Карантиндегі сөз еркіндігі: "Микрофонды өшіріп тастады", "сот залына жібермеді"

Көрнекі сурет.

Қазақстандық заңгер Игорь Лоскутов Қазақстандағы карантин мен төтенше жағдай кезіндегі сөз бостандығы ахуалын талдап, билік қысымы журналистер мен қоғам белсенділеріне ғана емес, қарапайым адамдардарға да күшейгенін анықтаған.

"Қазақстан-2020: төтенше жағдай мен карантин кезіндегі сөз бостандығы" атты баяндамасында Игорь Лоскутов Қазақстан билігінің коронавирус пандемиясын сылтауратып, карантин шектеулерін адам құқығын негізсіз шектеуге пайдаланғанын жазады.

"Мемлекеттік органдардың әр азаматқа оның құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құжаттармен, шешімдермен, ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету жөніндегі конституциялық міндеті тиісті деңгейде орындалмаған" дейді автор.

Автордың сөзінше, төтенше жағдай мен карантин кезінде құзырете кеңейе түскен мемлекеттік органдар шешімдерін "құқықтық табиғаты әлі қазақстандық ғалымдар айқындамаған құжаттармен" ресімдеген. Лоскутов меморгандардың мұндай шешімдерінде көптеген қайшылық пен олқылық барын, сөйте тұра оларды орындамаудың жауапкершілігі аса қатал әрі әділетсіз болғанын жазады. Сонымен қатар бұл шешімдерді жариялау кезінде азаматтардың маңызды ақпаратқа қол жеткізу құқығы бұзылған.

"Мемлекеттік комиссияның оншақты шешімдері мен хаттамаларының санаулы бірліктері ғана жұртшылықтың игілігіне айналды. Әдетте олардың мазмұнының жеке бөліктері бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз хабарламасы түрінде жеткізілді. Бастапқы құжаттарды алу мүмкін болмады" деп жазады автор.

Медициналық қорғаныс киімін киген адамдар наразылық акциясына шыққан әйелді аяқ-қолынан ұстап карантинге жатқызды. Видео кескіні. Нұр-Сұлтан 2020 жыл.

Баяндамада санитарлық дәрігерлер шығарған қаулыға ерекше назар аударылған. Заңгердің сөзінше, санитарлық дәрігерлердің "нормативтік сипаты жоқ қаулылары жеке қолданылатын актілерге" жатпайды, олар "Құқықтық актілер туралы" заңда белгіленген құжаттар қатарына жатады, сол себепті олар қоғамдық талқылау, рұқсат алу, тіркеу, ресми жариялау деген тәртіп бойынша дайындалып, тек содан кейін ғана қабылданады.

"Санитарлық дәрігерлердің шешімдері ресми мақұлдау, жариялау рәсімдерінен өтпеді және ереже бойынша қол қойылғаннан кейін бірден күшіне енді. Ресми баспасөзде әрең жарияланды және жергілікті мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау органдарының ресми сайттарында кешігіп пайда болды" дейді Лоскутов.

Тамара Калеева, "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымының жетекшісі

Тамара Калеева.

– Көп құжаттың нормативті-құқықтық мәртебесі жоқ, олар Конституция мен басқа заңнамалық нормаларға қайшы келеді. Конституцияға қайшы келетін және азаматтардың құқығын бұзатын нормативтік актілерді қабылдау процесі жүріп жатыр. Бұл жерде журналистер мен азаматтарға медициналық көмек көрсетіліп жатқан жерде түсірілім жүргізуге тыйым салу, журналистердің қозғалысын шектеу сияқты шешімдерді мысалға келтіруге болады. Зерттеуді дайындаған автор Игорь Лоскутов аталған құжаттар шығып жатқанда неге оларды жариялап, тиісті тәртіп бойынша тіркемейтінін анықтауға тырысты. Біз ақпарат алу және тарату құқығының бұзылуын басты назарға алдық. Республика бойынша журналистерден келіп түскен хабарлар негізінде болып жатқан жағдайды бақылап, заңбұзушылықтың барлық жерде жүріп жатқанына куә болдық. Оның үстіне жалған ақпаратпен күрес басталды. Бұл, әрине, қажет шара, бірақ жалған ақпарат қайдан шығады? Ресми ақпарат жеткіліксіз болғаннан шығады. Жоғары деңгейдегі мемлекеттік шенеуніктердің (оның ішінде денсаулық сақтау министрлігі де бар) оперативті ақпаратты дер кезінде бермейтіні туралы шағым көп. Мұндай шағымдар әлі де түсіп жатыр.

КАРАНТИН, АҚПАРАТТЫҢ АШЫҚТЫҒЫ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТЕР

Лоскутовтың баяндамасына қарағанда, төтенше жағдай кезінде қазақстандық ақпарат құралдары өте қиын жағдайда қалған. Журналистер қажет ақпаратқа толық көлемде қол жеткізе алмаған, ал онлайн-брифингтер кезінде шенеуніктер тілшілердің сұрақтарын жауапсыз қалдырған.

"Қарастырылған кезеңде ҚР Конституциясының сөз бостандығына, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік беретін 20-бабы бұзылды" – дейді заңгер.

Автордың пікірінше, төтенше жағдай режимі қазақстандық ақпарат құралдарының конституциялық міндеттеріне де нұқсан келтірген. Өйткені журналистерде санитарлық дәрігерлердің қаулылары мен комиссияның хаттамаларымен танысу мүмкіндігі болмағандықтан, олар мемлекеттік органдардың азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты шешімдері туралы ақпарат тарата алмаған.

Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдар журналистерге көбіне толық емес немесе қайшылықты ақпарат берген: мәселен, шенеуніктер коронавирустың таралу ықтималдылығы бойынша Алматы іргесіндегі тауларда серуендеудің не себепті қауіпті болуын, ал ұшақпен ұшудың қауіпсіз деп танылуын түсіндіре алмай, қисынсыз дүниелер айтқан.

Министр Цой журналистер сұрағына жауаптан неге жалтарады?

Your browser doesn’t support HTML5

Министр Цой жауаптан неге жалтарады?

Автор "мұның бәрі бұқаралық ақпарат құралдарындағы кейбір жаңалықтардың кейіннен жоққа шығарылуына, ал азаматтардың әлеуметтік желілер арқылы таратқан ақпаратының жалған екендігіне әкелді. Уәкілетті мемлекеттік органдар нақты ақпарат берудің орнына тек әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік шараларын қолданамыз деп қорқытты" деп жазады.

Баяндамада төтенше жағдай кезінде қазақстандық ақпарат құралдары ресми ақпаратқа тікелей қол жеткізе алмағаны айтылады. Журналистерге әртүрлі ведомство өкілдерінің онлайн-брифингтерде айтқан мәлімдемелеріне ғана сүйенуге тура келген. Автордың бақылауынша, билікке қойған өткір, маңызды әрі ыңғайсыз сұрақтарына жауап ала алмаған журналистер толық материал дайындап, қоғамға ақпарат тарату мүмкіндігінен айырылған.

Айнұр Коскина, журналист

Айнұр Коскина.

– Біріншіден, бәрімізді біржақты онлайн режимге отырғызды: Орталық коммуникациялар қызметі жағынан спикерлер шығып жатты, бізден WhatsApp-топтары арқылы сұрақ жинап отырды. Ол сұрақты қоюды, қоймауы да мүмкін еді. Сұрақ қойылады, спикер жауаптан жалтарады, сұрақ ешкім қайталап қоймайды, "қыспаққа алмайды". Іс-жүзінде біз мүлде жауап ала алмадық. Бұл біздің спикермен тікелей байланысты талап етіп, ұжымдық хат жазуымызға түрткі болды. Осылайша, бізде Zoom конференциясы пайда болды. Президентке жүгінбейінше, біздің өтініштерімізді елеусіз қалдырды.

Екіншіден, Covid жөнінде ақпарат болмады. Басында ақпаратты мүлдем бермеді, кейін әр сағат сайын қасықтап беруге көшті. Қазір де сөйтіп отыр. Бізді Орталық коммуникациялар қызметінің Zoom конференциясына қосқанымен, толық көлемдегі ақпаратты әлі де ала алмай отырмыз. Егер қандай да бір журналистің сұрағы жайсыз болса, оны жай ғана эфирден алып тастайды. Әрине ОКҚ-дағылар мұны мойындамайды. Бірақ біз көріп отырмыз ғой, адам сөйлей бастағанда "жауып тастайды".

Одан бөлек, журналистер ашық сот процестерінен хабар тарату кезінде де мәселеге тап болған. Көбіне ашық сот отырыстарына журналистерді кіргізбей, қатысушылар санын шектеп отырған. Онлайн форматқа байланысты процедуралық мәселелер де журналистер жұмысын қиындатқан.

Автор мемлекеттік органдардың журналистерге "қабылданған шешімдер туралы ақпаратты жартылай, белгілі бір көзқарас биігінен беруге немесе мүлде бермеуге" тырысқанын байқаған.

БИЛІКТЕН НЕ КҮТЕМІЗ?

Журналистер қызметіне кедергі келтірген тағы бір жағымсыз құжат – Қазақстан бас санитарлық дәрігерінің қаулысы. Қаулы журналистерге денсаулық сақтау ұйымында, жедел-жәрдем көлігінде, жергілікті атқарушы органдар карантинге жапқан ғимараттарда аудио, фото және видеотүсірілім жасауға тыйым салған…".

Серікжан Мәулетбай, informburo.kz журналисі

Серікжан Мәулетбай.

– Карантин басталғалы журналистердің жұмысы ауырлап, мемлекеттік органдардан ақпарат алу қиындай түсті. Пандемияның басында барлық баспасөз шарасы онлайн режимге көшті. Қазақстан президенті жанындағы баспасөз орталығы ақпарат құралдарынан сұрақ жинады. Бірақ бұл сұрақтарды тікелей эфирде өзгертіп қойды. Журналистерде онлайн-брифингте қойылған ақпаратты нақтылауға мүмкіндік болмады. Кейінірек Тоқаевқа журналистер атынан ұжымдық шағым бергеннен кейін бізді Zoom (онлайн конференция өткізуге мүмкіндік беретін платформа – ред.) арқылы баспасөз конференцияларына қоса бастады. Бірақ бұл жерден де мәселе шықты: спикерлерге өткір сұрақ қойған журналистердің микрофонын жиі өшіріп, Zoom-ға қоспай, тіпті конференциядан өшіріп тастаған кездері болды. Шенеуніктердің "қолы бос емес" деп, екі сұрақтан ғана қоюға рұқсат берді. Соның өзінде барлық журналист бірдей сұрақ қойып үлгермейді. Мемлекеттік органдар ақпарат құралдарымен офлайн форматта жұмыс істемейді. Кей министр, әсіресе, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой журналистердің алдына айына бір рет, кейде одан да сирек шығады. Денсаулық сақтау министрлігіне баспасөз конференциясынан екі-үш күн бұрын сұрақ жіберіп, бәрібір жауап ала алмаған журналистер де болды. Шенеуніктер бюджет шығындарына қатысты сұрақтарға сирек жауап береді, ал денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты "қызметтік" санатқа жатқызып, мүлде жасырып отыр.

Пандемия басында соттар журналистер үшін жабық форматта жұмыс істеді. Көп ашық сот процесінің өзіне ақпарат құралдарын кіргізген жоқ. Мысалы, судья Роман Селицкий журналистер қызметін бақылай алмаймын деген сылтаумен Bank RBK-дан 146 млрд теңге жымқыру ісі бойынша өткен сот отырысына журналистерді қатыстырмады. Жоғарғы сот ашықтық принципі неге сақталмағанын анықтауға тырысудың орнына "журналистерді желілердің өткізу қабілетінің төмендігі мен процеске қатысушылар санының көп болуына байланысты қатыстырмаған" деген пікір берумен шектелді.

"Осылайша, билік коронавирусқа байланысты ерікті және шексіз агрессивті шектеулерді қолданып, журналистерді, медициналық қызметкерлерді және медициналық ұйымдардан нақты жағдайды таратуға тырысқан белсенділерді қудалады" деп жазады Игорь Лоскутов.

Автор карантин мен төтенше жағдай кезінде журналистер мен өзіндік пікірі бар қоғам белсенділеріне ғана емес, қарапайым азаматтарға да қысым күшейгенін айтады.

"Бұл тенденция пікір білдіру еркіндігіне үлкен қауіп төніп тұрғанын және бұл жағдай карантиннен кейін де сақталуы мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен шектеу шараларының мерзімі туралы мәселе де ашық күйінде қалып отыр".

Игорь Лоскутовтың қорытындысына сәйкес, карантин мен төтенше жағдай кезінде қолда бар құқықтық механизмдер:

• (халықаралық стандарттар мен конституциялық нормаларда көрсетілген шектеулерден басқа кездерде) еркін пікір білдіру және ақпарат алу құқығының толық сақталуын;

• жалған ақпараттың алдын-алу үшін қоғамға Covid вирусы мен оған қарсы күрес шаралары туралы адам құқықтары принципіне сай, жедел әрі сенімді ақпарат берілуін;

• республикалық және өңірлік билік органдарының бірыңғай әдісі негізінде журналистер құқығының кешенді түрде қорғалуын;

• дәстүрлі басылымдардың үзіліссіз жұмыс істеп, басылып, таралуын қамтамасыз етуі керек.