Әлемде кейінгі 12 жылда мыңнан астам журналист өлтірілген. ЮНЕСКО дерегінше, журналистерді өлтірген қылмыскерлердің 90 пайызы мүлде жауапқа тартылмаған. 2 қараша – Журналистерге қарсы қылмыс жасағандарды жазасыз қалдырмау бүкіләлемдік күніне орай Азаттық Журналистерді қорғау комитетінің (Committee to Protect Journalists – CPJ) Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламасының жетекшісі Гульноза Саидпен сөйлесіп, Қазақстан мен өңірдегі журналистердің жағдайы, бұл кәсіптің қоғамда неге лайықты бағаланбайтыны туралы пікірін білді.
ЫҚПАЛ ЕТУ ТЕТІГІ, ЖАЛА ЖАБУ ЖӘНЕ "ҚУЛЫҚ" ТУРАЛЫ
Азаттық: Қазақстанда және Орталық Азияның өзге елдерінде журналистерге қарсы қылмыс жасағандарды жазасыз қалдыру жағдайы қандай?
Гульноза Саид: Журналистерді қорғау комитеті (баспасөз құқығын қорғаушы ұйым, штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан, – ред.) және ЮНЕСКО секілді өзге ұйымдар журналистерге қарсы қылмыс жасағандарды жазасыз қалдыру дегенде кісі өлтіру қылмысын меңзейді. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде кейінгі бірнеше жылда ерекше жағдайлар тіркелген жоқ, әрине, бұл – жақсы процесс. Бірақ журналистерге шабуыл жасаудың физикалық күш көрсетуден бөлек, кәсібіне кедергі келтіру сияқты басқа да әдістері көп. Өлтірілген журналистер саны үнемі елдегі сөз бостандығының көрінісі бола бермейді. Орталық Азияның бес мемлекеті сияқты авторитарлы елдер билігі сөз бостандығын шектеу үшін әртүрлі ықпал ету тетіктерін қолданады.
Журналисті өлтіру – оның аузын жабуға тырысып, нәтиже шығара алмаған кезде ғана қолданылатын ең соңғы шара. Журналист пен ол жұмыс істейтін ақпарат құралын жауапкершілікке тартуға негізделген экономикалық әдістен бастап ықпал ету тетіктерінің түр-түрі бар. оның үстіне, Орталық Азия елдерінде бұқаралық ақпарат құралдарына дотациясыз өмір сүру қиын. Бұл – Қазақстан үшін де өте маңызды әрі өзекті тақырып.
Азаттық: Біздің өңірде қандай да бір оң өзгерістер бар ма?
Гульноза Саид: Биыл диффамация (жала жабу мен қорлау – ред.) декриминализацияланды. Мұның Қазақстан үшін оң өзгеріс екені анық. Біз жала жабу мен қорлау баптарын қылмыстық кодекстен алып тастауға ұмтылған елдерді әрдайым қолдаймыз. Мұндай істер азаматтық соттарда ғана шешілуі керек. Бірақ Қазақстан диффамацияны декриминализациялағанымен, өзгертілген жаңа заңнамада қысқа болса да, түрмеге жабу жазасын қалдырып, жала жабу бабын азаматтық емес, әкімшілік кодекске ауыстырды. Біз мұны "болмашы өзгеріс" деп бағалаймыз. Өйткені журналисті 30 тәулікке дейін қамау немесе оған көп тілші мен шағын ақпарат құралдарының қалтасы көтермейтін айыппұл салу биліктің журналистерге қарсы қолданатын [ықпал ету] тетігі болып қала бермек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жала жабу" бабын бір заңнан өзгесіне ауыстыру. Не өзгереді?Қазақстан бұл реформаны дайындауға көп уақыт жұмсады. Тіпті үкіметтік емес сектор өкілдерімен де кеңесті. Өйткені халықаралық форумдарда Қазақстан мен сөз бостандығы туралы талқылау бола қалса, осы тақырып көтерілетінін жақсы біледі. Қазақстан билігі өзін демократиялы ел ретінде көрсету үшін заңға өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдады. Дегенмен журналистерге өте салмақты жаза қалдырды. Енді журналист бұрынғыдай материалдарын ішкі цензурадан өткізуді жалғастырады. Жергілікті және ұлттық деңгейдегі маңызды мәселені көтеруге бәрінің бірдей батылы бара бермейді. Өйткені әкімшілік жаза мен үлкен айыппұл барын біледі.
Қазақстан қулыққа басты. Өкінішке қарай, Өзбекстан да соның үлгісін қайталап, бұл мәселені азаматтық емес, әкімшілік құқық бағытына ауыстырып жатыр.
Азаматтық құқық бойынша, бір азамат өзін қорлаған екінші азаматты сотқа беріп, екеуі судьяның алдында кездеседі. Қазақстанға заңдық тұрғыдан алға ілгерілеу керек. Мұндай соттарда депутаттар мен ықпалды кәсіпкерлерге қатардағы басқа азаматтардан артық құқық берілмеуі тиіс. Депутат, үкіметтік тұлға мен әкімдік қызметкері журналисті немесе ақпарат құралын сотқа беру үшін әкімшілік ресурсты пайдаланбауы керек.
ЖОҒАЛҒАН ЖӘНЕ ӨЛТІРІЛГЕН ЖУРНАЛИСТЕР ТУРАЛЫ
Азаттық: Комитет сайтында өлтірілген журналистер статистикасы бар. Онда 1992 жылдан бері Қазақстанда бір қырғыз журналисі ғана өлтірілгені жазылған. Неге бұл тізімге кісі қолынан қаза тапқан басқа журналистердің аты-жөні кірмеген?
Гульноза Саид: Әлем бойынша статистиканы 1992 жылдан бері жүргізіп келеміз. Қазақстанда журналистік қызметі үшін өлтірілген Геннадий Павлюк деген қырғыз журналисі болған. Ол Ибрагим Рустамбек деген лақап атпен жұмыс істеген. Оны 2009 жылы Алматыда өлтіріп кеткен. Екінші жағдай –
Асхат Шәріпжановтың өлімі. Бұл қылмыс сайтта "расталмаған кісі өлтіру оқиғасы" санатында тұр. Өйткені қолымызда журналистің кісі қолынан қаза тапқанын және бұл қылмысқа оның журналистік қызметі себеп болғанын растайтын дәлелдер жоқ.
Қандай ел, қай журналист не ақпарат құралы (мемлекеттік не жекеменшік) болғанына қарамастан, әр іс бойынша қолданатын критерийлеріміз бар. Сайтымызға қарасаңыз, журналистің өлімі оның қызметіне байланысты жасалған қастандық кесірінен болғаны расталмайынша, "CPJ бұл істі әлі зерттеп жатыр" деген белгі тұрады. Бұл сіздің, басқа журналистің немесе марқұмның туыстарының қолындағы осы іске қатысы бар кез келген ақпаратты қабылдауға дайын екенімізді білдіреді. Біз [архив істерін] де қарауға дайынбыз, бұрынғы істерге үнемі оралып отырамыз. Біраз уақыттан кейін оларды басқа санатқа ауыстыруымыз мүмкін.
Қырғызстанда 2007 жылы жақын досым, журналист Алишер Саиповты өлтіріп кетті. Іс дұрыс зерттелген жоқ, ешкім жауапқа тартылмады. Бұл іс бізде "толықтай жазасыз қалған" істер санатында тұр, яғни, ешкім – не тапсырыс беруші, не орындаушы жауапқа тартылмаған. Тіпті, сот та өтпеген, көп жылдан бері ешкімнің аты-жөні аталмаған.
Азаттық: Орталық Азияда жоғалып кеткен журналистерге қатысты не айта аласыз? Бұл кең таралған жағдай деуге бола ма?
Гульноза Саид: Бізде жоғалған журналистер статистикасында әскери қақтығыс болып жатқан елдер бірінші қатарда тұрады. Өйткені мұндай қақтығыс кезінде адам жоғалып кетсе, оған не болғанын ешкім білмейді. Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда Оралғайша Омаршанова жоғалған журналист саналады. Жақында ғана жоғалған журналистер бойынша ғаламдық науқан өткіздік. Сол кезде оның ісін қайта қарап шықтым. Жаңа ақпарат іздедім, өйткені адамның із-түзсіз жоғалып кетуі жақындарына өлімнен де артық қайғы сыйлайды. Олар не болғанын білгісі келеді, іштей жақсылықтан үміттенеді. Өкінішке қарай, Оралғайшаның ісі бойынша жаңа ақпарат таба алмадым. Бірақ арасында осындай журналистер ісін қоғамның есіне салып отыру өте маңызды. Осы арқылы жаңа ақпарат табу мүмкіндігі артады. Қазақстан билігі қазір отырып, куәгерлерді шақырып, іздейді деп ойламаймын. Адамның аты үнемі атала берсе, [алға ілгерілеу болады]. Ағылшын тілінде бұл "naming and shaming" (еске салу және ұялту - Ред.) деп аталады.
ШЫНДЫҚ ПЕН ШЫНДЫҚТАН ҚОРҚУ ТУРАЛЫ
Азаттық: Журналистерге, оның ішінде Азаттық тілшілеріне шабуыл тақырыбына оралсақ. Былтыр баспасөз конференциясы кезінде белгісіз әйелдер түсірілім тобына шабуыл жасады. Наразылық акцияларынан хабар таратып жүрген журналистер жұмысына кедергі келтіріп, камераны жабу әрекеті де жиі кездеседі. Бұған кінәлілер сол күйі табылған жоқ. Журналистерге қарсы шабуыл тиісті деңгейде зерттелуі үшін не керек деп ойлайсыз? Саяси ерік пе, әлде қоғам мен журналистер тарапынан жасалған қысым ба?
Гульноза Саид: Екеуі де керек деп ойлаймын. Журналистер позициясы мен олардың бір-бірін қолдауы өте маңызды. Былтыр Азаттық журналистеріне, оның ішінде Сәния Тойкенге жасалған шабуыл туралы көп естігенім соншалық, бүкіл жағдайды санамалап шыққаным есімде. Журналистерге қоғамға маңызды шаралардан хабар таратуға мүмкіндік бермей, шабуыл жасау фактілері өте көп болды. Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде жергілікті билік әртүрлі адамдар тобын пайдаланатынын көріп отырмыз. Нәтижесінде, сырттай журналистерге ресми тұлғалар немесе полиция емес, басқа адамдар шабуыл жасағандай көрінеді. Бір қиыны, кейін билік бұл істерді зерттеуден бас тартады.
Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі маңызды мәселеге не қоғамның, не биліктің журналистер қызметінің маңызын түсінбеуі жатады. Билік журналистерден қорқады. Шын мәнінде журналист қызметі қоғамға өте пайдалы. Журналист – шындықты тауып, оны басқаларға жеткізетін адам. Шындыққа бәрі қызығуы керек. Бірақ не Қазақстанда, не Орталық Азияның басқа елінде (бұл тізімге Қырғызстанды да қосып отырмын) халық таңдаған адамдарға билікке келіп, ел басқаруға мүмкіндік беретін ашық сайлау өткенін көріп отырған жоқпыз. Билікке әділ сайлау арқылы емес, белгілі бір келісім мен жемқорлықтың арқасында келген адамдар қоғамның шындықты білгенін қаламайды. Журналистер әр жолы (әсіресе, ресми тұлғалар туралы) шындықты айтқан сайын, биліктегілерден жауап талап ете бастайды. Олар мұны қаламайды. Францияда сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі қаншама жылдан бері құндылық саналып келеді. Оны бір де бір саясаткер өзгерте алмайды, өйткені бұл құндылық кез келген саясаткерден жоғары тұрады. Қоғам осы құндылықты қабылдаған, өйткені оның пайдалы екенін түсінген. Қазақстанда ондай жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Журналистерге шабуылдағандар неге жауапқа тартылмады?Ақапарт құралдарының еркіндігі басқа еркіндіктермен, оның ішінде халықтың мүддесін көздейтін адамдарды сайлау еркіндігімен тығыз байланысты. Қазақстаннан не көріп отырмыз? Президент ауысқан кездің өзінде [билікте] отыз жылдан бері мемлекет басында отырған дәл сол баяғы саяси элита өкілдері қалды. Олардың ешбірі Қазақстанда салмақты өзгерістер болғанын қаламайды, өйткені олар билікті әрдайым байлығы мен ықпалын арттыру құралы ретінде ғана пайдаланып келген. Ешкім қоғамда шындықты айтып, кез келген жоғары шенді шенеуніктің позициясына нұқсан келтіре алатын [принципиалды] журналистер мен мықты ақпарат құралдары болғанын қаламайды.
ЖУРНАЛИСТ БЕДЕЛІ МЕН ӨЗ КӘСІБІН СҮЮ ТУРАЛЫ
Азаттық: Болашақта Қазақстан мен Орталық Азиядағы журналистердің жұмыс жағдайы жақсаруы мүмкін бе? Қандай да оң өзгерістер байқала ма?
Гульноза Саид: Менің ойымша, бұл мамандықтың танымалдылығы төмен. Қазақстанда негізгі қызметінен кетіп, жақсы ақша төлейтін компанияның баспасөз хатшысына айналған журналистерді көрдім. Қырғызстанда саясатқа бет бұрып, депутат болған, үкіметтік лауазымдарға, оның ішінде елші қызметіне келіскен журналистерді білемін. Журналистер өз саласынан кетсе, әсіресе ол жақсы маман болса, журналистикаға зардабы тиеді. Кейде олар кәсібін тастап, депутат болады. Мүмкін олар осылай елдегі саяси процестерге көбірек ықпал етіп, қоғамға пайдалы шешімдер қабылдаймын деп ойлайтын шығар. Олар мемлекеттік қызметке осындай ниетпен баратын шығар деп үміттенемін.
Журналистің беделі жоғары болғанын қалаймыз. Бірақ Орталық Азияның бірде- бір елінде мұны көріп отырған жоқпын.
Әрине, журналистің беделі жоғары болғанын қалаймыз. Бірақ Орталық Азияның бір де бір елінде мұны көріп отырған жоқпын. Айтпақшы, пандемия журналист кәсібіне едәуір әсер етті, ақпарат құралдарын, әсіресе шағын медиа ресурстарды қолдау қиындап барады. Олар ерекше контент дайындаудың орнына белгілі бір материалдарды көшіріп жариялайды. Мұны сапалы журналистика деп атауға болмайды.
Журналистиканың жағдайы қоғамдағы еркіндікке тәуелді. Еркіндік артып, демократиялық реформа мен журналистік зерттеулер көбейіп, журналистер жақсы мағынасында "жұлдызға" айналса, бұл журналистикаға оң әсер етеді. Ал журналистерді түрмеге жауып, өлтіріп, материалдары үшін сотқа сүйрейтін болса, өз мамандығын сүйетін журналистердің өзі аяқ тартып, мейлінше қауіпсіз тақырыптармен ғана жұмыс істейтін болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тимур Нүсімбеков: Билік журналистерді де, сөз бостандығын да жақтырмайды