"Билік үшін оппозициядан да жаманбыз". Тәуелсіз бақылаушылар сайлауға қалай дайындалып жатыр?

Парламент мәжілісін сайлау күні учаскесінде дауыс беру бюллетеніне белгі қойып отырған сайлаушы мен оның сырт жағында бақылап отырған байқаушы. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

"Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігі кезектен тыс президент сайлау қарсаңында қысым көріп отырғанын айтады. Оларға қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылып, тренинг өткізуге кедергі жасалған. Бақылаушылар сайлау заңына енгізілген толықтырулар күшіне енсе, жұмысымыз қиындайды деп алаңдайды. Сарапшылар кейінгі кезде азаматтық қоғамға қысым күшейгенін байқаған.

ЖАРЫҚТЫ ӨШІРУ, ОРЫН БЕРМЕУ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ШАБУЫЛ

"Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігі алдағы сенбіде қорытынды семинар-тренинг өткізбек болған. Алматыдағы қонақ үйлердің бірінен конференц-залды жалға алып, жиынға қатысушыларды шақырған. Бірақ кездесуге екі күн қалғанда қонақ үй әкімшілігі келісімшарттан бас тартып, орын бере алмайтынын айтқан.

– "Конференц-залға су кетіп жатыр, жөндеу жүргіземіз" деп айтты, – дейді бірлестік басшысы Арайлым Назарова. Ол қонақ үйдің сылтауына күмәнмен қарайды.

17 қарашада "Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігінің Алматыдағы кеңсесінде жарық өшіп, ұйым мүшелері жұмыс істей алмай қалған. Бір қызығы, басқа ұйымдар отыратын көрші кабинеттерде жарық сөнбеген.

Тағы бір бақылаушылар бірлестігі – "Еркіндік қанаты" қоры әлеуметтік желіде шабуылға ұшыраған. Қор құрылтайшылары тәуелсіз бақылаушы болған адамдардың жеке деректерін заңсыз таратты деп айыпталып отыр. Бірлестік басшылары елдегі тұрақтылықты бұзу үшін шетелден ақша алды деп жатқандар да бар.

"Еркіндік қанаты" айыптауларды жоққа шығарып, бұл шабуылдарды осыған дейінгі сайлауларда талай заң бұзу фактілерін анықтаған ұйымды қаралау үшін ұйымдастырылған науқан деп бағалайды.

– Бұл – сайлау алдындағы шабуыл. Сайлаумен байланысты екені түсінікті. Бізді қаралау үшін, ұйымға тәуелсіз бақылаушылар бармасын деп жасалып отыр, – дейді "Еркіндік қанаты" құрылтайшыларының бірі Елена Швецова.

Your browser doesn’t support HTML5

Тәуелсіз бақылаушылар сайлау алдында кедергі көбейгенін айтады

БАҚЫЛАУШЫЛАР ҚЫЗМЕТІН ҚИЫНДАТҚАН ӨЗГЕРІСТЕР

Мәселе бұл қиындықтармен ғана бітпейді. Қыркүйекте Қазақстан парламенті сайлау туралы заңға толықтырулар енгізді. Сарапшылардың пікірінше, бұл тәуелсіз бақылаушылар жұмысын одан әрі қиындатады. Толықтырулар 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Биылғы сайлауда бақылаушылар ескі заң бойынша жұмыс істейді.

– 2019 жылы билік бақылаушылар үлкен күш екенін түсінді. Олар партия, кәсіподақ пен тәуелсіз медиадан құтылған кезде жаңа мәселеге кезікті. Бәрі жоспар бойынша жүріп келе жатқанда, бақылаушылар шықты. Билік мұндайды күткен жоқ, – дейді "Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" қамқоршылар кеңесінің басшысы Ирина Медникова. Ұйым "Жас сайлаушылар лигасы" жобасын жүзеге асырып, жастарды бақылаушы болуға, биліктен әділ әрі заңды сайлау өткізуді талап етуге үйретіп жүр.

2019 жылғы сайлауда жаппай наразылық болып, мыңдаған қазақстандық билік жазған сайлау сценариіне қарсылық білдірді. Бақылаушылар топтап бюллетень салу, сайлау учаскелеріндегі дауыс беру хаттамасын бұрмалау сияқты заң бұзу фактілерін анықтады. Билік Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңімпаз деп жариялап, сайлау заңға сай өтті деп мәлімдеді. Бақылаушылар сайлау комиссияларымен соттасты, бірақ сот олардың арызын қанағаттандырмады.

"Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" қамқоршылар кеңесінің басшысы Ирина Медникова. Алматы, 15 қараша 2022 жыл.

– Сайлау азаматтық белсенділік артқан кезге тұспа-тұс келді. Әсіресе, жастар наразылықтың негізгі күшіне айналды. Алматы мен Астанадағы бақылаушылардың басым көпшілігі жастардан құралды. Ақорда халықтың көбі сайлауға Назарбаев орнына қалдырған Тоқаевқа қарсы дауыс беру үшін барады деп күткен жоқ. Осының бәрі тәуелсіз бақылаудың жақсы нәтиже көрсетуіне ықпал етті. Бюллетеньдерді топтап тастау, мұғалімдерге қысым көрсету және басқа да заң бұзу жайттары болды. Кей сайлау учаскелерінде [өзін оппозиционер деп көрсеткен] Әміржан Қосановтың жеңіске жеткенін мойындауға тура келді. Қазіргі жағдай басқа. Үш жылда Ақорда бақылаушылар қызметін шектеп ғана қоймай, заңды өзгертіп, 2019 жылғы президент сайлауына сүйеніп, бүкіл стратегиясын қайта қарап шықты, – дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

2020 жылы үкімет сайлауға жарғысында бақылау қызметі көрсетілген ұйымдар ғана қатыса алады деген қаулы шығарды.

– Бәріміз жарғымызды қарап шықтық. Ешқандай ұйымның жарғысында сайлауға бақылау жүргізу деген қызмет көрсетілмеген. Бірақ азаматтық қоғамды дамыту, адам құқығын қорғау деген үлкен миссиялар мен міндеттер бар. Бір ұйым жарғысын қайта тіркеуге жіберді. Әділет министрлігі жарғыны жоғалтып алды. Олар ұзақ дауласып жүріп, құжатын қайтарып алуға тырысты. Осының бәрін заңға енгізетінін сол кезде-ақ білгенбіз. 2021 жылы ескі заң бойынша жұмыс істедік, 2022 жылы билік бақылаушылар қызметін заң жүзінде реттеуге көшті, – дейді Ирина Медникова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жаңа сайлау, ескі тәсіл". Сарапшылар Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанына" күмән келтірді

Медникованың айтуынша, ұйым жарғысында сайлауға бақылау жүргізу қызметі болу керек деген талап – мәселенің бер жағы ғана. Сайлауға бақылау жүргізетін ұйымдар Орталық сайлау комиссиясынан аккредитация алуы керек. "Бұл процедура бақылаудың мәнін жояды" дейді ол.

– Орталық сайлау комиссиясынан аккредитация алып, оны қалай сынайсың? Сынасаң, келер жылы ұйымға аккредитация бермей қояды. Бұл ұйымды тәуелсіздігінен айырады. Сайлауға бақылау жүргізу – демократиялы елдердің бәрінде ғылыми тұрғыдан сипатталып, қабылданған технология. Оған "мемлекеттік аккредитатор" деген жаңа ұғым қосылса, біздің әдістеменің тәуелсіздігі жойылады. Орталық сайлау комиссиясынан аккредитация алу бізді тығырыққа тіреді. Шынымды айтсам, ары қарай не істеу керегін білмейміз, – дейді Медникова.

"Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің басшысы Арайлым Назарова да өз ұйымы 2023 жылғы парламент сайлауында қалай жұмыс істейтінін білмейді.

– Осының бәрі билікке қолайсыз бақылаушыларды сайлауға қатыстырмау үшін жасалып отыр. Аккредитация енгізуге ешқандай себеп болған жоқ. Осыған дейін аккредитациясыз жұмыс істеп жүрдік, бәрі жақсы болатын. Билік үшін оппозициядан да жаманбыз. Өйткені Тоқаев сайлау туралы заң мен партиялар туралы заңға қол қойғанда, саяси партияларды тіркеу сәл де болса жеңілдеді, ал тәуелсіз бақылаушылардың өмірі бұрынғыдан да қиындап кетті, – дейді Арайлым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билікке жақпайтындар аккредитациядан қағылады". Тәуелсіз бақылаушылар билік ұсынған өзгеріске қарсы

"АВТОРИТАРИЗМНІҢ КҮШЕЙГЕНІН КӨРСЕТЕТІН НЫШАН"

"Жастар ақпараттық қызметі" ұйымының атқарушы директоры Василина Атоянц өңірлердегі тәуелсіз бақылаушылар жұмысын үйлестірумен айналысады. Оның сөзінше, өңірлерден бақылаушы табу қиын, басында қажет адамдар тез жиналғанымен, көбі сайлауға аз уақыт қалғанда бақылаудан бас тартады.

– Мұның себебі әртүрлі. Ең жиі кездесетіні – азаматтарға бақылаушы болуға рұқсат бермей, қысым көрсету. Көбі себебін түсіндірместен, жым-жылас болады. Астана, Алматы қалаларындағы тәуелсіз бақылаушылар белсенді жұмыс істейді. 2021 жылы өңірлер арасында Орал белсенді болды. Ондағы бақылаушыларды сайлау күні "бізге қысым жасады" деп, бақылауға келмей қойған студенттер және күні бойы сайлау учаскелерінде отырған ересек адамдар деп екі топқа бөлуге болады.

Василинаның сөзінше, 2021 жылы сайлау комиссиясының мүшелері бақылаушыларға өз қызметін дұрыс атқаруына мүмкіндік бермеген: олардың үстінен дауыс беруге кедергі келтірді деп арыз түсірген, полицияның көмегімен, кейде өздері еш себебін түсіндірместен учаскеден қуып шыққан.

– 2011 жылдан бері бақылаушылар жұмысын үйлестірумен айналысып келе жатырмын. Бірақ бұрын мұндайды көрген емеспін. Өткен парламент сайлауы бақылаушылар үшін қатаң жағдайда өтті. Бақылаушыларымыз бұл жүйеден, Қазақстаннан көңілі қалғанын, енді ешқашан сайлауды бақылауға қатыспайтынын айтты, – дейді Василина Атоянц.

Қазақстанның жас сайлаушылар лигасының веб-сайты. Алматы, 15 қараша 2022 жыл.

Астана 2021 жылғы мәжіліс сайлау науқаны бәсекеге толы болды деп мәлімдеді. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша мәжіліске бұрыннан парламентте болған үш партия ғана өтті. Бас прокуратура сайлауда заң бұзу фактілері тіркелген жоқ деді.

2022 жылы Тоқаев екінші рет сайлауға түсіп отыр. Оған бәсекелес ретінде халық онша танымайтын бес кандидат тіркелген. Президент алдағы сайлау ашық әрі әділ өтеді деп уәде берді.

Сайлауға аз күн қалғанда митингіге шыққан белсенділер қудаланып, қамауға алынып, тәуелсіз бақылаушылар қысымға ұшырай бастады.

– Тәуелсіз бақылау болмаса қоғам дауыс беру нәтижесі бұрмаланғаны туралы ақпарат ала алмайды, яғни, қолымызда Тоқаевтың жеңісі мен оның легитимдігіне күмән келтіретін фактілер болмайды. Ал есесіне үкімет тапсырмасымен құрылған бақылау ұйымдары Ақорда жарылқаған блогерлермен бірге сайлау мен оның қорытындысын мақтайды. Сөйтіп біздегі дауыс беру процесінің Өзбекстан немесе Түркіменстандағы сайлаулардан еш айырмасы болмайды. Бұл – авторитаризмнің күшейгенін көрсететін нышан, – дейді Әлжанов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаев тап болған тұзаққа Тоқаев та түсуі мүмкін". Саясаттанушымен сұхбат