"Ресейдің ығына жығылу". Қазақстан көлік шығаруға қойылатын талапты жұмсартты, біреулер оны "ұят" санайды

Ресейдегі көлік құрастыратын зауыт жұмысшысы. Көрнекі сурет.

15 қарашада Қазақстанда ABS жүйесі, қауіпсіздік жастығы жоқ, экологиялық санаты "Еуро-5" стандартынан төмен көліктерді шығаруға рұқсат беретін үкімет қаулысы күшіне енді. Бұрын аталған стандарттарға сай келмейтін көлікті тіркеуге тыйым салынған еді. Шенеуніктер бұл қаулы Батыс санкциясынан қиындыққа кезіккен Ресей мен Беларусьтің "өтініші" бойынша қабылданды дейді. Сарапшылар бұл жеңілдіктер Қазақстанның автокөлік нарығы мен жолдағы қауіпсіздікке еш жақсылық әкелмейді деп есептейді.

РЕСЕЙДЕ КӨЛІКТІ СЕРТИФИКАЦИЯДАН ӨТКІЗУ ЖЕҢІЛДЕДІ. ҚАЗАҚСТАНДА ШЕ?

Ресейдің көлік өнеркәсібі Батыс санкциялары әсерінен қатты зардап шекті. Мәскеу Украинаға соғыс ашқаннан кейін Батыс елдері Ресейге қарсы санкция салды, шетел инвесторлары елден кетті. Көлік өндірушілер автомобиль құрастыруға қажет бөлшектер таба алмай қиналды. Өнеркәсіп орындары қызметкерлерін қысқартып, өндірісін тоқтата бастады. Мемлекет автоконцерндер жұмысы шетелдік бөлшектерге тәуелді болмасын деп, көлікті сертификациядан өткізу талабын жеңілдетті.

Мамырда ресейлік кәсіпорындарға көлік кілт тоқтаған кезде дөңгелектің бұғатталып қалуынан сақтайтын ABS жүйесі, қауіпсіздік жастығы және қазіргі заманғы сынақтардан өтуге қажет басқа да жүйелері жоқ көлік шығаруға рұқсат берілді. Енді ресейлік өндіруші көлікке ESP (динамикалық стабилизация жүйесі) орнатпаса да болады. Одан бөлек, Ресей "Еуро-0" экологиялық санатқа жататын автомобильдер шығаруға көшті.

"АвтоВАЗ" зауытындағы "Лада" маркалы көлік құрастыратын цехтың жұмысшысы. Ресей, Тольятти қаласы. Көрнекі сурет.

Жарты жылдан соң көлік өндірушілерге арналған жеңілдіктерге Қазақстан да қосылды. Мемлекет мұны ресейлік зауыттармен жұмыс істейтін, "Лада", "УАЗ" маркалы көлік шығаратын жергілікті өндірушілерді қолдау үшін жасап отыр.

Қазақстан үкіметінің қаулысы жарияланғаннан кейін "Утилизация алымы жойылсын дейміз!" қозғалысының өкілдері баспасөз конференциясын өткізіп, қаулының күшін жоюды талап етті. Қоғам наразылығы мен ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап берді.

Министрлік бұл қаулы өндірушілерге ABS, ESP жүйесі, қауіпсіздік жастығы жоқ, экологиялық санаты төмен көлік шығаруға тікелей құқық бермейді деп түсіндірді. Ведомство мәліметінше, мұндай көліктер шыққан күннің өзінде өндіруші автомобильді тіркеу үшін көлік моделін жеке сертификациядан өткізіп, оның кей құрамдас бөліктері болмаса да, қауіпсіз екеніне көз жеткізуі тиіс.

Ақпарат құралдарына таратқан баспасөз хабарламасында шетелден ABS жүйесі, қауіпсіздік жастығы жоқ көлік кіргізілмейді деп жазылған. Бірақ министрліктің Қазақстанда ондай көлік шығару туралы қаулыға арналған хабарламаға бұл ақпаратты неге қосқаны түсініксіз. Ведомство дерегінше, қазақстандық өндірушілер "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентке сәйкес келетін көлік шығаруды жалғастырады. Бірақ бұл кей қауіпсіздік жүйелерін орнатпай-ақ көлік шығара беруге болады деген қаулының күшін жоймайды.

"Утилизация алымы жойылсын!" қозғалысының мүшелері ABS жүйесі мен қауіпсіздік жастығы жоқ көлік сертификациядан өткенімен, қауіпсіз болмайды деп есептейді.

Мамырда Ресей үкіметі де осындай қаулы қабылдаған. Оған санкция салдарынан пайда болған логистика мәселелері себеп болған. Көлік өндірушілер бөлшек жетпей жатқанын, шетелден келетін тауарлар 35-65 пайыз қымбаттағанын айтқан. Тамыздағы дерек бойынша, нарықтағы жағдайға байланысты Ресейге көлік экспорты 15 есе артқан. Шетелден көлік әкелетін кәсіпкерлер ақпарат құралдарында сыртқы нарықтан автобөлшек пен көлік әкеліп сатудан қанша пайда табуға болатынын жиі айтып жүр.

– Үкімет позициясы экономикалық санкциялар салдарынан зардап шеккен ресейлік кәсіпорындардың ырқына жығылуға ұқсайды, – дейді тәуелсіз бизнес одағының төрағасы және "Утилизация алымы жойылсын!" қозғалысының белсендісі Берік Заиров.

Заиров "СарыарқаАвтоПром" зауыты, министрлік пен үкіметтің "автомобиль өндіру процесі металл штамптар құю, бояу және 300-ден мыңға дейінгі бөлшек негізінде көлік құрастыру жұмыстарын қамтиды" деген дерегін мысалға келтіреді.

– Қазақстанда автокөлікті қауіпсіздік жастығы, ABS, ESP жүйелері мен "Еуро-4" экология стандартынан төмен емес отын құрылғысымен жабдықтауға қажет бөлшектерді шетелден сатып алуға мүмкіндік бар. Соған қарамастан, үкімет қазақстандық өндірушілерге қауіпсіздік деңгейі төмен көлік шығаруға рұқсат берді. Үкімет аталған жүйелерсіз шығарылған көлікті автосалонда сатуды шектеу шараларын қабылдауы керек. Бұл азаматтарға қауіпсіздігі төмен көлік сатуға жол бермес еді. Мұндай шара Еуразия экономика одағы (Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения) аясындағы дискриминациялық әрекетке жатпайды. Өйткені одақ мемлекеттерінен де, басқа елдерден де келетін көліктерге бірдей қауіпсіздік талаптары қойылады.

Автокөлік құрастыратын зауыт цехындағы жұмысшы. Ресей, Калуга облысы. Көрнекі сурет.

"ЖОЛ АПАТЫНАН БОЛАТЫН ӨЛІМ-ЖІТІМ КӨБЕЮІ МҮМКІН"

Белсенділер қауіпсіздік жүйесі жоқ автокөлік сертификациядан өткен күннің өзінде жол апатының көбеюіне әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

Әртүрлі зерттеу қорытындыссына сәйкес, қауіпсіздік жастығы жол апатының ауыр салдарын азайтуға септеседі. Бір зерттеуде көліктің алды соғылған кезде қауіпсіздік жастығы жүргізушіге төнетін өлім қаупін 29 пайыз, алдыңғы орындықта отырған 13 жастан жоғары жолаушының қаза табу ықтималдығын 32 пайыз азайтатынын анықталған. Терезе жақтағы қауіпсіздік жастығы жүргізушінің тірі қалу мүмкіндігін 37 пайыз арттырып, жол талғамайтын көліктің рөліндегі адамның ажалдан аман қалу көрсеткіші 52 пайызға тең болған.

– Статистикаға қарасақ, жол апатынан болатын қаза рекордты деңгейге0 жеткен. Energyprom дерегінше, биыл жол-көлік апатынан 744 адам опат болған. Бұл – 2015 жылдан бері осындай кезеңде (қаңтар-мамыр) тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Былтырғы жылмен салыстырғанда қаза 22,6 пайыз көбейген. Қазақстанда айналымға шығатын көлікке қауіпсіздік жастығы мен басқа да жүйелерді орнатпаса, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін, – дейді Берік Заиров.

Ақмола облысындағы көлік апаты.

ABS көлік кілт тоқтаған кезде дөңгелектің бұғатталып қалуынан сақтайды. Бұл жүргізушіге көлікті басқаруды жалғастыруға мүмкіндік береді. Аталған жүйені қолдайтындар да, қарсы азаматтар да бар, бірақ белсенділер үкіметтің жаңа қаулысы дамуымызды кенжелетеді деп есептейді.

– ABS жүйесіне өткен ғасырдың 30-жылдары патент берілген. Оны көлікке орнату 70-жылдары басталды. ESP 90-жылдардан бері қолданылады. 2010 жылдан бастап көлікке міндетті түрде орнатылуы керек деген тәртіп енгізілді. Жаңа нормаға сәйкес, нарыққа қауіпсіздік жүйесі ескірген көлік шықты, – дейді Берік Заиров.

"ҮКІМЕТТІҢ ҰЯТ ҚЫЛЫҒЫ"

Келесі мәселе – экологиялық стандарттарға қойылатын талаптардың азаюы. 2013 жылдан бастап Қазақстанда "Еуро-4" экология санатынан төмен көлікті тіркеуге тыйым салынған болатын.

Автокөліктерге арналған алғашқы экология стандарты – "Еуро-0" 1970 жылы қабылданған. Ол көліктен бөлінетін көмірқышқыл, азот және көмірсутегі қалдықтарын шектеуге көмектеседі. Қазір Еуропада "Еуро-0" бастап "Еуро-6" дейін жеті түрлі экостандарт бар. "Еуро-0" – 14,4 г/кВт сағат, "Еуро-4" 2 г/кВт сағат азот оксидін бөледі. Қазақстанға "Еуро-4" санатынан төмен көлік кіргізуге тыйым салынған кезде кей азаматтар мұндай автомобильдер қымбатқа түседі деген уәж келтірсе, басқалары бұл шешімнің экология жағынан тиімділігін айтып, қолдаған.

Ол кезде қазақстандық автобизнес қауымдастығы президенті Андрей Лаврентьев "Өзіміз тұратын елге қамқор болуға міндеттіміз. Үкімет қоршаған ортаны ластайтын көлік кіргізуге тыйым салып, дұрыс бағытта келе жатыр. Ешкімнің мүддесін қорғамай, Қазақстан халқының қамын ойлап отыр" деген еді.

Экобелсенді Әсет Наурызбаев экологиялық стандарттардың төмендеуін құптамайды.

– Бұл зиян, ресейліктердің ырқына жығылып отырмыз. Өз азаматтарын ойламайтын үкіметтің бұл әрекеті ұят болды. Қоршаған орта одан сайын ластанады. Бұған тыйым салуымыз керек. Мұндай көлікті шығару былай тұрсын, пайдалануды тоқтату керек. Оларды тек қала сыртында ғана айдауға рұқсат беру қажет.

Алматы қаласындағы көлік кептелісі.

Әсет Наурызбаев қоршаған ортаны ластайтын факторлар қатарына көліктер де кіретінін айтады.

– Алматыда жылу электр станциялары мен көмір жағатын тұрғын үйлерден бөлек, көліктер де ауаны ластап жатыр. Қалдық құрамы маңызды. Жылу электр станцияларынан күл, PM2.5 (ауадағы майда сұйық тамшылар), тыныс жолдары ауруын туғызатын PM10, автокөліктен азот тотығы мен улы газ бөлінеді. Жылу электр станциясы алыс орналасса, көліктер күнде көз алдымызда жүреді. Сондықтан көліктен зиян жоқ деу дұрыс емес. Әр көлік өзінше зиян. Біреуі өкпеңізге әсер етсе, екіншісі канцерогенді аурулар туғызады.

Әсет Наурызбаев үкіметке автокөліктерді уақытша газға көшіру сияқты шешімдер қамтылған кешенді шаралар жиынтығы ұсынылғанын, бірақ билік оған назар аудармай отырғанын айтады.

– Мемлекеттің мәселені өзінше шешуге тырысып жатқанын көріп отырмыз. 2017 жылдан бері қазақстандық энергетиктер жаңа станциялар сала алмай жатыр, жақында ғана мердігер табу үшін тендер жариялады. Облысты газбен қамтамасыз етуге саусағын да қимылдатқан жоқ. Көліктер бойынша ештеңе жоқ. Не әкімдік, не үкімет, не монополияға қарсы органдар ештеңе істемейді, – дейді Наурызбаев.

Қазақстанда ABS, ESP, қауіпсіздік жастығы жоқ, экологиялық санаты төмен көлік шығаруға рұқсат беретін үкімет қаулысы 2023 жылдың 1 ақпанына дейін күшінде. Сарапшылар Мәскеудің қысымымен қаулы мерзімі ұзаруы мүмкін деп қауіптенеді. Жақында ресейлік шенеуніктер автокөлік өндірісі рекордты көрсеткішке дейін қысқарған соң (алғашқы жарты жылда жеңіл көлік шығару 61,8 пайыз азайған), отандық автонарық қайтадан қалпына келіп жатқанын айтып, есеп берді. Бірақ бұл әлемдік стандарттар бойынша қауіпті саналатын көліктер есебінен жүзеге асып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Санкция соққысы". Ресей экономикасына төнген түнек"Ақы сұрамас бұрын жолды жөндесін". Жүк көлігі жүргізушілері мен министрдің тәжікесіҮкімет утилизация дауын шешуге мүдделі ме? "Ресей соғыста саяси және экономикалық тұрғыдан жеңіледі". Мұның Қазақстанға зардабы қандай?Шымкентте жарамсыз ескі көліктерін өткізе алмай жүргендер шағынды