"Өлсек, қуанатын шығар". Өндіріс мүгедектерінің сайлау алдында Тоқаевқа талабы

Көрнекі сурет.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында "АрселорМиттал Теміртау" және "Қазақмыс" компанияларының шахталарында өндірісте жарақат алып, мүгедек болып қалған азаматтар конституциялық құқы бұзылғанын мәлімдеді. Олар президент Тоқаевқа ашық хат жазып, өздерін өтемақыдан айырған баптарды заңнан алып тастауды талап етті

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тұратын бұрынғы кенші, 47 жылдық еңбек өтілі бар Талқанбай Бөлтіріков жиырма жыл жер астында еңбек еткен. Қазір оның өндірісте жүріп тапқан ауруы көп, ал ақшасы күнкөріске де жетпейді. 2016 жылы кеншіге мүгедектігі туралы мерзімсіз анықтама берілген. Ол зейнетке шыққаннан кейін өндірісте жүріп, денсаулығынан айырылғаны үшін төленетін өтемақыдан қағылған.

2015 жылы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, (бұл өзгерістер сақтандыру компанияларының "2011 жылы өндірісте жарақат алған азаматтардың өтемақысы өскеннен кейін шығынға батып жатырмыз" деген шағымынан кейін енгізілген – ред.) зейнетке шыққан азаматтарға өтемақы төленбейді. Бөлтіріков пен басқа да мүгедек кеншілер "Билік денсаулығынан айырылғаны үшін берілетін өтемақы көлемін өсірсін, зейнетке шыққан азаматтарға да өтемақы төлеу туралы бөлімді заңға қайта енгізсін" деген талап қоя бастаған. Олар билік шара қолданбаса, өндіріс мүгедектерінің жағдайы нашарлап, емге ақша таба алмай қалады деп дабыл қаққан.

Бірақ бірнеше жылға созылған күрестен еш нәтиже шықпады. Олардың бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаттары жауапсыз қалды. 2022 жылы қаңтарда Бөлтіріков зейнетке шығып, ай сайын алып келген 100 мың теңге (қазіргі бағам бойынша шамамен 210 доллар) өтемақысынан айырылды. Ол бұл ақшаны ем алып, оңалту шарасынан өтуге жұмсайтын. Бұрынғы кеншінің зейнетақысы жүз мыңнан сәл ғана асады.

– Өтемақы емделуге, оңалту шарасынан өтуге, денсаулығымды бір қалыпта ұстап тұруға көмектесетін. Енді бұл ақшадан да айырылдым. Сегіз айдан бері емделген жоқпын, ақшам жетпейді. Тұрақты ем алып тұрмасам, ауруым асқынуы мүмкін. Енді өлеміз бе, қайтеміз? Назарбаев құрған жүйе жойылмайынша, ештеңе өзгермейді-ау. Билік тас керең болып, үстімізден күліп отырған сияқты, – дейді Талқанбай Бөлтіріков.

Ол кезектен тыс президент сайлауын өткізудің не қажеті барын түсінбейді. Ресми дерек бойынша, сайлауға 20 миллиард теңгеден көп (42 миллион доллар) қаржы бөлінген.

– Тағы да миллиардтаған қаржыны желге ұшырады, халықта шаруалары жоқ. Бізді бөліп тастағандарына жүрегім ауырады. 2015 жылға дейін мүгедек санатына қосылғандар зейнетке шыққаннан кейін де өтемақы ала береді. Ал қалғандарына ештеңе төленбейді. Қалай тартсаң да, ештеңеге жетпейтін тиын-тебен ғана алатынбыз, енді одан да қағылдық. Заңның шикілігі мен биліктің ақымақтығына қарным ашады, – дейді бұрынғы кенші.

Қазір Бөлтіріковтың шағымына қосылатын азаматтардың қатары көбейген.

ЖҮЗДЕГЕН АДАМНЫҢ ТАЛАБЫ

Қоғам белсенділері заңға енгізілген өзгерістер өндіріс мүгедектерінің наразылығын туғызатынын бірнеше рет ескерткен. Тамызда "Қазақмыс" компаниясында істеп, шахтада жарақат алған екі жүзге жуық мүгедек азамат президентке хат жолдап, өтемақы мәселесін көтерген. Бірақ билік "Қазақмыс" мүгедектерінің бұрын жолданған хаттары сияқты осы жолғы үндеуін де елеусіз қалдырды.

Қыркүйекте Қарағанды облысында сегіз шахта, кен байыту фабрикасы, зауыттары мен метталургиялық комбинаты бар "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында істеп, денсаулығынан айырылған азаматтар биліктен өздеріне көңіл бөліп, жағдайын түзеуді сұрады. Шахтинскіде 70-ке жуық азамат жиналып, президентке арнап жазған хатын оқыды. Қалғандары президенттің реакциясын күтіп, жаппай наразылық акциясын өткізуге дайын екендерін айтып отыр. Мүгедек азаматтар шетелдік компаниялардың мүддесі қорғалып жатыр деп есептейді.

Бұл – президентке жазылған бірінші хат емес. Бірақ мемлекет басшысы өндіріс мүгедектерінің бір де бір хатына жауап бермеген. Өтінішке қол қойған азаматтар хатымыз президентке жетпеген болуы мүмкін деп күмәнданады. Тоқаев осыған дейінгі мәлімдемелерінде өндірісте жарақат алып, денсаулығына зақым келген мыңдаған азамат туралы мүлде айтпаған. Қазір президент қайта сайлауға түскелі жатыр. Сыншылар Тоқаев жаңа мерзімге саяси реформалар жүргізу үшін емес, өз позициясын нығайту үшін сайланғысы келеді дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өндірісте денсаулықтан айырылған кеншілер төлемді қайта есептеуді талап етеді

Шахтинск қаласының тұрғыны Сергей Гальстер шахтада жүріп, өндірістік жарақат алған. Ол – президентке хат жазу бастамасын көтерген белсенділердің бірі. Сергей жерасты монтажері болып істеп, аяғынан айырылған. Қазір протезбен жүреді. Аяғына протез салғызғаннан кейін де жұмыс істеп, 1996 жылы шахта үнді миллиардері Лакшми Митталдың қолына өткен кезде қызметінен кеткен. Гальстердің айтуынша, шахтадан кетуге басшылықтың мүгедек адамға физикалық мүмкіндігі жетпейтін жұмыс тапсыруы себеп болған. Сергейге үшінші топ мүгедегі деген анықтама беріп, еңбекке жарамсыздық деңгейін – 50 пайыз деп белгілеген. Ол сотқа жүгініп, комиссия шешімін өзгерте алмаған.

Қазір Сергей 70 мың теңге (шамамен 150 доллар) зейнетақы алады. Бірақ мемлекет басқа өндіріс мүгедектері сияқты Сергейді өтемақыдан айырмаған. Оған денсаулығына келген шығын үшін 132 мың теңге төленеді. Оның бұл ақшаға көңілі толмайды. Сергей аяғынан айырылмаса, зейнетке шықпай тұрып, жақсы ақша жинап үлгерер еді.

– Заңды өзгерту керек. Бұрынғы жағдайымызды қайтарса, жақсы болар еді. Өтемақы көлемін қайта есептеп бергенін қалаймын. Барлық сот инстанциясынан өттім, бірақ өтемақымды қайта есептетуге рұқсат ала алмадым. Қазір протез бөлшектерін де, арнайы аяқ киім де, балдақ та, таяқ та, протездің сыртынан киетін нәски де бермейді. Енді қайтадан жиналып, президентке хат жазып жатырмыз. Жауабын күтеміз. 2011 жылы қанша рет Астанаға барып, сонда түнеп қалған кездеріміз де болды. Сол кезде мәселемізге назар аударып, заңды өзгертіп, өтемақы көлемін өсірді. Ал 2015 жылы заңды қайта өзгертіп, жағдайымызды қиындатып жіберді. 2015 жылға дейін мүгедектігі туралы анықтама алған адамдарға заңнамалық өзгерістер әсер етпеуі керек еді. Бірақ ауыз аштырмайды. Өлсек, қуанатын шығар, – дейді Сергей Гальстер.

Бұл шағымға "АрселоМиттал Теміртау" шахталарында өндірістік жарақат алған кеншілер тобы да қосылады. 22 қыркүйекте Саран қаласында "Уақыт" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жиынға 50 адам келді. Олар зейнетке шыққан азаматтарға өтемақы беруді доғару, өтемақы көлемінің аздығы сияқты мәселелерді талқылады. 2015 жылға дейін өтемақы көлемі жалақы мөлшеріне пропорционалды деңгейде өсіп келген. Кейін инфляция деңгейіне байланысты ғана өзгеретін болды. Жиынға келген азаматтар басқаларды өздерінің қатарына қосылуға, бірлесіп өндіріс мүгедектерінің құқығын қорғауға үндеді.

БЕЛСЕНДІЛЕР ЕҢБЕГІНІҢ НӘТИЖЕСІН КӨРМЕЙ, ӨЛІП КЕТТІ

Қарағанды облысында кейінгі жылдары бірнеше өндіріс мүгедегі президент пен басқа да мемлекеттік органдардың атына хат жазып, заңға өзгертулер ұсынып, белсенділік танытып жүрді. Олардың қатарында зейнетке шыққаннан кейін өтемақыдан қағылған Евгений Архипов пен Иван Штрек те болды. Мемлекет оларды еңбек министрлігінің жанындағы жұмыс тобына қосқан. Бірақ белсенділер биліктің шешіміне әсер етіп, өздері қалаған өзгерістерге қол жеткізіп үлгермеді: биыл екеуі де көз жұмды. Кеншілердің өліміне өндірісте алған жарақаты мен соның салдарынан пайда болған сырқаты себеп болған.

Қарағанды облысындағы мүгедек шахтерлар бастамашыл тобының мүшелері Евгений Архипов пен Иван Штрек. Қарағанды, 29 шілде 2019 жыл.

Архипов пен Штректің соңғы өтініші парламент депутаттарына бағытталды. Олар төрт мыңға жуық өндіріс мүгедегінің атынан сөйлеп, тау-кен саласында "әлеуметтік шиеленіс" артып келе жатқанын, бұған шахтада денсаулығынан айырылып, мемлекеттен тиісті қолдау көрмей отырған бұрынғы кеншілердің ауыр жағдайы себеп екенін айтқан. Белсенділер "Кеншілер өндірісте жарақат алғаны аздай, қартайған шағында қорлық көріп отыр" деген.

Архипов пен Штрек бұл мәселелерді қолданыстағы заңның дұрыс орындалмауымен, заңдағы кемшіліктермен, тау-кен саласының зейнеткерлері мен мүгедектерінің мемлекетпен, жұмыс берушімен және сақтандыру компанияларымен қарым-қатынасының құқықтық тұрғыдан реттелмеуімен байланыстырады.

Өндіріс мүгедектері 2015 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістер Конституция мен Азаматтық кодекске сай келмейді, оларды қолдану Конституцияны, БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы Конвенциясы мен ТМД елдерінің 1994 жылы 9 қыркүйекте қабылдаған халықаралық келісімін бұзады деп есептейді. Белсенділердің айтуынша, Азаматтық кодекстегі өзгеріс (938, 943, 944 баптар) басқа заңдарға әсер етіп, мүгедектігі бар адамдардың жағдайын қиындатып, өтемақы көлемін қысқартып, зейнетақының жинақ бөлігіне де ықпал еткен.

БИЛІК ҮНСІЗ ОТЫР

"АрселорМиттал Теміртау" және "Қазақмыс" компаниялары өндіріс мүгедектерінің президентке хат жазып, шағымдануына қатысты пікір білдірген жоқ. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы осыған дейін Азаттыққа берген жауабында заң бойынша әрекет етіп отырғанын айтып, "Жұмыс беруші бұрынғы қызметкерінің жалақыдан айырылуына байланысты төлемдерді қолданыстағы заң мен сот актілерінің негізінде төлейді" деген.

Жылына бір-екі рет өндіріс мүгедектері өтемақы мәселесін көтеріп, президентке хат жазады. Бірақ биліктен еш жауап болмайды. Еңбек министрлігі кеншілер талабына атүсті жауап береді немесе елеусіз қалдырады. Ведомство осыған дейін Азаттыққа өндірісте денсаулығынан айырылған азаматтар мәселесі бірнеше рет талқыланғанын, бастамашыл топтың ұсыныстары концептуалды өзгерістерді, жұмыс берушімен және сақтандыру компанияларымен кешенді жұмысты талап ететінін айтқан. Министрлік бірлескен ортақ шешімге келу жолындағы жұмыстарды жалғастыруға уәде берген. Бірақ әлі күнге мемлекет тарапынан нақты жауап жоқ.

Азаттық тілшісі Халықаралық еңбек ұйымының ұлттық координаторы Талғат Үмітжановтан мәселеге қатысты пікір білдіруді сұрады. Өндіріс мүгедектері де ұйым өкілінен қолдау күтетінін жазған. Бірақ редакция хатына да, кеншілер өтінішіне де жауап келмеді.

"КЕЛЕСІ ЕРЕУІЛ МЕН МИТИНГІГЕ ДЕЙІН КҮТЕДІ"

Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, кеншілер мәселесін көтеріп келген бұрынғы парламент депутаты Мұхтар Тінікеев өндіріс мүгедектерінің жағдайын жақсарту үшін заңды өзгерту керек, әйтпесе шиеленістің түбі ереуілдер мен митингілерге апарып соғуы мүмкін деп алаңдайды.

Мұхтар Тінікеев.

– Бұл мәселе қордаланып, бір күні жақсылыққа апарып соқпауы мүмкін. Ондайда билік таңғалып, "Мәселе неге шешілмей жатыр?" деп шығады. Соңғы рет кеншілер ереуілге шығамыз дегенде біраз талап орындалды, бірақ көп мәселе сол күйі қалды. Бізде билік келесі ереуіл мен митингіге дейін халықты естімеген сыңай танытып отыра береді. Тағы да наразылық туындаса, алдыңғы ереуілден кейін шешілмей қалған сол баяғы зейнетақы, өтемақы мәселесі көтеріледі. Жай зейнеткер мен мүгедек зейнеткерді салыстыруға болмайды. Өйткені мүгедек адамның шығыны көп, ол емделуі керек. Мүгедек болып қалғаны үшін еңбек өтілінен айырылған адам өтемақыға өмір сүріп, ең аз мөлшердегі зейнетақы алады. Қазіргі капиталистік әлемде жұмысшы адамға квота сұрауға тура келеді, өйткені оның дауысын ешкім естімейді. Парламентте кім отырғанын қараңыз: депутаттар арасында бір де бір жұмысшы адам жоқ, – дейді еңбек жолын тау-кен жұмысшысы болып бастаған, 1989 жылы Қарағандыда болған кеншілер ереуіліне қатысқан Мұхтар Тінікеев.

Тінікеевтің пікірінше, Қазақстан жұмысшы өндіріс орнында жарақат алса, бұған 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп табатын Еуропаның үлгісін енгізуі керек. Қазақстанда өндірістік жарақат үшін жауапкершілік жұмысшы мен жұмыс беруші арасында теңдей бөлінеді, сондықтан өтемақы да аз шығады.

– Өндіріс мүгедектерінің жағдайын жақсарту үшін 2014 жылға дейінгі шарттарды қайтару керек (2015 жылы заңға "Сақтандыру және исламдық қаржыландыру" туралы өзгерту енгізілді. Осыдан кейін өндіріс мүгедектерінің құқығы мүгедектігі бар басқа азаматтардың құқығымен теңестіріліп, кеншілерге төленетін өтемақы мен зейнетақы көлемі қысқарды – ред.). Сонда өндіріс мүгедектері үкіметтің ойына келген сомадағы өтемақыны емес, өз саласындағы орташа жалақыға негізделген төлемді алады. Мысалы, қазір шахтада жол қазушы адам 500 мың жалақы алса, жұмысқа жарамдылығының 50 пайызын жоғалтқан өндіріс мүгедегі 250 мың теңге алады. Жұмысқа жарамсыздық деңгейі жоғары болған сайын, өтемақы көлемі де арта береді. Бұл жағдайды едәуір өзгертер еді. Еңбек кодексіне индексация шартын да жазып қою керек, – дейді Тінікеев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мүгедек кеншілердің жанайқайы мен еңбек министрлігінің жауабы

Қазақстанда 700 мың мүгедек азамат бар. Олардың 14 мыңнан астамы – өндіріс мүгедегі. Осыған дейін құқық қорғаушы Вениамин Алаев (қыркүйекте қайтыс болды – ред.) "Мемлекет мүгедектігі бар адамдардың материалдық жағдайын қайта қарап, оларды қолдау шараларын ойластыруы керек" деген. Ол заңға мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға қатысты өзгерістер енгізу керегін айтқан.