. Шын мәнінде, заң бұзушылыққа жол берген емханалардың өзі, яғни дәрігерлер болып тұр. Елдегі медицина бірыңғай электрондық жүйеге көшкен. Соған сәйкес дәрігерлердің айлығы қанша адамды қабылдағанына, оған қандай шара қолданып, кімді қалай емдеуіне қарай есептеліп, төленеді. Яғни, кейбір мамандар, медициналық мекемелер осындай заңсыз әрекеттерге бару арқылы сақтандыру қорынан көбірек ақша алып, айлығын өсіруге тырысқан, – дейді Қожахмет.
Ресми өкілдің айтуынша, заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін былтырдан бастап айыппұл мөлшері үш есеге көбейген.
– Мәселен 100 теңге тұратын медициналық қызмет көрсетілді делік. Кейін оның жалған екені анықталды. Мұндай жағдайда емхана алдыңғы соманы 300 теңге қылып, яғни 200 теңге айыппұл қосып, қорға қайтарады. Бірақ тәжірибе жазаның жеңіл екенін көрсетіп отыр. Сондықтан министрлік заңсыздыққа жол бермеу үшін тек заңды тұлғаның ғана емес, дәрігердің жеке басын да жауапқа тартуды ұсынды. Қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр, – дейді министрлік өкілі.
"ЖАЛҒАН ДЕРЕКТЕР" КІМГЕ ТИІМДІ?
Дәрігер, қоғам белсендісі Қайырғали Көнеев DamuMed мобильдік қосымшасы төңірегіндегі дау Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жемқорлықтан деген пікірде.
– Ойлап қарасақ, бұл ашық ұрлау. Егер әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тіркеудің шын-өтірігін қадағалай алмаса, кімге қандай көмек көрсетілген-көрсетілмегенін білмесе, оның керегі не? Түк қажеті жоқ. Меніңше, "жалған деректер" енгізу фактісі денсаулық сақтау саласының толық цифрлық жүйеге өте алмауынан туындаған проблема. Әуелде уәде еткен электрондық "денсаулық паспорты" қайда қазір? Іске қосылды деген есеп бар да, шындығында әлі ештеңе істемейді, – дейді дәрігер.
Қайырғали Көнеев дәрігер айлығының неше адам қабылдап, кімге қандай ем көрсетуіне байланысты есептеу жүйесі былтырдан басталғанын айтады.
– Жалған тіркеулер қарапайым дәрігерге тиімді деп айта алмаймын. Бұл жерде кінә медициналық мекеме мен оның иесінде. Ал қожайыны кім екенін айтпасам да жұрт біледі. Пайда табатындар да солар. Бейнелеп айтсақ, қатардағы дәрігер – құл. Ал DamuMed қосымшасымен мойындағы қамыты қатаймаса, босаңсыған жоқ, – дейді ол.
DamuMed мобильдік қосымшасын 2017 жылы "ДАМУ" ақпараттық технологиялар орталығы іске қосылған. Тұрғындар қосымша арқылы үйде отырып-ақ дәрігер қабылдауына жазылуға, оны үйіне шақыруға, рецепті мен зерттеулер нәтижесін көруге және еңбекке жарамсыздық туралы анықтаманы алуға мүмкіндік алған. Кейбір деректерде DamuMed қосымшасын әзірлеуге бюджеттен 18 млн доллар жұмсалғаны келтірілген.
Мобильді қосымша айналасындағы бұл мәселе – коронавирус індеті басталғалы отандық денсаулық сақтау жүйесінде бірінен кейін бірі болып отырған даулардың кезекті көрінісі. Елдің денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кейінгі айларда үлкен сынның астында қалып отыр.
Коронавируспен күреске жұмылдырылған медқызметкерлерге уәде етілген үстемақыны дұрыс төлемегені үшін бір сөз естіді, өкпе ауруы ушыққан маусым айында дәрі тапшы болып, ауруханаларда орын болмай, медицина жабдығы жетіспей тағы бір сөз естіді. Коронавирус статистикасын жүргізу әдісі де сынға ұшырап отыр. Екі мекеменің де басшысы ауысты, алайда халық арасында жағдай өзгермеді деген пікір бар. Кей сарапшылар қазіргі дағдарыстың бар болғаны жылдар бойы жиналған мәселелерді әшкерелеп бергенін айтады.