ҰЯТ ҚАЙДА КЕТТІ?
Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтында жарық көрген «Орталық Азияның байлары коронавируспен күресті бастады» деп аталған мақалада қорға ақша салып жатқандардың көбі лауазымды шенеуніктермен байланысы бар адамдар екенін атап өткен. Сайт «олар мәрттіктерін ұялмай көрсетіп жатыр» деп жазады.
Биліктің біраз тетігін әлі де қолында ұстап отырған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 20 наурызда «қиын-қыстау кезде елге көмек көрсетейік, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес қорына ақша салайық» деп, жалпы жұртқа үндеу тастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев тағы да Қазақстан халқына алақан жайдыСайттың жазуынша, жұрт ұсынысты бірден іліп әкеткен. Сол күні Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, елдің Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың қызы Әсел Тасмағамбетова құрған «Сәби» қайырымдылық қоры миллион долларға жуық қаржы аударды. Лондонда орналасқан коммуникация компаниясы «халықаралық БАҚ-тарға қайырылып», Қазақстандағы коронавируспен күрестегі «жеке қордың ең ірі көмегіне» ризашылық білдірген. «Сәби» қорының мәлімдемесіне сенсек, бұл қаржы коронавирусты анықтайтын сынамалар мен жасанды жолмен демалатын аппараттарды сатып алуға жұмсалады.
22 наурызда Назарбаевтың қызы – Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың бақылауындағы «Халық банкімен» байланысы бар қор коронавируспен күреске 10 миллион долларға жуық қаржы бөлетінін мәлімдеді. Құлыбаевтар Forbes журналы жасаған миллиардерлер тізімінде бар, журнал былтыр олардың ортақ дүние-мүлкінің құны 6,4 миллиард доллар деген тұжырым жасаған.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Назарбаевтың жақын үзеңгілесі әрі туысы Ахметжан Есімовтің күйеубаласы, «АТФ банк» иесі Ғалымжан Есенов қорға 2 миллион доллар салған.
«Қазақстандағы жемқорлық деңгейінің жоғары екенін ескерсек, ел азаматтарының көбі бұл ақша әйтеуір халыққа қайтып оралды деп санайтын шығар» дейді Eurasianet.org.
Мақала авторының сөзінше, былтыр Динара Құлыбаеваның Швейцарияда 60 миллион долларға үй сатып алғаны туралы ақпарат жұрттың көбін ашуландырған.
«Үйді ыңғайсыз уақытта сатып алды, себебі сол кезде оның әкесі [Қазақстан халқын] экономика қиын жағдайда тұрғанда үнемшіл болуға шақырған еді» деп жазады Eurasianet.org.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев қызының Швейцариядағы жаңа мүлкі және әкесінің "стратегиясы"Көршілес Қырғызстанда да коронавируспен күрес қоры құрылды. 2017 жылғы сайлауда Сооронбай Жээнбековтен жеңіліп қалған бұрынғы премьер-министр Омурбек Бабанов қорға 50 миллион доллар аударды. Бұл «Бабанов саясатқа қайта оралуы мүмкін» деген әңгімені өршітті.
«Дегенмен Қырғызстанда халық «фамилиясының өзі парақорлықтың символына айналған» Матраимовтардың ауқатты әулетіне ерекше назар аударды» деп жазады басылым. Кеден қызметінің бұрынғы басшысы, жемқорлық туралы журналистік зерттеулердің кейіпкері Райымбек Матраимовтың бауыры, парламент депутаты Искандер Матраимов өз отбасының атынан азық-түлік пен медициналық маска сатып алып, мұқтаж жандарға тегін тарататынын мәлімдеді. Eurasianet.org сайтының жазуынша, Матраимовтар заттарды негізінен туған жеріне – елдің оңтүстігіне жөнелтіп жатыр, ал елде қазан айында парламент сайлауы өтуі тиіс.
ҰН ЭКСПОРТЫНА САЛЫНҒАН ТЫЙЫМ — «АЗЫҚ-ТҮЛІК ҰЛТШЫЛДЫҒЫ» МА?
Америкалық Bloomberg ақпарат агенттігінің «Елдер азық-түлік қорын жинап жатыр, әлемдік сауданың күні не болмақ?» деген мақаласында әлем елдерінің коронавирус пандемиясы кезінде азық-түлік тапшылығын болдырмау үшін сыртқа тауар шығаруға тыйым салып жатқаны туралы айтылады.
Мұндай шек қойған елдердің арасында Қазақстан да бар. Осы аптада бұл ел ұн, сәбіз, қант, картоп сияқты азық-түлік өнімдерін экспорттауға тыйым салды.
Мақала авторының жазуынша, мұндай қадамға барып жатқан елдер көп.
«Бұл азық-түлік ұлтшылдығына ұласып, тағамды жеткізу жолын бұзып, сауда айналымына тосқауыл қоймай ма?» деп сауал тастайды автор.
Лондондағы Chatham House зерттеу орталығының сарапшысы Тим Бентон Bloomberg-ке берген сұхбатында: «Солай болып жатқанын көріп отырмыз, жағдай бұдан әрі ушыға береді деп болжауға негіз бар» деген.
«Азық-түлік қоры жеткілікті. Бірақ логистикалық кедергілердің кесірінен азық-түлікті қажет жеріне жеткізу қиындап барады. Себебі коронавирус бұрын-соңды болмаған шаралар қолдануға [қозғалысты шектеуге], жанталаса тамақ сатып алуға және еңбек күші нарығындағы дағдарыс қаупіне әкеліп отыр» деп жазады Bloomberg.
«Әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылар қоймаларын толтырып жатыр, вирустың экономикалық салдары енді біліне бастады. Протекционизм көбіне пайдадан гөрі зиян келтіреді, ал бұл –дәл қазір өзекті мәселе. Себебі экспортты шектеу туралы шешім өнімнің дұрыс өндірілмеуінен я басқа да жетіспеушіліктен емес, үрейден туындаған» деп жазады агенттік.
«Үкіметтер әлемдік деңгейде өнім жеткізіп отыру үшін ұжымдаса, ынтымақтаса әрекеттесудің орнына өз елдерін алдыңғы орынға қоятын болса, жағдай ушыға береді» дейді Тим Бентон. Оның айтуынша, нарықтағы байбалам мен протекционистік саясат қосылса, мұның соңы әлемде өнім бағасының қымбаттауына алып келеді.
Бұдан бұрын Қазақстан қарақұмық, пияз сияқты азық-түлік түрлерін экспорттауды тоқтатқан. Ал ұнды шетке шығаруға салынған тыйым бұдан әлдеқайда ауыр тимек, себебі бұл Қазақстаннан келетін ұнды пайдаланатын басқа елдердегі нан зауыттарының жұмысын тоқыратып тастайды.
Британиялық Reuters агенттігі де Қазақстан үкіметінің 15 сәуірге дейін созылатын төтенше жағдай кезінде бидай ұнын экспорттауға шек қою туралы шешіміне назар аударып, бидай өңдеушілер одағының Қазақстан үкіметінің бұл шешіміне қатысты пікірін берген.
Бидай өңдеушілер ұйымы «өнімді жеткізу бойынша ішкі сұранысты қанағаттандыруды мойындарына алатынын» айтқан. Бидай өңдеушілер одағының басшысы Евгений Ган «ішкі нарықта ұн жеткілікті, сондықтан оны шетке сатуға салынған тыйым 2-3 күнде алынып тасталады деп үміттенеміз» деген. Ганның айтуынша, «Қазақстан бидайды емін-еркін экспорттап жатыр. Бидай саудасын реттеместен, ұн экспорттауға тыйым салудың мәні жоқ».
Қазақстан – Орталық Азиядағы көршілері мен Ауғанстанға ұн жеткізетін маңызды елдердің бірі.
«ТАШКЕНТ ҚАРАҚАЛПАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ БАС КӨТЕРЕ МЕ ДЕП ҚАУІПТЕНЕДІ»
Америкадағы Jamestown Foundation сараптама орталығының хабарлауынша, жақын арада Қазақстан мен Өзбекстан шекара жөнінде маңызды келісімге қол қоюы ықтимал.
Совет одағы тарағалы 30 жылға жуық уақыт өтсе де, постсоветтік мемлекеттердің біразы шекараларын толық демаркациялаған жоқ, ол тізімде Қазақстан да бар. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы – Орталық Азиядағы ең ұзын шекара (2200 километрден асады).
«Қарақалпақстан мен Ферғана алқабы маңындағы түйткілді тұстар болғандықтан демаркация мәселесі әлі шешілмеген» дейді сарапшылар.
Мақалада айтылғанындай, шекара бойынша мемлекет деңгейіндегі келіссөз 2000 жылы басталған. 2002 жылғы қыркүйекте Қазақстан астанасында болған кездесуде тараптар демаркация мен делимитацияның негізгі шарттары бойынша уағдаласқан, шекараның 96 пайызы бойынша шешім қабылданған. Соның нәтижесінде шағын көлемде жер алмасу болып, бір экслкав жойылған. Дегенмен мәселе толық шешілмей қалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қоғалы тұрғындары "жер алмасуға" наразы
«2004 жылы екі жақ та жерлерін бөліп берген соң қос ел шекарашылары арасында атыс болған. Ташкенттен 17 километр жерде болған атыс кесірінен келіссөз тоқтап қалған. Өзбекстанның экс-президенті, марқұм Ислам Каримов шекара мәселесін көтеру тым қауіпті деп санаған сыңайлы» деп жазады сарапшылар. Дегенмен Өзбекстандағы ресми тұлғалардың көбі мәселенің шешілмеуі бұдан да қауіпті деп ойласа керек. Сондықтан 2016 жылы Каримов қайтыс болғаннан бірнеше күн өткен соң келіссөздер қайта басталды.
Өткен аптада Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ташкент пен Нұр-Сұлтанның шекара келісімінің соңғы жобасын әзірлегенін, оған бірнеше айдың ішінде қол қою жоспарланғанын хабарлады.
«Даулы жердің көлемі айтарлықтай үлкен емес әрі соңғы 15 жыл ішінде қандай да бір қақтығыс болмағанын ескерсек, келісім сәтті болатын шығар» деп болжайды Jamestown Foundation.
Екі жақты да келісімге келуге ынталандыратын салмақты себептер бар. Екі тарап та қырғыз-тәжік шекарасындағыдай жағдайдың қайталанғанын қаламайды, ол шекарада оқтын-оқтын қанды қақтығыс болып тұрады.
«Ташкент қарақалпақ ұлтшылдығы бас көтере ме деп қауіптенеді. Өйткені [Қарақалпақстанның] лидерлері олардың автономиясының Өзбекстаннан Қазақстанға өткенін қалайды. Бұл ұлтшылдық күш ала түссе, шекара бойынша қандай да бір соңғы әрі нақты келісімге қол жеткізу қиындап кетуі мүмкін» деп жазады Jamestown Foundation.