Шалқар Нұрсейіт: Тоқаев демократиялық өзгерістер тез жүргенін қалайтын саясаткерге ұқсамайды

Your browser doesn’t support HTML5

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітпен Азаттық тілшісі Аян Қалмұраттың сұхбаты.

Тәуелсіздігін жариялағанына отыз жыл толған Қазақстанда биыл парламент, жергілікті мәслихаттар мен ауыл әкімдерін сайлау советтік бірпартиялық жүйедегідей оппозициясыз өтті. Бақылаушылар сайлауда шынайы саяси бәсеке болмағанын айтты. Елде адам құқықтары өрескел бұзылатынын сынаған Еуропарламент қарарын Нұр-Сұлтан "теріс ұстанымдағылар ұсынған" деп сипаттады. Биліктің ішкі және сыртқы саясаттағы іс-әрекеттері қоғамда неліктен жиі сынға қалады? Үкімет саяси өзгеріс жүргізуге ықыласты ма? Азаттық осы және өзге сұрақтарды саясаттанушы Шалқар Нұрсейітке қойып көрді.

Азаттық: 2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанда парламент және мәслихаттар сайлауы өтті. Сайлаудан кейін парламенттің жаңа құрамы алдында сөйлеген президент Тоқаев келесі жолы парламентке өту үшін қойылатын меже 7 пайыздан 5 пайызға азаятынын мәлімдеді. Бұл 2021 жылдың басында айтылған алғашқы жаңалық болған сияқты. Мұның елдегі саяси күштерге, қоғамға әсері болды ма?

Cаясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

Шалқар Нұрсейіт: Президент Тоқаев бұл өзгерісті сайлаудан тым болмаса бір ай бұрын жариялағанда, онда маңызды өзгеріс деуге болар еді. Тоқаевтың бұл ұсынысы 2026 жылы болатын парламент сайлауына арналды. "Оған дейін не патша өледі, не есек өледі" деген тәмсіл бар емес пе? Бұл да әдеттегідей, өзгерісті кейінге қалдыру, уақыт созу үшін айтылған ұсыныс. Тоқаев парламентке өту межесін 5 пайызға түсірген соң саяси партиялар парламентке өту мүмкіндігі күшейгенін түсініп, әрекет жасай бастауы керек еді. Оның да белгісі байқалмайды. 2021 жылы да бір де бір оппозициялық партия тіркелген жоқ. Өйткені тіркелуге мүмкіндік бермейді. Бұл – азаматтардың саяси құқықтарын еркін білдіруіне шектеу жалғасып жатыр деген сөз. Тоқаев президент болғалы алғаш өткен сайлауда бір өзгеріс бола ма деген азғантай үміт болды. Бірақ сайлау әдеттегідей өте шықты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Учаскеге кіргізбеу, аңду, полиция шақыру. Азаттық тілшілері сайлау күні не көрді?

Тоқаевтың қолында Қазақстанның бергі тарихында бірінші рет ашық та, әділ сайлау өткізуге мүмкіндік те, уақыт та жеткілікті болды. Бірақ саяси жігер жетпеді. Бүкіл мансап жолына және екі жарым жыл президент болғандағы іс-әрекетіне қарасақ, Тоқаев Қазақстанда демократиялық өзгерістер тез жүргенін қалайтын саясаткерге ұқсамайды. Ел тағдырына түбегейлі әсер ететін ірі саяси шешімдер қабылдамады.

Азаттық: Тоқаев бірнеше жыл Батыста жұмыс істеді, демократияға, адам құқығын сақтауға үндейтін БҰҰ бас хатшысының орынбасары болды. Неге демократиялық өзгерістерді қаламайды дейсіз?

Шалқар Нұрсейіт: Шетелде оқығаны, жұмыс істегені, бірнеше шет тілін білгені демократиялық құндылықтар ұстанатынына кепілдік бола алмайды. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын да Ұлыбританияда оқыған. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болған. Адам қанша жерден Батыс демократиясының ішіне жүрсе де, қалыптасуына басқа да факторлар әсер етеді ғой. Тоқаев ірі саяси мансабын [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың тұсында жасап, Қазақстанның авторитарлық жолға түсуіне еңбек сіңіргендердің бірі. Оның әсіресе 2001 жылы демократиялық өзгерістер талап етіп оппозицияға өткен "жас түріктерді" "киндерсюрприздер" деп атағаны, "демократияға әлі ерте" дегені есімізде. Қазіргі әрекеттеріне қарағанда әлі де сол пікірінде сияқты.

Азаттық: 2021 жылғы 11 ақпанда Еуропарламент "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарар қабылдады. Оны Қазақстан билігі "теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" деп мәлімдеді. Қарар қаншалықты орындалды?

Шалқар Нұрсейіт: Бұл қарарды қалай қабылдаса да, көп ұзамай президент Тоқаев Қазақстандағы адам құқықтары саласында жүзеге асырылуға тиіс шаралар туралы жарлық шығарды. Тоқаевтың өзі оны "Адам құқықтары саласындағы нақты шараларды одан әрі жүзеге асыру – саяси жаңғырудың маңызды кезеңі" деп сипаттады.

Бірақ шын мәнінде бізде саяси жаңғырудың қалай басталып, немен аяқталатыны осы уақытта шамамен түсінікті болды емес пе? Мысалы, бұл жарлықтан кейін Қазақстанда саяси тұтқын қалмауға тиіс еді. Алайда халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы "Қазақстан билігі "тыйым салынған экстремистік ұйымның ісіне араласты" деген айыппен 135 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартып, қудалады" деп шілде айында мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда 13 белсендіге сот үкімі шықты. Ақталып шыққаны жоқ

Ал биыл қазанда Алматының Алмалы аудандық соты 13 саяси белсендіні "тыйым салынған ұйымды құруға қатысты, жұмысына араласты" деп соттады. Тыйым салынған ұйым дегені Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Көше" партиясы болуы керек.

Азаттық: Бірнеше саяси тұтқынды, мәселен Арон Атабекті бостандыққа шығарды.

Шалқар Нұрсейіт: Арон Атабекті түрмеден ақтап шығарған жоқ, денсаулығына байланысты шығарды. Биліктің мақсаты – "саяси тұтқын түрмеде қаза болды" деген репутациялық соққыны азайту болған сияқты. Егер шын ықыласты болса денсаулығы жақсы кезінде, кемі тәуелсіздік қарсаңында президент рақымшылығымен босатар еді.

Азаттық: 2021 жылғы 6 желтоқсанда Еуропарламенттің адам құқықтары жөніндегі шағын комитеті жиын өткізіп, "Қазақстанда саяси тұтқындар тізімі ұлғайып барады, сөзден іске көшетін мезгіл жетті" деді. Халықаралық ұйымдардың Нұр-Сұлтанды сынап келе жатқанына ондаған жыл болды. Қазақстан сыннан қорытынды шығаруға уәде берген сияқтанады, олар да сеніп қалғандай түр көрсете ме?

Шалқар Нұрсейіт: Еуропарламент депутаттарына Қазақстан постсоветтік елдердің бірі ғана. Орталық Азия бойынша комиссия мүшелері сыни мәлімдемелер жариялап тұрады. Саясаткерлерге бұл қалыпты нәрсе. Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуы бойынша биылғы қарарды да Еуропарламент өздігінен қабылдай салған жоқ. Оны қабылдату үшін үнемі Еуропарламент депутаттарының есігін қағып, оларға медиа арқылы ықпал ететін, бірнеше айға, жылға созылатын іс-әрекеттер керек. Оны істейтін, Қазақстанның шетелде жүрген, қаржылы азаматтары көп емес, дегенмен осы жолы қарар қабылдатуға қол жеткізді.

Екінші жағынан азаматтық қоғам мен биліктің мүмкіндігі тең емес. Орталық Азияда Қазақстан және постсоветтік Әзербайжан сыртқы лоббиге қатты мән береді. Еуропарламент депутаттарына ықпал етуге ұмтылады. Бұл халықаралық практикада бар нәрсе. Кей мемлекет өз мүддесін қорғау үшін халықаралық лоббистерді жалдайды. Оларға қомақты гонорар береді. Гонорарды заң шеңберінде беретін түрлі жолдар, схемалар бар. Еуропарламент депутаттарын сыртқы істер министрімен, президентпен кездестіреді, Қазақстанға қонаққа шақырады, т.б.

Митинг қарсаңында белсенділерді ұстауға кіріседі (22 қазан 2021 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

"Алаңға шықпас үшін аңдып тұр". Митинг қарсаңында белсенділер қамалып жатыр

Мысалы, бір жайтқа назар аударайық. Әлгінде 13 адамды саяси желеумен соттады дедік емес пе? Соларды соттаған күннің ертеңіне, 14 қазанда Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымы Адам құқықтары кеңесінің 18 мүшесінің бірі болып сайланды. Ал соның ертеңіне Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Еліміздің дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы оның Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету процесіне белсенді және жауапты қатысушы ретіндегі рөлін мойындау болып табылады" деп мақтанышпен мәлімдеді. Халықаралық қауымдастыққа бұл мәлімдеме қалай әсер ететінін білмеймін, бірақ ел ішінде сөзі мен ісі сай келмейтіні қатты байқалады.

Азаттық: 2021 жылы Ресей тарапынан Қазақстанға қарата айтылған сын пікірлер көбейді. Қазақстан билігі соған жауап ретінде дүкендер мен мемлекеттік мекемелердің "қазақ тілін қаншалықты білетінін" тексерген YouTube-арна авторы Қуат Ахметовті жауапқа тартты. Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев тіл патрульдерінің ісін "үңгірдегі ұлтшылдық" деп айыптады. Қоғамның бір бөлігі оны "мемлекеттік тілде сөйлейтіндер құқығын шектеу әрекеті" деп бағалады, бұл жайт та ұмытылып бара жатқан сияқты.

Шалқар Нұрсейіт: Саяси бәсеке бар мемлекеттерде мұндай нәрсе ұмытылмайды, билік оппоненттері мұны үнемі бетіне басады, реті келсе айтып қалады, әрбір сайлаудың алдында шығарады. Бірақ өкінішке қарай біздің билік саяси оппонент қалдырған жоқ, барлық ірі БАҚ биліктің қолында. Ал күнделікті тұрмыс-тіршілік қамымен жүрген қарапайым адамдар мұндай саяси мәселені есте ұзақ сақтамайды.

Азаттық: "Үңгірдегі ұлтшылдық" қоғам наразылығын туғызғаннан кейін ақын Маралтай Райымбекұлы Дәурен Абаевқа хат жазып, оған Дәурен Абаев дереу жауап берді. Мұны қолдан ұйымдастырылған хат деп бағалағандар болды. Дәурен Абаевтың өзі неге хатсыз-ақ мән-жайды түсіндірмеді?

Шалқар Нұрсейіт: Бізде өкінішке қарай, билік қатені мойындау дегенді әлсіздікті мойындау деп түсінеді. Мысалы, отыз жылда Назарбаев қандай да бір қателігіне байланысты бірде бір рет халықтан кешірім сұраған емес. 1997 жылы "Қазақстан Орталық Азия барысы болады" деп уәде берген Назарбаев барысқа айналдыра алмағанына ақсақалдық танытып кешірім сұраса жарасар еді. Оның орнына "отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым" деді. Меніңше, сыртқы саясаттағы мәселелер Тоқаевтың алдынан міндетті түрде өтеді. "Үңгірдегі ұлтшылдықты" президент әкімшілігі басшысы орынбасарының импровизациясы деп ойламаймын. Сондықтан жоғары билік өздігінен кішірейгісі келмейді, оларға біреудің хатына жауап ретінде айтқан ыңғайлырақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев пен оның отбасы 2021 жылы немен есте қалды?

Біз, өкінішке қарай, авторитарлық режим болғаннан кейін, Қазақстан мен Ресей билігі арасында не нәрсе сөз болып жатқанын көп жағдайда біле бермейміз. Назарбаев пен Тоқаевтың шет елдегі үйлері туралы ақпараттың Ресей пропаганда құралдарында шыққаны біздің билікке берілген белгінің бірі деуге болады. Өйткені ол ешқандай да сенсация емес, осы уақытқа дейін көп алдында жүрген жаңалықтар. "Сбер" дауы, атом электр станциясын салу мәселесі де екі билік арасындағы белгілі бір саяси сауданың белгісіндей көрінеді.

Азаттық: 2021 жылы есте қалған оқиғалардың бірі Қазақстанда өкілдігі жоқ әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің жұмысын шектеу жөніндегі нормалар болды. Парламент мәжілісі ол норманы "Бала құқықтарын қорғау мәселелері" заң жобасына енгізіп қойды.

Шалқар Нұрсейіт: Мұндай заң нормасын Түркия енгізіп, халықаралық әлеуметтік желілер Түркияда филиалын ашу керек деген талап қойған. Содан соң Вконтакте, TikTok, Linkedin деген ашты. Facebook ашқан жоқ. Депутаттар Айдос Сарым мен Динара Зәкиева ұсынған өзгерісте әлеуметтік желілердің Қазақстандағы бөлімшелерінің басшысы міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс деген талап бар.

Түрлі қарсылық акциялары кезінде интернетті ажыратып, әлеуметтік желілерді құлыптап үйренген Қазақстан билігі мұнан былай әлеуметтік желіні осы жолмен де бағындырғысы, билікті сынайтын, билік шамына тиетін контентті алып тастағысы келеді. Бұл нормаларды балаларды кибербуллингтен қорғауға арналған заңға кіргізіп, түпкі мақсатын жауып отыр. Бұл нормаға қарсы қазір қоғамда петиция ұйымдастырылып жатқанын, оған он мыңнан астам адам қол қойғанын байқадым.

Азаттық: 2021 жылдың тағы бір елеулі оқиғасы – ауыл әкімдерін сайлау. Билік мұны "саяси реформаларға бастайтын қадам" деп атады.

Шалқар Нұрсейіт: Тым болмағанда ауыл әкімдерін сайлау әділ өтсе, бір үміт күтуге болар еді. 2021 жылдың басында парламент пен мәслихат сайлауларын қалай өткізсе, ауыл әкімдерінің сайлау да соған ұқсас өтті.

Бастапқыда 700-ден астам ауыл әкімі сайланды. Сайланған әкімдердің 86 пайызы "Нұр Отан" мүшесі болып шыққаны бұрынғы таптаурын жолмен келе жатқанымызды көрсетеді. Тәуелсіз кандидаттар тіркеле алмайтындай талаптар қою, сайлау нәтижесін жаппай бұрмалау ауыл әкімдері сайлауының мәнін кетірді. 2021 жылы болуға тиіс ірі оқиғалар осылай ұсақталып кетті. Мұның бәрі халықтың көңілін одан әрі қалдыра береді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғанына екі жарым жылдан асты. Енді қалған екі жарым жылында саяси өзгерістер жасайтынына күмән көбейді.

Сұхбаттың орыс тіліндегі нұсқасын мына жерден оқи аласыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Құрғақ уәде емес, нақты іс керек". Еуропарламентте Қазақстанды тағы да сынады"Наразылардың сынын естігісі келмейді". Билік белсенділерді неге қамады?"Өзгеріс болуын қалау – қылмыс емес". Экстремизм деген не және билік оны қалай қолданады?"Уәде беруден жалықпайтын" Тоқаев, Ресейге "айбат шеккен" Түркия және Қазақстандағы энергия тапшылығы"Билікке – жарнама, елге пайдасыз". Қазақстан БҰҰ адам құқығы кеңесіне енді